жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала: ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨБЕЮ САЛДАРЫ
ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨБЕЮ САЛДАРЫ
Ахметова Айнур Нуртолеуовна – құқық негіздері пәнінің оқытушысы
КМКҚ «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі»
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн! – деп Мағжан атамыз айтқандай қазіргі сол сенген жастарымыздың барлығы сол мағыналы өлең жолдарына сай болып жүр ме? Я, әрине барлық адам бірдей емес деген сөзге үйреніп алғанбыз да. Қазіргі қоғамда көзге үйренген жас буын арасындағы жұмсақ тілмен айтқанда құқық бұзушылық белең алып, болашағымыз деп үміт күткен жастар өзгеріп барады.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі - балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар демалысқа шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күнтәртібінде тұр. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, әр-бір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұр¬ған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады.
Қылмыс – бұл құқық бұзушылықтың бір түрі. Қылмыс басқа құқық бұзушылықтардан, оның қылмыстық заңмен белгіленетіндігімен және оны жасағанда қылмыстық жауапкершіліктің болуымен ерекшеленеді. «Қылмыс» ұғымы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 9 – бабында берілген: «Осы кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған қоғамдық қауіпті әрекет – қылмыс деп танылады». Соның ішінде жас жеткіншектер арасындағы қылмыста 2017 жылғы статистикаға сүйенсек жүгінсек 18 431 бала ішкі істер мекемелерінде «әлсіз топтар» (группа риска) есебінде тұрған. Ал 2 654 жүгермекке әртүрлі қылмысы үшін үкім шығарылып, темір торға қамалған. Олардың 619 - ы – 14 пен 15 жастағы және 2035 - і – 16 мен 17 жастағы жасөспірімдер. Жағаңды ұстататыны сол, бір ғана 2017 жылы «жынды судан» ұрттап алып, ақылынан алжасқан 16 жасқа дейінгі 360 жасөспірім жасаған қылмыстары үшін жазаға кесілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының 2017 жылғы мәліметтері бойынша, еліміздегі 11 мен 16 жас аралығындағы бозбала - бойжеткендердің 180 000 - нан астамы (дәлірек айтсақ, 182 000) көк түтінге құмар. Ал егер осы жас аралығындағы барлық балалардың саны 1 млн 518 мың екенін ескерсек, бозбала - бойжеткендердің 12 пайызының ағзасы никотинмен уланды деп есептеу керек. Онымен қоса, кішкентай есірткі құмарлардың қатары да көз ілеспес жылдамдықпен көбейіп барады. Мысалы, тіркеуге алынған 3 681 (ал алынбағаны қаншама?..) «боқмұрын» нашақор, токсикоман және психотроптық заттарды тұтынушылардың 600 - ден астамы – 14 жасқа дейінгі жас өскіндер. Әрине, қоғамдағы қылмыстың «жасаруына» соңғы кездері әлеуметтік жетімдіктің қанатын кеңге жаюы да ықпал етуде. Өйткені арақтың кесірінен шаңырағы құлаған жандардың балалары далада қалып, қаңғыбас, қайыршы, ұры - қарылардың қатарын толықтыруда. Ресми тіркелгені – 6 123. Бұл сан осыдан екі немесе үш есеге көп болуы да мүмкін.
Жас жеткіншектердең санасын улап, түрлі жантүршігерлік істерге итермелеу қаупі бар тағы бір жайт теледидардан беріліп жататын атыс-шабысы бітпейтін, жүректі ұшыратын қорқынышты фильмдердің шектеусіз көрсетілуі. 1960 жылдардың өзінде Стендфорд Университетінің белгілі ғалымы Альберт Бандура өзінің жүргізген зерттеуін жариялайды. Агрессиялық әрекеттері бар кинофильм көрсетілгеннен кейін балалардың 88%-ы сол әрекеттерді қайталайтынын дәлелдеп берді. Фильмдерді классификациялау басқармасының директоры Джеймс Ферман қандай да бір жастар арасындағы қылмыс болмасын, ол телеэкранда көрсетілген зорлық-зомбылықпен ұштастырып отыр. Телеэкранды қоя тұрып қазір барлығының қолынан түспейтін, жас жеткіншек түгілі сәбилері жыласа қолдарына бере салатын ұялы телефон жарап тұр. Баса қалсаң көргің келетін фильм дейсің бе, мультфильм, түрлі видеолар толып жатыр бір ютуб желісінің өзінде, ал инстаграм,вконтакте,ватсап, т.б әлеуметтік желілер ді қарасаң пайдасынан зияны көп, сананы улайтын ,жаман әдеттерге үйреттетін мағұлматтар жетіп артылады. Осыдан соң жастарға қандай білім қандай тәрбие жайлы айтпақпыз!
Қаршадай қылмыскерлердің қатарының көбеюі қазақ қоғамындағы санасы ояу жандардың барлығын қатты алаңдатып отыр. Компьютерлік ойындардың лас экспансиясы күннен - күнге күшейіп келеді. «Жұмыртқадан жүн қырыққан» кейбір пысықайлар балалардың болашағына балта шабу арқылы байып жатыр. Компьютерлік «құмарлыққа» заң жүзінде шектеу қоятын кез келді. Жасыратыны жоқ, бізде ең алдымен заң әлсіз. Ал заңы әлсіз елден зар кетпейді. Бір жылдары білім және ғылым министрлігі балаларға арналған ұлттық компьютерлік ойындардың шығарылатынын айтып, жалпақ жұртқа жар салған. Алайда оның арты сиырқұйымшақтанып кетті. Ештен кеш жақсы. Бүгінгі байлам – қаршадай қылмыскерлерге қарсы күресті күшейтуіміз керек. Әйтпесе құрдымға құлатар қылмыстың арыны қатты. Бүлдіршіндеріміздің санасын жұлқылап жатқан сұмдықтарды саусағыңызды бүгіп санай беріңіз: арақ, есірткі, темекі, компьютер, түнгі клубтар, ойын автоматтары, маскүнем ата - ана бұның бәрі қылмысқа алып келетіні белгілі болды.
«Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халық даналығы. Қылмыс жасағаны үшін жазаға тартқаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда жақсы. Алдын алу жұмысының нәтижелі болуы алғаш жасалған теріс қадамның дер кезінде анықталуынан ғана емес, сонымен бірге кәмелетке толмағандардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеруге де байланысты.
Осы жерде бірнеше факторларды атап өтсем деймін. Жасөспірімдердің арасында қылмыстың көптеп таралуы зерттеушілердің көңілін алаңдатып отыр. Бұл қылмыстың таралуының себептерін анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмысын жүргізуге итермеледі. Негізгі себептерін бірнеше факторларға бөлуге болады:
- Социологиялық фактор: Қоғам және мәдениет құрылымдарына байланысты;
- Психологиялық фактор бойынша: Белгілі адамның мінезінің ерекшелігімен қарым - қатынас ерекшелігіне байланысты;
- Биологиялық фактор: Физикалық және органикалық элементтерінің әсерінен;
- Социологиялық фактор: Қылмысқа әсер ететін, социологиялық факторлардың ішінде, зерттеу нәтижесінде, келесі себептер көп кездескен:
- Төменгі экономикалық – қоғамдық статус;
- Мәдениеттегі зорлық және бұқаралық ақпарат құралдары;
- Алкоголь және наркотикалық заттар;
- Құрдастарының әсері;
- Отбасындағы психологиялық және атмосфералық жағдай.
Нақты айта кетсем: 1 - бұл жерде Төменгі экономикалық - қоғамдық деңгей және кедейшілік әсер етеді. Көбінде қылмысқа, жұмыс және білім алатын жағдайлары жоқ, өз өміріндегі жағдайларға көңілі толмайтындар барады. Сонымен қатар қылмысты жоғарғы өкілдердің (бизнесмен, бай адамдардың) балалары жасайды. Себебі, олар материалды жағдайдан қиыншылық көрмейді. Тек орташа тұратындардың жасөспірім балалары қылмысқа сирек барады. Бай өкілдердің балаларын көбінде айып төлеп босатса, кедей балалардың ата - аналары айып төлеп, шығара алмағандықтан, оларды тұтқынға алып жазалайды.
2 - Байлық, мәдени құндылықтар, өмір стилі:
Қазіргі жасөспірімдердің көбінде автокөлігі, қалталы ақшасы болады. Яғни, осы ақшаға жасөспірім шылым, алкоголь, наркотикалық заттар сатып алуына мүмкіндігі бар. Олардың өмірі біршама белсенді өтеді – кездесулер; ойын - сауық, би кештері; рок - концерттер; достарымен көкке, табиғатқа барады. Бірақ, бұлардың көбі кешке, түнде болып тұрады. Бұл кезде көшеде көп адам кездеспегендіктен, оларды бақылаушылар аз болғандықтан, жеткіншектер бұзақылық жасап, кейде ойын - сауық үшін қылмыс жасауға шейін барады.
Жасөспірімнің жан дүниесі нәзік, сезімтал болып келеді. Үлкендердің айтқан сөздерін, іс - әрекеттерін, бұқаралық ақпарат құралдарынан (теледидар, газет, журналдардан т. б.) көргенінің барлығын тез қабылдап, шындық көреді. Міне, сондықтан да лас ақпарат көздері мен телехабарларда үнемі беріліп отыратын қылмыс хроникасындағы жағымсыз мәліметтер жастардың нәзік көңіліне, жан дүниесіне қатыгездікпен жүгенсіздік ұрығын себуде. Ақпарат құралдары қатігез қылмыскердің іс - әрекетінің егжей - тегжейін жазып, жасөспірімдерге сабақ болар десе, кейбір жасөспірімдер, осы қылмысты жасаған қылмыскер қандай сезімде болды екен деп, сол қылмысты қайталайтыны кездесіп жатады.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, қандай - да бір қылмыс түріне қатыстықтары болмаса да, айғай – шулы әрекеттерімен түнгі тыныштықты бұзатындары үшін үлкендерді жиі дүркілендіретін ”хипперлер”, “металистер”, “мотоциклистер” сияқты бейресми топтардың жағымсыз қылықтары баспа сөз беттерінде әртүрлі пікірталастарын туғызып, олар туралы белгілі бір қоғамдық пікірді қалыптастырып жататын. Яғни, жағымсыз қылықтарына жасөспірімдердің тәртібі, мінез - құлқы, тұлға ретінде қалыптасу мәселелері көпшілікті ойландыратын. Көп болып, олардың жаман жолға салынып кетпеуіне ат салысатын.
3 - Қылмысты ішімдік және наркотикалық заттар әсерінен жасайтындар көптеп кездесетіндіктен, арнайы зерттеу жұмысын жүргізген. Олардың біреуінің нәтижесі бойынша, егер жасөспірім бұрын тұтқынға алынса, наркоман адамдармен қарым - қатынаста болса, қылмысты ішімдік, есірткі ықпалын жасайды. Яғни, есірткі қабылдау мен қылмыстық іс - әрекеттер бір - бірімен тығыз байланыста болады.
4 - Құрбы - құрдастарының әсері. Жасөспірімдерді заң бұзуға, қылмыс жолына итермелейтін фактордың бірі. Заң бұзу мен есірткі қабылдау кезінде, жасөспірімнің антиқоғамдық тәрбиесімен құрдастарының арасында тығыз байланыс байқалады. Социализациялану үрдісі кезінде жеткіншектер арасында қылмыстық іс - әрекетке даярлану басталады. Жеткіншектерге құрбы – құрдастарының айтқан ойы, әсері үлкен, себебі бұл кезде олар бір - біріне еліктегіш болып келеді.
Әсер етуші келесі фактор – тұрғылықты специфика әсері. Арнайы территорияларда, белгілі бір аудандарда, қылмыскерлердің деңгейі ерекше жоғары болады. Бірақ сол жерде өскен жасөспірімдердің барлығы қылмыскер болмаса да, бұл жердегі жас балалардың заңды бұзу, қылмыс жасау пайызы басқа аудандарға қарағанда бірнеше есе жоғары болады. Сондықтан осы айтылған факторларды есепке ала отырып алдағы уақытта жас буынды жақсы қырларынан танытайық. Мен де осыған өз үлесімді қосу үшін барымды саламын. Осы жазған ақпаратымды оқып отырған оқырман менің мақсатым қазіргі жастардың барлығы жаман деп қаралау емес, осыдан ұғынып елімізді жаман статистикалармен әлемге танытпай, қазақтың қанында ұрпақтан ұрпаққа дарыған қайсарлық пен өрлі рухты, имандылық пен тәрбиелілікті танытайық. Мөңке бидің түсіндегідей емес, ата-бабаларымыздың армандағанындай заманның жастары болайық!
Мен жігіт 15 - 30 арасында,
Бұл шақта көп бересі, аларымда.
Жан жағым толған мақсат, толған таңдау,
Алайын анасын ба, мынасын ба,
- деп арқалы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай болашақта шалыс қадам баспайтын өмірден тек жақсы жақтарын алуға ұмтылатын, өз өмірлеріне жауап беретін бүкіл алаштың азаматтары болады деген сенімдемін.
Қолданылған әдебиеттер
1. Ө.Қопабев, Қ.Айтқожин, Н.Қыдырқожаева, Ғ.Жайлин, А.Жұмағали, «Құқық негіздері», Алматы «Мектеп», 2006 жыл, 116-140 бет
2. Е.Т. Өміржанов «Құқық негіздері», Алматы, 2015 жыл, 89-94 бет

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген