15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Латын графикасына көшудің жазу сауаттылығына әсері
Латын графикасына көшудің жазу сауаттылығына әсері
Мейрманова К.С.
Айтқұл Шынасилов атындағы шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.Жарлысу ауылы
Тіршіліктің негізгі тұлғасы адамзатты, адамзат қоғамын оның тілінен тыс зерттей алмаймыз. Сондай-ақ, тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайды. Бұл екіжақты байланыстағы дүние болып табылады. Адам – өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да – халық. Тіл – халықтың мәдениеті мен қуатының көрінісі, ұлттық мәдениеттің коды. Өйткені, тілін сүйген, оны қадірлей білген адам өзінің де, өзгенің де мәдени құндылықтарын да бағалай алады. Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қана қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін рационалды, эмоционалды мақсатта бейнелейді. Сондықтан тілдік тұлға – өз санасында ақиқатты бейнелеуші ғана емес, оны санада қайтара жаңғыртушы қасиетке ие белсенді әрекет иесі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің жаңа міндеттерін белгіледі: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр» [1].
Латын әліпбиіне көшудің мақсаты – «балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызу екенін» естен шығармауымыз керек. Дегенмен, «әліпби ауыстыру ана тілімізге не береді, неден ұтып, неден ұтыламыз?» деген сұрақ та көпшілік көңілінде жүргені белгілі.
Латын әліпбиіне көшу жас буын үшін соншалықты ауыр қиындық, кедергілер келтіре қоймайды. Себебі қазір мектептердің барлығында ағылшын тілі оқытылады. Барлық оқушылар латын әліпбиімен таныс. Бұл бір жағынан алғанда қазақ тілінің латын графикасына көшуін жеңілдетеді.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі төңірегінде айтылып жүрген пікірлердің басым көпшілігі де оң көзқарастағы пікірлер. Мәселен, бұл бағытта елімізге танымал ғалымдардың пікіріне жүгінсек, тұтас түркі еліне елеулі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мырзахметұлы латын жазуына көшудің бес артықшылығын көрсетеді: «біріншіден, қазақ тілі табиғи қалыпқа түсіп, жасандылыққа ұрынған артикуляциялық базасынан арылып, табиғи қалпына түсер еді; екіншіден, әріп сандары 42 әріптен 28-34-ке дейін қысқарып, жазу сыйымдылығы артып, машинкаға да, компьютерге де сыйымды болар еді. Интернетке де кедергісіз шығар едік; үшіншіден, латын жазуына өтуге біздің тәжірибеміз де бар. Қазіргі аға ұрпақтың бәрі де латын жазуын қиналмай оқи береді. Ал жастар болса шет тілдерін оқығандықтан, латын әрпімен таныс болғандықтан, тез меңгеріп кетеді; төртіншіден, біз латын әрпін біркелкі ортақ таңбамен алсақ, түрік халықтары бірін-бірі оқи алатын мүмкіндікке келеді; бесіншіден, ең бастысы – санамызға күнде әсер етіп отырған кеңестік идеология мен дүниетанымның тұтқынынан босаймыз» деген пікір білдірсе [2], академик Ә.Қайдар «латын әліпбиіне көшу – өмір талабы, болашағы жарқын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі», – деп бағалап, латын әліпбиіне көшудің төмендегідей басымдықтарын көрсетеді: кирилицаның славян жазуы екені белгілі. Дегенмен, оны әлемдегі славян халықтарының бәрі бірдей қолдана бермейді. Бүгінгі күнде Еуропадағы көптеген славян мемлекеттері іс-қағаздарын латын жазуымен жүргізеді. Осы тұста бір мәселе, славян текті халықтардың арасында рухани тұтастықтың да шамалы екенін естен шығармау керек. Қысқасы, кириллицаның да белгілі бір дәрежеде кемшілігі шаш-етектен. Бұл – мәселенің бір жағы.Екіншіден, жоғарыда атаған жәйттерге қоса кириллица жыл алға озған сайын өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде атқара алмауда. Қазіргі кезде Ресей ғалымдары арасында да жаһанданумен байланысты бір кездері орыс әліпбиінің де латын қарпіне көшу ықтималдығы туралы сөз бола бастады. Үшіншіден, бүгінгі түркі халықтары қолданып жүрген кирилл жазуында айырмашылықтар өте көп. Себебі, кезінде бұл жазудың біздерге тек қаріптік белгілері, таңбалануы ғана ұсынылды. Ал әр халық өзінің тілдік ерекшеліктеріне сәйкес кейбір әріптердің варианттарын өздері жасап алды. Соның нәтижесінде, дүние жүзінің түркі қауымдастығын былай қойғанда, бұрынғы КСРО-да жасайтын отыз шақты түркі халықтары мен ұлыстарының өзі басын біріктіре алмады. Керісінше, олар бірінің жазғанын екіншісі еркін оқып түсіне алмайтындай жағдайға келіп, жазу арқылы өзара жақындасудың орнына, жырақтай түсті. Сөйтіп, сыртқы күштердің о баста көздеген түркілердің бастарын бірік-тірмеу жоспары өз миссиясын толығымен орындап шықты» [3].
