жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мақала:Бастауыш сыныпта оқушылардың сөйлеу тілін дамыту.
ӘОЖ 631.95:581.526
БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ОҚУШЫЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ
А.Е. Жумахан
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті.Тараз қ.,
zhumakhan_2001@mail.ru
Кілт сөздер: Білім, сөз, тіл, мектеп, оқулық.
Ключевые слова: Образование, слово, язык, школа, учебник.
Keywords: Education, word, language, school, textbook.
Түйін
Мақалада бастауыш сыныпта оқушылардың сөйлеу тілін дамыту жұмыстары жүйелі түрде дұрыс ұйымдастырылған жағдайда балалардың сөздік қоры молайатыны туралы айтылған.
Резюме
В статье говорится о том, что при правильной систематической организации работы по развитию речи учащихся в начальной школе у детей увеличивается словарный запас.
Summary
The article States that with the correct systematic organization of work on the development of students ' speech in primary school, children's vocabulary increases.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мақсат - саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ ұрпақ - қоғам иесі.
Қазақстан Республикасының білім беру кеңістігінде жалпы білім беретін мектептердің орны ерекше. Білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасында білім беру деңгейлерінің бірінші сатысы-бастауыш білім, 1-4 сыныптар деп белгіленген. Бұл жаста баланың ақыл-ойының дамуы, оқу мен тәрбие ісіндегі оқу мен жазу жұмыстарының саналы, сапалы ұйымдастырылуы оң нәтиже беретіні сөзсіз. Ал оның негізгі кілті оқу, сөйлеу дағдысын жетілдіру, дамыту, қалыптастыру болып табылады. Қоғамда қызмет істеуге және өмір сүруге қажетті білім көлемі оқушылар үшін бастауыш сынып оқушыларынан басталатыны белгілі [1].
Сөйлеуді меңгерту оқушының айтайын деген ойын ауызша және жазбаша түрде екінші адамға түсінікті етіп жеткізуін қамтамамасыз ету болса, ал сөйлеуді үйрету күнделікті жағдайларға байланысты іске асып отыруы қажет. Сөйлеуді меңгертуде оның функционалдық қызметіне қажетті мынадай құрылымдық жүйе қалыптастырылса, бұл іс біршама тиімді түрде жүзеге асар еді.
Сөйлеу үрдісін дайындауға бағытталған материалдар (лексикалық минимум, тірек сөздер, оқушыға бұрыннан таныс сөздер)
1. Сөйлеу үрдісін құрастыруға бағытталған материалдар (тілдесім диологтар)
2. Сөйлеу үрдісін жүйелеуге бағытталған материалдар(шағын функционалдық мәтіндер, яғни лексикалық минимум мен тілдесім диологтарының қолданылған көріністері, көркем мәтіндер үлгілері)
3. Коммуникативтік- қатысымдық әрекетті іске асыруға бағытталған материалдар(түрлі жаттығулар)
4. Өзін - өзі тексеру және бағалау әрекеттері (тестілік)
Балалар тілін, олардың сөйлеу қызметін зерттеу тілшілер мен психологтарды, әсіресе, ХІХ шы ғасырдың соңында көбірек қызықтыра бастады. Осы кезеңде түрлі жастағы балалар тілін статистикалық әдіс-тәсілдермен зерттеудің алғашқы қадамдары жасалды. Атап айтқанда, Н.А.Рыбников, А.Н.Гвоздев, Э.Штейнфельдт, А.Люблинская, М.Р.Львов, т.б. балалар тілін квантитативтік әдіспен зерттеушілердің алғашқы өкілдері болды. Қ.Молдабек бастауыш сынып оқушыларының оқулықтары мен балалар әдебиеті мәтіндерін лингво-статистикалық әдіспен зерттеу арқылы балалар тілінің даму динамикасын анықтауға біраз еңбек сіңірді. Зерттеуде бастауыш сынып оқушыларының оқулықтары мен балалар әдебиеті мәтіндеріндегі сөз қолданыстардың игерілу, меңгерілу шамасын анықтау мақсатында қала және дала мектептерінде арнайы эксперименттер жүргізіліп, алынған зерттеу нәтижелерін лингвостатистикалық әдіспен зерттеу арқылы алынған қорытындылармен салыстыра отырып, мектеп оқулықтарындағы мәтіндердің оқушылардың сөздік қорын кеңейту мен байыту мақсатындағы қызметіне лайықты бағалар берілген.
Қазіргі тіл білімінің даму тәжірибесі көрсеткендей, тілдің түрлі топтарының лексикасы мен морфологиясын салыстыруға және оның нәтижелерін алуға жағдай туғызатын мәтіннің квантитативтік әдісінің ерекше тиімді түрі: жиілік сөздік, алфавитті-жиілік сөздік және кері алфавитті-жиілік сөздіктер алу болып табылады. Бұл сөздіктер арқылы бастауыш сынып оқушыларының оқулықтарының тілін тілдің басқа түрлі салаларымен салыстыруға және квантитативтік әдіс арқылы алынған бастауыш сынып оқушыларының оқулықтары мәтіндеріндегі сөз қолданыстарды анықтап, алынған зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, оқушыларға ана тілінде меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдерін қолдануға болады.
Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын байыту үшін олардың күнделік өмірінде жиі қолданылатын сөздерді таңдап алудың мәні зор, ол оқушының сөзді тез меңгеруіне көмектеседі. Бастауыш мектеп оқушыларына жиі қолданылатын сөздерді таңдап алуда олардың әр сынып оқушыларының жас ерекшелігі, білім дәрежесі, күнделікті өміріне сай болуы қадағаланады.
Оқушы өмірімен байланысты сөздерді үйрету тілді үйренудің қарым-қатынасқа бағытталумен байланысты. Бастауыш сынып оқушыларына үйретілетін сөз оқушыға таныс дүниемен, оған түсінікті, олар білетін заттармен құбылыстарға байланысты болуы керек. Бұл ұстаным оқушының сөз мағынасын тез түсінуіне, оны тез меңгеруіне ықпал жасайды. Оқушы көрмеген, білмеген, көз алдына елестете алмайтын зат атауларын, құбылыстардың атауларын түсініп, есте сақтауы өте қиын. Сондықтан үйретілетін сөз оқушының түсінігіне, сана-сезіміне сай болу керек. Үйретілетін сөздің тілдік, дыбыстық құрамын қамтуы қажет деген сөз таңдау ұстанымы оқушыны қазақ тілінің дыбыстық құрамымен таныстыруды, оны меңгеруді көздейді. Қазақ тілінің дыбыстық құрамының өзіндік ерекшелігі барлығы белгілі. Қазақ тіліндегі ерекше деп саналатын 9 дыбыстың дұрыс айтылуын үйрету алғашқы сабақтардан басталады, оны кейінге қалдыруға болмайды және үнемі жалғастырылып отырады.
Сөздерді сабақта оқытылатын мәтін, тақырыппен байланыстырып алу ұстанымы да үлкен қызмет атқарады. Бұны Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсын оқулықтарынан да кездестіруге болады [2]. Бұл ұстанымды профессор Н.Оралбаева бастаған авторлар ұжымы да оқулық жазуда басшылыққа алып жүргенін көреміз. Сөздерді мағыналық ерекшелігіне қарап таңдаудың да тиімділігі бар. Сөз мағыналық жағынан ерекшелікке өте бай. Бастауыш сынып оқушыларына сөзді сұрыптап алғанда, бұл ерекшелігіне үлкен мән беріледі. Мысалы, 1 сынып оқушыларына суретті әліппе арқылы қазақ тілін үйреткенде, әліппеде оқушыларға нақты деректі мағыналы зат атаулары мен олардың белгілерінің суреті беріледі де, атаулары үйретіледі. Мұнан тілді үйренудің алғашқы сатысында деректі мағыналы сөздерді үйрету бағыты орын алады. Оқушыны ізгілікке, зор адамгершілікке тәрбиелейтін сөздерді үйретудің үлкен мәні зор. Бұл ұстаным біздің оқулықтарымызда берік сақтаулы. Ол – білім беру мен тәрбиенің байланыстылығының көрінісі. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды- бастауыш мектеп оқушысының қазақша сөздік қорын байыту кездейсоқ құбылыс емес. Оқушының сөздік қорына енетін сөздерді ғылыми негізде, белгілі жүйе арқылы іске асыру қажет екенін көрсетеді. Бастауыш сынып оқушысының сөздік қорын байытуда сөйлеумен байланыстыру, сөйлеуге бағыттау мәселесінің мәні зор.
Сөз сөйлеу үшін қажет. Сондықтан сөйлеуге қойылатын талаптарды білу керек. Сөйлеумен байланысты мынадай талаптар қойылады: мазмұнды сөйлеу, дәл сөйлеу, жүйелі сөйлеу және мәнерлі сөйлеу. Бұл талаптар өте тығыз байланыста екенін де оқыту ісінде естен шығаруға болмайды. Жоғарыдағы пікірлерді жинақтай келгенде оқушы тілін байытуды сөйлеумен байланысты іске асыруда мынадай қажеттіліктер туындайды:
- Оқушының сөздік қорын молайту мақсатында сөздердің мағынасын толық меңгерту.
- Сөйлеуді дұрыс қолдану, құрастыру арқылы ойын жүйелі айта білуге дағдыландыру.
- Сөйлемдегі сөздерді белгілі бір ойдың төңірегінде құрастырып, дұрыс сөйлеуге жаттықтыру.
- Сөйлеу үлгілерін меңгерту.
Сөз – тілдің негізгі бірлігі, дыбыстық белгілер мен мағыналардың көрінісі. Егер дыбыстық таңба материалдық жағынан қалаулы болса, оның мағынасы (мазмұны) оның идеялық жағын ескереді. Олардың бірлігі – сөздің болуы мен қызмет етуінің белгісі. Сөйлеу – лингвистиканың барлық салаларындағы негізгі зерттеу объектілерінің бірі. Алайда, тіл білімінің әр саласы сөз ретінде бір ғана аспектіні объект ретінде қабылдайды және өз заңдылықтары бойынша сөйлейді. Бұл сөз күрделі құбылыс екенін білдіреді. Тілдегі сөздер бір-бірінен дыбыстық және морфологиялық жағынан ерекшеленеді. Мысалы, егер (Жомарт кеше Алматыдан жүргек пойызбен келген) сөйлемдердегі сөздерді қарастыратын болсақ, олар дыбыстық, морфологиялық белгілері бойынша, қажет болса сөйлемдегі атқаратын қызметі мен реті бойынша әр түрлі болады. Сөзсіз бұл жерде ешқандай пікір қалыптастыру мүмкін емес, тілдің грамматикалық ережелерінсіз идея түсініксіз болар еді. Осылайша, олардың әрқайсысы өзіндік ерекшеліктері мен функциялары бар негізгі элемент екенін көреміз.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс», - деп оның қоғам өміріндегі орны мен рөлін, қадір-қасиетін айрықша атап көрсетті. Бүгінгі таңда қазақ мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі – оқушылардың тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу. әМектепте тілді оқыту ісінде сауат ашу пәнінің үлесі орасан зор. Бұл үлес түпкі мақсатына, мазмұнына, ерекшелігіне тікелей байланысты. Сауат ашу пәні бойынша оқушыларды өмірге баулу жөніндегі міндеттер тілдің негізгі қоғамдық қызметіне, атап айтсақ, түпкілікті коммуникативтік байланыс, қатынас құралы ретінде және экспрессивтік (әсер, ықпал етуге, дәнекер болу) қызметіне орай жүзеге асырылады. Олай болса, сауат ашу пәні балаларды ауызша да жазбаша да толық сауатты, тілді еркін пайдалана білетіндей етіп шығаруды түпкілікті нысаны етіп ұсынуы қажет.Бұл мәселе туралы көптен айтылып та, жазылып та жатыр. Мысалы, педагогика ғылымының докторы Иманмәлік Нұғыманов пен 3ағира Қашқынбаева «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады» - дейді.Жас ұрпақты өзінің ана тілінде еркін, мүдірмей сөйлетіп үйрету үшін оқыту әдістемесін жетілдіре түсу − бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі. Бүгінгі күннің тілек – талабы тұрғысынан білім мазмұнын жаңғырту, өмір талабына орай дамыта оқыту, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданып заман ағымына жауап беруі мұғалімдерге жауапты істерді жүктейді.Бастауыш сынып оқушылары үшін тіл – білім алудың көзі болып саналады. Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдер баланың тілін дамытудың маңызын түсінуі тиіс. Оқушының тілінің дамуы жоғары болса, ол оның өмір жолында, сыныптастарымен қарым-қатынасына, сонымен қатар мектепте нәтижелі оқуына әсер етеді. Сөйлеу тілі белгілі бір жағдайда ауызба-ауыз тікелей жалғанатын қатынас тілі болғандықтан, ол сөйлеудің ауызша формасымен тығыз байланысты болады. Ал ауызша сөйлеуде еркіндік басым келеді, яғни үйреншікті жағдайда адамдар емін-еркін сөйлейді. Сонымен бірге сөйлеу тілі жазбаша түрде де қолданылады. Оқушылардың сөйлеу тілінің қабілеттерінің қалыптасуы және дамуының нәтижелі шарттары қандай?
Ең бірінші шарт ол – қарым-қатынастың қажеттілігі. Демек, өз пікірімен немесе ақпаратпен бөлісу тілегі мен қызығушылығын туғызатын, сөйлеу тілінің ынтасын айқындайтын жағдайларды қалыптастыру керек.
Екінші шарт ол – қарым-қатынас ортасын құру. Қарым-қатынас ортасы – бұл ата-аналардың, жақындардың, достардың әңгімелері, көркем әдебиет, бұқаралық ақпарат құралдары, мұғалімнің сөйлеу тілі, оқулықтардың тілі.
Сөйлеу тілі оқушыға қарым-қатынасқа түсуге және дүниені танып білуге көмектеседі. Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеуге үйретуде психологияға сүйенбей болмайды. Сөйлеу тілін дамыту процесінде адамның еркі, есте сақтау қабілеті, ой-өрісінің дамуы, сезімі, қиялдай білу ерекшеліктері негізгі рөл атқарады. Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілінің дамуы әрдайым педагогикалық басшылықты қажет етеді. Сөйлеу тілін дамыту мен байытуда жүйелі жұмыс қажет [3].
Жас балалардың тілін дамытудың бір жолы ол - көрнекілік пен ойын. Ойын арқылы түрлі тілдік жағдай туғызып, балалардың түрлі тақырыпта сөйлеуіне жағдай жасауға болады. Ойын кезінде баланың сөйлеуге ынтасы артады, көңіл-күйі өседі, сөйлеуге белсенді қатысады. Ойын баланың сана-сезіміне де әсер етіп, тәрбиелік мақсатын да орындайды. Ойын кезінде балалар бір-бірімен тіл арқылы тығыз қарым-қатынасқа түседі. Ойынға байланысты сөздер ойын кезінде бірнеше рет қайталанады. Сондықтан ойынды белгілі сөздердің қайталануына қарай ойын-жаттығу деп атау ғылымда бар, біз де осы пікірге қосылып, ойын-жаттығу терминін қолдану дұрыс деп таптық.
Ойын-жаттығу мына талаптарға сәйкес болуы керек:
Ойын-жаттығу баланың жасына сай болуы керек.
Ойын-жаттығу негізінен сөйлесімнен құрылуы керек. Яғни, ойынның негізі саналатын тілдік жағдай сөйлеу әрекетін туғызатын болуы керек. Тілдік қатысымды жүзеге асыратын сөйлеу нәтижесіне ойнау нәтижесі қосылу керек. Ойын-жаттығу ұжымдық болады, бала ойында өзі қалған рөлді таңдай алуы керек. Ойын-жаттығу баланың ауызша сөйлеу дағдысын, сөйлей білуін нақтылы сөйлеу әрекеттері арқылы жүзеге асу жағдайын белгілеу керек. Бұл әдісте білім мен ойын сабақта елеусіз байланысады да, ойында, сабақта бала өзін еркін ұстайды. Атап айтатын болсам мына ойын түрлері баланың сөйлеу тілін дамытуда жақсы нәтиже береді: «Екі әріп», «Қара жәшік», «Сұрақтар жаңбыры», «Суретті әңгімеле» т.б.
Сабақта қолданылатын түрлі көрнекіліктер оқушыларды әртүрлі ойлау әрекетіне бейімдейді. Түсіндірілген материалды саналы түрде меңгеруге ықпал жасайды. Бастауыш мектеп бағдарламасында балалардың жас ерекшелігіне байланысты тапсырмалар, жаттығу жұмыстары берілген. Сол сияқты тіл жұмыстары мәтіндерді оқу, оны мазмұндап айту, сұрақтаға жауап беру және шығарма, мазмұндама жазу арқылы жүзеге асырылады. Көптеген мұғалімдердің байқауы бойынша бастауыш сынып оқушыларының жаттығуларды түсінбеуі, олардың тілінің дамуының жетіспеушілігінің себебі болып отыр. Жаңа сөздермен жұмыс тіл дамыту барысында ерекше орын алады. Оқушы әр сабақ барысында белгілі бір мөлшерде жаңа сөздерді меңгеруі тиіс. Сөйтіп, оқушылардың сөздік қоры молаяды. Сабақ барысында сөздерді жеке дара емес, белгілі бір жағдайға байланысты тақырып аясында қолдануға мүмкіндік жасалуы тиіс. Ахмет Байтұрсынұлының: «Тіл дамыту мәселесі тек қана грамматика заңдарына үйреніп, не болмаса, сөздерді балаға үйретіп қана емес, сөзді тіршілігінде көрсету барысында ғана шешуге болады», – деген тұжырымы бұған дәлел бола алады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрбылас балалармен белсенді түрде сөздік қарым-қатынас жасайды.
Бала тілін дамытып қалыптастыруда өз ұлтымыздың ауызекі шығармашылығының тигізер ықпалы зор. Халқымыздың ертегі, аңыз-әңгімелері, мақал–мәтелдері, жұмбақ, жаңылтпаштары, ойнақы, жеңіл тілімен беріледі. Балаға жаңылтпаш үйретіп, оны айтқызу сөзді дұрыс сөйлеуге әдеттендіреді, кейбір тілі келмей, бұзып айтатын дыбыстарды анық айтуға жаттықтырады. Ал жұмбақ айтқызу баланы тапқырлыққа үйретіп, ойлау қабілеті мен тілін ұштайды. Мақал-мәтелдерді пайдаланудың әдіс-тәсілдері көп. Оларды сыныпта, сыныптан тыс оқуда белгілі бір тақырыпты оқытумен бірге сәйкестендіріп алған ыңғайлы. Сөйлеу тілін меңгерудің келесі жолы – кешенді оқыту. Ал оқушыларға арналған кешен: оқулық, фонограмма, күйтабақтар, үнтаспалар, бейнетаспалар, дидактикалық үлестірмелік жаттығулар, сөздіктер т.б. Қазақ тілі сабақтарында үнтаспаны қосу немесе бейнетаспаны көрсету арқылы тақырыпты табуға болады. Тақырыпты тапқаннан кейін оқушылар алдарына мақсаттарды қояды. Сабақ барасында тақырып мазмұнына сай дидактикалық үлестірмелі жаттығуларды беруге болады.
Бала тілінің дамуы - ең жауапты да күрделі үдеріс. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың алдында дұрыс сөйлеуге қажеттілік міндеті тұрады. Бұрын бала ойын кезінде ата-анасымен немесе құрдастарымен қарым-қатынас жасау барысында жағдайға қарай, яғни қалауы бойынша сөйлейтін болса, енді оқу үдерісі, сабақтағы тапсырма оны сөйлеуге мәжбүр етеді. Бұл психологиялық және педагогикалық тұрғыдан мұғалімнен ерекше шеберлігін қажет етіп, тіл дамыту жұмыстарын жүргізудің керектігін аңғартады.
Тіл дамыту – балалардың сөздік қорын байытуға, мағынасын түсініп, сол сөздерді дәл қолдана білуге, өз ойларын, пікірлерін екінші біреуге жеке сөйлемдер арқылы, логикалық, композициялық тұтастығын сақтай отырып, жүйелі түрде әңгімелесу арқылы ауызша, жазбаша дұрыс білдіруге, яғни, «нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айтып беруге» үйрету жұмысы. Заманымыздың заңғар жазушысы,ғасыр ғұламасы атанған М.Әуезовтың «Халық пен халықты,адам мен адамды теңестіретін нәрсе-білім»,-деген сөзінің маңызы ешқашан жойылмақ емес,себебі кез-келген мемлекет мәдениетінің даму деңгейін,рухани мазмұнын,интеллектуалды қуатын айқындайтын бірден бір көрсеткіш – білім берудегі жүйелілік пен сапалылық.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020 жж. арналған Мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010 ж. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1000001118
2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы, - Алматы «Ана тілі» 2012 ж.
3. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. ҚР Үкіметінің 2012 ж. 23 тамыз № 1080 қаулысы. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200001080
Тіркелу үлгісі
«Әл-Фараби мен Абай тағылымы» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция
-
Тегі, аты-жөні
Абдрасилова Г.Л.
Жұмахан А.Е.
Мемлекет, қала
Қазақстан Республикасы, Тараз қаласы
Ғылыми дәрежесі, атағы
Аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі
Жұмыс орны
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Мақала тақырыбы
Бастауыш сыныпта оқушылардың сөйлеу тілін дамыту
Секция
5. Педагогика және психология
Байланыс телефондары, e-mail
87479205325, abdrasilova72@mail.ru
87783761598, zhumakhan_2001@mail.ru

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген