«Өрлеу» біліктілікті
арттыру ұлттық
орталығы» АҚ
филиалы
«Ақмола облысы бойынша ПҚ
БАИ»
Эссе
«Менің өмірімдегі
көшбасшы»
Көкшетау,
2018
«Менің өмірімдегі
көшбасшы»
Ұстаз болу – жүректің
батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің
ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн
шуағы,
Азбайтұғын адамның
алтындығы.
Ғафу
Қайырбеков
Абай атамыз «Бала тәрбиесіне 3
жақ әсер етеді, ата-анасы, ұстазы және жүрген ортасы. Қайсысының
ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады» деген сөзі мені
ойға салды. Бала күнімізде кімді үлгі тұтасың десе, бірден
ұстазымыздың аттарын атаушы едік. Мектепте оқып жүргенде, жанарынан
мейірім төгіліп тұратын аяулы ұстазымыздың әр қылығын іштей
бақылап, жүріс-тұрысын мұқият көз алмай қарап, сүйкімді жүзіне
қараумен отырушы едік. Демалыс күндері сыныптас балалар жиналып,
біріміз мұғалім, енді біріміз оқушы болып, асыр салып ойнаушы едік.
Сол кездері біз ұстазымызды өзіміздің өмірлік көшбасшымыз деп
қарастырдық. Есейе келе, менің армандарым, өмірге деген көз
қарасым, алдыма қойған мақсаттарым да өзгерді, демек өмірлік
көшбасшым да өзгерді.
Көшбасшы – ол бойындағы
қасиетімен басқа адамды рухтандыратын адам. Бүгінгі күні менің
шынайы көшбасшым кім? – деген cұраққа мен әрине анам деп жауап
берер едім.
Менің өмірлік көшбасшым,
ақылшым, досым, кеңесшім ол – өзімнің туған анам. Олай айтудың жөні
бар. Осы күнге дейінгі өмірлік жолында жеткен жетістігім анамның
арқасы деп білемін. «Ана баланы 9 ай құрсағында, 2 жыл бауырында,
өмір бойы жүрегінде көтеріп жүреді» деп бекер айтылмаған. Менің
анам Алматы облысы, Панфилов ауданының Қоңыр-өлең деген ауылдың
тумасы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген анам көбіне әкесінен көп
тәрбие алып өскен. Уақыттың көбін әкесінің қасында өткізген анам
батыл, ержүрек, адал, әдепті, қайырымды адам болып өсті. Сөйтіп
жүріп, 1982-1984 жылдары сол Алматы облысында өз елінің алдында
азаматтық борышын атқарып жүрген жарымен танысып, Көкшетау облысына
тұрмысқа шығып, біздің отбасымыз құрылды. Содан бері, менің анам
қанша қиыншылық көрсе де, шыр етіп дүниеге келген біздерге ештеңе
де білдіртпейтін. Ата-анасынан, ағайын-туыстарынан, бауырларынан
алыс жүрген анам, бізге ана да, дос та, ақылшымыз да, өмірлік
ұстазымыз да бола алды. Әкем қатал адам, әлі де болса сол қалпы.
.....Сол кездегі көз алдымда көрген жағдайлар маған түс болып
көрінсің деп армандайтынмын. Анамның жасын көріп, жанының қиналып
жүргені менің жаныма қатты бататын. Күні-түні жұмыс істесе де,
балалық шақтың бақытты болуына қолынан келгенін барлығын жасап,
біздің қасымыздан табылуға тырысты. Сол кездері, яғни әлі күнге
дейін анамның шыдамдылық қасиеттеріне таң қаламын. Бұл балаға деген
аналық сезім. Қайтеміз, ана бала үшін не істемейді? Отқа да күйеді,
суға да батады.
Қазір болса, менің анам менің
байлығым деп айта аламын. Анам үлгі алуға тұрарлық адам деп
санаймын. Әрқашан көңіл–күйі жадырап, басқа адамдарға шуағын шашып
жүреді. Анам маған мына жарық әлемді сыйлады. Анам өте қарапайым,
жомарт адам. Әр кез айналасындағыларға көмектесуге дайын тұрады.
Анамның бойындағы қызығатын қасиетім әр кез өз-өзіне сенімділігін
жоғалтқан емес. Анам әр кез қыз балаға тән қасиеттерді бойыма
сіңіріп отырды. Қай уақытта дұрыс,қай кезде дұрыс емес екендігін
айтып, бағыт- бағдар беріп отырады. Менің анам «Ана», «Келін» рөлін
абыроймен атқарып жүрген адам.
Ана ол – тіршіліктің гүлі,
отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Қаламы жүйрік
жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған
шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана – барлық өмірдің
бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам
бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен
дариды. Ана – ұлы адам, қасиетті жан. Сондықтан да әр адам өз
анасының ақ сүтін ақтап, ананың алдындағы борышын атқаруы тиіс деп
санаймын. Сол себепті, бойында рухани адамгершілігі мол болатын
оқушыларды тәрбиелеу мақсатын көздей отырып, мен ұстаздық жолды
таңдадым. Ұстаз – бұл баланың екінші анасы, ақылшысы, шынайы
досы.