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек өз ойын: «Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және емле-ережені бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тілбұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады», – деп тұжырымдайды [4,120].
Бұл ғалымдардың пікіріне қарап отырсақ, латын әліпбиіне көшу заман талабы болып отырғандығына көз жеткіземіз. Ендігі мәселе латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тіліндегі сауаттылықты жоғалтып алмауға барынша назар аудару қажет.
Сауаттылық – баспасөз тілі мәдениетінің негізгі талаптарының бірі. Ал жазудағы сауаттылық әдетте емле, тыныс белгілері ережелерін білумен тығыз байланысты. Дұрыс жазу талабы – орфографиялық ережелерді жетік меңгеруді талап етеді. Ал орфографиялық ережелердің жетіктігі әліпбидің тілдің фонетикалық жүйесімен толық сәйкес келуімен байланысты. Қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің латын графикасына сәйкес өзгеріске түсетін жағдайларын жалпы қарапайым халық оңай игеретіндей жолдарын көрсету қажет.
Бас әріп мәселесі де тіліміздің төл ережелеріне сәйкестендірілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін бас әріппен жазылатын күрделі атауларды жазуда қазақ тілінің орфографиялық ережесі емес, сол сөздің орыс тіліндегі нұсқасы басшылыққа алынып кететін жағдайлар орын алып келеді. Мәселен, орыс тіліндегі «Аким Жамбылской области» деген сөз, қазақ тілінде «Жамбыл облысының әкімі» деп жазылуы тиіс. Алайда, кейбір авторлар мен басылымдар орысшасында бас әріппен жазылған «Әкім» деген сөзді қазақшасында жай әріппен жазса, оның дәрежесі кеміп қалатындай немесе әкімнің алдында кінәлі болып қалатындай көреді. Ал латын әліпбиіне көшу кезінде біздің елімізде қалыптасып кеткен осындай мәселелерді болдырмауға тырысуымыз қажет-ақ.
Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерінің алғашқы басылымынан бастап «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 18 параграфпен беріліп жүрген «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген ереже, тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да, әлі күнге дейін бұлжымай тұр. Соның дәлелі ретінде осы сөздіктің 2013 жылы шыққан 6 басылымында осы 18 параграф «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы, негізінен, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады»,– деген нұсқасынан да көре аламыз. Жазу қазақ тілінікі, ереже де қазақ тілінікі, олай болса, неге ол сөздер орыс тіліндегі тұлғасында жазылуы тиіс деген заңды сұрақ туындайды. Бұл ереже тілімізде ғасырлар бойы үндестік заңына сәйкес дамудың эволюциялық жолымен қалыптасқан «қазақ тілінінің төл сөздері не бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке болып келеді» деген қағидаға кереғар болып келеді.
Латын әліпбиіне көшу барысында осы заңдылықтарды сақтап қалуға тырысуымыз қажет, яғни өз тіліміздің ерекшеліктеріне баса назар аударсақ дұрыс болар еді. Жалпы емле ережелерін жасауда өте мұқият болу керек. Әрбір бапты талдап, талқылап, апробациядан өткізіп барып қабылдаған дұрыс.
Қысқарған сөздер де осындай қиындықтар тудырып жүрген мәселелердің қатарынан көрінеді. Кейбір қысқарған сөздердің қазақ тілінің дыбыстық-артикуляциялық ерекшеліктеріне сай келмейтіні белгілі. Соған қарамастан, бүгінде қысқарған сөздер баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде ең жиі қолданылатын тілдік бірлікке айналды. Тілші ғалым, ф.ғ.д., профессор Ш.Құрманбайұлы 90-жылдарға дейін біздің тілімізде орыс тіліндегі қысқартылған нұсқасы бойынша қолданылатын қысқарымдар көп болған болса, қазір Еуропа елдерінің тілдері мен ағылшын тіліндегі күрделі атаулардың қысқарған нұсқаларын да мерзімді баспасөз бен ресми құжаттардан, түрлі басылымдардан жиі ұшырататынымызды көрсетіп, олардың қатарына мына төмендегі ЕХРО, ISO, FIFA, FIDE, FIAS, NACA, NATO, NTI, UNESCO, UNICEF, USAID, UNEP, USIA, UNPF, OPEC, WBA, WBO, WBC, WIMAX, WWF, UBS, VIP, CNN, CARICC, SMS, TIMSS, REACH және т.б. сияқты қысқарымдарды жатқызады [5].
Осы қысқарған сөздерге жалғанатын қосымшалар да біркелкі болмай жүр. Сонымен қатар қысқарған сөздерге жалғанатын қосымшалар да көбіне орыс тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріліп қалыптасқан. Осы жүйеге де өзгеріс енгізу қажет-ақ.
Латын әліпбиіне көшу кезінде ана тілімізге тән төл дыбыстарды бейнелейтін әріптердің формасына басты назар аударуымыз керек. Осы әріптерді түрліше көрсете бермей, бірізділікке түсіру кезінде тіліміздің ерекшеліктерін, орфоэпиялық нормаларын ескере отырып шешім қабылдағанымыз жөн. Бұл шараны іске асыруда компьютерге қосымша бағдарламалар орнатпай-ақ, баспа түрі бар таңбаларды пайдалану арқылы жасағанымыз дұрыс болар еді. Бұл мәселе осылайша шешімін тапса, мәтінді терудің тиімділігін төмендетіп, жылдамдығын тежемес еді. Бұл жағына келгенде көршілес Өзбекстан, Түркменстан мен Азербайжан елдерінің тәжірибелеріне де назар аударсақ дұрыс болар еді.
Ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса және тіліміздің төл ерекшеліктеріне назар аударылса құба-құп болар еді.
Қорыта келгенде латын әліпбиіне көшу арқылы біз көп мүмкіндіктерге ие боламыз: біріншіден, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз; екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі, ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді және уақыт та, қаржы да үнемделеді; үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады және қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады; төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады; бесіншіден, орыс тілінің заңдылығына сүйеніп кеткен өзіміздің орфографиямыз бен орфоэпиямызды қайта қайтаруға мүмкіндігіміз бар.
Пайдаланылған дереккөздер:
-
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». «Егемен Қазақстан» газеті 12 сәуір 2017 жыл, №70.
-
М.Мырзахметұлы «Латын әліпбиіне көшу – сананы отарсыздандыру жолындағы маңызды қадам» мақаласы. «Жас қазақ үні» газеті.
-
Ә.Қайдар «Латын әліпбиінің болашағы зор» «Ана тілі» газеті
-
Ә.Жүнісбек. «Қазақтың ұлттық кодының бірі – төл жазу» мақаласы. «Егемен Қазақстан» газеті 10 мамыр 2017 жыл, №87
-
Ш.Құрманбайұлы «Қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер» мақаласы. Астана, 2009 жыл.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген