Материалдар / Мәдениеттану Сөж 1 курс
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мәдениеттану Сөж 1 курс

Материал туралы қысқаша түсінік
Студенттерге арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
19 Ақпан 2021
868
2 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Мамандық: Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу сырттай бөлім

Пәні: Мәдениеттану

Оқытушы: Багдатова К.Б.

Тақырыбы: Мәдениеттану - мәдениет туралы ғылым.

 Мәдениеттану - жалпыадамзаттық және ұлттық мәдени үрдістердің объективтік заңдылықтары, тарихи ескерткіштер, құбылыстар, сондай-ақ адамдардың материалдық және рухани өмірінің оқиғалары мен әрекеттерін зерттеп, зерделеуге негізделген мәдениет туралы ғылым және оның пәні.

Мәдениеттану ғылымы зерттейтін ең негізгі мәселелердің біріне дүниежүзілік мәдениеттің теория мен тарихы жатады.

Мәдениет дегеніміз (латын тілінде Civilic - өңдеу, тәрбиелеу, білім беру, даму, сыйлау) - адамдардың өмірі мен қызметін ұйымдастыру қалпы мен түрлерінен, сонымен қатар олардың жасаған материалдық және рухани құндылықтарынан көрінетін қоғам мен адам дамуының белгілі бір дәрежедегі тарихи деңгейі.

Мәдениет үғымын ежелгі заман оқымыстыларының шығармаларынан кездестіруге болады. Ежелгі қала Полисте мәдениет үғымы - есі кірмеген баланы естияр азамат, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін тәрбиелеудің құралы тұрғысынан қарастырылса орта ғасырларда мәдениет ұғымы бірте-бірте философиялық мағынаға ие бола бастады.

Мәдениет көп түрлі, оның салалары сан алуан: адамзат мәдениеті, әр түрлі дәуірлер мәдениеті (ежелгі заман, орта ғасырлар, қайта өрлеу, т.с.с.) әр түрлі елдер мен ұлттардың мәдениеті, діни мәдениет, әр түрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың мәдениеті (шаруалар, қалалық, ауылдық). Мәдениет адамнан тыс өмір сүрмейді. Ерте замандарда-ақ мәдениетті адам қызметінің нәтижесі деп санаған. Грек ойшылы Демокриттің пікірінше, мәдениетті жасаушы - адам. Ол табиғатқа еліктеп, өз қажеттілігін қанағаттандыра отырып мәдениетті жасайды.

Ортағасырлық дәуір мәдениетінің негізгі құндылығы құдай еді. Орта ғасырлардың сәулет өнері мен мүсін өнерін "Тастағы інжіл" десе де болады. Қайта өрлеу дәуірінде мүлде жаңа таным қалыптасты. Адамға, адам жанына терең үңіліп, адамды дүниені, сұлулықты, өзін-өзі құрушы деп есептей бастады. Мәдениет - тек адам қолымен түлеген табиғат қана емес, ол адамның өзін қайта жасаушы да.

Мәдениет — көп деңгейлі жүйе. Мәдениет - аса күрделі, көп деңгейлі жүйе,                  Мәдениет дүниежүзілік және ұлттық болып бөлінеді.

Дүниежүзілік мәдениет - біздің планетамызды мекендеген барлық халықтар мәдениетінің озық үлгілерінің синтезі болып табылады.

Ұлттық мәдениет өз кезегінде белгілі бір коғамның әр түрлі таптары, әлеуметтік топтары мен жіктері мәдениетінің, синтезін алға тартады. Мәдениет материалдық және рухани болып екіге бөлінеді.

Материалдық мәдениет - еңбек және материалдық өндіріс мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, топостың, ягни тұрған мекеннің, үйдің, ауылдың, қаланың мәдениеті, адамның өз денесіне, дене тәрбиесіне қарым-қатынасының мәдениеті.

Рухани мәдениет көп қырлы құбылыс ретінде таныла отырып, өзінің құрамына танымдық және ақыл-ойдың, философиялық, адамгершілік, көркемөнерлік, құқылық, педагогикалық, діни мәдениетті енгізеді. Бұлар - экономикалық, саяси, экологиялық және эстетикалық мәдениет.

