жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Күн елінің қайратты ері – Самурай
Нурмухамет Қарлығаш Шаймуратовна
Құрлық Әскерлерінің Әскери институты
Мәдениеттану пәнінің оқытушысы
Күн елінің қайратты ері – Самурай
Батыс әрдайым Рыцарь, Джентельмен идеяларымен озық тұрса, шығыста ерлердің биік тұлғасын көрсеткен Самурайлар өзіндік із қалдырды. Әлемге танымал болған Самурайлар жапон халқының ержүрек атанған жауынгерлері еді. Күн елінің мекен еткен жерін алғаш рет Португалия теңізшілері тапқан, сондықтан Еуропалықтардың өзі Жапонияның бар екенін тек ХVІ ғасырда ғана білді. Өзіндік мәдени ерекшеліктерімен көзге түскен Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейін капиталистік даму жолына түсіп, көптеген елдерді артқа тастап, дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінеді. Жапония тарихының даму кезеңдері Курган (592-710), Нара (710-794), Хайан (794-1185), Камакура (1185-1333), Адзути (1568-1573) деп аталатын дәуірлерге бөлінеді. Хайан дәуірі мәдениеттің гүлденген кезеңі бұл кезеңде императорлық билік әмеңгерлік жолмен ғана берілетін. Киёмори Тайра деген әскери адам императордың сеніміне еніп, соңында хан сарайында іріткі салып, билік тізгінін тартып алады. ХІІ ғасырдың аяғында билік басына бас әскери қолбасшы болып бірінші Минамото Еримато Сёгун (1147- 1199) келеді. Еримато Сёгун күн елінде әскери режімін құрып өз үстемдігін жүргізеді. Тектері ақсүйекке жатпайтын самурайлардың ендігі жерде беделдері арта түседі. «Самурай атауының өзі анықтамада «жоғарғы шендегі адамға қызмет ету» - деп көрсетілген»[1, 29б.].
Тарихта ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІҮ ғасыр аралығындағы Сёгун әскерлерінің билеген уақытын Камакура дәуірі деп атау көзделген. Камакура дәуірінде үш сёгун династиясы билік жүргізген, атап өтсек: Минамато (1192-1333), Асикага (1335-1572), соңғы сёгун Токугава (1606-1867). Бірінші сатыда тұрған асқақтығы мен әдемілігі көмкерілген ақсүйектік мәдениеттің орнын ендігі жерде қатаң, тұрпайы әскериленген Камакура мәдениеті басты. Самурайлар Хэйан дәуірінің экономикалық, саяси күшін жаншып тастаған-мен ақсүйектердің өзіндік мәдениетін түбірімен жоя алмады. Самурайлардың жауынгерлік өнерден басқа, шығармашылық саласына қосқан үлесі айырықша: қайсарлықты, ерлікті уағыздаған «гунки» деп аталатын әскерилердің жазбалары мен біршама батырлық жырларды дүниеге әкелген.
Батырлар поэмасының ең үздік туындысы «Тайра» деп аталады. «Профессор Фудзиоко: «Әдеби шығармашылық саласында Камакуралық самурайлар әлсіз, олардың шығармашылық қарымын Хэйандық көркем әдебиет шығармасымен салыстыруға келмейді, самурайлар көркем әдебиет саласының дамуын құлдыратты», – деген болатын[2,187б.]. Хэйандық жазушылар тілдік стилистикасы мен күрделі композициялық құрылымы жағынан озғанымен, екеуінің өлшемі әртүрлі деңгейде қаралуға тиісті дегім келеді. Самурайлардың мәдениеті қатаңдық пен белгілі бір тәртіпке негізделген ғой, сондықтанда шығарманың мәнділігі мен жалпы жанрдың бай мазмұнына көз жіберген дұрыс секілді.
Ендігі жерде самурайдың табиғатына келсек, ата – аналар перзентін самурай атандыру үшін барлық күштерін салатын. Ұлдарына кішкене кезінен бастап ержүрек Гэмпэйдің ерліктері туралы айтып, самурайлыққа қызығушылығын оятатын. Әртүрлі тәсілдерді қолдана отырып балаларын жаттықтыратын, бұндай әдістерді қолдануға кез - келген адамның жүрегі дауаламайтын. Анасы күнұзаққа сәбиін өлген адамның жанына қалдырып кететін, ондағы басты мақсаты баланың тұла бойындағы қорқынышты жеңдіру еді. Баласының денесін шынықтыру барысында бірнеше километрде орналасқан храмға ауа-райының жауын-шашынына қарамастан сырт киімсіз қоя беретін. Аштыққа төзімді, кірпік қақпай ұйықтамауға шыдайтын, ерік-жігерін тізгіндеп үйренген баласын 8 жасқа толғанда арнайы әскери мектепке тапсыратын. Бұл мектепке 8 жасында ілінген кішкентай ұл бала 18 жасқа дейінгі аралықта әскери өнердің қыр-сырымен танысып, мырзасын қорғауға шынығатын.
Самурай өлімнен ешуақытта қорықпаған, өйткені олардың рухын дзен буддизммен дайындайтын. Дзен-буддизм қағидасы бойынша мақсат мәңгілік өмірге қол жеткізу болып табылады. Өлімді монахтар мәңгілік өмірге өту сатысы деп түсінді. Өлімнің өзі – жаңа өмірдің бастауы болғандықтан, ерікті өлім концепциясын туындатты. Яғни Самурай үшін физикалық өлімнің ешқандай мағынасы мен мәні жоқ. Өлім құбылысы қорқыныштан бұрын өлімсіздік, мәңгілік өмірді тудырады. Ол үшін Самурайлар қатаң талап қойып, өздерін көптеген нәрседен шектейтін. Самурайдың сенімі дзен-буддизм мен Конфуций ілімі арқылы синтомен қосыла отырып үштікті құрайды. Конфуций адамгершілік процесстерге көңіл бөлсе дзенде мәңгілік өмірге жету жолында күрес жүргізеді. «Егер, адам өзінің ержүрек екенін біле тұрып қарапайымдылығын сақтаса, онда ол тау бұлағына айналады. Аспан мен жер мәңгі өмір сүреді. Олардың мәңгі болатын себебі, олар өздері үшін өмір сүрмейді. Міне, сондықтан олар мәңгілік болады. Сондықтан кемеңгер адам өзін басқалардан кейінгі орынға қояды, осының арқасында ол басқалардың алдында болып шығады. Мықты ер өз өмірін ескермейді, осы арқылы оның өмірі сақталады»[3,231б.]. Адам өмірі немесе тарихы және осы әлемде тіршілік етуші бар заттардың жалпы қозғалысы – бұл абсолюттік өлім арқылы көрінетін абсолюттік өмірдің өзіндік көрнісі. Осыдан барып, біз ешқашан туылмадық және ешқашан өлмейміз. Туылу мен өлім жоқ, бастауы да аяғы да жоқ деп өлімді өмірдің жалғасындай қылып түсіндірген.
Дайсэцу Судзуки дзен ілімі жайында: «Буддизмге қытайлар қосқан ұлы қосымшалардың бірі еңбек идеясы. Жұмысты буддизмнің елеулі аспектісі ретінде қосқан дзен-буддизм мектебінің негізін салған Хиакуйо еді. Оған дейін буддашыл монахтар медитация және винайя ережелерін сақтауға берілетін. Дзен кейде жұмбақ, құпия, қайшылыққа толы болып көрінеді. Бірақ сайып келгенде бұл бар болғаны тәртіп пен ілім: өзің үшін нұрлануды іздеу және өзгелердің соған жетуіне көмектесу»[4,90б.] екенін айтады. Өзін игеру, сенімге ену және өзіне сенімді болу дзен-буддизмнің негізі болып табылады. Өліммен бетпе-бет тұру нағыз ерлік деген ұғымды самурайдың санасына сіңірген, қолбасшылары оларға өзін-өзі өлтіру нағыз жауынгердің ісі деп үйрететін. Өмір-бойы қызмет еткен мырзасы өліп қалған жағдайда самурайлар өздерін ойланбастан өлтіріп тастайтын. Бұл рәсімді жапон тілінде «харакири» деп атаған. Қиналып өлуді жөн санаған самурайлар іштерін оң жақтан бастап қылышпен кесетін, самурайдың әйелдері күйеуінің өлгенін естіген бойда, рәсім бойынша, іштерін емес, мойындарын қылышпен орып жіберетін. Самурайларды даярлайтын мектепте Конфуцийдың қағидаларымен қатар «Бусидо» деп аталатын кодекс заңдарын оқытатын, бұл кодексте самурайдың мінез-құлық нормалары мен ережелері бекітілген. Самурайдың басты принциптері мырзаңа өз өміріңді ұсыну, қайырымдылық пен зұлымдықтың ара-жігін ашып білу, шыншыл мен қарапайым болу, тік сөйлеу, әскери өнердің қыр-сырын жетік меңгеру, самурайға лайық дұрыс өмір сүруден тұрады.
Самурай – жауынгердің рухымен өмірге келді, өлгенде де жауынгердің рухымен өлу үлкен абырой екенін естен шығармау керек. Төсекте өлу, не болмаса кәрілік келіп жасы жетіп өлу, олар үшін масқара саналады. Көркем әдебиеттерде самурайдың образын аз ғана күндер гүлдеп өліп қалатын, жеміс бермейтін «Сакура» талына теңейтін.
Самурайдың философиясы бойынша рух пен, тәнді санаға бағындыру керек. Олар мырза – дана адам, сондықтан ол әлеммен және өз – өзімен үйлесімділікте өмір сүреді деп түсінеді. Ол қандай жағынан алмасаң да өте күшті, сондықтанда мұндай мырза «ізгі ер» болып табылады. Мырзаның басқа адамдардан айырмашылығы жүрегі таза, кез-келген уақытта өзін мәдениетті ұстайды. Рухына сенімді болғаны соншалықты, әлемді жоғары-дан көре біледі. Өз-өзінің ерік-жігерін мықты игергені соншалықты, кез-келген қиын сәтте шешім табады. Біз өмір сүретін әлемде жақсылық пен жамандық бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Біреуінің басы, біреуінің аяғы қай жерде бітетіні белгісіз, «ізгі ер» түйіскен жерден екеуінің айырмасын ажырата алады. Самурайлар мырзаның жолымен жүретіндіктен біраз нәрселерге тыйым салып, көптеген нәрселерге басқа көзбен қарауды қажет етеді. Бұл өмірмен ауырма, өзіңді нәпсіге билетпе, өмір өзінің қол жеткенін жұтып тынады. Санадан төмен нәрсеге көңіл аударма. Әрекет пен жетістік еркекке қажет, онсыз өмірің мағынасыз, ғұмыр сүрудің мәні қалмайды. Еркек – шытырман оқиғаны іздеуші. Әрекет пен күш жанына жақын. Үйлесімділікте өмір сүрсе еркектің бойы сергек, көңілі көтеріңкі жүреді. Еркек өз болмысынан кетсе, жалқаулық жеңеді, күш одан қаша бастайды. Еркек өз-өзіне: «Бүгін шытырман оқиғаны бастан өткіздім. Дұрыс өмір сүрудемін» десе, ол өзін бақытты сезінеді. Еркек түпсіз терең мұхит оған әрдайым самал жел мен кеңдік керек. Әйел затына құрметпен қарауды есте ұстау қажет. Әйелге құрмет көрсетем деп өзіңнің еркектік табиғатыңды жоғалтып алма, ер өз-өзін ұстай алмай, нәпсінің жетегінде кетсе, еркектің күші кетіп, әлсіздікке апарады. Еркектің дұрыс философиясы өмір сүрудегі күшінің қайнар көзінде. Еркек ерлік туралы көп ойлау керек, сонда ғана ол ешкімнің қолынан келмейтін қадамдарға бара алады. Ерлердің өмір сүрудегі миссиясы ерлік, осыны естен шығармаса, талай жетістіктерге жетіп, көп нәрсеге қол жеткізеді. Еркектің өзіне ғана сенуін, тек ақылына жүгінуін талап етеді. «Аспанның сыйы! Құдайдан адамға қалың тері, жануардың тырнағы, кереметтей физикалық күш берілмеген. Бірақ адам арыстанның көзіне көзалмастан қорықпай тура қарайтын болса, арыстан саған шаппайды. Өйткені адамға жоғарыдан ерекше қасиет берілген, оның аты – рух. Әлемде, бүкіл дүниежүзінде ең мықты нәрсе ол рух, адам оны толығымен түсініп болған жоқ. Рух жолы ол абсолютті жол, жолдың ашылуы, ұлылардың мүмкіндіктері. Осы жолмен жүру еркектің міндеті. Ерікті еркіне жіберіп, оңды-солды қолданған еркек, рухты өшіреді. Ерікті тұсап, игере білу ерлердің ісі. Тағдырдың тәлкегіне ұшырасаң, мүжіліп кетпе, құласаң, күш жинап қайтадан тұр да, алдыға ұмтыл. Мырзаның ерігі болаттай берік. Сәтсіздікті бастан өткізгенмен келісе салмайды. Жеңілуді білмейді. Алысу, тайталасу, берілмеу. Жүрекке түскен ауырлықтан арыл, жаңадан күш жина. Әрекет ет! Жүрегіңде түнек болса, тәніңмен әркеттен физикалық дайындық керек, сергектік келгенше осылай істе, ол үшін Бусидомен айналыс. Самурай кеуделі болу керек, осыны есте ұстау қажет. Кеуделі адам құрметке ылайық. Кеуделік күнә емес, өз-өзіне құрмет, оған тек ізгі істермен ғана жетесіз», – деп түсіндіреді[5,4б.].
Самурайлардың ұрыста киетін арнайы киімдері темірден жасалынады. Самурайдың жанынан бір елі тастамайтын қаруы-қылыш. Қылыштың ұзыны «тати», қысқасы «дайсё» аталады, жай темірден жасалынбаған, күндіз-түні алып жүретін қарулары алмаздай өткір, қынабы алтын-күміспен безендіріл-ген. Самурайлардың отбасы қылышты киелі тұтып қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа табыстап отырған. Қазіргі таңда да жапондардың сиынатын храмындарының төрінде қылыш ілініп тұрады.
Самурайдың ішінде бірен-сараңы ғана отбасын құратын. Дзен-буддизм сенімі болғандықтан «самурайлар әйелмен жыныстық қатынасқа түсу еркекті әлсіретеді, өң бойыңдағы қуатыңды тартып алады» - деген түсінік қалыптасқан. Тарих беттерінде керемет болып танылған самурай бейнесінің көлеңке тұстары да бар. Камакура дәуірінде өмір сүрген жазушы Ихара Сайкаку (1642-1693) өзінің «Нансеку Окагами» еңбегінде бір жынысты-лардың жыныстық қатынасқа түскені жайында мәлімет береді.
Бейбіт өмір басталғанда, самурайлар үшін өте қиын кезең басталды. Біраз бөлігі оқ қағар, күзет әскері қызметінде істеген, ал көпшілігі жұмыс таба алмай бас сауғалаған. Осы кезеңде самурайлар қылмысты болып, тонаушылықпен айналысқан, тіпті жендет болғандары бар деген де деректер кездеседі. Жапонияда 1876 жылы заң жүзінде қылыш алып жүруге тыйым салынса, 1868 жылы Бусидо кодексі қолданыстан алынып тасталды. Осылай тарих саханасынан самурайлар ойыстап кете бастаған. Бүгінгі таңда Жапон әскерлерінің антына «Бусидо» кодексінің кейбір жерлері енгізілген.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. В. Акунов. Самураи державы Ямато. – М.: –2016. изд . – «Вече», – 336 с.
2. Н.И.Конрад. Очерки Японской литературы. – М.: «Художественная литература»., – 1973. – 462 с.
3. Т.1 «Таймас» әлемдік педагогикалық ой сана. – А. – 2015.
4. Д.Судзуки. Основы дзен буддизма. СПб., «Реверс»., – 100с.
5. А.Басов. Самурай. Дух война. Ч.2. «Фонд культуры мира»., – 2004. –316с.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген