жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мен елімнің гүлденуіне қандай үлес қоса аламын?
Мен елімнің гүлденуіне қандай үлес қоса аламын?
Жоспар
1. Жастар жеке әлеуметті топ ретінде.
2. Бүгінгі күнгі жастардың негізгі мәселелері.
3. "Ел болам десең, бесігіңді түзе"
4. Қолданылған әдебиеттер тізімі.
Жастар жеке әлеуметтік топ ретіне қоғамның әлеуметтік-саяси алаңында ерекше орынға ие. Ол қоғамға үнемі мәселені шешудің жаңа жолдарын табу мен өзіне ғана сай интеллектуалды мүмкіндіктерін ұсынумен маңызды. Әйгілі орыс жазушысы И.С. Тургеневтің “Әкелер мен балалар” романындағы екі ұрпақ арасындағы мемлекеттің саяси жағдайы, әлеуметтік қарым-қатынастар және де жалпы өмір жайлы түсініктің қарама-қайшы келуі қозғалған басты мәселе болып тұр . Әлі жауабын таппай жүрген сұрақтардың бірі “Жаңа ұрпақ жылдар бойы қалыптасқан жүйені сақтаулары қажет пе, әлде жаңалықтар ашып, өзгерістер енгізулері қажет пе?”. Бір жағынан өмірлері мен мансаптарын құрғалы жатқан жастар алдыңғы ұрпақтың тәжірибесі мен қателіктерін ескеріп өз тағдырларын тәуекел етпеулері қажет. Екінші жағынан алып қарасақ, егер кезінде жаңа ашуларға деген құштарлықтары тасып тұрған әйгілі географтар батыл іске бармағанда, біз ғаламшардың шар тәріздес екенін, теңіздің ар жағында біз сияқты тіршілік иелері бар екенін білер ме едік? Шыны керек, бойында осындай қасиетпен туып, қоғамға титтей бір пайда әкелген тұлғалар еш талассыз танымал болулары міндетті.
Жастардың қоғамдық ортада даму мен оны дамытуы мемлекет қолында ғана емес, өз өмірлік белсенді ұстанымдарына да байланысты. Сондықтан да қоғамда белгілі бір орынға ие тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан немесе қалыптасқан әрбір адамның біріншіден өз пікірі болуы қажет, онымен қоймай, сол пікірін қорғап жеткізе білуі қажет, сонда ғана ол нағыз тәуелсіз адам болып саналады. Ал өзіңнің жеке пікірі болуы үшін ең біріншіден қозғалып жатқан тақырып бойынша белгілі бір ақпаратқа ие болып, түрлі салаларға қатысты жаңалықтар, жазылған кітаптар мен ғылыми жұмыстар, олардың нәтижелері жайлы оқу қажет. Алайда адамдардың барлығы бірдей емес екені белгілі, сондықтан адамдармен араласуға көп уақыт бөлмей кітаппен ғана шектелген адамдар көп жағдайда ішінде тұрған керемет ойды айтып жеткізе алмағандықтан жиі сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Ал керісінше ақ парақтағы қара әріптерге бір көз жүгіртуге мүлдем уақытын құрбан етпегендер бойындағы табиғи алғырлығы мен өмірлік қиын жағдайлардан шыға білу арқасында шешімді жеңіл таба алады.
Бұл сөздің барлығы қайдан шығады? Қазақстан Республикасында жастар 14-29 жас арасындағы азаматтар болып саналады. Жасөспірімдік өмір өнері бір жаңа нәрсені бастауға деген үлкен құлшыныспен анықталады1 .Адам бұл жаста “ бірдеңеге дайындалып жүреді, алайда неге дайындалып жүргенін өзі де білмейді-бір қызығы- оған бас қатырмайды, өзінен өзі жауабы табылады деп ойлайды ”2 .Дәл осы шақта адамдар басты өмірлік қиындықтарға ұшырайды. Олар жайлы кейінірек ашып айтамыз. Өтпелі кезеңдегі эмоциялық тұрақсыздық және мінездің тез арада өзгеруі, айналадағылар мен жасөспірім арасындағы түсініспеушілік, өзіне деген тым сенімділік пен сенімсіздіктің бір-бірін тез алмасуы. Осы сәтте адам өміріндегі маңызды бір құбылыс алғашқы ғашық болу да орын алады. Біз оған жиі назар аудармағанымызбен кейінгі кезде бұл тақырып та зерттеліп, көптеген салаларда мәселе ретінде қозғалып жүр. Кейінірек жасөспірімнің өз қызығушылықтары мен көзқарастары, өзін-өзі ұстау үлгісі мен ұнататын белгілі бір саланың жанрлары пайда болады. Оның басқалармен келіспей, өзін ересек адам ретінде сезінгісі келе бастайды. Нақтырақ айтсақ, балалық “Мен өзім”-ге ұқсас “Өзім білемін”-ні жиілейді. Уақыт өте келе ол үшін белгілі бір топта болу, және сол топта оның алатын орны маңызды бола бастайды. Ересек жасқа келіп қалған ол өзінің сыртқы кейпі мен оған деген қарым-қатынасқа ерекше назар аударады1. ҚР толық құқылы азаматтығын дәлелдейтін куәлікті алғанымен, бойында жауаптылықты сезбейді, ашығын айтсақ сезінгісі келмейді. Бойыда күш жігері, сұлулығы, жастығы, алдында әлі көп уақыты бар екеніне сенімді жастар жастық кезеңдерің барынша қызықты, ұмытылмастай етіп өткізгісі келеді. Жіберілуі мүмкін қателіктер жайлы олар жақсы білгенімен, оларды түзетуге әлі уақыт бар деп сенеді.
Ал енді жоғарыда айтылып кеткен жастар алдындағы туындайтын мәселелер жайлы сөз қозғаймыз.
1. Тұрғылықты орын. Бүгіңгі таңда жастардың көбісі ата-аналарынан жеке тұрып, тәуелсіз болғысы келеді. Алайда біздің мемлекетімізде жастар аяқтарына нық тұрмаған қоғам қабаты болғандықтан өз жағдайларына толық сенімді бола алмайды. Оған тек материалдық ғана емес эмоционалдық, психологиялық, әлеуметтік жағдайлар мен құқық саласындағы білім де жатады. Әрине, арамызда өз істері үшін толығымен жауап бере алатын, оқу мен жұмысты қатар алып жүре алатын, жігерлі жастар бар. Алайда көбісі ата-аналарына тәуелді, ал ата-аналар біріншіден қаражат жағын қарастырғанды жөн көреді. Біздің республикамызда халықты тұрғылықты жаймен қамту, әсіресе жастар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің “Қолжетімді баспана-2020”, “Дипломмен ауылға” т.с.с. бағдарламалар бойынша баспанаға қол жеткізу мүмкін. Сонымен қатар ипотека мүмкіндігін де қарастыруға болады. Алайда біздің мемлекет бұл бағдарламалар жұмысын жақын арада жоғары дәрежеге жеткізе алмайтынын жасырмай айтуға болады. Әйгілі вестернизацияға сәйкес бүгіңгі таңда жастар ғана емес орта жастағы отбасылы адамдар күн көру үшін және түрлі жағдайларға байланысты жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Шешімнің бұл түрі дұрыс па әлде бұрыс па ол да талқылауды қажет ететін сұрақ. Өз жеке басым, отбасылық өмірдің бастапқы кезеңінде мүмкіндіктердің шектеулі болуына байланысты жалдамалы пәтерге қарсы емеспін. Алайда, келешекте пәтердің заңды иесі болуға тырысу қажет.
2. Жұмыс. Заманымыздың ең өзекті мәселерінің бірі деп есептеймін. Әлемдегі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты мемлекетімізде теңге құнсызданып, қарапайым сөзбен айтқанда өмір сүру күннен-күнге қиындап барады. Шыны керек, көшеде жүргенде табиғатпен рахаттанып гүлдерге қарағанның орнына, банк пен ломбардтағы ілулі тұрған курс көрсеткіштеріне қарайтын болдық. Алайда адамдардың, әсіресе жастардың сұраныстары азаяр емес. Ата- анасының берген ақшасын жеткіліксіз деп есептейтін немесе сұрауға намыстанаты жастар қосымша жұмыс іздеумен айналысады.Арамызда таңертен қолында кітап, ал түстен кейін жәшіктер мен қаптар немесе кір ыдыстар тасып жүретін студенттер жеткілікті. Біреуі бойындағы ерекше қасиетті немес талантты пайдаланып, біреуі таныстары арқылы, біреуі пара беріп, тіпті біреуі алдап-сулап, енді біреуі бұрын мүлдем ойына кіріп-шықпаған қызметке келісіп жұмысқа тұрып жатады. Барлығының да мақсаты бір ол-ақша табу.
3. Білім алу. Бұл бөлімді толық ашу үшін жеке тақырып ретінде алып қарастырған жөн. Соңғы жылдары білім алу еліміздегі барлық жастағы азаматтардың талқылайтын мәселесіне айналып отыр. Менің ойымша кеңес кезеңіндегі дәстүрлі 10 жылдық оқу мерзімі мен мектеп бітіргендегі және ЖОО қабылданатын сәтте тапсырылатын емтихандардан бас тартып, қысқа мерзім ішінде білім беру жүйесін толық өзгерткен дұрыс емес. Біріншіден, оқушыларға ұсынылатын әдебиеттерді жаңа үлгіде шығару үшін біздің мамандар әлі толыққанды дайын деп сеннімен айта алмаймыз. Оған әр оқу жылы сайын кітаптардан табылып жататын қателер мен баланың үй тапсырмасын орындау барысында қиналуы дәлел. Тағы бір айтуды қажет ететін нәрсе кітаптарды жүйесіз, cәйкес білімі жоқ адамдар емес осы іске ғана жауапты арнайы орталық жүйе қызметкерлері құрастырулары қажет. Екіншіден, жасыратыны жоқ, ЖОО-да мұғалім мамандығын игеріп жатқан студенттердің көбісі осы мамандыққа өз қалаулары бойынша түспеген, олардың ертең абыройлы, беріліп жұмыс істейтін ұстаз болуына кім кепіл? Сондықтан кеш болмай тұрып оларға университет қабырғасында мамандықтарының ерекше жауапкершілікті қажет ететінін айтып, оқытудың қызықты әрі оқушыға оңай қабылданатын түрін үйрету қажет. Онымен қоса келешек ұстаздардың тәжибе жүзінде көбірек білім алуы маңызды. Баланың дамуына көптеген фактолар әсер етеді. Бірақ, оның ой өрісінің дамуында мектеп ортасы ерекше орынға ие. Баланың бойындағы өзіне ғана тән қасиеттерін ашуға және жеке тұлға болып қалыптасуға көмектесу көптеген мұғалімдердің қолынан келмейді. Оның үстіне білім министрі орны тұрақсыз болып, білім беру жүйесі жыл сайын емес күн сайын ауысатын болды. Осындай жағдайға тап болған оқушылар өкінішке орай келешекте қандай мамандық иесі атанғысы келетіндерін және қандай ЖОО-на түсендіндерін шеше алмай, тұйыққа тіреледі. Бүгіңгі таңда одан шығудың жолын табу мақсатында грант иегері атану үшін, оқу ақысы төмен немесе кейін танысы арқылы жұмысқа орналаса алатын мамандықты таңдап жататындар көп. Жылдар өте келе олардың кейбіреулері өз қалаулары мен мақсаттарын нақты анықтап басқа бағытқа бет ауады, ал қалғандары ағыспен ғана кете береді. Нәтижесінде осы ағысты таңдағандардың көбісі сабақтарын да дұрыс оқымай, жұмыстарына да жауапсыздықпен қарайтыны айдан анық. Осы бетімізбен біз 30 дамыған елдер қатарына қалай қосыламыз? Жағдайды түзету үшін балаларды ерте орта сынаптардан бастап өздері таңдаған ғылым саласы бойынша бағыты түрде оқыту қажет. Оқытылатын пәндер тізіміне тек жұмыста ғана емес берілген білімді күнделікті өмірде де қолданыла алатындарын жинақтау қажет. Егер де бала бір күнін толығымен мектепте өткізсе, онда ғимаратта жеке түрлі өнер кабинеттері, әр спорт түріне сай залдар, ғылыммен тәжірибе жүзінде көбірек айналысуға мүмкіндік беретін зертханалар,осының барлығына арнайы құрал-жабдықтар мен оқытушылар мен жаттықтырушылар болғаны дұрыс.
4. Бос уақытты өткізу. Сыр сандықтың бар құпиясы осы кезде ашылайын деп тұрған сияқты. Заман талабы бойынша қазіргі кезде барлық жастар белгілі бір мамандық иесі атанып, “ДИПЛОМ” атты бүгінде құнын жоғалтып, ақшаға сатылатын бір жапырақ қағазды алу үшін түрлі оқу орындарына түсіп жатады. Білім қуып кітапхана табалдырықтарын тоздыратын студенттермен қатар, сабаққа “көрініп қайту” үшін баратындар да жетерлік. Ендігі мәселе И.В. Сталин айтпақшы “студент жолдастардың” оқудан тыс айналысатын шаруаларының маңыздылығы болып тұр. Негізінен студент сөзі (латын тілінен аударғанда studere- іздену) деген мағынаны білдіреді. Әрдайым жаңа нәрселерге қызығып, ол жайлы ақпарат іздеу кейбір балалардың бойында кішкентай кезінен қалыптасады. Олар өз келешектері үшін іс-әрекеттерін жоспарлы түрде жасап, жан-жақты әрі саналы түрде қимылдайды. Бірақ біздің нысанамыз жастардың мүлдем басқа, көңілдірек тобы. Олар аса таныстыруды қажет етпейтін өмір қиындықтарына қол сілтеп, кез-келген жағдайда жай ғана көңіл көтеру қажет деп есептейтіндер. Бірақ жақсылап көңіл көтеру үшін әжептәуір қаражат қажет емес пе? Осы кезде туындайтын сұрақ “олар осыншама ақшаны қайдан алады? ”. Бірінші тип барлығымызға белгілі мажориктер мен папасы мен мамасының алтындары ата- аналарының сөзіне емес әмияндарына бағыныштылар. Екінші тип жұбының басын айналдыру үшін маска киіп алатын, жағдайы жақсы жігітті немесе қызды іздеген сырты бүтін іші түтін қыздар мен жігіттер. Үшінші тип оқуының ақшасын төлеу үшін жұмыс істеп сабақтан қалатындар. Официант, сатушы, бала күтуші, жүк тасушы т.с.с. жұмыстар ол өткен күннің тақырыбы. Бүгінде жастарды жеңіл, бірақ жалақысы көп жұмыстар қызықтырады. Мәселен, белгілі бір спорт командасына немесе спортшыға ставкалар қою, bigmoney компаниясының жүйесі бойынша адамдарды насихаттау. XXI ғасыр жастарының экономикалық жағдайларының басты көрсеткіші ше? Бинго, әрине, ұстап жүрген телефоны. Сонымен қатар “Instagram парақшасындағы суреттер” деген жауап та қабылданады. Көптеген ақылсыз емес адамдар осыны пайдаланып жастар арасындағы танымалдылыққа ие телефондар, киімдер, парфюм, опа-далаптар, көлік маркаларын, тіпті тамақ түрлерінде ақша жасап жастардың миларын шірітіп, зомбиға айналдыруда.
Жастар саяси білімсіздіктің кесірінен сөздің тура мағынасында санасыз әрекет жасап, барлығы бір сән бығытымен жүреді. Жастар арасында индивидуальность түсінігі өз мағынасын жоғалтқан. Олардың өз жеке пікірлері жоқ, араларында дөрекі сөздерді қолданбай әдеби тілмен сөйлеу тіпті сиреп кетті. Кітапханаға барған күндері бар болса тек тегін wi-fi үшін ғана. Замандастарымның бойынша еш патриотизм, ата-бабаларымыздағыдай батылды, өз ұлтың үшін, қараңғылығың үшін намыс, жағдайы төмен немесе жетімдерге деген жанашырлық, үлкендерге әсіресе ата-анаға деген құрмет, таза махаббат сезімдері жоқ екеніне менің жаным ашиды. Халқымыздық қара баласы әйгілі әзілқой Тұрсынбек Қабатовтың айтқанындай біз Дарвин теориясы бойынша шынымен енді артқа қайтатын шығармыз. Себебі шынымен телефонды қолымызға ұстап алып, басымызды бір көтеріп жан-жағымызға қарай алмайтын жағдайға жеттік. Өз басым қоғамдық көліктерде көп жүретін адаммын, сондағы бір байқағаным бұл жаман әдет орта жастағы адамдар арасында да белең алуда. Бір қызығы олардың телефон арқылы адамдармен хат жазысып, телефонды жұмыс бабымен немесе қажетті бір ақпарат іздеумен емес ойын ойнау үшін қолдануы, түсініп тұрсыз ба ойын ойнау үшін. Әрине , кейбір сәттерде аздап сергіп алған жөн, бірақ екі-үш балалы адамдардың балалардың тәрбиесімен айналыспай, сабағына көмектеспей не жұмыс істемей үйдегі диванда жатып ойын ойнау меніңше мүлдем орынсыз нәрсе.
Жоғарыда айтылғанның бәріне көз жүгіртсек бізге, адамзатқа, әсіресе ұлтымызға қауіп төніп тұр деп қалай айтпауға болады? Егер де біз жағдайды қазір қолымызға алмасақ шынымен ұлтымыздың санасыз, қараңғы болып кетуі әбден мүмкін. Ата-бабамыз жанын аямай мұра етіп қалдырған жерде өзге тегі жоқ біреуге құл болудан Алла өзі сақтасын.
Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезовтың «Ел болам десең,бесігіңді түзе»деген өте терең мәнді,әдемі нақылы бар. Сондықтан ең басты назарымызда балалар тәрбиесіне, бос уақыттарын дұрыс әрі пайдалы өткізулеріне назар аударуымыз қажет. Онымен қоса балаларды оқыта беріп шаршатпай қызықты істермен де айналыстырып, дамытқан жөн. Оқу орындарында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, бір-бірімен тәжірибе бөлісе алатын, жаңа идеяларын ұсына алатын ұйымдар болған жөн. Әрине, ондай ұйымдар бар, бірақ олар кең көлемді емес, сондықтан да жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші мәселелерді бірігіп шешкен әлдеқайда әсерлі болуы сөзсіз. Көркем әдебиет оқуға көбірек назар аударып, қытайдың пластмасс бір батырмалы құралдарын пайдамызға ғана жаратып оның орнына кітап құшақтап жүрейік. Халқымыздың қысқа да нұсқа, мәнді де сәнді сөздерімен сөйлеп үйренейік. Мұхтар Әуезовтың ұлтымыздың бетке ұстар керемет бір “Абай жолы” туындысындағыдай Абай атамыз сияқты өзге ұлт өкілдерімен дос болумен қатар олардан қалыспай жігерлі болайық. Бірде біздің философия пәнінің оқытушысы Кусбеков Д. К. “ Құрметті студенттер, орта жас дағдарысы деген түсінік нені білдіреді деп ойлайсыздар?” деген сұрақ қойған болатын. Әрине біз бұл жайлы ешқашан ойланып та көрмегендіктен, ешкім бізге оны мектепте түсіндірмегендіктен дұрыс жауап бере алмадық. Жауабын ол кісі бізге қарапайым ғана бір ауыз сөзбен түсіндірген болатын. Орта жас дағдарысы деген- ол жас кезіңде армандап, жасауға ерінген я болмаса үлгермеген жұмыстарыңа, жіберіп алған мүмкінідіктерің мен жол берген қателіктеріңе өкіну. Яғни, уақыттың қайта оралмайтынын толыққанды түсінгенде адам өмірінің мәнін іздей бастап, психологиялық дағдарысқа ұшырайды екен. Сондықтан, осы кезеңнен оңай өту үшін бір де бір минутты жоғалтпай қолыңызға алған әр ісіңізді сапалы жасап, өміріңізді мәнді өтуіне барынша күш жұмсаңыз. Жол мұраты жету демекші біздің саятаттану пәнінің оқытушысы Искаков Е.Р. айтқандай “пойыз бағыт алған жеріне жетпесе оның жүргенінен не пайда?”.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1 Психология ранней юности (психологическая наука- школе) : Кн. для учителя. -М.: Просвещение, 1989.-255с.
2 Жизнь как творчество (социально-психологический анализ) Отв. ред. Л.В. Сохань, В.А. Тихонович.- Киев: Наукова думка, 1985.
3 Достоевский Ф.М. Житие великого грешника //Собр. Соч.: В 30 т.-Л.: Наука, 1976.-Т 9.- С. 126.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген