жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
«Мектепке дейінгі ұйымда оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру»
Алматы қаласы Алмалы ауданы
МКҚК «№74 балабақша» әдіскері
Койшыбаева Анар Альбатыровна
«Мектепке дейінгі
ұйымда оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру»
(эссе)
Әсемпаз
болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң,
арқалан.
Сен де — бір кірпіш,
дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
- деп халқымыздың ұлы ақыны, ойшылы, сазгері, қара сөздің қас шебері Абай Құнанбаев атамыз айтып кеткендей, кез келген адам «өмір» атты дүниенің табалдырығын аттағаннан кейін өз орнын табуға тырысады, яғни өседі, өнеді, «еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, қалаған мамандықтарының қызығын көреді.
Маман ретінде менің әр күнім ізденіспен өтеді. Сондықтан да менің өмірлік ұстанымым: «Адам адамнан тек білімі және ақыл-ойы арқылы ғана озады». Үнемі біліктілігімді арттырып, заманыма қарай білікті маман болуға тырысып келемін.
Мектепті 2001 жылы үздік аттестатпен аяқтап, мемлекет грантының иегері болдым. Ата-анамның, әсіресе атамның үмітін ақтайтын маман иесі болуды ойладым. Атамды ерекше айтуымның себебі бар. Мен өмірге келерде атам (әкемнің әкесі) түс көріпті. Ай күні жақындап жүрген анама «қыз бала босанасың, оның аты Анар болсын» деген екен. Үлкеннің сөзін қалдырмайтын ұлтымыздың әдемі бір әдебі бар. Содан өмірге қыз бала келіп, есімі Анар деп қойылады. Атам Ұлы Отан соғысының ардагері болатын, көздері көрмейтін, жанына барып отырғанда немерелерін қолымыздан ұстап ажыратып отыратын. Мен мектепке барарда атам маған мен туыларда түс көргенін, есімімді сол түсінің жоруымен қойғанын айтып берді. Түсінде киелі қала Мекке Мадинаға жаяу жолға шыққан екен, шөлдеп, шаршап келе жатқанда алыстан үлкен ағаш көрінеді. Көлеңкесіне демалмақшы болып жақындағанда жеміс Анар ағашы екенін түсінеді. Жемісін жеп, шөлін қандырады. Сол кезде оянып, өзінше жориды. Немерем қыз болады, есімін Анар деп қоямын, жанындағыларға үлкен ағаштың көлеңкесіндей жайлы, мейірімді, жаны жақсылыққа толы, жемісінің көптігі сонша ол білімді, өз ісінің шебері болады деп болжап есімімді Анар деп қойғанын айтып, батасын берді. Маған бұл жағдай өмірлік түрткі, мотивация болып келеді.
Сан қалтарыстан тұратын өмір атты үлкен жолда ұстаздан тәлім алмаған жан кемде кем. Ұстаз адамды алғаш мектеп табалдырығын аттаған, бүлдіршін кезінен бастап, бар мейіріммен, білім айдынына жетектейді. Әрине, ұрпақ тәрбиесі оңай шаруа емес. Ол орасан төзімділікті, жас буынға деген жанашырлық пен өлшеусіз махаббатты қажет етеді. Сондықтанда, білім ордасына жұмыс істеуге жүрегінде балаға деген жылуы мен үйретемін деген құштарлығы бар шынайы педагог қана келеді. Оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие маманы тәрбиешілікті жүрек қалауымен таңдағандар ғана нағыз маман бола алады. Мен өзімді сондай маманның бірі екендігіме сенемін.
Мен қазір Алматы қаласы Алмалы ауданы №74 балабақшада әдіскермін. Қызығы мен жауапкершілігі мол бұл жұмысты бар ынтамен атқарудамын. Педагогика саласында болып жатқан тың өзгерістерді әкелетін, білім үдерісіне енгізетін, жаңалық жаршысы болуға тырысамын. Әдіскер, үйретуші, бағыттаушы, жаңалықты жеткізуші, шығармашыл тұлға. Әдіскердің бір бойында бірнеше қызмет бар. Бұл жұмыстың ерекшелігі үнемі тәрбиешімен, балалармен және ата-аналармен байланыста болу, оларға бағыт – бағдар беріп, нәтижеге жету. Күн сайын ерінбей, жалықпай бағбанның тал еккені сияқты, бала жүрегіне білім нәрін беретін тәрбиешілерге өз көмегімді беруге тырысамын. Өйткені, сол жеткіншектерден ертеңгі күні тәуелсіз еліміздің саналы азаматы тәрбиеленіп шықса, күллі еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Қазіргі заман талабына сай әр маман үнемі үлкен ізденісте жүруі керек. Сонда ғана ол үлкен жетістікке жетіп, еңбегінің жемісін көреді. Осы ізденіс жолында әдіскер болып, оларға көмек көрсету мақсатында түрлі семинарларды, педагогикалық кеңестің дәстүрден тыс формаларын үнемі ұйымдастырып отырамын. Іс-тәжірибемен бөлісіп, интернет-конференция мен форумдарда, кәсіби біліктілікті арттыру курстарында өз білімдерін көтеруге ықпал етемін. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім көрсеткішімен өлшенбекші. Сол себепті еліміздің білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру – кезек күттірмейтін мәселе. Елбасы жолдауында «Тәрбие мен білім негізі ең алдымен отбасынан, содан соң балабақшада басталады. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында сапаны жақсартуға көңіл бөлу керек. Ойлау негіздері, ақыл - ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады» деп айтылғандай бұл даму мектепке дейінгі ұйымдарда басталуы қажет.
Білім беру ісінде 4 к моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істеуге басты назар аударылуда. Ол үшін болашақ ұрпаққа тәрбие мен оқыту процесін жүргізетін педагог мамандар лайықты болуы керек. Қазіргі заман талабына әріптестерім үнемі үлкен ізденіс үстінде. Соның нәтижесінде олар үлкен жетістікке жетіп, еңбегінің жемісін көруде.
Адам өміріндегі шығармашылық ойлауды дамытудың негізгі кезеңдері қандай? «Бастапқы шығармашылық» кезеңі. Ол бастапқыда туғаннан адамға өмір сүру қабілеті ретінде негізделген, бірақ оған шектеу қоймау керек. 3-5 жасында ересектер бастапқы шығармашылық көріністерін байқайды: көптеген суреттер, ертегілер шығару, оларды жалғастыру, сюжеттік ойындарды ойлап табу. Біздің балабақшамызда балалардың шығармашылығын қолдау мақсатында әртүрлі сайыстар өткізіледі, оларға ата-аналары мен балалар белсенді қатысады, онда балалар өз шығармашылық қабілеттерін көрсетуге тырысады. Мысалы: киім кию бұрыштарында ұсынылған материалдардан театрландырылған көрініс үшін кішкентай балалар жаңа костюмдерді өздері құрастырып, оларды түрлі аксессуарлармен толықтырады, өздері ертегі ойлап шығарады және т.б.
Елбасының
білім мен ғылым қызметкерлерінің
съезінде «Болашақта еңбек етіп өмір
сүретіндер – бүгінгі ұрпақ, педагог
оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол
деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға
жүктелетін міндет өте ауыр» - деген.
Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп
отырғандай, мемлекеттің гүлденуі негізгі
үш фактордан тұрады. Олар мыналар:
- Жаңа ғылыми жаңалықтарды игеру;
- Білімнің деңгейін көтеру;
- Мамандардың кәсіби білімі мен білігі.
Олай болса, әдіскер де ұстаздардың аталған факторлардың барлық сатысынан өтуіне бірден- бір ықпал етуші адам. Құрамындағы әрбір ұстаздың уақытылы біліктілігін арттыру курсынан өтіп, жаңа технологияны меңгеруіне, өз ісіне қолдана білуіне жөн сілтеп, керек жерінде шығармашыл өсуіне демеу көрсетіп отырады. Әдіскерлік қызмет әрқашан өзіңді жетілдіріп отыру деген сөз. Бұл қызметтегі адамдар ешқашан «Мен өзімді жетілдіріп болдым» деп айта алмайды, үнемі «Мен өзімді жетілдіріп жатырмын» деп айтады.
Әдіскер жұмысының нәтижелілігі оның жанындағы тәрбиеші педагогтар мен балалардың жетістігі. Мен үшін тәрбиешінің әрбір жетістігі, әрбір аттаған қадамы: жинақтау, іздену, оқу, үйрену биікке жетелейтін сатыны қалыптастырады. Ол сатының алғашқы баспалдағы – көп тәжірибе, үлкен өмір мектебінің бастауы екені мәлім.
Біздің жеңіс қоржынымызда:
«Білім берудегі инновация және тәжірибе: уақыт талабы» атты екінші республикалық педагогикалық оқуларының қалалық кезеңі «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» номинациясының ІІІ дәрежелі жүлдегері Қойшыбаева А.А.,
аудандық «Үздік психолог» байқауында психолог Атахан А.Т. ІІ орын;
аудандық «Шексіз талант» І қалалық шығармашылық фестивалінің аудандық кезіңінде «Көркем сөз» номинациясы бойынша І орын әдіскер Қойшыбаева А.А.бар.
Қалалық, аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен семинарлар өткізілді, педагогтарымыз қазақ тілі мұғалімі Кумарова К.Д., психолог Атахан А.Т., әдіскер Қойшыбаева А.А. іс-тәжірибелерін таратып, үлкен жетістікке жетті. «ӨРЛЕУ» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының Республика деңгейінде мектепке дейінгі ұйымдарының басшыларымен (меңгерушілері) тәжірибе алмасу алаңы болып табылады.
Республика көлемінде педагогтар «Білім айнасы» ғылыми-танымдық журналдың 2019 №3,4; «Мектепке дейінгі ұйым басшысының анықтамалығы» 2019 ж. №5,8 мақала жариялап, іс-тәжірибелерін таратты. Балабақша тәжірибесінен педагог мамандардың «Театр-шығармашылық-балалар» (драма), «Таңғажайып жанымызда» (жаратылыстану), «Бала тәрбиесіндегі педагогтар мен ата-ананың серіктестігі» (ата-анамен жұмыс формалары) атты авторлық бағдарламалары басылып шықты. Қазақ тілі мұғалімі Кумарова Күлиа Далелқызы «Қазақ тілі» 4+, 5+ әдістемелік нұсқаудың және балаларға арналған «Қазақ тілі» 4+, 5+ жұмыс дәптерінің авторы.
Білім беру жүйесінің барлық сатыларының алдында тұрған көкейтесті мәселелерінің бірі: білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты бойынша бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім - деңгейі нақты бағдарламамен берілген. Біздің бақшада қазақ тілін оқыту «Үлгілік оқу» бағдарламасында жүзеге асырылады. Мемлекеттік тілді оңай және ойын арқылы меңгеру үшін түрлі заманауи техникамен жабдықталған кабинетіміз бар. Өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретуде тек қана сөздерді қайталау арқылы емес, оларды ойындар мен көрнекіліктер арқылы күн тәртібінде ауызекі сөйлеуді үйретеміз. Осыны негізгі мақсатқа ала отырып «Қазақша сөйлесейік» атты 36 сағаттық вариативті бағдарлама дайындап жаздым.
Әдіскер әрқашан өзгеге өнеге болуы тиіс. Менің айтайын дегенім, әр әдіскер өз ісін тиянақты атқарып және жұмысына сүйсіне отырып, тәрбиешілеріне, балаларына үлкен махаббатпен қарап, оларға жүрегін арнаса алынбайтын қамал, аса алмайтын белес болмас. Әр педагог болашақ үшін қызмет істейді. Ол әр баланы жеке тұлға ретінде көріп, оның өміріндегі өз орнын табуына ата-аналарымен ынтымақтасып, топ ұғымының қалыптасуына және ортаға тез биімделуіне көмегін тигізіп жұмыс істейді.
Бүгінде жаңашыл әдіскер болу үшін әдіскердің жеке басының ерекшеліктері, іс-тәжірибесі, осы саладағы арнайы білімі, әдіскер қызметін атқаруға деген ынтасы болуы шарт, сондықтан жаңашыл әдіскерге келесідей талаптар қойылады:
1. Жан-жақты болу: бір мезгілде менеджер, психолог, әдіскер, ғалым, заңгер, экономист, шаруашылық маманы, іс жүргізуші, т.б. бола білу;
2. Ұдайы білімді жетілдіріп отыру (бірінші талапты ескеретін болсақ білім жетілдіру аймағы өте кең);
3. Сабырлы және байсалды болу: кез келген жағдайда ұстамды болу, жауапкершілікпен шешім қабылдай білу және бірнеше мәселені қатар шеше білу.
4. Коммуникативті болу.
Балабақша қызметінің жоғары нәтижеге жетуі тек әдіскерге ғана емес, сонымен қатар педагогикалық ұжымға да байланысты. Сондықтан, ұжымның әрбір мүшесіне өзін-өзі жетілдіруге, білімін, шеберлігін арттыру жұмыстары төмендегідей формада жүргізіліп отыр:
Педагогтарды міндетті біліктілік арттыру курстарына жіберіп, білімдерін жетілдіруге;
Әр педагогтің шығармашылықпен жұмыс істеуіне;
Байқауларға, конкурстарға қатысуға;
Ұжымдағы тәртіптің сақталуына ықпал ету;
Өзара тәжірибе алмасуға;
Барлық уақытта ұжымдық іс–әрекетке белсенді түрде араласуға;
Әдістемелік жұмыста, МД білім беру стандартына сай оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары: жылдық жоспар; баланың даму деңгейін анықтау; топ құжаттарын жүргізу, педагогтардың құжаттары электронды түрде жасалып жұмыс барысында пайдаланылады.
Бес білім беру саласы бойынша педагогтар балаларды дамытуға арналған, қысқа видео-материалдарды, дамытушы ойындарды, көркем шығармаларды Ustaz.tilegi.kz Bilimland.kz сайттарынан жүктеп, шығармашылықтарын дамытып, оқу қызметін қызықты да табысты өткізеді. Балабақша әкімдігі тарапынан педагогтардың шығармашылықпен жұмыс істеуі үшін: интербелсенді тақта, телекоммуникациялық желілер, моторлы экран, интернет желісіне қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілген. Балаларды ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге және Қазақстан тарихын білуге тәрбиелеу, қоғамда достықты, бейбітшілік пен келісімді нығайту бала бойында өз еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастырады, адамгершілік-патриоттық сенімі бекіген жеке тұлға болып қалыптасуына, Қазақстан Республикасының нағыз азаматы болып өсуіне ықпал етеді.
Сөз соңында әдіскерлік – ол бейімділік те, қызмет те, жай ғана мамандық та емес, ол жүрек қалауы, шығармашылық пен ізденіс көзі. Мен өзімнің әдіскер болғанымды мақтан тұтамын. Шығыс нақылында: «Егер бір жылыңды ойласаң, дән сеп; он жылыңды ойласаң, ағаш ек; бір ғасырыңды ойласаң, жақсы адам тәрбиеле» дейді. Отанымызға лайық ұрпақ өсіру, оның бойына адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарытатын тәрбиешілерге әдістемелік нұсқау беру менің міндетім екенін саналы түрде түсінемін.
Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін, сіздерге рахмет!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген