Латын әліпбиіне көшу – жаһанданудың озық
үлгісі
Қазіргі қазақтың қолданыстағы ұлтық әліпбиі
бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткеріп, қалыптасқан әліпби
жүйесі. Жүздеген жылдар бойы еліміз араб графикасына сүйенсе,
1929-1940 жылдары латын графикасын, 1940 жылдан бүгінгі күні кирилл
графикасын қолданады. Қазақ даласында өмір сүрген сақ, ғұн, үйсін,
қаңлы, қыпшақ тайпалары көне «есік жазуы», «ғұн жазуы», «руна
жазуын» пайдаланғанын Ә.Марғұлан ғылыми зерттеулермен
дәлелдейді.
Расында, біз латын қарпіне көшу жайын сөз еткенде
әліпби мен тілдің төңірегін ғана шиырламақ, бұл мәселеге
байыптылықпен, кеңірек қарап, тереңірек үңілгеніміз жөн сияқты.
Латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жаңа мүмкіндік есігі деп
есептеймін. Біз бұл есікті ашуымыз керек.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі жұртымыз үшін
жасалған маңызды қадамдардың бірі. «Ұлтың сақталуына да, жоғалуына
да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» дегендей ана
тіліміздің қарыштап дамуы, еліміздің болашағы үшін қайырлы болмақ.
Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Математика, физика, химия
формулалары, ғылыми әдебиеттер латын әліпбиімен байланысты. Әлемдік
қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастардың тезірек игеруіне
мүмкіндік жасайды. Ғаламдық деңгейде бой көрсету үшін, әлем
жастарымен тіл табыса алуы үшін де латын қарпіне көшуіміз керек.
Қанша жылдан бері латын қарпіне көшу туралы айтылып келе жатыр, оны
іс жүзінде орындайтын кез келді деп ойлаймын. Латын әліпбиі қазаққа
жат емес, себебі ол біздің қоғамға әлдеқашан еніп кеткен. Ал
«латынның бізге берері не?» дегенде тиімді жақтарын көрсетуге
болады. Мысалы, «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру. Бұл ағылшын
тілін меңгеру, ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына
ілесу. Және ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен сөз өнерін,
әдебиетіміздің асыл мұрасын әлемге танытудың озық үлгісі деп
білемін. Бүкіл әлемдік тәжірибе осы таңдаудың дұрыстығын айқындап
отыр. Латын әліпбиі – жаһандық коммуникация мен ақпараттың қайнар
көзіне айналуда. Бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан,
Түркіменстан елдерін айтпағанның өзінде, төл әліпбилері бар
Жапония, Қытай секілді алпауыт елдер әліпбидің қосымша нұсқасын
енгізіп отырғаны көп нәрсені аңғартса керек.
Латын қарпі жайын сөз қылғанда түбі бір түркі
бауырларымыздың бұл әліпбиге әлдеқашан көшіп кеткенін де назарда
ұстаған абзал. Еліміздің
саясатының арқасында түркі әлемінен ойып тұрып
алған орнымыздың бар екенін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз.
Қазір ел арасында латынға көшуге байланысты әртүрлі пікірлер
айтылып жатыр. «Бензин жоқта әліпби не керек?» деген секілді
сыңарезу сөздерді де құлағымыз шалып жатыр. Бензиннің жоқтығы –
нарық заңы. Бұл – уақытша дүние. Бүгін жоқ, ертең бар. Бұл –
бір-екі күндік мәселе. Ал латын әліпбиіне көшу – мәңгілік мәселе,
ғасырлық жоба. Еліміздің ғасырлық стратегиясы. Бұл мәселеге асқан
байыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қараудың мән-маңызы осында
болса керек.