жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мерекеңмен Анашым! ертеңгілік
Балалар залға жұптасып кіреді. Ортада тұрып би қимылдарын орындайды.
Жүргізуші: Армысың ардақты аспан ата!
Армысың мейірімді , Жер-Ана!
Армысың шұғылалы, алтын күн!
Келді мәне, көптен күткен көктем күн,
Армысың әжелерім, аналарым!
Гүл көктемнің алғашқы мейрамымен,
Құттықтаймыз сіздерді «Қызғалдақ» ортаңғы топ балалары!
Құрметті аналар! Ақ жаулықты әжелер! Сүйкімді қыздар! Көктемнің алғашқы күні 8-наурыз мерекесі құтты болсын! Енді құттықтау тақпақтарын арнайық!
Хадиша: Ана көркі көгімнің
Ана нұры жерімнің.
Ана бағы баланың,
Мақтанышы ананың.
Ернат: Айналайын анашым,
Көкте күн боп жанасың.
Ет жүрегің елжіреп,
Құшағыңа аласың.
Айару: Айналайын анашым,
Жұмысыңа барасың.
Қайтып мені көргенше
Шын сағынып қаласың.
Саламат: Қандай бала болмайық,
Анамызға балдаймыз.
Көтерейікші көңілін,
Ән салайық бәріміз!
Жүргізуші: Олай болса, балалардың орындауында «Сүйікті ана» әнін қабыл алыңыздар!
Ән: «Сүйікті ана»
(Әннен кейін балалар отырады. Осы кезде ортаға Алия деген қыз мұңайып, көңіл-күйі түсіп кетеді)
Жүргізуші: - Сәлем, әдемі қыз, сен кімсің?
Алия: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Менің атым-Алия.
Жүргізуші: Алия сен неге мұңайып тұрсың, неге көңіл-күйің жоқ?
Алия: Балалар, бүгін аналардың мерекесі ғой. Анашыма көктемнің алғашқы гүлін бәйшешекті сыйлайыншы деп едім, бірақ оны қайдан табамын?
Жүргізуші: Балалар Алияның көңілін көтеріп ән айтып берейік.
Ән: «Көктем келді»
(Музыка әуенімен ақ қардың астынан Бәйшешек-Ару шығады)
Бәйшешек-Ару: Сәлеметсіздер ме, балалар, әжелер мен аналар! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын!
Наурыз айы көктемнің,
Құлпырып гүл боп өсемін.
Жайқалған жасыл жапанға,
Жылулық нұрын төгемін.-
-Менімен бірге жылулық пен әсемдік те келеді. Дауыстарыңды естіп міне ортаға келдім. Алия қыз, сен мұңайма, жерде жатқан әр гүлдің астында тапсырмалар бар, егерде барлық тапсырмаларды орындасаң, саған бәйшешек гүлдерімді беремін.
Жүргізуші: Бәйшешек бізде Алия қызға көмектессек болады ма? Балалар Алия қызға тапсырмаларды орындауға көмектесеміз бе?
Бәйшешек: Олай болса, бірінші гүлді алайын. (оқиды) – Бұл гүлде, мынадай тапсырма тілек бар екен.
«Теңіздей тербетіліп көл бетінде
Бишілер билеп берсін тербетіле»
Жүргізуші: Жарқырап тұр күніміз
Жайқалсын бәйшешек гүліміз.
Бақта бұлбұл сайрасын,
Сәнді көктем нұрымен. – Олай болса, ортаға тобымыздың сұлу қыздарын би билеуге шақырайық. Қыздардың орындауында «Көбелектер» биін тамашалаңыздар!
Би: «Көбелектер»
Бәйшешек (тағы бір гүлді алып, тапсырманы оқиды)
Өнерің болса қолыңда,
Өнерлінің ырысы.
Жарқырап жатар жолында.
Жүргізуші: Балалар бұл тапсырманы да оңай орындай аламыз. Аналардың құрметіне сахналық көрінісімізді көрсетейік.
Сахналық көрініс: «Үш ана».
(ортаға стол қойылып, айнала 3 орындық қояды, орындықтың шетін ала стол астында қуыршақ жатыр)
Жүргізуші: Ойыннан келген Әйгерім
Қуыршағын іздейді.
Астынан стол тапты да,
Хал сұрауды көздеді.
Әйгерім: Қызым менің қалайсың?
Томсырайып қарайсың.
Қарның ашып отырмай,
Тамақ ішсең жарайсың.
Егер тамақ ішпесең,
Қу сүйек боп қаласың.
Отыр қане қасыма,
Тамақтанып аласың (отырады)
Жүргізуші: Әйгерімнің осы сәт,
Анасы үйге келеді.
Тағат таппай қызының
Қалын сұрап біледі.
Анасы: Әйгерімжан, бүгін сен,
Тамақ ішіп көрдің бе?
Қызықтап әлде ойынды
Кешке дейін жүрдің бе?
Күнде саған ұмытпай
Тамағыңды іш деймін.
Тіл алмайсың қырсығып,
Осы сені не істеймін. (отырады)
Жүргізуші: Анасының артынан,
Аптығып әже кіреді.
Ол дағы өз қызының,
Қалын сұрап біледі.
Әжесі: Айналайын алтыным,
Шаршадың ба, жарқыным.
Ішпедің-ау тамақ та.
Жайын ойлап жалпының,
Қарашығым, қарағым,
Түсіңкі ғой қабағың
Сөткемен тұрып жұмыста,
Болмай қалды-ау тамағың. (отырады)
Жүргізуші: Аналардың елжіреп,
Ет бауыры барады.
Әрқайсысы сұқтанып,
Өз қызына қарады.
3 ана: Қандай қиын, қараңдаршы,
Қырсық мінез бала болу.
Бәрінен де оңай емес
Білсеңіздер ана болу!
Жүргізуші: Жарайсыңдар, қыздар тапсырманы жақсы орындадыңдар! Енді аналарың мен апаларыңның құрметіне «Жақсы көрем» әнін топтың әнші қыздары шырқап береді.
Ән. «Жақсы көрем»
Бәйшешек: Қараңдаршы, қандай әдемі гүл, тапсырмасы қандай екен, қане көрейік. (оқиды)
«Қысылып еш саспаңдар
Қызықты ойын бастаңдар
Аналардың көңілін
Бір көтеріп тастаңдар»
Жүргізуші: Көңілді бір ойын бар
Ойнайсыңдар ма, балалар!
Ойын: «Мен ең сұлумын»
Бәйшешек: Келесі гүлді алайын. (оқиды) «Балалардың аналарға деген жылы лебіздері».
Жүргізуші: Аналарды құрметтеп,
Жырдан шашу шашайық.
Інжу: Түнде шошып оянар деп,
Маған шырақ жаққан ана.
Оянғанда ойнасын деп,
Сылдырмағын таққан ана.
Мағжан: Ерлік еңбек атқарған,
Еңбегімен мақтанған.
Ел сенімін ақтаған.
Айналайын ақ мамам.
Айсұлтан: Гүлдерді де суарып,
Еденді де жуалық.
Келген кезде жұмыстан.
Қалсын анам қуанып.
Сезім: Әлпештеген анамыз,
Біз бақытты баламыз.
Оқып, білім аламыз.
Жұлдыз болып жанамыз.
Өнерлі боп өсеміз,
Өмір сырын шешеміз.
Бәйшешек: Алия қызым, тапсырмалардың бәрін балдардың көмегімен орындадың, мынау бәйшешек гүлдерін саған сыйлаймын. Балалар, сендерге де сыйлығым бар, мынау сиқырлы қорап, аналарыңа әдемі тілектер айтсаңдар, ішінен тосын сыйлықтар шығады. Мен енді сендермен қоштасайын. Сау болыңдар! (шығып кетеді)
Алия: Рахмет, балалар! Қандай әдемі бәйшешектер!
(осы кезде ортаға Алияның анасы қызын іздеп келеді).
Анасы: Қызым Алия қайдасың, жарығым-ау, күнім сол.
Алия: Анашым мен осы жердемін. (Алия анасын құшақтайды) – Анашым мерекеңіз құтты болсын! Сізге ұзақ өмір тілемін. Мына гүлді сізге сыйлаймын.
Анасы: Рахмет, алтыным!
Жүргізуші: Апа, балалар сізді мерекеңізбен құттықтай отырып, өз өнерлерін сыйға тартады.
Әже туралы тақпақтар айтады (3 тілде).
Раяна: Әже маған базардан
Алма сатып әкелді
Ең үлкенін, дәмдісін
Маған таңдап әперді
Альфараби: Мен әжем,ақ әжем
Ұл мен қыздың бағы әжем
Ертегі айтып бер десем
Айтып бере тағы әжем
Жайна: Апамыз біздің мейірімді
Әлпештейді көңілімді
Әкем шеше анасы
Әркез тілер өмірімді
Арнұр: Менің әжем гүл әжем
Алтын әжем күн әжем
Апам үшін мен үшін
Нағыз ана тілі әжем
Ернар: Өзің мені өсірген
Айналайын ақ әжем
Ақ таяққа сүйеніп
Аман есен жүр әжем
Жүргізуші: Құтты болсын осы шаттық күніңіз
Бақыттты да ұзақ өмір сүріңіз
Қуанышты жүзіңізбен әрдайым
Бұл өмірде күліп қана жүріңіз
Балалардың орындауында «Әжетайым» әнін қабыл алыңыздар
Ән «Әжем»
Жүргізуші: Балалар әжелерің көп кірлерді жуып қойыпты (легенді кірлерді көрсету).Әжемізге көмектесіп кірлерді жылдам жіпке тізіп ілейік.
Ойын. Кірлерді жіпке ілу
Жүргізуші: Жігіттердің биші аяғы
Той дегенде тұра алмас
Тойларында билеп берсе
Қандай ана қуанбас.Енді жігіттеріміз аналарына арнап «Жігіттер» биін билеп береді.
Би «Жігіттер»
Анасы: Өнерлерің өрге жүзсін! Қандай тамаша! Ән де айтасыңдар,би де билейсіңдер,тақпақта айтасыңдар.Өнерлеріңді көріп риза болдым.Сендерге мынадай тәтті тоқаш наным бар,өзім пісірдім,дәм татыңдар.Қызым бұл мереке сенің де мерекең ғой,жүр үйге саған да дайындап қойған сыйлығым бар.
(екеуі қоштасып шығып кетеді)
Жүргізуші: Балалар мерекемізді әрі қарай жалғастырайық.
Гүл гүл жинап бәріміз
Кіреді біздің сәніміз
Аналардың тойында
Би де билеп береміз.Балалардың орындауында тағыда бір биге береміз «Аналар мен әкелер» әзіл биі. Қабыл алыңыздар.
Би «Аналар мен әкелер» (әзіл би коляскалармен)
Жүргізуші: Өмірдің иесі сен,ғазиз ана
Келтірген дүниеге нелер дана
Анасыз батыр да жоқ,ақын да жоқ
Өмірдің алтын кілті сонда ғана!
Ән «Анаға сыйлаймыз»
Жүргізуші: (қорапшаны алады). Балалар жаңа бәйшешек гүліміз мынадай қорапша тастап кеткен еді.Егерде аналарыңа жақсы тілектер айтсаңдар ішінен тосын сыйлық шығады.Олай болса жақсы тілектерді айтыңдар!!! (балалар аналарына арнап тілектеп айтады.Қорапшаның ішінен конфеттер шығады. Балаларға тарату)
Жүргізуші:Бәрі де ана бір өзіңнен басталды
Сен деп жаздым алған өлең дастанды
Қуандым ба өзің бар деп қуандым
Жыладым ба өзің жоқ деп жас тамды
Бәрі де ана бір өзіңнен басталды
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды
Еркелесем бір өзіңе еркелеп
Жасқандым ба тек өзіңнен жасқандым
Осымен құрметті қонақтар сіздерге арналған ертеңгіліміз аяқталды,қош сау болыңыздар!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген