жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»
«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»
Ашық сабақтың мақсаты: ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың қазақ әдебиетіндегі алатын орны, шығармаларының маңыздылығын насихаттау. Қазақ халқының ғылымы мен өнерінің дамуына үлес қосқан қазақтың біртуар азаматтарының бірі Қайым Мұхамедхановтың өмір жолын, еңбек жұмыстарын, ең бастысы өнер мен ғылымға жанашыр тұлға екендігін кейінгі ұрпаққа, жас буын өкілдеріне таныту.
Ашық сабақ келесі кезеңдерден тұрады:
-
Қайым Мұхамедхановтың өмір өткелдері
-
Қайым Мұхамедханов — әдебиетші, аудармашы, драматург, зерттеуші ғалым, текстолог
-
Қ.Мұхамедханов – абайтанудың абызы
-
Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы
-
Түрме қабырғасы жігерін мұқалта алмаған Қайым
-
Түйінсөз: «Ұрпақ үні»
-
Қорытынды
Сахнада ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ туралы слайд жүріп жатады. Марат бұрышта үстел басында. Қ. Мұхамедхановқа арнауын оқып отырады
Сахнаға жүргізушілер Марат пен Мейрамгүл шығады
Мейрамгүл:
ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ (05.01.1916 – 30.06.2004) – ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері. Қайым Мұхамедханов – қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым.
Марат:
Қазақ ССР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей, Аягөз қаласының, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.
(Экранда хронологиялық таблица)
Мейрамгүл:
Көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханұлы – алаш арыстарының соңғы тұяғы, білімдарлығымен ғұламалыққа жеткен жан. Тірісінде Мұхтардай ұлы ұстазының өсиетін өмірінің өзегіне айналдырып Абай шығармашылығын зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған, сол үшін 25 жылға сотталса да түрме қабырғасы жігерін мұқалта алмаған Қайым туралы сөз ешқашан таусылмақ емес. Кемел ойлы кемеңгер ғалымның соңына қалдырған ұшан терең теңіз еңбектері бұл күнде қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналды.
Марат:
Қазақ совет энциклопедиясының он екі томына сыни-деректемелік талдау, әдеби-тарихи зерттеулер, Абай мен Махамбет шығармаларының текстологиясы. Бұлар- ғалымдық еңбектің ең үздік үлгілері. Бұл еңбектер қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ой-сана, пікір – тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті.
Мейрамгүл:
Ендеше, зерттеуші-ғалым, кемеңгер-қаламгер «Абайтану ғылымының ғұламасы — Қайым Мұхаметхановтың» туғанына 100 жыл толуына арналған «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты ғибрат ғұмырнамалық,танымдық ашық тәрбие сағатымызды алдарыңызға ұсынамыз
Презентация
Топ тыңдаушылары сахнаға шығады, слайд көрсетіліп жатады (Қайым Мұхамедхановтың өмір өткелдері – өмірі, шығармашылығы жайлы)
Топтың алдында Серікжан (Қайым рөлінде)(сахна сыртында баяу музыка ойнап тұрады):
Мен 1916 жылы 5 қаңтарда бұрын Заречная Слабодка деп аталған, қазіргі Жаңа Семейде дүниеге келіппін. Бұл жер 1917 жылдан 1930 жылға дейін Алаш аталып келді. Дәл бүгін осылай атасақ, Семейдің рухы көтерілмей ме?!
Мұхтар семинарияда оқып жүргенде-ақ әкем Мұхамедханұлының туған інісіндей болып кетті де, мені жанына тым жақын тартты. Осы сыйластық үзілмей, ер жеткенде оның рухани інісі етті. Біз қудалауға түскенде, мені оның «жан торсығы» деп тілдеді. Мұхтардың ұлы екенін сол кезде мойындап қойғандықтан ба, бұған менің мұртым да қисайған жоқ, қайта, тіптен қанаттанып қалдым. Мұхтардың тікелей ұсынысымен абайтануды, әсіресе, Абайдың ақындық мектебін зерттеуге ден қойдым.
1951 жылы сәуірде «Абайдың әдебиет мектебі» атты еңбегім бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Оның арты дау-шарға, пәле-жалаға ұласты.
Ақырында «халық жауы» ретінде бес адам 25 жылға кесіліп айдалдық. Олар: Е. Бекмаханов, Е. Ысмайылов, Б. Сүлейменов, Қ. Жұмалиев және мен – Қ. Мұхамедханов.Мұхтарды да түрмеге тықты, ғылыми диссертацияның күшін жойып, жиған- терген, жазған дүниелерімді жойып жіберді. Осы тәуелсіздікті, Абайдың айналасындағы ақындардың бостандығын өмір бойы аңсадым ғой. Арманыма жеттім!
Экранда презентация (Іздемеске бола ма…)
Райхан:
Іздемеске бола ма…
Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,
Толқын жуып, қаншама шайылды іздер…
Бұл күндері Семейге келген адам
Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер.
Іздемеске бола ма бұл ағаны-
“Бар Семейді жеке алған”ғұламаны.
Қайым десе,кең дала дүбір салып,
Құлағыңа келеді бұлақ әні.
Назым:
Бірде шарт-шұрт, ал бірде жарқын күліп,
Шартарапқа қиялын талпындырып,
Тарих кенін қазады тыным алмай,
Ауыр жүкті мойнына артып жүріп.
Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,
Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.
Академия бір өзі Семейдегі-
Өзі музей,
Өзі архив
Өзі мектеп.
Айтов Н. Іздемеске бола ма…/ Мұхамедханов Қ. Тағдыр және Карлаг.- Алматы,2008.-209-211 б./
Жансая:
Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағы зиялылардың бас қосып кездесетін ордасы болды. Ауқатты әке Абай мұрасын қастерлеген. "Айқап”, "Абай”, "Қазақ”, "Шолпан”, "Сана”, "Сарыарқа”, "Таң” сияқты басылымдарды үй кітапханасына алғызып, жан азығы еткен. Сондай ахуалда өскен зерек, зейінді бала Қайымның ойы мен сезімі елшіл, отаншыл, қазақшыл болып, табиғи үрдісте қалыптасқан. Бұл жөнінде Қ.Мұхамедханов естелігінде былай дейді: «Әкемнің сол жағалаудағы еңселі шатырлы үйі халқымыздың арғы-бергідегі бетке ұстар қаймақтары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезовтер жатып, кеңесетін думанды отау болыпты». Қ.Мұхамедхановтың Алаш қаласы атанған Семей топырағында дүниеге келіп, рухани құнары мол ортада тәрбиеленуі оның биік белестерге көтерілуіне айрықша ықпал етеді.
Айша:
Қайымның әкесі – Мұхамедхан Сейтқұлов (1870-1937) – аса мейірімді, білімді, жомарт, алашордашы, ислам уағызшысы болған адам еді. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. 1911 жылы Сейтқұлов Міржақып Дулатовты кепілдік салып, тұтқыннан босатады,Шәкәрімнің қамаудан босап шығуына көмектеседі.
Туған үйдің жылуы, қоршаған ортасы, білім өрісі өзінің елі мен жерін шынайы сүйетін, сондай-ақ ғылыми-мәдени құндылықтарды сақтауды ниет еткен тұлғаны қалыптастырды. Алты жастағы Қайым әкесінің үйінде алғаш рет М.Әуезовты көрді, ол мұнда жиі қонақта болатын.
Қайымтанушы ғалым Ербол Іргебайұлының сөзі (бейнесюжет)
Жансая:
(Қ.Мұхамедхановтың мемлекеттік рәміздерді әзірлеуге қосқан үлесі) Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы (1945). 1943 жылы Қазақ КСР-ның алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жасауға байқау жарияланған болатын. Соңғы нұсқасы ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Григорьевич Брусиловский мен Латиф Абдулхайұлы Хамидидің әуеніне жазылған Ә.Тәжібаевтың, Қ.Мұхамедханов, Ғ.Мүсіреповтің мәтіні қабылданды. Әнұран 1945 жылы бекітілді.
27 жастағы жас жігіт Қ.Мұхамедханов 1943 жылы конкурс жеңімпазы атанды. Алғашқы жолдары «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» -деп басталады. О заманда мұндай жалын атқан сөзді тек нағыз патриот қана жаза алатын. Сол замандағы билік өз халқын ер, ержүрек деп айтуға жасқанатын, сол себепті «ер» сөзін «біз» деген сөзге ауыстырып, жекелеген авторлар – жас ақын (Қ.Мұхамедханов) және жас композитор (М.Төлебаев) яғни, «серіктестер» ұжымы атынан шығарды.
1992 жылы Қайым тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы жеңіске жетті.
Еркежан:
Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Қазақстанда, Семей қаласында тұңғыш Мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайын ұйымдастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.Қ.Мұхамедханов ұстазы М.Әуезовпен бірге Семей қаласында алғашқы ғимаратты таңдады. Сол кезеңде 500 жәдігер нақтыланды, барлық жәдігерлерге ғылыми сипаттама беріліп, мұражай бойынша толық «Жолбасшы» құрал жазылды.
Малика:
Қызметін мұражайда аға ғылыми қызметкер болып бастаған Қайым, жоғары оқу орнында сабақ беруін жалғастырды, ал 1947 жылы Мұражай ҚазССР-і Ғылым Академиясы қарамағына өткізілген кезде және ғылыми қызметті сақтап қалу мақсатында, Академия Президенті Қ.Сәтпаевтың бұйрығымен ол Мұражай директоры болып тағайындалып, 1951 ж. репрессияға дейін басшылық етті.
Марат:
Қорыта келгенде, ойы биік, жаны таза ғалымның тарихымызға қосқан ең үлкен үлесі – ол кісі үзеңгілерімен бірге, о заман мен бұл заманның арасына салынған алтын көпір бола білді. «Ғалымның хаты өлмейді» деген, міне, осы.
Саналы ғұмырында атақ үшін емес, ұлы Абай үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, өткен ғасырдың ары, бүгіннің заңына айналған адам — Қайым Мұхамедханұлы.
Қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі — Қайым Мұхамедханов мұрасы бүгінгі жастарға үлгі, өнеге.
Мейрамгүл:
Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен ғылыми қызметі ешуақытта ұмытылмақ емес. Ғасырлар өткен сайын оның бейнесі тұлғаланып, келер ұрпақтың алдынан шықпақ.
Сан қырлы талант иесі, қайсар да, рухты ғалым Қ.Мұхамедхановты жас ұрпақ біз ешқашанда ұмытпауға тиіспіз!
Марат: Осымен біздің «Абайтану ғылымының ғұламасы — Қайым Мұхаметхановқа» арналған ашық сабағымыз аяқталды. Қатысып, көңіл бөлгендеріңізге алғысымызды айтамыз! Сау болыңыздар!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген