Мамандығым –
мақтанышым
Мамандық – кәсіп, адамның
белгілі бір кәсіпке бейімделуі. Ал, сол кәсіпті таңдау – тек
болашаққа үңілу емес, ол өзіңнің жан дүниеңе үңілу. Әр адам ішкі
жан дүниесіне үңілу арқылы өзінің нені ұнататынын немесе
ұнатпайтынын түсінеді. Нендей тақырыпты қозғағым келіп тұрғаны
белгілі болған сияқты. Иә, айтпағым, мамандықты дұрыс таңдау – өмір
жолындағы сәттіліктің негізі. Қазір қоғамда не көп? Мамандық
түрлері көп. Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай, «Мамандықтың
жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет.Бұл жай
күнелту, тамақ табудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті
қажет ететін нәрсе». Демек, әр адам өзінің шеберлігіне, қабілетіне,
қызығушылығына сай келетін мамандықты таңдағаны абзал. Өмірден өз
орнымды табамын, нағыз білікті маман боламын деп мақсат қойып,
әрекеттенген адам өз дегеніне жетері сөзсіз. Осы тұста елбасымыз
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Күшіне сенген адам ғана мақсатына
жете алады» деген сөздері есіме түсіп отыр. Мен өз жеке басым осы
сынды сөздерді бала күнімнен естіп өстім. Ес білген кезімнен
бастап, ұнататын мамандығым – мұғалім. Анамның да мамандығы –
мұғалім. Мүмкін, бұл мамандық таңдауыма және сол мамандыққа деген
қызығушылығымның жоғары болуына түрткі болған шығар, бәлкім.
Өзімнің балалық шағыма көз жүгіртіп, үңілер болсам, мен бастауыш
сыныптарда оқып жүргенімде, сіңлілерімді отырғызып қойып, жазу
жазғызып, өз білгенімді үйрете беретінмін. Ал жоғарғы сыныптарда
оқығанымда, бастауыш сынып мұғалімдерімен келісіп, түстен кейінгі
уақытта балаларды қосымша сабаққа шақырып, оқытып, жазғызып, әр
алуан шығармашылық жұмыстар жасататынмын. Себебі, бұл менің
жүрегімнің қалауы еді. Мектепті тәмамдаған кезімде мамандық таңдау
жөнінде бір де бір сұрақ туындаған емес. Себебі, менің мұғалімдік
мамандықты таңдарыма ешкімнің де күмәні болған емес. Қазір
жастардың көбі өзіне ұнамайтын мамандық болса да, мемлекеттің тегін
грантына ие болып тұрса, «тегін оқимын, диплом аламын» деп оқи
береді. Мен мұндайға түбегейлі қарсымын. Мен де алғашында грантқа
түсе алмадым. Бірақ, мен таңдауымдағы мамандықты ауыстырған
емеспін. Ақылы негізде оқыдым. Ата-анам да таңдауыма еш кедергі
келтірген емес. Керісінше, маған қолдау көрсетті. Бір жылдан кейін
оқу үлгеріміме, тәртібіме қарап, оқу орнының әкімшілігі мені
мемлекеттік грантқа ұсынып, тегін оқып, шәкіртақы да алдым. Жеті
жыл өз мамандығым бойынша білім алып, көздеген мақсатыма жеттім.
Білім айдынындағы мектеп атты кемеге мұғалімдік қызметке
орналастым. Арманым орындалды. Еңбек жолымды Ақмола облысы
Целиноград ауданы Қызылжар ауылындағы Қызылжар орта мектебінде
бастадым. Сол кезден бастап, алдыма қойған өмірлік, әрі кәсіби
ұстанымым «Ақыл – Алланың бергені, білім – адамның тергені».
Мамандығыма байланысты білімнің іргетасы қаланды. Әрі қарай еңбек
ете жүріп, білім аламын, үйренемін, тәжірибеде қолданамын және сол
білгенімді балаларға үйретемін. Себебі, еліміздің кемел келешегі
мен жарқын болашағының кепілі – білімді жас ұрпақ. Бұл да менің
еңбек жолымды бастаған кездегі алдыма қойған мақсатым, ұстанымым
еді. Мен дәл қазіргі таңда Ақмола облысы Целиноград ауданы,
Қажымұқан ауылындағы «Қошақан» бөбекжай-бақшасында қызмет етемін.
«Балдәурен» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісімін. Балаларды
оқытудамын және оқыта жүріп, тәрбиелеудемін. Үнемі балаға дұрыс
бағыт-бағдар беріп, жан-жақты дамытуда тиімді, ұтымды әрі нәтижелі
болатын әдіс-тәсілдерді таңдаймын. Балалар әдебиетін жаным жақсы
көреді. Сондықтан, өз тәжірибемде балалар әдебиеті үлгілерін, яғни
ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтарды кеңінен қолданамын. Нәтижесі жаман
емес, тіпті өте жақсы. Тәрбиеленушілерімді өнер байқауларына да жиі
қатыстырамын. Нәтижелері ойдағыдай. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай
түйіні, менің мамандығым – мұғалім. Мен өз мамандығымды мақтан
етемін. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан». «Ұстаз талантты
болса, шәкірті талапты болады» демекші, лайым, шәкірттеріміз
білімді, талапты болсын!
Дайындаған: Мусаева Махабат
Әділбекқызы
Өтініш
Қатысушының толық
аты-жөні
|
Мусаева Махабат
Әділбекқызы
|
Эл.почтасы
|
www1994kz@mail.ru
|
Байланыс
телефоны
|
+7707 115 61
55
|
Мекеме
атауы
|
Ақмола облысы
Целиноград ауданы Қажымұқан
ауылы
МКҚК «Қошақан»
бөбекжай-бақшасы
|