Тақырыбы:
Мамандығым –
мақтанышым.
Мамандық көп. Бірақ
мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да,
өзің жүрегіңмен ұнатқан мамандық нәтиже
береді.
«Адамның адамшылдығы жақсы
ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай, әр адамның жетістігінің
артында ұстаздың бір тамшы еңбегі тұрғанын түсіну қиын емес.
Себебі, сол жетістік иесін тәрбиелеген, оқытқан, тұлға болып
қалыптасуына үлес қосқан адам ол – ұстаз. «Мұғалім мамандығы –
барлық мамандықтың анасы» деген сөз бар. Ұстаз алдынан тәрбие
алмайтын жан жоқ. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да,
тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да,
егін салған диқан да,мал бағып терін төккен шопан да, көк
күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәрбие
алған.
Ағартушы ғалым, қоғам
қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп
бағалаған. Сол қасиетті де, киелі мамандықты мен таңдадым. «Ұстазы
жақсының – ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаған. Бесінші сыныпта
бізге сынып жетекші болып Гүлназ Ноянқызы келді. Ол кісінің
әдемілігіне, оқушыларға деген сүйіспеншілігіне,
білімділігіне,оқушылармен жұмыс істеуіне қызыға қарайтынмын. Біз
мектеп бітіргенше мектеп өміріне белсене араластық. Сол сынып
жетекшіміздің арқасында белсенді сынып болдық. Сынып қыздары
апайымызға еліктейтін едік. Мүмкін менің мұғалім мамандығын
таңдауыма әсері болған шығар. Сонымен мен мектеп қабырғасында
жүріп, мұғалім мамандығын таңдадым. Мектеп бітірісімен
педагогикалық колледжді, кейін жұмыс істей жүріп жоғарғы оқу орнын
оқып бітірдім.
Міне, 21 жыл осы өзім ұнатқан
мамандық иесімін. Мұғалімдік мамандығының жолы ауыр, жауапкершілігі
жоғары. Мұғалім өмір бойы оқитын адам. Өзін – өзі жетілдіру, дамыту
ол өмір талабы. Менің маңдай терім – тарыдай болып келіп, таудай
болып алдымнан қоғамдық өмірге аттанған оқушыларымның бұл өмірде
орындарын тауып, еңбектері жанып жатқаны – ол менің мақтанышым.
Алдымнан шыққан шәкірттерімнің ішінде дәрігер де, мұғалім де,
есепшілер де, өрт сөндірушілер де озық еңбек адамдары да кездеседі.
Солардың ілтипатын көріп марқайып қаласын.
Мен бастауыш сынып
мұғалімімін. Мен шәкірттерімді өте жақсы көремін. Олардың жүректері
таза, өте сұлу болып келеді. Сол бүлдіршіндерді тәрбиелеу,
жетілдіру, оқыту білімге ұмтылдыру менің ізденісімнің
нәтижесі.
«Орташа мұғалім баяндайды,
жақсы мұғалім түсіндіреді, тәжірибелі мұғалім көрсетеді, ұлы
мұғалім шабыттандырады» деген қанатты сөзді үнемі есімде ұстаймын.
Оқушыларды шабыттандыру менің негізгі
ұстанымым.
Менің түйгенім, мұғалім – ол,
ең алдымен дамытушы, сондай – ақ өзі де дамып отыратын, өзгені де
дамытатын адам. «Әрбір бала – болашақ данышпан» деген қағидаға ой
жүгіртсек, мұғалім атаулының шәкірттерін дарынды, дарынсыз деп
жіктеуге хақысы жоқ. Балада «туа біткен» және «келе – келе
қалыптасқан» дарын болады. Мұғалім міндеті дарынды, шабытты бала
бойында қалыптастыру мақсатында қажымай еңбек ету. Шабыттандыру –
мұғалімге жүктелген міндет. Жаман оқитын, қабілетсіз, дарынсыз бала
болмайды. Соны табу, қызықтыру – мұғалімнің міндеті. Мағжан
Жұмабаев: «Әр адамның сұлулық сезімдері әр түрлі нәрседен оянымпаз
болады. Біреудің музыкадан, біреудің әдемі суреттен, біреудің
поэзиядан, өнерден, әйтеуір бір түрінен ләззат алмайтын, біреуіне
құмарланбайтын адам болмайды»-деген сөзіне сүйеніп, бала
қызығушылығын анықтап, бағыттау керек. Осы мақсатқа жету жолында
мен «Сөз өнерін» таңдадым. Бұл бағытта оқушылардың жас
ерекшеліктерін ескере отырып ертегілерді сахналау, тақпақтар
жаттау, мақал-мәтелдер жаттау, шығарма, эссе жазу, сөзжұмбақ құрау,
кітап оқу тағы басқа жұмыстары өз нәтижесін береді. Қай тақырыпта
болмасын сайыс, жарыс, топпен жарыс түріндегі жұмыстар оқушылар
белсенділігін арттырып, дамуларына ықпал етеді. Бастауыш сынып
мұғаліміне өте үлкен жауапкершілік міндеттелген. Сыныптағы қанша
оқушы болса, солардың барлығы бағдарламаны игеруге міндетті, сонда
ғана мұғалім мақсатына жетеді. «Білім негізі - бастауышты»,- деген
сөз бар. Бастауышта барлық пәннен негіз мықты қалануы тиіс, себебі
білімнің негізі бастауышта қаланады. Ол туралы Ахмет Байтұрсынов
«Бастауыш мектепте үйренетін білім жұрттың бәріне тегіс керек
білім. Адамға құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектептерде
үйренетін білім де сондай керек»,- деген. Осындай мектепте тарыдай
болып кіретін, жүрегі таза сүйкімді бүлдіршіндерді тәрбиелеп, білім
беріп жүргеніме қуанамын. Әр оқушының қылықтарынан,
шығармашылықтарынан, өнерлерінен, білімдерінен күш – қуат алып,
көңілім көтеріліп отырады. Олимпиадалардан орын алғанда, баламен
бала болып қуанамыз. Мұғалім мамандығы менің
мақтанышым.
Авторы: Бастауыш сынып
мұғалімі
Купеева Гульмира
Сексенбековна