Нұрлы тәуелсіздік
(эссе)
«Жердің де, елдің де иесі өзің
екеніңді ұмытпа!»
Н.Ә.Назарбаев.
«Тәуелсіздік» сөзі қандай
жылы, жағымды, құдіретті сөз десеңізші! Бүгінгі ТӘУЕЛСІЗДІК кешегі
тарих беттеріне қызыл қанмен жазылып, ақ найзаның ұшымен қорғалған,
ақ білектің күшімен жеткен бабалар аманаты. Азапқа толы бұл азаттық
бізге оңай келген жоқ.Қазақ халқының асқан қайсарлығының
,ержүректігінің арқасында қолымыз жетті.
«Абылайлап» атой салып атқа
қонған, қасық қаны қалғанша ұлтарақтай жерін қорғап өткен
бабаларымыз,сан ғасырлар бойы азаттық, тәуелсіздік үшін күресті,
елім деп еңіреді, жерім деп күңіренді, қазағым деп
қайғырды.
Азаттықты аңсаған
ата-бабаларымыздың ежелгі арманы тәуелсіздік
болды.Ата-бабаларымыздың өмірі ат үстінде өтті.Азаттық үшін күресте
аянбай қылыш серместі, талай қиыншылықтарды бастан кешті. Елім деп,
жерім деп еңіреп өткен ерлер қаншама десеңізші!Бірақ, қандай
қиындық болсын мойымай, асқан қайсарлықпен, ержүректікпен қасқайып,
тағдырдың сынына төтеп берді.Осының бәрі болашақ ұрпақ, біздің
қамымыз үшін жасалған ата-бабаларымыздың қамқорлығы деп
білемін.
Тарихқа үңілер болсақ, жоңғар
шапқыншылығы, ұлт-азаттық көтерілістер, ақтабан шұбырынды, алқа көл
сұлама, сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің озбырлығы, бәрі-бәрін
азаттықты аңсаған біздің ата-бабаларымыз бастан өткізді.
І.Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында: «Бұл жұрт сонау көне
заманғы Кир,Дарий патша жасақтарының, біздің заманымыздағы Атилла
бастаған қаһарлы хунналардың, Шыңғысхан татар-моңғолдарының, Алтын
Орда хандарының шабуылдарын, талауларын, алып даласын олардың қан
жоса еткенін, Қытай,Жоңғар, Боғдыхан қоңтайшыларының
жорық-қиянаттарын, Россия ақ патшаларының қанауларын-бәрін-бәрін
бастан өткізді.Бәріне де шыдады, жалғыз жаңқасы қалғанша күресті,
ақыры жерін де, суын да ешкімге бермеді.Сол көне қонысында қалды...
Кешегі Алтын Орда тұрған негізгі далада жаңа Қазақ Республикасы
орнады»-, деп зор мақтанышпен жазды.
Қандай қиыншылық күндерді
бастан кешпеді дейсіз? Бірақ, құрбандықсыз жеңіс
болмайды.Тәуелсіздік –Ләззәттың, Қайраттың қанымен,қыршын кеткен
жас өмірдің, желтоқсанның ызғарымен келген –Ұлы Жеңіс.Осындай
қиындықпен келген тәуелсіздіктің ғұмыры мәңгілік болу үшін аянбай
еңбек етуіміз, ауыз біршілікте, тату-тәтті өмір өмір сүруіміз керек
деп ойлаймын.Ол үшін қазіргі жастар ұлт болашағына қазірден бастап
өз үлесін қосуы керек,олардың ең басты міндеті- білімді болу.
«Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» демекші,білімді басты
назарда ұстағанымыз абзал.Бұл заман білімді, үш тілді еркін
меңгерген,, озық технологиялық инновацияға толы білімі мен
техниканың үздік ғасыры. Осыған орай «Табысты болудың ең іргелі,
басты факторы білім екенін әркім терең түсіну керек» деп атап
көрсетті елбасымыз Н.Ә.Назарбаев.
Ата-бабамыздың сонша ғасырдан
бергі арман-тілектері қазіргі таңда орындалып, ұрпақтары
тәуелсіздіктің берекелігін бастан
кешудеміз.
Елбасымыздың «Қазақстан –
2030», «Қазақстан – 2050» стратегиясы еліміздің дамуының басты
жоспары , «Болашаққа бағдар:рухани бағдар» бағдарламасы біздің
бағыт-бағдарымыз, айқын дара жолымыз. Қорыта келгенде,біздің
алаңсыз өмір сүріп жатақанымыз –Тәуелсіздіктің нұрлы
таңы,халқымыздың татулығы,дарқандығы деп есептеймін. Қиындықпен,
қаншама ғасыр аңсап,қолымыз жеткен Тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік
желбірей берсін!
Алматы облысы Жамбыл ауданы
Ұзынағаш ауылы
С.Бердіқұлов атындағы орта
мектептің
қазақ тілі және әдебиет
мұғалімі Төлегенқызы Жібек