11
Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған
«Ана тілі»пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы
(оқыту қазақ тілінде)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Ана тілі» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі – бағдарлама) «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.
2. Бағдарлама құрылымы мен мазмұны А.Байтұрсынұлының мынадай ұстанымдары негізінде айқындалды, олар оқулық жазуда басшылыққа алынады:
-
оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту;
2) білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу.
3. «Ана тілі» пәнінің мақсаты – білім алушының оқу-жазу дағдыларын жетілдіру және тілін дамыту.
4. Оқу бағдарламасының міндеттері білім алушының мынадай дағдыларын қалыптастыруды көздейді:
1) сөзді тұтас оқуға, мәтінді түсініп оқуға, мәнерлеп оқуға және шапшаң оқуға машықтандыру;
2) жазу дағдысын (қатесіз, сауатты, көркем жазу) қалыптастыру;
3) сөздік қорын байыту;
4) коммуникативтік дағдыларын (өз ойын толық жеткізе білу, өзгенің пікірімен санаса білу, әңгімелесу, сөйлеу әдебін сақтау) қалыптастыру;
5) тілдік бірліктерді (мәтін, сөйлем, сөз, буын, дыбыс) ажырату, салыстыру, топтастыру, талдау дағдыларын дамыту;
6) тілдік білімі мен дағдыларын тәжірибеде қолдана алу;
7) кітап оқуға қызығушылығын ояту, сөз өнеріне баулу;
8) танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту;
9) ана тіліне, Отанына, туған еліне, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту;
10) жеке тұлғалық қасиеті мен әлеуетін ашу;
11) тұрақты зейіні мен есте сақтауын, логикалық ойлауы мен білім алуға деген қызығушылығын қалыптастыру;
12) физиологиялық ерекшеліктерін ескеру және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау.
2-тарау. «Ана тілі»пәнінің мазмұны
5. «Ана
тілі» пәні бойынша оқу жүктемесі аптасына
6 сағаттан, барлығы ІІ жартыжылдықта 102 сағатты
құрайды.
6. Оқу пәнінің мазмұны:
1) негізгі тілдік бірліктерден (мәтін, сөйлем, сөз, буын, дыбыс);
2) қазақ тілі бойынша қарапайым грамматикалық дағдылардан;
3) орфоэпиялық, орфографиялық, пунктуациялық нормалардың қарапайым түсініктерінен;
4) балалар әдебиетінен (ауыз әдебиеті мен көркем әдебиет) құралады.
7. «Ана тілі» пәнін
оқыту әліппеден кейінгі
кезең бойынша
ІІ
жартыжылдықта «Ана тілі» оқулығы арқылы жүзеге
асырылады.
8. Әліппеден кейінгі кезеңнің міндеттері:
1) тыңдалым, айтылым әрекеттері арқылы сөз өнеріне баулу;
2) ауызша тіл мен жазба тілін дұрыс дамыту;
3) мәтінді дұрыс оқу, түсініп оқу, мәнерлеп оқу, шапшаң оқу дағдыларын қалыптастыру;
4) ауыз әдебиет үлгілері мен көркем шығармалар арқылы ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеу;
5) тілдік білімнің алғашқы негіздерін меңгерту;
6) бастапқы жазу нормаларын сақтап, сауатты жазуға дағдыландыру;
7) көркем жазу дағдыларын дамыту;
8) мәтінмен жұмыста дереккөздерді пайдалана білуге машықтандыру.
Әліппеден
кейінгі кезеңнің міндеттерін жүзеге асыруда
А.Байтұрсынұлының жалқылаулы-жалпылау әдісі, тұтас сөзді әдісі,
жазу-оқу әдісі басшылыққа алынды.
9. «Ана тілі» пәнінің базалық білім мазмұны.
Тыңдалым мен айтылым:
1) тыңдалым материалының мазмұнын түсіну; сұраққа дұрыс әрі нақты жауап беру; сөз мағынасын түсіну; сөзді дұрыс қолдана білу; сөз әдебін сақтай отырып, өз ойын айта алу;
2) сөйлеу барысында ым-ишара, қимылды қолдану; сөз сазын (ырғақ, екпін, әуен, қарқын, кідіріс) сақтау; ертегі айту; өлең, санамақ, мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақты жатқа айту;
3) орфоэпия: сөзді үндестік заңына сәйкес айта білу; жаңылтпаш айта білу, ойын жаттығуларын орындай алу;
4) сөздік қорын байыту, сөздерден сөйлем, сөйлемдерден шағын мәтін құрау;
5) тыңдалым материалын мазмұндау, сюжетті суреттер бойынша әңгіме құрау; көрген-білгені, естігені туралы әңгімелеу;
6) сөйлеу барысында (әңгімелесу, әңгімелеу, пікір алмасу, сахналау, рөлдік ойындар) сөз әдебіне үйрену;
10. Оқылым:
1) сөздің мағынасын, сөйлемде айтылған ойды түсіну;
2) сөйлемді, мәтінді дауыстап оқу; мәнерлеп, түсініп оқу, мұғалімнің қолдауымен мәтіннен қажет ақпаратты тауып оқу;
3) айтылу мақсатына қарай сөйлемнің интонациясын (хабарлы, лепті, сұраулы) сақтап оқу;
4) сөздерді оқу барысында дыбыс үндестігін сақтау;
5) сөздердің мағынасын (мәндес; мағынасы қарама-қарсы; айтылуы бірдей, мағынасы әртүрлі сөздер) ажырату, сөздік қорын байыту;
6) мәтін тақырыбын «Кім (не) туралы?» деген сауалдар арқылы анықтау, оқылған мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру;
7) оқыған мәтіні бойынша өз ойын, алған әсерін білдіру;
8) әліпби ретімен құрылған дереккөздерден (суретті кітап, сөздік, анықтамалық, энциклопедия) мұғалімнің қолдауымен қажетті ақпараттарды табу;
9) сурет, сызба түрінде берілген ақпаратты түсіну;
Ескерту: көркем шығарма көлемі – 45-65 сөз, ғылыми-танымдық мәтін көлемі – 20-30 сөз.
ІІ жартыжылдықтың соңында оқу жылдамдығының нормасы: минутына 25-30 сөз; шылау, одағай, еліктеу сөздер, қос сөздер жеке сөз ретінде саналады.
11. Балалар әдебиетінен (ауыз әдебиеті мен көркем әдебиет) тілі жеңіл, Отан, туған жер, табиғат, жан-жануарлар, отбасы, еңбек, денсаулық туралы мәтіндер беріледі.
12. Жазылым:
1) әріптерді талапқа сай көркем жазу; әріптерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, үздіксіз әрі үзбей (ырғақты) жазу;
2) әр сөйлемнің бас әріптен басталатынын, сөйлем ішіндегі сөздердің бөлек жазылатынын, сөйлемнің соңына тыныс белгі қойылатынын білу, қолдану;
3) көшіріп жазу және есту, есте сақтау арқылы сөздерді (7-10 сөз), жай сөйлемдерді (3-4 сөйлем) жатқа жазу, жазғанын үлгіге қарап тексеру;
4) сөздерден сөйлем, сөйлемдерден шағын мәтін құрау;
5) сауатты және көркем жазуға дағдылану;
6) заттың атын, сынын, санын, қимылын білдіретін сөздерді дұрыс қолдану;
7) бас әріппен жазылатын сөздерді (кісі аттары, жер-су атаулары, үй жануарларына арнайы қойылған аттар) ажырату, дұрыс жазу;
8) сөйлеу барысында жалғауларды қолдана білу;
9) мұғалімнің қолдауымен сөзді тасымалдау.
Ескерту:
2-жартыжылдық бойынша жазба жұмыстарының көлемі: сөздік
диктант – 4-5 сөз, диктант – 12-20 сөз, мазмұндама – 10-15 сөз,
мәтінді көшіріп жазу –
10-20 сөз, шығармашылық мәтін – 3-4 сөйлем (10-15 сөз). Жазба
жұмыстарының санын мұғалім білім алушылардың меңгеру деңгейі мен
қажеттілігіне орай белгілейді. Жазба жұмыстарын күнделікті жүйелі
ұйымдастыру ұсынылады.
3-тарау. Оқу мақсаттарының жүйесі
13. Бағдарламада оқу мақсаттары кодпен берілген. Кодтың бірінші саны сыныпты, екінші және үшінші саны негізгі дағдылардың ретін, төртінші саны оқу мақсатының ретін көрсетеді. 1.2.1.1 кодында: «1» – сынып, «2.1» – негізгі дағдылар, «1» – оқу мақсатының реті.
14. Оқу мақсаттары күтілетін нәтиже түрінде айқындалған:
|
Тыңдалым мен айтылым |
|
|
Негізгі дағдылар |
Оқу мақсаттары |
|
1.1 Тыңдалым материалы арқылы бастапқы тілдік ұғымдарды түсіну |
1.1.1.1 мәтін, сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы бастапқы тілдік ұғымдарды түсіну |
|
1.2 Тыңдаған материалды мазмұндау |
1.1.2.1 көмекші құралдар (тірек сызба, сюжетті сурет) арқылы оқиғаның ретін сақтай отырып баяндау |
|
1.3 Оқиғаны болжау |
1.1.3.1 тақырыбы мен иллюстрациясы бойынша мәтіннің мазмұнын болжау |
|
1.4 Коммуникативтік қатынаста тілдік нормаларды дұрыс қолдану |
1.1.4.1 коммуникативтік қатынаста сөз әдебін (сәлемдесу, алғыс білдіру, кешірім сұрау, өтініш айту, рұқсат сұрау, қоштасу) дұрыс қолдану |
|
1.5 Тыңдаушының назарын аудару
|
1.1.5.1 заттар мен құбылыстарды сипаттауға, салыстыруға қажет сөздерді қолдану; 1.1.5.2 сөйлеу барысында дауыс ырғағын, екпін, әуен, қарқын, кідірісті сақтау, ойды ым-ишара, қимыл арқылы жеткізу |
|
1.6 Тыңдаған материал бойынша өз ойын айту |
1.1.6.1 тыңдалым материалына қатысты өз ойын білдіру |
|
1.7 Берілген тақырып бойынша әңгіме құрау |
1.1.7.1 сюжетті сурет бойынша шағын әңгіме құрау |
|
1.8 Сөздерді орфоэпиялық нормаға сәйкес айту |
1.1.8.1 сөздерді үндестік заңына сәйкес дұрыс айту |
|
Оқылым |
|
|
Негізгі дағдылар |
Оқу мақсаттары |
|
2.1 Оқу түрлерін қолдану |
1.2.1.2 оқу түрлерін (тұтас оқу, мәнерлеп оқу, түсініп оқу) қолдану |
|
2.2 Мәтіннің тақырыбы мен негізгі ойын анықтау |
1.2.2.1 мұғалімнің қолдауымен мәтінде кім (не) туралы айтылғанын анықтау |
|
2.3 Мәтіннің құрылымдық бөлігін анықтау |
1.2.3.1 ауыстырылып берілген мәтін бөліктерін мұғалімнің қолдауымен орнына қоя білу |
|
2.4 Мәтіндегі сөздердің мағынасын түсіну |
1.2.4.1 мұғалімнің қолдауымен сөздердің мағыналарын (мәндес; мағынасықарама-қарсы; айтылуы бірдей, мағынасы әртүрлі) ажырату |
|
2.5 Мәтіннің мазмұны бойынша сұрақ қою, жауап беру |
1.2.5.1 мұғалімнің қолдауымен мәтіннің, сюжетті суреттің мазмұны бойынша сұрақ қою, сұраққа жауап беру |
|
2.6 Мәтіннің жанрын анықтау |
1.2.6.1 мұғалімнің қолдауымен мәтіннің жанрын (жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең, әңгіме, ертегі) ажырату |
|
2.7 Түрлі дереккөздерден қажет ақпаратты алу |
1.2.7.1 мұғалімнің қолдауымен дереккөздерден (сөздік, анықтамалық, суретті кітапша, энциклопедия) ақпарат табу |
|
2.8 Дыбыс пен әріпті тану, ажырату |
1.2.8.2 дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату; дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке болып бөлінетінін түсіну |
|
Жазылым |
|
|
Негізгі дағдылар |
Оқу мақсаттары |
|
3.1 Жоспар құру |
1.3.1.1 сюжетті суреттердің ретін анықтап, ат қою арқылы қарапайым жоспар құру 1.3.1.2 мәтін бөліктерін анықтап, жоспар құру |
|
3.2 Оқылым, тыңдалым материалының мазмұнын жазу |
1.3.2.1 мұғалімнің қолдауымен оқылым, тыңдалым материалы бойынша шағын мазмұндама жазу |
|
3.4 Түрлі мәтіндер құрау |
1.3.4.1 мұғалімнің қолдауымен түрлі шағын мәтін (хат, құттықтау хат, хабарлама) жазу |
|
3.5 Қатені табу, түзету |
1.3.5.1 мұғалімнің қолдауымен сөз, сөйлем, мәтінді тексеру, қатені түзету |
|
3.6 Көркем жазу талаптарын сақтау |
1.3.6.1 жазу жолын, жоларалықты, жолдың жоғарғы және төменгі сызықтарын сақтап, әріп элементтерін, әріптердің бір-бірімен байланысын көркем жазу талаптарына сай жазу |
|
Тілдік норманың қолданысы |
|
|
4.1 Орфографиялық дағдылар |
1.4.1.1 айтылуы мен жазылуы бірдей сөздерді көшіріп және есту, есте сақтау арқылы жазу |
|
1.4.1.2 мұғалімнің қолдауымен сөзді дұрыс тасымалдауды, тасымалданбайтын сөздерді білу |
|
|
1.4.1.3 бас әріппен жазылатын сөздерді (кісі аттары, жер-су аттары, жануарларға арнайы қойылған аттар) анықтау |
|
|
4.2 Грамматикалық дағдылар |
1.4.2.1 заттың атын, қимыл-әрекетін, сынын, санын білдіретін сөздерді ажыратып, орынды қолдану |
|
4.3 Пунктуациялық дағдылар |
1.4.3.1 сөйлемді бас әріптен бастап жазып, соңына тиісті тыныс белгіні қою |
15. Осы оқу бағдарламасы қосымшада келтірілген Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған «Ана тілі»пәнінің үлгілік оқу бағдарламасының ұзақмерзімді жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Бөлімдер мен тақырыптар бойынша сағат сандарын бөлу мұғалімнің еркіне қалдырылады.
Бастауыш білім беру деңгейінің
1-сыныбына арналған
«Ана тілі» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасына
қосымша
Бастауыш білім беру деңгейінің 1-сыныбына арналған
«Ана тілі» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асырудың
ұзақмерзімді жоспары
(оқыту қазақ тілінде)


