Мүмкіндігі шектеулі балаларды қол өнерге баулу Озық дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойған, межелі 100 нақты қадамы бар зайырлы мемлекеттің азаматтары мен азаматшалары болып табылатынымыз біздер үшін зор қуаныш. Себебі, мемлекет өзінің барша азаматтарына нәсілі мен жынысына, жағдайы мен тұрмысына қарамай өсіп – өнудегі, өркендеудегі мүмкіндіктердің барша есіктерін айқара ашып отыр. Ерекше қуанатыны, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жасалып жатқан жағдайлар саны күн санап артуды. Әсіресе, қоғамнан алатын өзінің орнын толықтай сезіне қоймаған мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұл үлкен медет. Қоршаған ортасынан ойып орын алып үлгермеген осындай мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғап, оларды қоғамның белді мүшесі ретінде қалыптастыру - мемлекеттің ғана емес, біздің де баршамыздың міндетіміз деп қарауымыз қажет. Осындай бағытта қызмет көрсетіп жүрген мекемелердің бірі деп Түркістан облысы, Төле би ауданы, Тасарық арнайы негізгі орта мектебін айтуға болады. Аталған мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар 10 – шы сыныпқа дейін білім алып, үлкен өмірге деген алғашқа қадамдарын жасайды. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» - демекші, мектептен алған білімі кез - келген адамның өмірінің соңына дейін ажырамас серігі болатындығы даусыз. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі балалар барлық салаларға негізделген пәндер бойынша дәріс алады. Әр саланың өзіндік үлкен орны болатыны мәлім. Дегенмен, сол салалардың ішіндегі еңбек, әсіресе, қол өнерге баулу саласы тап осы бүлдіршіндер үшін аса маңызды рөл атқарады. Себебі, еңбектегі әрекет – мүмкіндігі шектеулі балалардың барша бұлшық еттерін қозғалысқа салып, мейлінше ертерек өз алдында қалыптасуына мүмкіндік ашады. Ауқымды еңбек баланың жалпы моторикасын қалыптастырса, оның ішіндегі қол өнерге баулу саласы кіші моторикасын дамытады, яғни, саусақтарын игеру мүмкіндігі шектелген балалар үшін бұл сауықтыру жаттығулары деп те қарасытыруға болады. Бұл сала ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және еңбекқорлыққа тәрбиелеп, өмірге деген қызуғышылығын арттыратынын да айтып өту керек. Он екі мүшесі бүтін, дені сау балалар ерікті болған соң қыдыруға, ойнауға, секіру – жүгіру еңбектеріне көп уақыт жұмсаса, мүмкіндігі шектеулі балалар өз мүмкіндігіне қарай әрекет етеді. Басым көпшілігі қол өнер еңбегіне бет бұратыны да осы салдардан. Балалардың өз уақытын бөлген әрбір ісі нәтиже беріп шеберліктерін арттырып отырады. Сол себепті арнайы мектептердегі мүмкіндігі шектеулі балалардың қол өнерге еңбектері басқа балалардан даму сатысы жоғары болады. Олардың танытатын қызуғышылықтарын көзбен көрмесе, сөзбен айтып жеткізу қиын. Қолындағы саусақтарынан ажыраған кішкентай бүлдіршіндердің тілі және иегі арқылы, шынтағы немесе аяқтарының саусақтары арқылы еңбек етіп және сол еңбекті өзінен жақсы игеріп отырғанын көзімен көрген кез- келген адамның жүрегі езілері хақ. Олардың басқа балаларға қарағанда оқу үйренуге деген қызуғышылықтары басым және өмір сүруге деген құштарлықтары ерекше. Бір – біріне деген мейірімі мен құрметтері де ерек. Сол кішкентай бүлдіршіндерден қоғамдағы көптеген ересек адамдардың өзі сабақ алу керек екендігін оларды көрген адамның бәрі сөзсіз мойындайды. Олар үшін ең үлкен соққы – басқа адамдардың оларды саусағымен көрсетіп, өздерін олардан бөлектеуі. Біз қоғамға оларды сіңіріп, оар да сол қоғамның бір мүшесі екенін мойындатуға міндеттіміз. Ал, қоғам – ең алдымен, әрқайсысымыздың өзімізден басталады. Түркістан облысы Төлеби ауданы Тасарық арнайы негізгі орта мектебінің технология пән мұғалімі Джумадилова Қарлығаш Оразқызы