жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала "Ұлы даланың ұлы тұлғасы"
«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ»
Жансүгір Данагүл Серікқызы
Лисаков қаласы әкімдігі білім бөлімінің «№3 орта мектебі» КММ
тарих пәні мұғалімі.
Адам баласының тарихында үздік ой мен ақылдың, ғылымның қайнар көзі болып табылатын ғұлама, аристотельден кейінгі екінші ұстаз- Әбу Насыр Әл-Фараби қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Фараб (Отырар) қаласында түркі тектес әулетте туылған. Нақтырақ айтқанда, Әбу- Насыр Мұхаммед әл- Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған [1,б.4]. Кейін уақыт өте келе Весиж аты ұмытылып, асқан ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кеткен.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. [2].
Ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады. Алғашқы сапарында әл-Фараби Бағдат шаһарында логика, математика ғылымдарын терең зерттеп, араб тілін игереді. Ол елден асқан зерек еді. Дүниенің өткінші қызықтарынан, ойын-сауықтан алыс болатын. Тұрмысына жетерлік аз дүниеге қанағат етіп, уақытының барлығын ғылым жолына арнайтын. Ол алдыңғы толқындағы даналардың ізін қуған данышпан философ. Сондай-ақ, ол медицина ғылымын да толық меңгерген. Ал Шам аймағына келген кезде әл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын әрі қарай жалғастырады. Ол әсіресе, логика ғылымын терең зерттеді. Осы бұрын-соңды салада жазылған еңбектердің бәрін парақтап оқып шықты. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысты. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып түгесті. Өзінің еңбектерін де жазып шықты. Ақырында оның есімі әлемге жайылды. [3]. Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейеді. Ол жерлерде көптеген ойшыл- ақындармен, ғұламалармен, қайраткерлермен танысып сұхбаттасты.тарихи декертер бойынша 70- ке жуық тіл білген.
Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады. [4,б.613]. Ғұлама ғалым және философ Аристотельдің логикаға қатысты барлық дерлік еңбектеріне, атап айтсақ, «Метафизика», «Никомахтық этика», «Риторика», «Поэтика», Птоломейдің «Әлмагесіне», Александр Афродизискийдің «Жан туралы» еңбегіне, Евклид «Бастауларының» бірқатар тарауларына, Порфирийдің «Исагогына», түсініктемелер жасады. Бұлардың арасында «Философияны меңгеруге дайындық», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету туралы» еңбектері бар [5, б.4].
Әл-Фараби өзінің ғылыми тұжырымдарында адам рухының кемелденуі санамен тікелей байланысты деген ой келтіріп, тек сана ғана ақиқатқа жеткізетіндігін айтады.
Әл-Фараби антиканың мол мұрасын, әсіресе көне гректің Платон мен Аристотель секілді классик ойшылдарының философиялық көзқарастарын араб-мұсылман мәдениетіне енгізумен қатар, ислам мен антиканың идеяларына синтез жасауды да іске асырды. Ол өз заманының рухани шамшырағы болды. Өз дәуірінің барлық сауалдарына жауап табуға тырысты. Бұл ізденістер арғы-бергі бүкіл адамзаттық рухани ізденістермен сабақтасып жатқандықтан еш уақытта өз мәнін жоймақ емес. Әлемдік философия мен ғылым философиясының дамуында, Батыс пен Шығыстың диалогында өзіне тиесілі рөлін атқара береді.
Ғалым Фараби рухани күш табиғатын анықтауға көп мән берген. Ол өзінің «Даналық негіздері» атты еңбегінде адам табиғатының қасиеттеріне қарай оның сыртқы және ішкі дүниесінің бар екенін айтады. Қоршаған ортаның құбылыстарын тани алатын физиологиялық дене құрылысы мен бітім болмысын құрайтын сыртқы тән сезімдері ішкі дүниеге де әсерін тигізеді. Ал ішкі құпия дүние дегеніміз - адамның рухани күштері. Өз кезегінде, даму процесінің үш түрі бар. Ол адамның, жануардың және өсімдіктің дамуы. [5, б.5].
Әл- Фараби ғылымды теориялық (логика, жаратылыстану, математика) және практикалық (этика, саясат) деп бөлді. Әл-Фарабидің көшпелілер мен отырықшылар өркениетін және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетін өзара байланыстыруы әлі күнге дейін елімізді дүние жүзіне танытуда маңызды орын алады. Оның философиялық еңбектерінің тәрбиелік мәні «Тарихи философиялық трактаттарында» көрсетілгеніндей, мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл мен адамның жан дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеуінде. Ғұлама ойшыл өз кезеңінің діни түсініктерін философиялық тұрғыдан дамытады, халықты ұлттық тәрбиеге баулиды.
Орта ғасырдағы ғылым мен мәдениеттің үздік өкілі болған Әл-Фарабидің шығармалары латын, парсы, ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылып, жеке кітап болып шықты.
Әл - Фараби тұлғасын ашуда мынадай үш негіздің сомдалған жиынтығын көреміз: біріншіден, Әл-Фараби ұлы ғалым, екіншіден, өнер әлемін, оның ішінде музыка дүниесін терең зерттеген адам, үшіншіден ол - сөзсіз дін әлемінің басты тұғырнамаларын философиялық тұрғыдан негіздеген, осы бағытта көптеп еңбек еткен тұлға[5, б.7].
Ұлы ойшылдың есімі тарихқа мықтап енді. Оның жазған еңбектері Батыс пен Шығыс мәдениеттерін жақындастырған көпір болып саналады.
Ұлы ғалым нағыз гуманист ретінде адам ақыл-ойының жан-жақты дамып, табиғат пен қоғам сырын толық ашуы мүмкін екеніне кәміл сенеді, адамзат қоғамындағы барлық проблемаларды шешуге қабілетті ең басты күш-ақыл-парасат деп біледі.
Құл- Мұхаммед М. «Әл- Фараби» «Аруна Ltd.» :IC6 2006
https://sputniknews.kz/spravka/20191123/12106699/Al-Farabi-qazaq.html
«Қазақстан» Ұлттық энциклопедия. І том. Алматы «Қазақ энциклопедиясы» 1998.
«Ұлы ойшыл, ғұлама – Әл Фарибидің даналық негіздері»: атты университетішілік апталықтың материалдары, Ақтау: Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, 2019.
Қазақстан тарихы. І том. Алматы «Атамұра» 2010.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген