Нұр-Сұлтан
қаласы №38
МЛ
Қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі
Ахметова Макпал
Болтириковна
Жаңашыл мұғалім – қоғам айнасы
Жаңашыл мұғалім мынадай
немесе осындай болуы керек! Мақаламды осыған ұқсас таптаурын
қағидаттармен яки жеке көзқарасыммен бастамай-ақ қояйын. ...Ел ішін
індет жайламас бұрын оқушыларымды ертіп бір жиналысқа барғаным бар.
Сол отырыстағы бір сарапшының сөзі мені қатты ойландырып тастады.
Тіпті санамда шағын «төңкеріс» жасады десе де болады. Ол сонша не
деді дейсіз бе? Әңгімені әлқиссасынан
бастайық...
Оқушылар сарайындағы арнайы
іс-шараға келген ол сарапшының есімі – Талғат Қалиев екен.
Айтуынша, мұғалімдерге қазір оқушының назары үшін қызу бәсекеге
түсуге тура келеді. «Ақпараттық майдан кезеңінде адам білімді
іздемейді» дейді ол. Рас, білімнің өзі адамды іздеп келетін уақытта
өмір сүріп жатырмыз.
«Мұғалімнің бәсекелесі көп. Ол
қазір интернетпен бір, тығыз күн тәртібімен бір күресуі керек. Егер
ол осы бәсекелестерінен әлсіз болып қалса, оқушы оны қабылдамауы,
тыңдамауы да мүмкін. Бір уақытта әрбір балаға жеке-жеке білімді
сіңіретіндей амал-әдіс табу үшін мұғалім барын салуы тиіс», - деп
атап өтті сарапшы.
Расында да, оқушылар бүгін де
заманға сай коммуникацияның бәрін меңгерген. Уатсап, инстаграм,
тик-ток дейсіз бе, бірін игермей жатып, әлеуметтік желінің екіншісі
шығып жатады. Менің ойымша, мұғалім ретінде біз осы трендтерді
меңгеріп, керек кезде оқу бағдарламасына да пайдалануымыз керек.
Әйтпегенде оқушыларыңыздың бірі бізден «клапхаус деген не?» деп
сұраса, оған жауап бере алмай мүдіріп қалсақ, білім алушының
күдігіне ілінеміз. Мәселен, өткенде Алматыдағы мұғалімдердің бірі
оқушыларына тарих пәнін Minecraft ойыны арқылы оқытатынын естіп таң
қалдым. Тамаша емес пе!? Әлгі мұғалім компьютерлік ойын арқылы
Берел қорғанын салып, оқушылардың қызығушылығын арттырады екен.
Міне, біз естен шығармайтын басты ұстаным – оқушылардың бізге деген
назары болуы керек.
Егер мен өзімнің тікелей
міндетіме селқос қарасам, тек материалдық қажеттілігім үшін ғана
мектепте жүрсем – оқушыларға, тіпті тұтас бірнеше буынға қиянат
жасар едім. Түсінігім осындай! Алайда осы ішкі қағидатыма сай еңбек
етіп жүрмін бе? Ай сайын өз-өзіме осы сұрақты қойып, есеп беруге
тырысамын. Әлемдік пандемия тұтас құрылымдардың өңін өзгертіп, өз
тәртібін орнатып, талабын қойып жатыр. Індеттің тегеуріні алдымен
білім саласына соққы болып тиді. Оқушыларды да, оқытушыларды да
онлайн білім жүйесіне көшірді. Тіпті күні кеше ғана Бил Гейтс «әлем
жаңа пандемияларға дайын болуы керек» деп жатыр. Пандемия емес,
пандемияларға дегеніне қарағанда, біздің бұл жаңа тәртіпке
біржолата бой үйрете бергеніміз дұрыс секілді. Ал осындай қысылтаяң
шақта білім жүйесін дағдарыстан алып шығатын бірден бір күш бар.
Менің ойымша ол – жаңашыл мұғалім! Біз қоғам айнасына айналуымыз
керек!
Америкада Томас Алва Эдисон
атты әйгілі ғалым болған. Ол кісіні ғылыми ортада фонографтың атасы
деп атайды. Ең қызығы, сол ғалымды оқушы кезінде мұғалімдері
мектептен қуып жіберіпті. Томастың ой-өрісі «шектеулі» деп
айыптаған екен. Ал бірақ сол Томас бір ғана АҚШ-та өз өнімдері үшін
мыңнан аса патент алған әйгілі өнертапқышқа айналды. Егер біз
жаңашыл мұғалім ретінде кез келген оқушымыздың қабілетін, қырын
көре алмасақ, Эдисондарымыздың талайын тентіретіп жіберуіміз
мүмкін...
Оқушының біліміне ғана емес,
тағдырына да жауапты маман иесіміз. Жаңашылдық демекші, біз қазір
Lesson Study циклін толыққанды пайдаланып, жаңа бағыттағы жұмысқа
кірісіп кеттік. Тың әдіспен оқушылардың үлгерімін жіті бақылап,
олармен сұхбаттасып, мықты әрі әлсіз тұстарын анықтағымыз келеді.
Бұл тәжірибе оқушының көшбасшылық қасиетін шыңдап, білімін
арттыруға зор қолғабыс ететініне көзіміз жете бастады. Топтасып,
оқушылармен келесі сабақты бірге ақылдасып, білімді нағыз бәсеке
алаңына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Жаңа әдіс өз жемісін
алдағы уақытта шынында да, көрсетеріне күмәнсіз сене
бастадық.
Бірді айтып, бірге кеткендей
болмайық. Меніңше, дәл қазір дәстүрлі білім жүйесін заманға сай
байланыс құралдарымен, коммуникация түрлерімен ұштастыра білген
жөн. Оқушы прагматизмді ең алдымен мұғалімнен үйренуі тиіс. Бірнеше
жылдық жұмыс тәжірибемнен ұққанымдай, балаға білімді ынталандыру,
шабыттандыру арқылы ғана сіңіруге болады. Ал оның амал-әдісі
білімнің өзі секілді – ұшан-теңіз.