Қоғамның дамуы бірнеше факторлардан тұратыны анық. Олар: саяси-экономикалық жағдайы, Жер шарындағы орналасуы, мәдениеті мен әлеуметтік құрылысы болып табылады. Осылардың ішінде мәдеиеттің өркендеуі қоғамды алға жетелері сөзсіз. Қандай елді алып қарасақ та мәдениет ең басты фактор ретінде тарихи оқиғалармен байланысты. Тарих болған жерде мәдениет те болады. Оған мысал ретінде адам баласының даму сатыларынан бүгінгі күнге дейінгі жеткен мәдениетін қарастырсақ болады.

Ең алдымен, халық санасында пайда боған бұл «мәдениет» деген сөзге мәдениеттанушы ретінде анықтама берер болсам, ол ғасырлар бойғы адамзаттың күнделікті жасаған күн көруге деген әрекеті, болашаққа деген ұмтылысы мен еңбегінің жемісін ғылыми түрде атау болып саналады.

Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік немесе қарсы қоюшылық деп атауға болады. Бұған себеп мәдениет пен табиғатты, яғни «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық. Көне заманда «культура» деген ұғым «жерді өңдеу» деген мағынаны берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цицеронның еңбектерінде (б.э.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады.

Алғашқы кезеңде мәдениетті қалыптастырған ежелгі философтар болды. Антикалық дүниелер орта ғасыр шенінде жоғалып, көптеген ғылым салалары өз даму жолынан айрылған болатын. Олардың қатарына осы мәдениет ғылымы да кірді. Сондықтан да мәдениет шаруашылықта, дін саласында жанама рөлдер атқарумен шектеледі. Алғашында, көне замандарда, философтар білімді, сөзге шешен адамдарды мәдениетті деп қарастырады. Уақыт өте келе жер-анамен, оны өңдеп-баптаумен тығыз байланысты болды. Сонымен бірге кейіннен мәдениет сөзі дін аясынан шыға алмай,  «құрмет тұту, сыйлау, құрметтеу, табынушылық» деген мағыналарға да ие бола бастады.  Тек Ағартушылық дәуірінде ғана, басты орынға адам қойылған кезден бастап, мәдениет өз қалпына келе бастады. Қайта өрлеу дәуірі кезеңінде мәдениеттің жан-жақты дамуы басталды. Көптеген өнер салаларында жаңада стильдер пайда болып, жарқын болашаққа бастайтын жол ашылды. Мәдениет осы қарқынмен дамып, жаңа заман дәуірін бастан кешіріп, бүгінгі күнге дейін нық қадаммен келіп жетті. Осы кедерде мәдениет екі бағытқа: рухани және материалдық мәдениет болып екіге бөлінді. Рухани мәдениет жалпы адам санасындағы рухани дүниемен түсіндірілсе, материалдық мәдениет адамның сыртқы дүниеде жасаған әрекеттерімен баяндалады. Мәдениет жалпы алып қарастырсақ өте ауқымды болып саналады. Ол халықтардың экномикасын, саясатын, салт-дәстүріне дейін қамтиды. Осыған байланысты Жер бетінде болып өткен-ірілі ұсақты соғыстарды жатқызсақ болады. Себебі, қуатты бір ел өз күшімен жан-жағындағы ұсақ мемлекеттерді жойып жіберіп, ол жерде өз билігімен қатар мәдениеттерін де қалыптастырған сәттер болған. Осындай жойқын соғыстар әсерінен бір  халық мәдениеті таралып, бір халық мәдениеті мүлдем жойылап кетіп отырды. Бірақ мәдениет таралып өз дамуын жоғалтпады.

Осындай сан мыңдаған ғасырлар бойы жалғасқан бұл үрдісті міндетті түрде зеттеу қажет. Адам баласының дамуын тарихшылар жан-жақты қарастырса, адам пайда болғаннан бастап қалыптасқан мәдениетті мәдениеттанушы ғалымдар ерекше талдайды. Өйткені әр елдің саяси және мәдени жағынан дамуы әрқалай. Адамдар қалай осы күнге жеткендігін және бұл күнгі өмір сүріп отырған ортасындағы мәдениетті ата-бабалары қалай қалыптастырғанын білуі керек. Себебі, өткенді зерттеп білмей жатып, болашақтың мәдениетін қалыптастыру мүмкін емес. Мұндай кезде мәдениеттану деген ғылым айрықша орынға шығады. Ендігі кезекте осы ғылымның пайда болуы мен дамуын қарастыратын болсақ.

1949 жылы «Мәдениеттану» терминін әлеуметтік ғылымдар ішінде жаңа ғылыми бағыт ретінде жеке өзі бір ғылым болуы үшін алғаш рет американдық антрополог Лесли Уайт енгізген болатын.

Мәдениеттану — мәдениет туралы ғылым әрі философиялық ілім. Мәдениеттау жеке пән ретінде XIX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптасты. Мәдениеттау пәні жергілікті және аймақтық мәдениеттердің сапалық ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен сабақтастығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, адамзат қоғамының біртұтас мәдени даму процесінің жалпы заңдылықтарын анықтайды.

Мәдениеттанудың пәндік аймағы мәдениеттанулық таным мақсаттарына сай анықталады. Бұл жағдайда мәдениеттанудың теориялық-фундаменталдық және қолданбалы болып бөлінуі орын алады. Теориялық мәдениеттанудың мақсатына сай мәдениет феноменін теориялық тану, оның категориялық құралын және зерттеу методтарын жасап шығару жатады. Теориялық білімге сүйенетін қолданбалы мәдениеттану өз мақсаты ретінде қоғамдық тәжірибеде орын алатын өзекті мәдени процестерді болжау, жобалау және реттеуді қояды, ол мәдени саясаттың негізгі бағыттарын, мәдени мұраны қорғау мен пайдалану мәселелерін зерттейді.

Мәдениеттанумен көптеген ғылым салалары шұғылданады. Оның ғылым ретінде қалыптасуына антропология, тарих, психология, педагогика секілді ғылым салалары зор ықпал етті. Сонымен қатар бұл ғылым саласы философия, тарих, психология, этнография және дінтану ғылымдарымен тығыз байланысты.

Мәдениеттану пәні әр түрлі қоғамның өмір сүруі барысындағы мәдени өмірді жан-жақты қамтып, мәдени құбылыстарға ғылыми тұрғыдан талдау жасайды. Мәдениеттануды тек гуманитарлық ғылымдар саласына ғана емес, жалпы теоретикалық пәндер қатарына жатқызуға болады, өйткені ол адамзат баласының мәдени өміріндегі сан алуан құбылыстарды жүйелі түрде қарастырады. Мәдениеттану пәнінің негізгі мәселесі адамзаттың ерекше өмір сүру тәсілі ретінде мәдениеттің қалыптасып дамуы, оның генезисі болып табылады. Бұл орайда мәдениеттанушылардың басты мақсаты – дүниежүзілік және ұлттық деңгейдегі тарихи-мәдени процестерді тарихи шындық тұрғысынан түсіндіре отырып, оларды болжай білу.

XIX ғасырда мәдениет мәселелерімен тығыз айналысқан ғалымдардың бірі — ағылшын ойшылы Эдуард Бернетт Тайлор (1832—1917) болды. Ол «мәдениет жөніндегі ғылым — реформалар жөніндегі ғылым» деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз даму үстіндегі процесс деп қарастырды. Тайлор мәдениетке мынандай жалпылама анықтама береді. «Мәдениет пен өркениет кең, әрі этнографиялық мағынада — білімнен, наным-сенімдерден, өнерден, адамгершіліктен, заңдардан, салт-дәстүрлерден және қоғамның мүшесі ретінде адамның игерген дағдылары мен түрлі қабілеттерінен құралады».

Мәдениеттану қоғамда болып жатқан түрлі процестерді (материалдық, әлеуметтіқ, саяси, адамгершілік, көркемдік тағы басқалары) барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-біріне этно-әлеуметтік, саяси-моральдық, ғылыми, көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшеленетін түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстарымен, тәуелділіктерімен зерттейді. Мәдениеттану пәні сонымен қатар жергілікті және аймақтық мәдениеттердің сапалы ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен мирасқорлығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, адамзат баласының біртұтас мәдени даму процесінің жалпы заңдылықтарын аңықтайды.

XX ғасырда мәдениеттану жекелей өзі жақсы зеттелмесе де, басқа ғылымдардың ықпалымен дамыды. Антропологтар мәдениетті адаммен тығыз байланыстыра зерттесе, этнографтар халықтың тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра отырып қарады, ал психология саласында мәдениеттің адам санасында алатын орнын айқындады. Осылайша бұл кезеңде мәдениеттану өз өрісін кеңге жайды. XX ғасыр мәдениеті көп келбетті, оның басты себебі — мәдениеттердің ұлы тоғысуы, сұхбаттасуы және тұтастануы.

Кеңес дәуірінде Қазақстанда Мәдениеттану пәні жүйелі түрде оқытылмай, гуманитарлық ғылымдар саласында өзінің нақты орнын таба алмады. Бірақ қазақ мәдениеті сақталды. Мұнан шығатын қорытынды, мәдениет болған жерде мәдениеттану ғылымы еш артта қалмайды. Өз дамуын одан әрі жалғастырып, бүгінгі күнде қазақ балалары мәдениеттануды оқып отырғаны соның дәлелі.

Әрине, өркениет адам өмірін қазіргі кезде тұтынудың жоғары деңгейіне көтерді. Дамыған елдерде «не жеймін, не киемін» сияқты мәселелер түбегейлі шешілген. Бірақ адамзат үшін бұлардан басқа маңызды талап-тілектер бар. Екінші бағытты — адам руханилығының дамуы деп атауға болады. Ол адамның ішкі дүниесіне, оның терең сезім қатпарларына, ой-өрісіне бұрылған. Осы екі бағыттың айырмашылығын Шығыс пен Батысты салыстыру арқылы да байқауға болады. Егер Шығыс мәдениетке көбірек көңіл бөлсе, Батыс өркениетті дамытуда бірталай жетістіктерге жетті. «Батыс адамы Дүниемен, табиғатпен, өзі сияқты басқалармен күресуде. Шығыс адамындағы күрес пафосы — керісінше: ол өзімен-өзі, өзіндегі толымсызбен күреседі». Егер тарихи-мәдени қозғалыстың динамикасын алып қарастырсақ, онда тарихи тұрғыдан төмендегідей сатыларды бөліп көрсетуге болады.

Льюис Генри Морганның ілімі бойынша: 1. Тағылық. 2. Варварлық. 3. Өркениет.

Маргарет Мидтің ілімі бойынша: 1. Постфигуративтік (дәстүрлік) мәдениет. 2. Кофигуративтік (замандастық) мәдениет. 3. Предфигуративтік (жас ұрпақтық) мәдениет.

Даниелл Беллдің пікірі бойынша: 1. Индустриалдыққа дейінгі қоғам. 2. Индустриалдық қоғам. 3. Индустриалдықтан кейінгі қоғам.

Бұлай мәдениетті бөліп қарастыру өте дұрыс, өйткені әр заманда мәдениет әр түрлі дамыды. Оларды бір мезетте оқып танысу мүмкін емес. Сондықтан қазіргі күнде түрлі мәдениеттерді оқып-үйретуде «мәдениеттану»  мамандығы өте ерекше орынға ие. Сонау ХІХ ғасырдан ғылым ретінде бастау алып, бүгінгі күнде алдыңғы ғылымдар саласында қарастырылуы өте үлкен жетістік.

XXI ғасыр біртектес адамдық мәдениеттің аймағына зор екпінмен еніп келеді. Өткен ғасыр қиыншылығы мен қызығы көп, мәселесі мен мардымды жетістігі мол ғасыр болды. Ғасырдың алғашқы жартысында басынан өткізген екі дүниежүзілік қантөгіс соғыс, одан кейінгі екі әлемдік жүйелердің арасындағы ұзаққа созылған қауіпті де қатерлі қырғи қабақ, текетірестік адамзаттың үрейін ұшырып, апокалипсистік, эсхатологиялық көңіл-күйлердің қалыптасуына ықпал етті. Ұлы дағдарысқа кез болған адамзат рухы парасаттылық пен ізгілік, өзара құрмет пен диалог арқылы тоқырауға, қантөгіске жол бермеу әдісін тапты. Соның нәтижесінде XXI ғасыр қарсаңында «дүние жаңа қатынастар» қалыптастырудың атымен жаңа күрделі кезеңіне көшті. Осыншама мәселелерді қарастыра келе мәдениеттану өз даму қарқынын асқақтата түсуде.

Қазіргі кезеңдегі материалдық және материалдық емес өндіріс орындары еңбекке қабілетті, технологиялық мәдениетті игерген адамдарды қажет етеді. Осыған орай, соңғы кездері педагогикалық құжаттардағы «технологиялық мәдениет», «еңбек мәдениеті» ұғымдарының мәнін көпшіліктің дұрыс түсінуі қажетті шарт болып табылады. Мәдениеттану ғылымы зерттейтін ең негізгі мәселелердің біріне дүниежүзілік мәдениеттің теориясы мен тарихы жатады.

Бүгінгі таңда экономикалық және саяси берекетсіздіктің басты себебі – мәдениетсіз саясаттың салдары болып саналады. Ендеше тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан Республикасының алдында тұрған басты мақсат – халықтың рухани байлығы – мәдениетті қалпына келтіру, ал мәдени өркендеусіз еліміз өркениетті елдердің қатарына еш уақытта қосыла алмайтындығы ақиқат. Осындай жағдайға мысал келтірер болсақ, ХV-XVII ғғ. жаулаушы  Еуропа елдерін айтуға болады. Олар өзге елдерді жаулай отырып, саяси-экономикалық жағынан дамығанымен мәдениетті мүлдем ұмытты. Ұлттық ерекшеліктерді зерттеуде әр халықты мәдениетіне қарай білетініміз анық. Сондықтан мәдениеттің және мәдениеттанудың да орны ерекше болмақ.

Қорытындылай келе, мәдениеттану ғылымының негізгі зерттеу саласы мәдениет болып табылады. Бұл мәдениеттің адам өмірінде қандай орын алатынын талқыладым. Қазіргі кезде, яғни технологияның дамыған заманында  дін басты фактор болып тұрғаны рас. Мәдениеттану осы дінді де қарастыратынын ескерсек, қоғамға бұл ғылымның керек екенін түсінуге болады.  Адамзаттың ертеден бастап қалыптастырған мәдениетін зерттеп, оны әрі қарай дамыту үшін Мәдениеттану өте керекті ғылым болып табылады. Енді ғана дамып келе жатқан бұл ғылым саласын дамыту өзіміздің қолымызда. Мәдениеттану осындай қарқынмен дами түссе, болашақта әлі де талай асуларды аларына еш күмән келтіре алмаймын.


Тапсырма

Тақырыпты түсініп оқып, конспектілеу.

Сұрақтарға жауап беру

1.Мәдениеттану жеке пән ретінде қашан қалыптасты?

2.Мәдениаттану пәнінің негізгі мәселесі не?

3.Материалдық және рухани мәдениетке мысалдар келтір?

Үй тапсырмасы

Мәдениет және дін.

Әдебиеттер:

  1. «Мәдениеттану негіздері» / Ғабитов Т.Х., Мүтәліпов Ж.М., Құлсариева А.Т. – Алматы: «Дәнекер» баспасы, 2000 ж.

  2. «Мәдениеттану» / Н.Г.Багдасарьян, А.В.Литвинцева, И.Е.Чучайкина және т.б.; Ауд. А.Т.Құлсариева, Ғарифолла Есім, Т.Х.Ғабитов, Н.Ж.Байтенова. – Алматы: Қазақ университеті, 2006 ж.

  3. «Мәдениеттану» / Ғабитов Т.Х., Мүтәліпов Ж.М., Құлсариева А.Т. – Алматы: «Раритет» баспасы, 2002 ж.

  4. http://kk.wikipedia.org/



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!