Мектеп жасына дейінгі
балаларға ұлттық
тәрбие беру
Балабақша тәрбиесінде ұлттық
тәрбие дәстүрлер мен салт-сананың алғашқы қарапайым негiздерiн
балаларға өнеге ретiнде үйретiп, жаттықтырып, оны iс жүзiнде
олардан талап ету керек. Ол iс балабақша бағдарламасында кеңiнен
орын алуы тиiс. Біз өзіміз, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін
толық білеміз бе? Осы төңіректе біз ойланып көрейікші...
Халқымыздың әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін, ата-ана, тәрбиеші өзі
толық білмей тұрып, балаларға ұлттық тәрбие беруі мүмкін емес. Қай
заманда болсын, ұлттық өрлеудің халықтық қалыптасудың ең негізгі
шарты – білім. Ұлттық тәрбиенің өрісі мен өресі – бүгін де, ертең
де, халық үшін көкейтесті мәселе. Ұлттық мәдениет болмаса ұлт
сақталмайды. Ал балабақша ұлттың да, ұлттық мәдениеттің де, өмір
сүруімен дамуының, алғашқы баспалдағы болып саналады. Жаңа
кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа –
адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани
бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен
ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан
баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни
адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті
тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Баланың
өмірге белсенді көзқарасының бағыты үлкендер арқылы
тәрбиеленеді.
Балабақшамыздағы ұлттық тәрбие
берудің мақсаты: ұлтжандылыққа,
отансүйгіштікке, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең
меңгеруге, ана тілін қадірлеуге үйрету. Ұлттық
тәрбиенің міндеті: ата бабамыз қолданған үрдіс
пен бүгінгі жаймен саралап, халықтық педагогиканының асыл мұралары
негізінде саналы тәрбие беруді қилыстыру. Ұлттық
тәрбиенің өзектілігі тәрбиеленушілерді рухани ізгі
қасиеттерге баулып, тәрбиенің көздері ана тілі мен әдебиетін,
тарихы мен өнерін қастерлеуге халықтың салт-дәстүрлерін аялай
білуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу болып
табылады.
Осы орайда, ұлттық тәрбиені
пайдалану iсiн жүзеге асыру мақсатында балабақшамызда қазақтың ұлы
жазушысы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абайтану» бөлмесi
ашылып, тәрбие мен білім беру процесінде музыкалық ойындар, тiл
ширату дәрiстерi ұйымдастырылды. Бәрiне де ертегiлер, жұмбақтар,
санамақтар, ұлттық ойындар, ши тоқу, асық ату пайдаланылады.
Абайдың шығармалары бойынша театрлық қойылымдар көрсету, қазақ
ертегiлерінен үзiндi алынып, қызықты қойылымдарды даярлау кезiнде,
балалар кейiпкерлердiң бет-бейнесiн, тiрлiк – тiршiлiктегi орнын
байқап, сол бейненi айнытпай көрсетуге тырысады. Тәрбиешi жұмбақ,
айтыс, санамақ айту, жаңылтпаш айта бiлу ойындарын ұйымдастырады.
Ойын қызықты болу үшiн ойынды әнмен, күймен безендiрiп отырады.
Әсiресе, қуыршақ ойындарына ұлттық тәрбиені қалыптастыра бiлудiң
тәрбиелiк мәнi зор. Қуыршақты «сөйлету» арқылы өзiнiң көп тақпақты
жаттап, талай бейненi ойнап үлгергенiн байқамай да
қалады.
Тәрбиелеу, білім беру
жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкіндігін ескеру
арқылы нақтыланады. Ұлттық рухта адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу
күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру
процесінде, ойын және ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жоспарлы
түрде іске асады. Тәрбиешінің ең бастапқы формалары балалармен
мазмұнды қатынасында, жан-жақты іс әрекетінде, қоғамдық өмірдің
құбылыстарымен танысу кезінде, балаларға арналған шығармаларымен,
суретшілер туындыларымен танысу негізінде іске асады. Мұндай
мақсатқа бағытталған тәрбиешілік жұмыс еңбек сүйгіштікке,
ізгілікке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына тәрбиелеуге, көп
дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана білуді
дамытуға, үлкендер еңбегінің нәтижесін бағалауға тәрбиелеуге
мүмкіндік жасайды. Балаларда ортақ пайдалы жұмысты істеуге тырысу,
бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны
жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның
бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның
өмірге белсенді ұстанымын бірте-бірте қалыптастырады. Әр баланың
жеке басы оның ұлттық рухта, моральдық дамуы үшін қамқорлық жасау
бүгінгі күннің және алдағы күндердің талабы, оған тәрбиешілердің
күнделікті көңіл бөлуі талап етіледі. Сондықтан да қазіргі кезде
халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі мен
әдет-ғұрыпттарын қымбат қазына ретінде бағалап, балабақшадағы
тәрбие жұмысын кешенді ұйымдастыру жағына көңіл бөлуіміз
қажет.
Қорытындылай келе, мектепке
дейінгі мекемелерде балалардың жас ерекшеліктеріне сай ата-баба
дәстүрі мен халықтық педагогиканы басшылыққа алып, тәрбие жұмысын
ғылыми негізде ұйымдастырып, ұтымды жүргізе білу және ашық
ақпараттанған, әлеуметтік жағынан мығым, білімді ортаны дайындау
арқылы балалардың танымдық және шығармашылық әрекетке жеке тұлға
ретінде өзін-өзі дамыту, өзін-өзі танытуын ұйымдастырдың кешенді
шараларын жасауды қамтамасыз ету.