Ұлтын сүйген Ұлы
тұлға
Әр заманда қатарынан оза
туған, халықтың құрметіне бөленген асыл азаматтарға қазақ халқы
кенде емес. Тарих тереңіне үңілер болсақ, кешегі аумалы-төкпелі, ел
басына күн туған қилы заманда да, бүгінгі жайма-шуақ бейбіт заманда
да елдің ертеңін ойлаған, көрегенділік танытып, ұрпаққа өнеге
болған арда азаматтарымыз аз емес.
Маңдайы жарқырап, халқымыздың
ұлттық құндылықтарын қастерлеп, ата-бабамыз қалдырған аманатты
мөлдір, шынайы, таза қалпында ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді өзіне
мақсат тұтқан заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев - қазақтың
әдебиеті мен мәдениетінде ғана емес, әлем әдебиетінде ойып тұрып
орын алған асқақ тұлға. Оның қазақ халқының тарихына да қосар үлесі
зор. Ол – саясаткер, ол – тіл жанашыры, ол, ең бастысы, ұлтын
сүйген азамат. Жазушының әрбір шығармасы арқылы, ондағы әр
кейіпкердің бейнесі арқылы, қара тасқа тіл бітірген шынайы
суреткерлігі арқылы оның осы ерекшеліктерін тани
аламыз.
Әбіш ағаның ұстазы болған
Зейнолла Қабдолов оның осындай ерекшелігін бағалай
отырып: Мен Әбішті оқыттым деп айтуға
бата алмай тұрмын, ойпырай, бұл не деген білім?-деп тамсануы да
ұстаздың шәкіртіне деген шынайы ризашылығын
білдіргендей...
Жалпақ әлемге жан дүниесін
жайып салу – ақын адамның өзге жұмыр басты пенделерден жалғыз-ақ
айырмасы... Бұл – заманымыздың «Көмекей әулиесі» (Әзілхан
Нұршайықов) атанған кемеңгер жазушысы, Маңғыстау өңірінің 363 –
әулиесі Әбіш ағамыздың өзіне, өзінің шығармашылығына көзі тірісінде
беріп кеткен бағасы іспеттес. Бұлай деуімнің де өзіндік себебі бар:
Әбіш - туған топырағының қадір-қасиетін жырлап, ұлтымыздың ұлықты
ұлдарын ұрпаққа үлгі етіп, сырттан сынай қараған сыншыл көздерді
кейіпкерлерінің отты бейнелерімен, жан-дүниесінің жарқылымен
тайдыра білген нағыз ұлтын сүйген жүректің
иесі.
Туған өлкенің тасына тіл
бітіріп, туған жер топырағын шынайылықпен суреттеу, ондағы әрбір
аумалы-төкпелі кезеңді тарихтың тереңінен толғау Әбіштей абыз
ағаның ғана қаламынан туындайтын керемет дүние. Жазушының
«Шыңырауы» туған өлке табиғатының қаталдығын, тек Маңғыстау өңіріне
тән құдықшылық кәсібінің ерекшелігін, сол кәсіпті меңгеріп, бар
қиындығына төзген қарапайым құдықшының тағдыры туралы баяндаса,
«Елең-алаң», «Абылай хан» атты туындылары Қазақ ұлысының тамыры
тереңде жатқан тарихынан сыр шертеді. Ендеше, бұл жан дүниесін
жалпақ дүниеге жайып салу емей немене...
Осындай сан салалы еңбегімен
бүкіл түркі әлемін тамсандырып, артына мол мұра қалдырған ұлы
тұлғаның, өзі айтпақшы, «Алтынның азбағы, асылдың тозбағы,
жайсаңның жаттан шығып, ұмытылмағы тіпті де мүмкін
емес».
Ендеше, бүкіл саналы ғұмырын
әдебиетке арнап, бойындағы дара дарынын ұлтжандылықтың ұрығы
ретінде әрбір кейіпкерінің бейнесі арқылы оқырман қауымға ата-баба
аманаты ретінде жеткізген алыбымыз әлі де талай ұрпақтың бойына өз
туындылары арқылы ұлтжандылық қасиетті дарытары
сөзсіз...