жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мағжан Жұмабаев ғылыми шығармашылық жұмыс
Мақтарал ауданы Атакент кенті №9 жалпы орта мектебі
Ғылыми шығармашылық жұмыс
Тақырыбы: Толқынмен толқын сырласып
Орындаушы: Ахметова М
Жұмыс жетекшісі: Алимкулова М
Аннотация
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы: Абай салған даңғыл жолды жалғап, бүгінгі күнге анық қалуға жарайтын сөз қалдырған қазақ поэзиясының хас шебері,лирикалық сыршылдықтың шыңына лайық, поэмаларында суреткерлік ен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын-Мағжан Жұмабаев.
Тақырыптың өзектілігі: Ақын өз жерін де, өз тегін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, асыл маржанға теңелген сұлу лирикалық жырларымен оқырманын еліткен халқының дара перзенті. Мағжан табиғаты өте күрделі, жұмбақ, сырға толы.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Осындай өлеңдерінің бірі-«Толқын». Бұл өлеңде ақын толқындардың қозғалысының əртүрлі болып келетіндігіне назар аудартады Өлеңнің идеялық өзегінде өмір философиясы бой көрсетеді. Ақын өмірдің бар болмысын толқынның тууы мен өлуі арасына тізбектей отырып көркем безендірген.
Зерттеу жұмысы осы бір тың да күрделі тақырыпты ашуға бағытталған.
Зерттеу
жұмысының мақсаты. Менің
негізгі мақсатым - көрнекті ақын Мағжан
Жұмабаевтың әдеби мұрасын тілдік және
әдеби тұрғыда зерттеу, зерделеу. Мағжан
Жұмабаев еңбегінің маңыздылығына және
поэзияда қолданған негізгі әдіс –
тәсілдеріне тоқтала отырып, көркемдік
шеберлігіне баға беру.
Зерттеу
жұмысы төмендегідей міндеттерді
нақтылады:
Мағжан Жұмабаевтың кім екендігі;
Ақынның рухани мұрасына әдеби тұрғыда талдау жасау;
Ақын поэзиясының бүгінгі күн проблемасымен үндестігін айту;
Ақынның тілдік, суреткерлік шеберлігі
Зерттеу
жұмысының пәні – қазақ әдебиеті,
нысанасы – Мағжан Жұмабаев
лирикасы.
Зерттеу
әдістері. Жұмысты
жазуда негізінен салыстырмалы талдау,
жүйелеу, жинақтау, тұжырым жасау әдістері
қолданылады.
Зерттеу
жұмысының құрылымы. Кіріспе,
негізгі, қорытынды мен пайданылған
әдебиеттер тізімінен тұрады.
Мазмұны:
Тақырып
I.Кіріспе
Жырымен жұртты оятқан
II Негізгі бөлім:
2.1 Толқынмен толқын сырласып
2.2 М.Жұмабаевтің «Толқын» өлеңінің адам өмірімен байланысы
III. Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Жүсіпбек
Аймауытов, жазушы:
"Мағжан
– сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге
еркіндігімен, тапқыштығымен күшті.
Маржандай тізілген, торғындай үлбіреген
нәзік үнді күйімен, шерлі мұңды зарымен
күшті".
«Дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ».
Мағжан
Жұмабаев – поэзия әлеміндегі жарық
жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты,
бойға жігер, жүрекке от беретін рухты
үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ
әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа,
орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді.
Өмірі мен өлеңі бір кезде аңызға айналған
ақынның аты соңғы жарты ғасырда
айтылмайтын келген. Сол себепті кейінгі
буын өкілдері бұл ақынды көбірек тани
бермейді. Ақынның кітаптарын оқуға
тиым салу салдарынан сарғайып, тозып,
жыртылып, жоғалып та кетті. Ақты қара,
қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомыбылық
дәуірінің құрбаны болған ақын тағдыры
аянышты болды.
Мағжан
Жұмабаев кім, қандай ақын?
Өзінің
«Мен кім?» деген өлеңінде мынадай
жолдардан байқаймыз:
Жалынмын
мен, келме жақын, жанарсың,
Тұлпармын
мен, шыңыма ермей қаларсың.
Күл
болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз
қырымен күліп қана қарармын.
Мен
өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан
адам өлім жоғын білмейді.
Өзім
– патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай
ессіз не қылдың деп тергейді?
Бұл
өлең шумақтардан ақынның өз күшіне, өз
талантына, өмір тағдырына кәміл сенгенін
байқаймыз. Мұның алдында «арыстанмын,
кім шыдар» деген жолдар бар. Осының бәрі
– асып-тасудың, астамдықтың белгісі
емес, асылдықтың, жайдың жасылындай
өткірліктің жөні. Ақын сөзі ащы шындықтың
айнасы болып отырған. Өзі оны түсінген
де, білген де. Асыл сөздердің қадірменді
иесі – зерделі оқушылар екенін кәміл
ұққан. Ол – парасат қайнары, мейірбан
жүректі туған елі еді. Мағжан ақын бір
өмірін, білгенін сол туған халқына,
еліне арнаған да, сарнаған да. «Жан сөзі»
деген әйгілі өлеңінде (1920ж);
Қазақ
елі, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың,
сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні
жүрекке қой, қойма маған, –
деуінің
де төркіні сонда.
Мағжан
өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен
өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға
ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын
төгілткен, сұлу жырымен оқырманын
егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен
қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт
кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған
халқының зарлы перзенті. «Мен өлмеймін,
менікі де өлмейді» дегенде, қауіп-қатер
жоқ дегені емес, бірақ ақырында қылша
мойнын талша қиылатынын біліп пе? Жалпы
алып қарағанда, «мен өлмеймін» деген
сөздерде терең шындық та жатыр. Ақын
өлеңі мен дана сөзі өлмек емес. Ақын
көзін аластап, өлеңін жауып жоқ қылған
әкімшілік дәуір үстімізден енді ғана
ауып барады. Қазақстанның тәуелсіз ел
болып қайта құрылуы әрбір жеке адамның
бас бостандығын қамтамасыз етпек
Ақынның тағдыры.
Мағжан
Жұмабаев өлеңдерін бастыру, оқу тоқырау
заманында мүмкін болмады. Енді жарты
ғасырдан аса уақыт өткенде ғана, аты
аңызға айналған ақынның шығармалары
халқына қайта оралды.
Мағжан
Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ақмола
губерниясының Ақмола уезіндегі
Полуденовский болысында (қазіргі
Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев
ауданы, «Молодежный» совхозы) дүниеге
келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен
хат танып, сауат ашады, ал 1905 жылы
Қызылжардағы (қазіргі Петропавл)
медресеге оқуға түседі, бұл медреседе
араб, парсы, түрік тілдерін еркін
меңгерген, Стамбулда оқып, дәріс алған,
ауқатты әулеттен шыққан жергілікті
интеллигент Мұхамеджан Бегішев
ашқан.
Ол
өзі Шығыс халықтарының тарихы жөнінде
де сабақ берген. Мағжан Жұмабаев бұл
медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен
бітіреді. Бірақ, бұл оқумен қанағаттанбаған,
ол1910 жылы күзде өзінің ауылдасы, талапкер
жазушы Бекмұхамбет Серкебаевпен Медресе
– Ғалияға түсу үшін Уфаға сапар шегеді.
Медресе өзінің дәрежесі жағынан алғанда
жоғары оқу орнымен бара-бар болған.
Мағжан сол медреседе сабақ беретін
ұстаз, белгілі татар жазушысы Ғалымжан
Ибрагимовпен, медресенің жетекшісі
Сәлімгерей Жантуринмен, жерлесі, болашақ
көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен
танысады.
Болашақ
ақын талантын таныған Ғалымжан Ибрагимов
(көпшілікке таныс «Қазақ қызы» романының
авторы) оған білімін әрі қарай көтере
түсу керектігін айтып, ақыл-кеңес береді.
Осыдан соң Мағжан Жұмабаев Омбыдағы
Мұғалімдер Семинариясына түсіп, сол
қалада орын тепкен. 1912 жылы Қазан
қаласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы
басылып шығады, оған Ғалымжан Ибрагимов
көп жәрдем еткен.
Өлеңдер
жинағы өзінің соны сезімдегі лирикаларымен,
қазақ поэзиясындағы жаңа өрнегімен
көзге түседі. 1909 жылы Петербургте жарық
көрген абай жинағы бұл кезде көпшілікке
мәлім еді. Мағжан да әрине оны оқыған.
Семинарияда М. Жұмабаев болашақ күрескер
ақын Сәкен Сейфуллинмен танысады.
Бірінші
дүниежүзілік соғыс қарсаңында Мағжан
Жұмабаев көпшілік қауым мойындаған,
қалыптасқан ақын болып танылады.оның
жырлары қазақ даласын шарлап кетеді.
«Жан сөзі»
Атты
атақты өлеңінде ақын өзінің «Медресе
– Ғалиядан» кетуіне үзілді-кесілді
қарсы болған әкесі Бекенмен арадағы
салқындықты және жергілікті дау-шарға
қатысқысы келмеген жайын, өзінің сол
тұстағы қауымға наразылығын зарлай
жырлайды. 1919 жылы ақын екі бірдей
қасіретке душар болады; тағдыр қосқан
қосағы толғақ үстінен қайтыс болса,
азамат соғысы уақытысына орай есімін
Граждан қойған перзенті бір жылдан соң
ол да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне
зіл батпан ауыртпалық түсіріп, із
қалдырады. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңі
осы сәтте туған.
1912-1914
жылдары Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің
редакторы түрколог, қоғам қайраткері,
көрнекті жазушы Ахмет Байтұрсыновтан
және Шығыс мәдениетімен де, Батыс
мәдениетімен де жан-жақты, терең
қаруланған, ата дарын иесі Міржақып
Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың
жаңа бір қырына көтеріледі. Мағжанға
еуропалық білім алуға, тілін үйреніп,
мәдениетімен қанығуға олар көп себін
тигізген.
1916
жылы Мағжан Жұмабаев Омбының мұғалімдер
дайындайтын семинариясын ойдағыдай
бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ
даласында «Алаш» партиясын құруға
қатысып, чех көтерілісін бастан кешеді;
кейін Ақмола губерниялық «Бостандық
туы» газетінде істейді.
Жиырмасыншы
жылдардың бірінші жартысында М.Жұмабаев
Ташкентте шығармашылық өнімді еңбекпен
шұғылданады. Сонда шығатын «Шолпан»,
«сана» журналында «Ақжол» газетінде
қызмет атқарып, біраз дүниелерін жарыққа
шығарады. Дәл осы кезде қалың қауымға
таныс поэмасы «Батыр Баянды»
жазды.
1923-1927
жылдары Мағжан Жұмабаев Мәскеуде Жоғары
әдебиет-көркемөнер институтында оқыды.
Ол кезде институтты В.Брюсов басқаратын
еді. Бұл жылдары ол орыс әдебиетін, батыс
Еуропа әдебиетін терең зерттеп, оқиды.
Орыс мәдениеті қайраткерлерімен жете
танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста
болады.
1929
жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын
ұйым құрды деген айыптаулармен 10 жылға
сотталады. Шын мәнісінде бұл Сибревком
жанындағы Қазақ АССР өкілінің келісімімен
құрылған, көпшілік қауымға белгілі,
отырықшылыққа айналдыру жөніндегі
ресми түрде рұқсат етілген ұйым
еді.
Өкініштісі
сол, 1929 жылдан 1938 жылға дейін созылған
ақынның он жылдық ғұмыры бізге беймәлім.
1936 жылы М.Горкий мен Е. Пешкованың
араласуымен аз ғана уақыт бостандық
алады, бірақ 1937 жылы М.Жұмабаев қайта
қамауға алынады. Ал, 1938 жылы ақын ғұмыры
мәңгілікке үзіледі.
Ғұмырының
соңғы жылдары ештеңе жазбап па екен,
жазса ол қайда, әлде ұшты-күйді жоғалып
кетті ме деген сұрақ туады. Себебі
М.Жұмабаевтың 1927 жылы жазған «Тоқсанның
тобы» поэмасынан кейін басқа шығармалары
мәлімсіз. Рас, тәркілеу, ұжымдастыру,
онан кейінгі аштық жылдары, әрине,
шығармашылық шабыт бере қоюы қиын. Ол
уақыттың жалған поэзиясының айқайын
жұрт енді естіп, ұғып отыр.
Сонда
да болса, шеккен қайғы-қасіретін, тарқан
азабын ақын дәптерге жазып қалдыруы да
мүмкін. Бірақ М. Жұмабаев үні 1927 жылдан
кейін естілмейді. Өзі бір кездері толғана
жазған, үні өшкен бұлбұл кейпі ақынның
басына келді:
Дариға,
аяқталмай үзілді жыр,
Сұм
жүрек жалын болып қалды ғой құр.
Бұлбұлдың
әнін үзген не болды екен?
Мынау
не, көлдің беті жыбыр-жыбыр?
Көл
беті жыбыр-жыбыр бақа: «бақ-бақ»,
Сайрасын
енді қалай бұлбұл бейбақ!
Өмірдің
өзгермейтін құрсын заңы –
Бір
жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ.
Жыршы
құс бақырайған бақа көрсе,
Бақылдап
тырбық бақа әнін бөлсе,
Ойласаң
таңқаларлық дәнеңе жоқ –
Құсадан
ақын бұлбұл үнсіз өлсе.
М.
Жұмабаев көңіл-күйін, өткен өмір жолын
башқұрт халқының аса үлкен, қадірменді
жаушысы Сайфи Құдаш тебірене баяндайды.
Сайфи Құдаш ғасырдың бас кезінде
Солтүстік Қазақстанда М.Жұмабаевпен
бірге қызметтес болған, жете таныс адым.
1969 жылы ол Қазақстан басшыларына Мағжанды
ақтау, шығармаларын жариялау керектігі
жайында толғана ұзақ хат жазған.
Бірақ
онан еш нәтиже болмады.
«М.
Жұмабаевты мен өзіндік ерекше, табиғат
болмысы бөлек ақын, өлеңнің асқан шебері
санағанмын және солай санаймын да, –
дейді қарт жазушы, – бұл орайда ол
Абайдың лайықты жолын қуушы, әрі дамытушы
деуге болады. Сонымен бірге оның өмірі,
ақындық еңбегі және трагедиялық тағдыры
бір-бірімен тұстас, бұлақ суының бір
тамшысындай, М. Жұмабаев шығармаларына
бір жақты баға беру, яғни оны Революционер,
күрескер дәрежесіне көтеру, немесе,
керісінше, Совет өкіметі мен қазақ
халқының қас жауы етіп сипаттау – біздің
тарихымыздың тұрпайы да, анайы, орны
толмас олқылығы, екінші жағынан біздің
мәдени мұраға деген көзқарастың
жауапсыздығы, барып тұрған дөрекі
түрі»
Шындығында,
20-шы жылдар оқиғалары мен өмір құбылыстары
қаншама күрделі екенін ойға алсақ, саяси
мәні жағынан сан-алуан, тіпті көбіне
қарама-қарсы екенін ескерсек, тыңғылықты
тұжырым жасау, нақты талдаумен белгілі
бір ортақ ой-пікірге, қорытындыға келу
оңай еместігіне көз жетеді. 1920 жылы Қаз
АССР-ның құрылуы, ауылдардың советтендірілуі,
ал екінші жартысында – байларды тәркілеу,
республика жетекшілері мен интеллигенция
өкілдерінің сан тарапқа тартқан сөздері,
ұлттық шекараларды бөлу, әсіресе, ұлттық
мәдениет мәселелері талайлардың намысын
қоздырып, ақыл-ой, сананың шайқалуына
әкеліп соқтырғанын анық білеміз. Мұнымен,
қоймай, кеше ғана ауыз жаласқан достардың
табанда бір-бірін қаралау, күйе жағуға
дейін баруы қауым ішін әбден шиеленістірді.
Толқынмен
толқын сырласып
Бес
арысымыздың бірі – Мағжан Жұмабаевтың
шығармашылығы тəуелсіздік жылдарында
қайта терең зерттеліп, əдебиет тарихында
өз еншісін алып келеді. Бұл дегеніміз
ақиық ақын шығармасы ұрпақтан- ұрпаққа
мәңгі мұра болып қалады деген сөз. Қазақ
поэзиясында өзіндік жол салып, өз
қолтаңбасын айқындап кеткен ерен жүйрік,
сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың суреткерлік
құдіретін көрсететін сиқырлы өлеңдерінің
бірі — 1915 жылы жазылған «Толқын» деген
өлеңі.
Толқын
өлеңінде толқындар жар кейіпінде
бейнеленеді:
Толқынға
толқын еркелеп
Меруерт
көбікке оранып
Жыландай
жүзге бұралып
Жарға
жетер ентелеп.
Күміс
кәусар суымен
Суының
алтын буымен
Жарының
бетін жуады.
Мөлдіретіп
көз жасын
Жасымен
жуып жартасын
Сүйіп
сылқ-сылқ күледі.
Сылдыр-сылдыр,
сылдырлап
Бірінің
сырын бірі ұрлап
Толқынды
толқын қуады.
Жарына
бал береді.
Береді
де өледі.
Өледі
толқын – тынады.
Мұндағы
жартас – толқындардың жары. Ақын кәдімгі
күнде болып жататын табиғаттың заңды
құбылысының өзінен адам тіршілігін,
адамға тән әр түрлі қарым-қатынасты
көре білген. Ақын қиялының соншалықты
байлығына, нағыз суреткерлігін
көреміз.
Толқыннан
толқын туады,
Толқынды
толқын қуады,
Толқын
мен толқын жарысад - деп ақын айтқандай,
өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан
осындай толқындардан тұрады. Салыстыратын
болсақ:
Адамнан
адам туады,
Адамды
адам қуады
Адам
мен адам жарысад
Күңіренісіп
кеңеспен,
Бітпейтін
бір егеспен
Жарысып
жарға барысад.
Толқынмен
толқын сырласып
Салыстыратын
болсақ:
Ғашық
пен ғашық сырласып,
Ғашық
пен ғашық еркелеп,
Бақытқа
жетер ентелеп. Мағжан Жұмабаевтың
«Толқын» өлеңінде толқын біресе бала
болса, біресе ғашықтарға айналады
Немесе,
Ерке
баладай былдырласа,
Сылдыр
сылдыр сылдырлап,
Толқынды
толқын қуады.
Сылдырлату
арқылы кейіптеп, жансыз табиғат құбылысын
кәдімгі тірі адамға, жан дүниесіне
ұқсатып, жандандыра, құлпырта суреттейді
және өмірге деген, тіршілікке деген
қозғалыс, болашаққа деген ұмтылыс,
яғни
Жарына
бал береді,
Береді
де өледі,
Өледі
толқын тынады
Бірақ,
бірақ ... толқын тынғанымен өмір тоқтамас,
артта ұрпақ қалады.
Қорыта
айтқанда Мағжанның табиғат лирикасы
ақынның стилін айғақтай түседі. Табиғат
лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны,
ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай
қиялы аңғарылады. Табиғат жұмбағы мол
тылсым дүние болса, Мағжанның табиғат
лирикасы да сол табиғаттың өзі секілді.
М.Жұмабаевтің «Толқын» өлеңінің адам өмірімен байланысы.
Мағжан ақынның табиғаты өте күрделі, жұмбақ, сырға толы. Мағжан ақын поэзиясында кездесе бермейтін өрнек тауып, рухы мықты жалынды жырлар мен үлбіреген нəзік əуез əкелді.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде «Толқын»өлеңі. Бұл өлеңде ақын толқындардың қозғалысының əртүрлі болып келетіндігіне назар аудартады. Сылдырап аққан бұлақтың бетінде бірде көпіршіп, бірде иіріле ағатын толқындар нəзік, қарапайым, зиянсыз, сырттай қарағанда өмірге қатер тудырмайды. Меніңше, бұл өлеңді адам өмірімен байланысты қарауға болады. Біріншіден, толқынының қимылынан бірінен-бірі жақындап келіп, сырласқан болып, бірінің сырын бірі ұрлап, бірін-бірі жұтып жіберетін жымысқы адамдардың əрекеті көрінеді. Екіншіден, толқындар бірін-бірі қуалай алдап, еркелей ойнап, жарыса жүгірген болып, абайсызда итеріп, құлатып жібергеннен кейін өтірік жылап, көз жасын сүртіп, жағалауға шегініп, өзге толқындарға ілесіп, көрінбей кететін адам образын ойға салады. Үшіншіден, жартасқа сүйеніп, көз жасын сүртіп, сылқ-сылқ күліп, бірінің ізін бірі аңдып, жоғалып жататын адам тағдырымен астарлайды. Осылайша, өмірдің толқынды құбылысының қозғалысын ойға салғандай образдайды. «Толқын» сөзінің негізгі мағынасы табиғаттағы су бетінің ырғалсынан пайда болатын тербелісті білдіреді. Мағжан табиғаттың осы бір құбылысын ала отырып, терең ой толғайды. «Толқын»- қозғалыс перзенті, ал өмірдің өзі қозғалыстан тұрады. Ақын өлеңде «Толқыннан толқын туады» деп бастап, өмір заңдылықтары: уақыт, қозғалыс, өмірдің өзгермелігін, өмір жолындағы жарыс пен тартысты, ұрпақ жалғастығын, жылайтын, күлетін адамның болмысы мен сезім-күйін өлеңнің мағыналық астарына дәріптейді. Алдыңғы толқынның өмірден озуы, кейінгі толқынның орын басуы заңдылық. Өлеңнің идеялық өзегінде өмір философиясы бой көрсетеді. Ақын өмірдің бар болмысын толқынның тууы мен өлуі арасына тізбектей отырып көркем бейнелейді. Өлең компазициясында ақын үн үйлесімін аллетерациялық тәсіл арқылы шебер берсе, өлең ырғақ, өлшем, ұйқас арқылы да сазды, әуезді құрылым түзген. Анафоралық қайталаулар мен паралелизм ақынның салмақ түсіретін ойын ерекшелей түскен. Осылайша ақын «Толқын» өлеңінде терең толғанысты, әуезді әсем сурет жасаған.
Қорытынды
Мағжан поэзиясы –қазақ ұлтының мұрасы
Мен бұл ғылыми жұмысымда Мағжанның табиғат лирикасы ақынның стилін айғақтай түседі. Табиғат лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны, ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай қиялы аңғарылады. Табиғат жұмбағы мол тылсым дүние болса, Мағжанның табиғат лирикасы да сол табиғаттың өзі секілді.
. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан – мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазады .
Сүйіспеншілік – Мағжан поэзиясының өзегі, қаны, жаны, жүрегі. Оның «Сүй, жан сәулем», «Төгілген шашы», «Күміс нұрлы ай», «Шолпан», «Сүйгенім анық», «Хор сипатты қарындас», «Жас сұлуға», «Сәуле», «Гүлсім ханымға», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» т.б. өлеңдерінде адам жанының сүйгеніне деген не бір тылсым сырлы әсем өрнек тапқан. Осы өлеңдерінің қай-қайсы болса да өзінше бір әлем, бір-бірін қайталамайды. Шетінен самалдай соғып, жібектей желпіп, жүректі тербетіп, ғажап бір күйге бөлейді .
Ананы жырламаған ақын кемде-кем. Адам үшін өмірден қымбат еш нәрсе жоқ болса, сол өмірді сыйлаған – ана. Мағжан да ананы жырға қосқан. «Сүйемін» деген өлеңінде ол асыл анасын, сүйген жарын, өскен елін, туған жері Арқаны сүйетінін жырлайды. Осылардың ішінде ананы бірінші қояды.
Ақынды ақын қылатын – сүйіспеншілік сезімдері. Ата-анасын, ғашық жарын, туған жерін, өскен елін сүймеген адам ақын бола алмайды. Өзіне өмір сыйлаған анасын, ғашығын сүйіп өскен Мағжан туған жерін де, қазақ елін де жанымен сүйе білді. Ақынға туған жерден ыстық жер жоқ.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың басында әдебиет әлемінде қатар қанат қаққан ақындардан Мағжанның басты ерекшелігі өлең өрімінің өзгеше сұлулығы мен саздылығының ерекше үйлесім табуында. Ол сыршыл да өршіл жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерекшелігін танытып кеткен ұлы ақын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. Алматы:№12.2005
2. М. Жұмабаевтың шығармалары, Алматы: «Жазушы» 1989 жыл.
3.Қазақ әдебиеті. 11-сынып Алматы «Мектеп» баспасы 2011ж
4.www tarbie kz

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген