С.Ж.АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 2-КУРС
СТУДЕНТІ
Шаппабекқызы
Аружан
«Неліктен дәрігер болғым
келеді?»
Әр адамның өмірге келгендегі
белгілі бір миссиясы болады. Адам тағдырының бір бөлігі мамандығымен ұштасып
жататындықтан, саналы болып қалыптасу үшін өмір бойы білім алуға
ұмтылу керек. Әрбір адам асқақ арман мен мақсатқа ие. Оны әр адам
әр түрлі қарастырады. Ал, менің түсінігімде әр адам саналы тұрғыда
уақыты жеткенде, өзінің қасиеті мен бейімділігіне қарай белгілі бір
жұмысты атқаруы тиіс. Абай атамыз айтқандай “ Сен де бір кірпіш
дүниеге, кетігін тап та бар қалан .“ Демек, сіз, ол, бәріміз де өз
қалауымызбен өмір сүру үшін, өміріміздің сапалы болуы үшін, жанымыз
қалап жасайтын жұмыспен айналысуымыз керек. Ол хоббиді кәсіпке
айналдыру емес. Маман дегеніміз - өз кәсібінің шыңырау шегіне
жеткен, білімі жетік, жұмысына адал, еңбекшіл, сол жолда өмір бойы
еңбек пен күш жұмсайтын адам! Әңгімемнің әлқиссасы “менің
мамандығым” жайында болмақ.
Мамандық сөзі латын тілінен аударғанда “ жұрт
алдында сөйлеу” деген мағына білдіреді.Мұны көп адамдар ұғына
бермейді. Мен осы ұғымды енді түсініп келе жатқандаймын. Өйткені,
өсе келе қалыптасып, бір мамандық иесі атану үшін қаншама еңбек,
қаншама тер төгу қажет екенін түсінгендеймін.Ал сондай белестерден
өту үшін адамға ең алдымен ой ұшқырлығы, талпынысы мен қызығушылығы
керек деп ойлаймын. Заманымыз дамыған, қажеттіліктеріміз артқан
сайын мамандықтар тізіме де шексізденіп барады. Қай оқуды оқып, кім
боларын білмей жүрген қаншама жасөспірім бар. Бірі табысы көп
трендтегі мамандықтарды іздеп жүрсе, енді бірі өз қабілеттілігіне
қарай, ал енді бірі грантта оқысам болды деп ойлайды. Ал, осы сәтте
бір қызық айтайын, біздің қоғамда, шет елде, тіпті адамзат өмірінде
дәрігерлік мамандық ешқашан да өз маңыздылығын һәм өзектілігін
ешуақытта жойған емес. Менімен келісесіз бе?
Біз
бала кездегі арман мен есейе келе қалыптасқан тұлғаның мақсаты екі
бөлек нәрсе екенін шатастырып алмауымыз керек. Анықтап берейін,
бала кездегі арман ол біздің теледидардан немесе өзіміз көріп
жүрген, нақтылай кетсек өз мансабында жетістігі мол жандарды көре
жүріп қиялдаған дүниеміз. Асылында, сол жетістіктің артында қаншама
ізденістер, болашаққа басқан ауқымды қадамдар, сүрінулер, құлаулар
тұрғанын байқамаймыз. Ал еліктеу арқылы туындаған арман сізге
ешқашан да мақсат бола алмайды! Мәселен, мен бала кезімде “дәрігер”
болуды армандап қана қоюшы едім. Себебі, бала кезімізден
дәрігерлердің қандай құрметті жандар екенін көріп өстік. Менің де
сондай құрметке оңай жеткім келген болар бәлкім. Ал сол атақтың
артындағы адам өміріне жауапты екендігін, маңыздылығы мен
құндылығына аса мән бермеген екенмін. Ал қазір ше? Қазір
мамандығыма ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарауды үйренудемін.
Себебі, уақыт өте келе бұл жолдың өте ауыр екендігін, ауырлығымен
қоса мәртебелі екендігін сезініп келе жатырмын.
Дәрігер... Мен бала кезімдегі арман мен
есейгендегі мақсатымды бір арнаға тоғыстырған жанмын! Санжар
Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің студенті
атанғаныма биыл 1 жыл! Осы бір жылда түсінгенім, бұл мамандық аса
ұқыптылық пен табандылықты талап ететін мамандық. Адам жанының
арашасы болу көптің қолынан келе бермейтін, тәуекелшіл адамды ғана
өз шыңына шығаратын, батыл жандарға ғана жарасқан! Сол
жарасымдылықты мен өз бойыма қалыптастырып келемін! “Ақ халатты
абзал жан” деген теңеудің астарында зор мағына, үлкен тағылым
жатқанын байқасақ, бұл мамандық иелерінің жұмысы қиын әрі қатал
екенін аңғарамыз.
Қанша қиын болса да мен өз мақсатымнан
қайтпаймын. Оқуымды ең үздік түлек ретінде тәмамдап, алған дипломым
жұмысымның ең биігіне шығаратынына сенімім мол. Сондықтан да, 9 жыл
оқу мерзімім маған кәсібилікті, білімім мен біліктілігімді арттырар
жыл болмақ!
Әлемде белең алып жатқан коронавирус пандемиясы
да дәрігерлердің қаншалықты маңызды мамандық иесі екенін, қоғамда
қаншалықты маңызды орынға ие екенін ұқтырғандай.
Бірақ, дәрігер ол - тек емдеу
маманы емес, сонымен қатар психолог та, яғни емделушілердің көңілін
тауып, тәнін ғана емес жанын да қоса емдеп шығаруға тырысу керек.
Жұмысына адалдықпен, тазалықпен қарай алған адамның табысы да өз
ойлағандай боларына кәміл сенемін!
Қазіргі таңда қарасаң
табиғатына көз тоймайтын таулы өлкем туған жерім-Маңғыстауда
білікті дәрігерлер, соның ішінде хирург мамандар және технологиялар
дамыған заманда мұнда замануи аппараттар да өте тапшы. Мен алдағы
уақытта осы аталған проблемалардың шешімін тауып, халыққа адал
қызмет ететін, Қазақстанның түкпір-түкпірінде білімі бар, бірақ
жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмай жүрген мамандарды жинап,
жұмыспен қамтамасыз етіп, заманауи құрылғылар алып, жеке өзімнің
клиникамды ашқым келеді! Ол жолдың ауыр екенін білемін және оңай
жету мүмкін емес. Сол жолда өмір бойы ізденіп, білім алудан
жалықпаймын! Себебі өз мақсатым мен таңдауыма құрметпен қараймын!
Дәрігер адам өмірімен жұмыс жасайтын болғандықтан қателесуге
болмайтынын бәріміз де білеміз. Әрбір науқасқа нақты әрі дұрыс
диагноз қою біліктілікті талап ететіндіктен мен өз жұмысымда
салғырттыққа ешқашан жол бермеймін. Енді менің мойныма үлкен жүк
артылады. Соған қарамастан мен осы мамандықты ойланбастан
таңдаймын. Мен өзімнің мақсат-мүддеме жету жолында кездескен
қиындық болсын, сүріну болсын ешқашан тоқтап қалмаймын. Мықты
дәрігер болып халқыма тоқтаусыз қызмет жасаймын! Оған мен өзімнің
және сіздердің алдарыңызда ант етемін! Ант
етемін!!!