жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мұғалім шығармашылығы.Өлеңдер
Баяхметова Жанат Жанахметқызы
Тарбағатай ауданы, Жетіарал кеншары, Қамысты аулында дүниеге келген.
Қазіргі уақытта Қабанбай ауылында К.Төгісов атындағы орта мектебінде мұғалім болып қызмет етеді.
Өлеңдері Тарбағатай,Ұстаз үні газеттерінде жарық көріп, бірнеше өлеңі «Туған ел-алтын бесігім» атты жыр жинағына енген.
ТІЛІМ МЕНІҢ
Өтсе де ғасыр, ашсаң да тарих парағын,
Өшпейтін мәңгі өзгеден рухты дара тым.
Еңселі елдің, егемендіктің тірегі,
Қалауы мықты діні мен тілі қазақтың.
Келгенде алғаш дүниеге мынау ғаламның,
Естіген едім әлдиін асыл анамның.
Туған тіліммен сіңірдім бойға, санама,
Өткеннен мирас шежіресін дархан даламның.
Туған тіліммен таныдым баба мұрасын,
Қазақтың тілі жетелер алға мұратым.
Бабамның тілі, анамның тілі, ел тілі,
Тек өзіңсің шоқтығы биік тұратын.
Жылжыған уақыт жылдардан жылға ұласқан,
Менің тілімнің құдіретіне куә нұр аспан.
Менің тілімде әйгілі үш би дау шешіп,
КемеңгерАбай Тоғжан қызбенен сырласқан.
Тілімде менің ер Қабанбай ұрандап,
Қорғап бір жаудан аманат еткен даламды.
Тілімде менің феномен-Жамбыл жыр арнап,
Ғасырдың үні таңырқатқан ғаламды.
Тілімде менің Әлия, Мәншүк, Төлегендер сөйлеген.
Тілімде менің Бибігүл Роза даламды әнге кернеген,
Тілімде менің алмастай жырын қару ғып,
Махамбет бабам қылышын жауға сермеген..
Бабадан қалған қазақтың тілі аманат,
Аманат ұрпақ, тигізбе оған жаманат
Желтоқсанда бозторғай үні шырылдап,
Жарқ етіп сөнген қазақтың ұлы ер Қайрат.
Өткенін талай тоқырау қазақ басынан,
Шыңғырған шындық екенін қалай жасырам.
Жаныштап, жаншып бұғаулық торға салсаң да,
Өшпеген мәңгі рухты тілім-қазынам.
Бүгінде,міне,егеменді елім еңселі,
Болашағы кемел жарқырап келед ертеңі.
Бабамнның тілі, анамның тілі, өз тілім,
Аманат етем ұрпағыма мен сені.
Ұрпағым менің, тіліңді мәңгі құрметте,
Құрметте қалқам, ілеспей ойсыз дүрмекке.
Қазақтың тілі қасиетті және қайсар тіл,
Сондықтан мәңгі сақталсын әрбір жүректе.
Қазақ деген ел
Сонау ығылым заманнан,
Қазақ деген халық болып таралған.
Қойдан жуас болғанымен,намысты,
От жүректі, өжет ел боп жаралған
Елін,жерін, бесігін жауға бермеген,
Болса да батпан азап соры көп көрген.
Тапталып,жаншып, жатса да көктей оталып,
Намысты елім тырмысып көкке өрлеген.
Жесірін жатқа, жетімін жәутең етпеген,
Кетігін тауып,толтырған орнын жетпеген.
Намысын қайрап, жігерін ұштап,бірлікте,
Ілескен өмір көшіне жылжып өтпелең.
Қазақ деген ел,
Жылжыды жылжып толқындай,
Бой көтерді жас шынар шыбық солқылдай.
Күні бір туып шуағын төгіп оңынан,
Солынан туды нұрына орап алтын Ай.
Нұрсұлтандай,
Бағына туды бір алып,
Болашаққа бастады халқын жол салып.
Қазақстан қанатын жайды ел болып,
Азияның Барысына айналып.
Жолдады жолдау әр жыл сайын саналы,
Үндеді үндеу, халқына арнап бағалы.
Өркендеді өндіріс жолы өнімді,
Қамқорлыққа бөленді ана балалы.
Қандастар жетті ата бір жұртқа аңсаған,
Өзге елде жүріп шерменде болған қанша адам.
Қазақ деген ел достыққа ашып жүреген,
Тұғыры биік, туы тік тұрды басқадан.
Қазақ деген ел басып бір өтті жолды алыс,
Қазақстан айбыны асқақ-жолбарыс.
Ақтабаннан асып, желтоқсанды жарып өткенде,
Сөз емес оған өтпелі кезең дағдарыс.
Қазақ деген елім
Басыңнан бағың таймасын,
Ұл-қызың текті бабалар жолын жалғасын.
Іргесі тыныш, ел-жұртым аман-сау болып,
Қыраны көкте, ұланы жерде самғасын.
ТАРБАҒАТАЙ- ТУҒАН ЖЕР
Тарбағатай тарихта қалған атың бар,
Сен жайлы толғап жыр жазуға қақым бар.
Сенің төсіңде бүр жарған мен бір қызғалдақ.
Жырым –бұлақ, кел дағы дәмін татыңдар.
Тарбағатай төскейің, жота, қыратың,
Сан ғасырдан ұрпаққа жеткен мұратың.
Қарт Алтайға иығын тіреп тауларың,
Сүйсіндіріп мен мұңдалап тұратын
Толағай жатыр төскейін керіп тыныстап,
Аңыз ғып атын ақындар келген жыр ұштап.
Қойнауы құт, төрт түлік малы мыңғырған,
Ырғызбай әулие мекені болған Ақсуат.
Жамбылдай ұлы абыздың тиген табаны,
Отты жырымен тербеген байтақ даланы.
Тарбағатайлық білуге тиіс әр қазақ,
Веломарафоншы Түгелбек сынды ағаны.
Тарбағатайдың киелі әрбір тасы да,
Сөзге шешен қарты да, кәрі-жасы да.
Жетімді жебеп ,дарынды ұрпаққа жол ашқан,
Тарбағатайлық қазақтың Қанипасы да.
Сан тарихты жатыр басып төсіне,
Сахара жазық кең тыныстап көсіле.
Тарбағатай киелі атың Қабдештің,
Арқау болған әйгілі «Соңғы көшіне».
Тарбағатай- туған жерім, текті елім,
Абаштар туған дүркіретіп бөктерін.
Төскейіңде қауызын жарған мен бір дән,
Шуақты күнім, дауылды күнім көп менің.
Өскемендегі Абай бабам ескерткіші жанындағы ой.
Ғасыр көшіп,жылдар жылжып арада,
Бәріне куә, көсілген көсем кең дала.
Көшпенді елдің көпшігіне оранып,
Бағына туды болмысы бөлек сар бала.
Ана әлдиінен,әже ән-күйінен сусындап,
Жатты сәби бесігінде жыр тыңдап.
Жер ана жатты бір дана туғанын сезініп,
Желаяқ жел жүр жақтауынан үйдің сығалап.
Күн менен айдың, жылдардың ілесіп көшіне,
Жетілді бала данаға айналып төсіле.
Қарады көз сап халқының оң мен солына,
Сарп етті барын елінің бұлдыр жолына.
Жақсы мен жаман ,ақ пенен қараны айырып,
Жарлыны жақтап, кеуделіні жүрді қайырып.
Досынан қасы көбейіп итше талады,
Еркесін елдің сабап та кетті жабылып.
Не істерсің енді, өз қолыңды өзің кеспек жоқ,
Уайым мен ойлар ақынның жанын тескен көп.
Малдан басқа білері жоқ надан жұртына,
Саналы жырмен құйылды төпеп нөсер боп.
Қалмады оның қаламынан қалыс дүние,
Уытты сия мен долы қол жазды күйіне.
Өтірік,өсек,мақтаншақ, бекер мал шашпақ,
Өнер-білім, ғылымға отырды сүйіне.
Налыды ақын халқына «қайран жұртым»- деп,
Ұстара тимей аузыңа түсті-ау мұртың»- деп.
Ескісі қалсын, жас өркен жай- деп -жапырақ,
Ғылымға ден қой, өнер-білімді нәсіп ет.
Өзі де қолын кеш сермегеніне өкінді,
Білім алсын деп итерді жебеп жетімді.
Ақынның салған сара жолынан нәр алып,
Оянып халқы бүгінгі күн міне, жетілді.
Еңсесі бүтін егеменді боп ел толды,
Азаттық аңсаған халқына батпан бақ қонды.
Ақынның аңсаған арман-шуағы орындалып,
Көзі ашық ,көкірегі ояу жұрт болды.
Кеменгер дана, ақыл-ойдың дариясы,
Бас иді саған күллі елдің жас пен қариясы.
Жырыңның маржан моншағын әсем ән қылып,
Қазақтың төрінен төгілді Абай ариясы.
Семейден жылжып жеткенде Өскемен төріне,
Жеткендей болды төбеміз тиіп көгіме.
Дананың ойлы мүсініне қарап толқыдым,
Тұрғандай болып бабамның жылынып деміне.
Шеберді шебер дегенше,Алланы шебер десейші.
Жаратқан жетпіс ғаламды,
Құдіреті күшті бір Алла.
Сүйікті құлы адамды,
Жаратты беріп ой-сана.
Ақылға сана кеңесші,
Құдірет бұл неткен десейші.
Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші.
Жаратты сансыз тіршілік,
Жан берді соның бәріне.
Құрт-құмырсқа, аң мен құс,
Бойлады өмір нәріне.
Ақылға сана кеңесші,
Құдірет бұл неткен десейші.
Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші.
Өмірдің заңы алмасу,
Тіршілік тұрар жаңғырып.
Таразы басын тартады,
Жаңаның орны қабарып.
Ақылға сана кеңесші,
Құдірет бұл неткен десейші.
Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші.
Бәріде Алла қолында,
Бергенін қайтып алса да.
Сабырлық керек адамға,
От пенен суға салса да.
Ақылға сана кеңесші,
Құдірет бұл неткен десейші.
Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші.
Сүйген құлын сынайды,
Жаратуы күшті жаратқан.
Сақтансаң ғана сақтайды,
Айтусыз келген апаттан
Ақылға сана кеңесші,
Құдірет бұл неткен десейші.
Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші.
Бір Алла бәрін көреді.
Істегеніңді сарала,
Күнәңді жуып-шайатын,
Рахмет айы-Ораза.
Ақылға сана кеңесші,
Құдірет бұл неткен десейші.
Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер десейші
Көркем-мінез көркіміз.
Алланың берген сыйымен
Келеміз жайып жапырақ.
Адамзат атты тіршілік,
Баратын жері топырақ.
Пенде боп келіп өмірге,
Пенде боп кету адамдық.
Алланың жолы ақиқат,
Ақ жолға бастар қадам нық.
Жер беті мынау сан-түрлі,
Ниетіне толы адамның.
Аяқтан шалып,көре алмау,
Мінезі қарау-арамның.
«Алла» деген пенделер,
Жаратқаннан сауап алар мың.
Арақ пен ақша әзәзіл,
Ермегі имансыз наданның.
Байлық пен алтын дос болмас,
Қолдың кірі секілді.
Адалдық, ұят, ар-намыс,
Көркем мінез өтімді.
Мұхаммед Алла елшісі,
Иман нұрына ұйыдым
Елім бір өрге басса екен,
Құп алып жаратқан тиымын.
Жер-жерде жатыр өрт шығып,
Халқымды Алла сақтасын.
Тәуелсіз Қазақ елімнің,
Бейбіт күні батпасын!
Желтоқсан
Қараңғы қазақ көгіне,
Жарық нұр сепкен- желтоқсан.
Тәуелсіздіктің жолына,
Қанын бір төккен -желтоқсан.
Аңсаған қазақ бостандық,
Алып бір келген -желтоқсан.
Нұрсұлтандай басшыны,
Көсем еткен- желтоқсан.
Өзге елменен тең қылып,
Еселі еткен -желтоқсан.
Қайрат сынды жастардың,
Рухын жанған -желтоқсан.
Сәбира,Ләззәт жаралған ,
Намыс пен ардан- желтоқсан.
Қыранын көкке самғатып ,
Туын бір тіккен -желтоқсан.
Ата-баба тілегін,
Аспандатқан - желтоқсан.
Бәйтерекпен мәуелі,
Мақтандырған- желтоқсан.
Тіл менен діні шарықтап,
Шаттандырған -желтоқсан.
Қазақтың қазақ екенін,
Таныта білген -желтоқсан.
Тарихта қалып мәңгілік,
Мақтанышым бол -желтоқсан.
Мұқағалиға
Шабыты шалқып өткен қара өлең боп,
Дәуір өзі туғызды дара перзент,
Қарасаз қасиетті құтты мекен,
Кигізген шаранаға өлең-жөргек.
Балалығы сұм соғыспен болған ада,
Жастығы жазылмайтын толған жара.
Жырларың түбі жақұт дария-аға,
Менікі жыр ма мынау, тамшы ғана.
Туат деп өзің айттың нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Сол ақын өзің болдың ұлы дарын,
Бүгінде ұрпағыңа аңыз атың.
Өлеңің ән боп көкте қалықтады,
Тыңдаудан халқың әсте жалықпады.
Қасиетті қазақтың қара өлеңі,
Өзің боп көк әлемде шарықтады.
Дарытып дархан елдің тектілігін,
Муза-жыр мойындатқан өрлік үнін.
Қара сөздің семсері-Мұқағали,
Ұрпағың есіне алды сені бүгін.
Нұр жауған көктемде емес, арқыраған,
Ақпанда жақтық міне жыр-шырақдан.
Өзің жайлы төгіліп жатыр жырлар,
Арнасына сыймаған, сарқыраған.
Ән-жырдың астауына сарқыт толып,
Ақындар жырға қоссын шабыт төгіп.
Қасиеттісін қастерлер ұрпағыңа,
Қала бер жырдың пірі-Мұқаң болып.
Түстегі сүйініш пен өңдегі күйініш.
(Мағжан ақынмен сырласу)
Түсімде көрдім Мағжан ақын өзіңді,
Жалын шашып,оттай жанған көзіңді.
Қуатты жырың ұрандай болып құйылып,
Дүркіреп жауған нөсердей құдды сезілді.
Арыстандай айбаттандың арқырап,
Жолбарыстай қайраттандың қарқырап.
Әрбір сөзің таудан аққан тасқындай,
Есе бермей төгіледі сарқырап .
«Қазақ елі – ел болдың – дейсің – еңселі,
Ұлықсың бүгін, құл боп ең «соры бес елі»
Көзің ашылды,көкірегің ояу ұлт болдың,
Надандықтың жұғыны да жоқ кешегі»
Жастарыма сенген ем – дейсің – жаужүрек,
Толағай сынды кеудесімен тұрған тау тіреп.
Тәуелсіздік ата-бабаң аңсаған,
Жеттің- ау – дейсің –орындалып ақ тілек.
Сөздерің жатыр түйдек – түйдек құйылып,
Рухты сөзіңе барады жаным сүйініп.
-Ақын аға, ұрпағыңа артқан сенімің,
Орындалды,- деймін ,жанарым жасқа жуылып.
Қуаныш жасымен бүкіл жаным тазарып,
Атыпты сол сәт ақ таңым әлсіз бозарып.
Шыққан едім мен де аяңдап елменен,
Қазақ қызын көрдім сағыздай тұрған сазарып.
Аузында шылым, қолында шөлмек сырасы,
Қып-қызыл ерін, доңғалақ дерсің сырғасы.
Жартылай ашық үстіне киген киімі,
Шашы жалбыр,үсті салдыр қасында қазақ құрдасы.
Сөйлеген сөзде қазақшалықтан ұсқын жоқ,
Жартысы орысша,бірен-сараны қазақша
Бейшара тіл жатыр мүскін боп.
Келді де тағы екі-үш жас қазақ дәл сондай,
Қарқ-қарқ күліп кете барды сол бір топ.
Көрдім сол сәт, жанарым кетті жасаурап,
Тыпыршып жаным бой бермей барат асаулап,
Сабыр деп бастым атойлап шыққан намысты,
Кеудеме қайта нығарлап басып, тұмшалап.
Сол бір сәт арттан түрткендей болды біреу кеп,
Жалт қарадым артыма лезде, «о не?» деп.
Алақан жайып қайыр сұрап қазақ тұр,
Сәби бала жанары кеткен жәудіреп.
Ұстаттым оған теңгемді қолым дірілдеп,
Қарады сәби қуанғандай көзі күлімдеп.
Батпадым оған «кім едің» деуге қорқақтап,
Тастанды ма екен ,бейшара
сәби,жүгірмек.
Тас керең болып шуылға толды құлағым,
Қайда деймін жаңа түсімде көрген жұмағым.
Сенген ұрпағың мынау ма ,ақын ,жан аға?,
Бетіңе енді қалайша сенің қарадым.
Сыйқын қара тәуелсіз елдегі қазақтың,
Осылай ма еді аңсаған, баба, азат күн.
Өз елінде жүріп өз тілін білмей ұрпағың,
Масқара болып ортасында жүр мазақтың.
Намыстың барат жаншылап күші жас жанды,
Көрдім мен, аға,тояттаған қазақ асқанды,
Қазақтың қара көздері жатыр сатылып,
Өз Отанында, өз ошағында қалып тастанды.
Түзедім бойды ауыр ойдан жаншылған,
Күбірлеп кеттім «кешір деп ұрпақты сен ,Мағжан».
Абайдай дана кемеңгерді сол сәт түсініп,
Бетті бастым,тұра қаштым жалма-жан.
Тоқтадым біраз, сабырға келдім өзді-өзім,
Жұбаттым жанды, бәріне керек бір төзім.
Жасалып жатыр жақсылықтар қазақ басына,
Көріп келеміз Елбасының ерлік істерін.
Уақыт емші бәрін де, жазар жараны,
Ескінің қазір алыстап кетті аралы.
«Жас Отан» жастар ілгері басып күн сайын,
Елбасын қолдап, өрістетті ісін саналы.
Десек те, бірақ ,тең түсіп тұр-ау таразы.
Тырналап көңіл түбінде жатқан жараны.
Тіліміз деймін,қазақтың тілін айтамын,
Қанатын кеңге сермей алмай-ақ барады.
Үштұғырлылық дедік, үшінші тұр тағы өз тілім,
Өз Отанында тұрып өгейлікте тұр ғой мүскінің.
Ғаламторменен шырмалған ұрпақ санасы,
Ажырап қалмаса екен құдретті тілінен түркінің!
Жырым саған- Елбасы.
Тәуелсізбіз, бүгін біз, байтақ елміз,
Кең жазира даламдай дархан, кеңбіз.
Азияның айналып Барысына,
Өркениет елдермен тепе-теңбіз.
Қарыштады дінім де, тілім де аман,
Көш басында қасқайып тұр Нұр ағам.
Қазақ деген халықтың маңдайына,
Жаратқандай көктегі хақ тағалам.
Әр дәуірдің көсемін тапқан заман,
Ер түріктің қазығы Білге Қаған.
Көк бөрінің танытып тектілігін,
Қазағына бас болған ер Нұрсұлтан.
Желтоқсанда төгілген нақақ қанның,
Аманатын арқалап ұят-ардың.
Елбасы кеткен еді бұйдасынан,
Іліп ап орта жолда шөккен нардың.
Сұлтанына нұр құйып көктен Аллам,
Бастағанын оңғарды қолға алған.
Әр он жылда көркейіп- Қазақстан,
Қуат алды өр халқы жолдауынан.
Ашылды білімге жол тереңдегі,
Елбасы еңбегінің еленгені.
Дамыды өнеркәсіп, ғылым-білім,
Көрінді биіктерден өрендері.
Достыққа,ынтымаққа аштық құшақ,
Қазақтай жоқ әсте ұлт жаны жұмсақ.
Ұтпасақ ,ұтылмаймыз ұғыныссақ,
Байыппен іс істеуге ұмтылыссақ.
Тіліміз, дініміз де асылданды,
Ежелден біз сүймейміз басынғанды.
Жер-жерде Алла үйі бой көтеріп,
Бір тілекке жұмылдырды мұсылманды.
Әнұраным асқақтап шарықтады,
Көк аспанда көк туым қалықтады.
Қазақтай қайсар елге таңдай қағып,
Құрлықтар, материктер таңырқады.
Астанам- әсем қалам бой түзеді,
Жақсылық кім-кімге де ой тізеді.
Асты-үсті Отанымның толған байлық,
Сұғанақтар тасадан көз сүзеді.
Ойлаған бейбіт күннің тыныштығын,
Қайраған құрыш қайрат, намысты ұлын.
Әр сарбаз анты берік, үлгі тұтқан ,
Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлын.
Осындай басшымыз бар, Елбасым бар,
Ғасырда жалқы туар тек асылдар.
Алла өзі бақ қып берген ұлың барда,
Алты Алаштың өр ұлты мақтаныңдар!
Қазақ боп туғаныңа шаттаныңдар,
Асатын алда талай асқарың бар.
Көреген көш бастайтын басшың барда,
Тек алға нық сеніммен аттаныңдар!
Мұқағалиға арнау
Жырдың пірі- Мұқағали-шын құдірет,
Жалғандық жоқ, жыр- теңіз тұр дүркіреп.
Іздеген жоқ ол жырды, жыр тапты оны,
Ол -бұлт болса, жыр-жаңбыр, тұр сіркіреп.
Тау, тас оның сырласы тал мен қайың,
Кім түсінген кезінде ақын жайын?
Тасыған ақын жыры өзен, көл боп,
Бәз біреулер аяқтан шалған сайын.
Ақын жыры аққу боп қалықтаған,
Жоқ ақында тақырып жазылмаған.
«Мұңды ақын» деп біреулер көп сынаған,
Қалай мұңды болмайды, қалай, қалай?
Тағдыр тұрса тәлкек қып азынаған.
Соғыстан ада болған балалығы,
Жоқтықтан жадау көрген жас тұғыры.
Талантын таудай қылып бергенменен,
Қамшының сабындай-ақ бар ғұмыры.
Аз ғұмыр, аз уақыт, аз серпіліс,
Тау тұлға, қалды артында терең тыныс.
Секунды, минут, сағат,күн мен айы,
Өлеңнен құралған бір қалың жыныс.
Шалқар шабыт жанына шыдам бермей,
Өлең- нөсер төгілген аққан селдей.
Қара өлеңнің сезінген құдіретін,
Абайдан соң ақын жоқ, сірә, сендей.
Төсекке таңылса да,тарылса да,
Тағдырдың талқысына бағынса да.
Жыр боп келіп,өмірге жыр боп кетті
Жоқтықтан , қызғаныштан арылса да.
Тыншып ақын жайғасты ұясына,
Солай деуге шынымен қиясың ба?
Ол өлген жоқ, өлмейді мәңгілік ол,
Ұрпақ барда сүңгіген мұрасына.
Тірісінде бағалай алмағандар,
Кезінде ол сондай ед, мұндай ед дер.
Көлеңке боп содан соң қала берер,
Шын таланттар жарқырар, құдіреттер.
Сондаймыз ғой, қашанда сондаймыз ғой,
Жақсыны кеткеннен соң қолдаймыз ғой.
Қолда барда алтынның қадірі жоқ,
Сорлаймыз ғой, қашаннан сондаймыз ғой.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген