жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Оқу-тәрбие үдерісіне ізгілік педагогикасын енгізудің маңызы мен қажеттілігі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Алматы қаласының Әкімшілігі
«Тұран» университеті
ҚАЛАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЕҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРДЫҢ КОНКУРСЫ
Секция: Педагогика, психология
Тақырыбы: Оқу-тәрбие үдерісіне ізгілік педагогикасын енгізудің маңызы мен қажеттілігі
Жоба авторының аты-жөні: Серғазы Нұрсұлтан Жақыпбекұлы
«Бөбек» ҰҒПББСО
Колледж : «Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжі
Топ: ӨТМ-202
Курс: 2
Мамандығы: Өзін-өзі тану мұғалімі
Ғылыми жетекші: Маглумова Г.С.
Алматы – 2017
мазмұны
бет
Кіріспе 3
I бөлім Ізгілік педагогикасының тарихы және зерттелуі 5
II бөлім Ш.Амонашвилидің ізгілендіру технологиясы 11
III бөлім Менің тәжірибемдегі ізгілік педагогикасы 16
Қорытынды 19
Қолданылған әдебиеттер тізімі 21
Кіріспе
Бүгінгі күні ғылымды, білімді ізгілендіру мәселесі – өзекті мәселелердің қатарынан орын алып отыр. Өйткені ғылым мен техниканың қарқынды дамыған тұсында адамдар білімнің күшін тек жақсылыққа, игі істерге ғана жұмсамай, жамандық пен қатігездікке, бас пайдасын ойлауға да бағыттауда. Сондықтан да жастарға академиялық білім берумен қатар, ізгілік білімін де бойларына сіңіруіміз қажет. Олар айналасындағы жанды-жансыздың бәріне сүйіспеншілікпен, адамгершілікпен қарап өсуі тиіс. Бұл жолда ұстаздардың алдындағы міндет жоғары әрі жауапты. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр» - деді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев.[1]
Жалпы ізгілендіру дегеніміздің өзі - адамның жеке тұлға ретінде құндылығын танитын, оның ізгі қасиеттері мен даму еркіндігін қорғаумен сипатталатын, адамдар арасындағы қатынастардың теңдігі мен әділеттілігі ұстанымдарына сүйенетін көзқарастар жүйесі.
«Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен балалар арасындағы сыйластық махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс. Өйткені біз баланы адал еңбек етіп, елін, халқын сүюге тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен жүрекке жетсе, қандай ғанибет!»,- деп «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы, еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы тәрбие беру мен оқытуда балаға деген мейірім мен махаббаттың ең басты орында тұратынын көрсетеді.
Білім беруді ізгілендіру баланың жеке тұлғасының дамуына бағытталған дедік, олай болса, бала бойында ізгілік қасиеттерді қалыптастыруды отбасынан бастап, балабақша тәрбиесімен жалғастырып, мектеп қабырғасында одан әрі сіңіріп, кәсіптік және жоғары білім беретін оқу орындарында шегелей түсу қажет.Ата-ананың күнделікті өмірдегі өзара және айналасындағылармен сыйластық қарым-қатынастары, адал еңбектері мен дұрыс іс-әрекеттері, балабақшадағы тәрбиешінің өнегеге толы әңгімелері мен адамгершілікке тұнған іс-әрекеттері, мектептегі, оқу орындарындағы ұстаздардың шәкірттеріне деген риясыз сүйіспеншіліктері мен ғибратқа толы ұлағаттары – ойы, сөзі, ісі бірлікте болатын, адамзат игілігі үшін риясыз қызмет ететін жастардың қалыптасуы мен көбеюіне септігін тигізері анық.
Білім – қоғамды әлеуметтік мәдени – ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс. Оның негізгі қызметі адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді арттыру және шығармашылық қабілетін дамыту.Білім беру жүйесін ізгілендіруде жалпы білім берудің мақсаты, мазмұны, қағидалары, педагогикалық іс-әрекет мәселелері гуманистік және гуманитарлық танымға бағытталуы тиіс.
Осы орайда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани- адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасын атап кеткеніміз жөн болмақ.«Өзін-өзі тану» пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына- жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, балалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық үдерісті ұйымдастыра алады.[2]
Менің ұсынып отырған ғылыми жобамның да басты мақсаты – балаға тек интеллектуалдық білім беріп қана қоймай, ізгілік педагогикасы арқылы оның бойында рухани-адамгершілік қасиеттердің дәнін егу, жолдарын қарастыру, әдіс-тәсілдерін меңгеру.
Тақырып, әрине біз жоғарыда айтып кеткендей, қазіргі ғылым мен техника дамып, адамдық екінші орында қалып бара жатқан заманда, тың да өзекті тақырыптың бірі деп есептеймін.
I бөлім Ізгілік педагогикасының тарихы және зерттелуі
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік- рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы тиіс. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруде отбасы мен ұстаз шешуші роль атқарады.
Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді, көреген етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын, жоғары деңгейге көтеру, қоғамды ілгерілету үдерісінде адами ізгілік қасиеттерін дамытуға үлкен мән беру, ұлттық намысы жоғары ұлтжанды өкілдерді тәрбиелеу ісі ұстаздарымыздың еншісінде екені айқын.
Халқымыз тәрбие орындарынан тәлім, оқу орындарынан жоғары білім алмаса да мол өмірлік тәжірибесі мен қанға сіңген рухани-адамгершілік қасиеттерінің арқасында ата-анасын қарттар үйінде жәутеңдетпейтін, баласын жетімханада жәудіретпейтін, отбасын тастап кетіп жетімсіретпейтін, шаранасын далаға лақтырып шырқыратпайтын ұрпақтар өсіріп, тәрбиеледі. Біз қазір іспен де, сөзбен де жүзеге асыра алмай отырған ізгілендіруді оқу-тоқусыз-ақ баланың бойына сіңірткен халық қасиетіне бас имеске шараң жоқ.
Ізгілікті ұрпақ тәрбиелеу, ізгілікті халық қалыптастыру, ізгілікті ойлар айту тіркесі басқа шетелдерді алмағанда біздің ұлттық тарихымыздың анау қойнауларынан бастау алады. «Гуманизм» немесе «ізгілік» ұғымы көне түркі тілінде «жәуанмәртлік» термині аясында қарастырылып келген. «Жауәнмәртлік» сөзі парсы халқының «жувонмард» сөзінен шыққан «жувон» - жігіт, ал «мард» - жомарттықты, қайырымдылық пен кішіпейілділікті, яғни ұнамды қасиеттер жиынтығын білдіреді. [3]
Кісіге екі дүниеде пайдалы (нәрсе) –
Ізгі іс немесе мінезі түзулік.
Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік.
Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады,- деген бабамызЖүсіп Баласағұн сөзі жоғарыда айтқанымыздың айғағы секілді.
Отандық педагогика тарихында ізгілік педагогикасы жайлы көптеген зерттеулерді кездестіруге болады. Педагогикалық жүйедегі педагогтың атқарар рөлі, алатын орны, бала тәрбиесіндегі оның ізгілікті әрекеттері жайлы қазақ ағартушылары Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтардың еңбектерінде айтып кеткен болатын. Сонымен қатар, Ян Амос Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоции т.б.еңбектеріндегі тәрбие мен оқытудағы адамгершілік құндылықтары жайлы пікірлердің маңызы аса зор.
Кеңес дәуірінің аса ірі педагогтары А.С. Макаренко, В.А.Сухомлинский балалармен күнделікті қарым-қатынаста болу адамға деген сүйіспеншілікті, сенімділікті арттыратынын жазған.[4]
Гуманистік педагогика – өзінің мүмкіндігі бойынша дамушы, оқу-тәрбие үдерісінде белсенді, саналы, тең құқылы қатысушы ретіндегі тәрбиеленуші мақұлдайтын ғылыми теориялар жүйесі ізгілік педагогикасының аспектісі ретінде Ш.А.Амонашвилидің, Ш.Майғаранованың еңбектерін атауға болады. Мектеп қабырғасындағы оқушылардың ізгілік қасиеттерін қалыптастырудың іс-әрекетті құрушы құрылымдарын Г.К.Байділданова, Н.Д.Иванова, М.А.Құдайқұлов, О.Сыздықов, Р.Н.Бурганова т.б.өз еңбектерінде зерттеп, тұжырымдамаларын ұсынған.[5]
Адамзат тарихында ұрпаққа тәрбие берудің жалпыадамзаттық идеяларын жүзеге асырып, жаңа педагогикалық жүйенің қалыптасуында өз заманында Аристотель мен Сократтың, олардан кейін әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым әл-Фарабидің алатын орындары ерекше.
Қазіргі педагогикадағы тәрбие теориясының мазмұндық-құрылымдық жүйесіне сәйкес әл-Фарабидің тәрбие тұжырымдамасының мәнін былайша көрсетуге болады:
Сурет 1 - Әл-Фарабидің тәрбие тұжырымдамасының мәні.
Әл-Фараби халық даналығы туғызған данышпандық ой-пікірлерге, шығыс мәдениетінің озық үлгілеріне ден қоя отырып, өзінің тәлім-тәрбиелік идеяларын ұсынды. Ол жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас
жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ұстанымды басты қағида етіп ұсынды. «Жақсы мінез құлық пен ақыл-күші адамда теңдей болса, біз ізгі игілікті, қайырымды адам боламыз»,- дейді ізгілендіру педагогикалық идеясының негізі болған ғалым.
Ізгілік педагогикасының негізін салушылардың бірі, түркі дүниесінің данасы, ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» еңбегін жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, бұл дастанның бүгінгі адамзат қоғамы үшін құндылығы мынада деп ойлаймын: 1) «Құтты білік» - халықтың құты, ырысы болған ілім; 2) әрбір адамға бақыт сыйлайтын құт әкелетін білім; 3) ғасырлар бойы көзі ашық, көкірегі ояу кемел ұрпақтың бойына адамдық, азаматтық қасиеттерін, адалдық дәстүрлерін сіңіріп, жан-дүниесіне рухани күш дарытатын тәрбие тұжырымдамасы. Тәрбие теориясы – әділет, дәулет, парасат, қанағат атты төрт тұғырдан тұрады (Сурет 2).
Сурет 2 – Ж.Баласағұнидің ізгілікке бағытталған тәрбие теориясы
Ғұлама өз еңбегінде Күнтуды (әділдік), Өгдүлміш (ақыл-парасат), Одғұрмыш (қанағат-ынсап), Айтолды (ырыс-байлық) бейнелерін сипаттай отырып, адамның жеке тұлға болып қалыптасып, бақытты өмір сүруіне осы аталғандардың қажеттілігін, тұлғаның үйлесімді дамуы осы төрт құрылымның бір-бірін толықтыруымен байланысты екенін, осы жағдайда адамның «төрт құбыласы тең» болатынын суреттейді.
Түркі тарихындағы ізгілік педагогикасының негізін салғандардың бірі М.Қашқаридың үздік еңбегі «Түрік сөздігі» еңбегінде ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесіндегі тәжірибесі жинақталып, түркі халқының педагогикалық тұжырымдамасына негізделген.
Сурет 3- М.Қашқари ілімі мен қазіргі педагогика ғылымындағы тәрбие мазмұнының тұжырымдалуындағы өзара байланыс.
Ғұламаның тәлім-тәрбиелік идеялары өнегелі өмір сүру үшін жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудің маңыздылығын дәріптеуге арналған.
Ізгілік туралы сөз болғанда ізгілік педагогикасының классиктері Абай мен Шәкәрім идеяларын айтпай кету мүмкін емес. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген Абай рухани-адамгершілік тәрбиені ту етіп көтереді. «Біреудің мінін тергенше, жамандығын көргенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен күрес өлгенше», -деп Шәкәрім Құдайбердіұлы, басқаға тәрбие берместен бұрын, алдымен адамның өзіне сын көзімен қарап, іс-әрекетіне баға беруі, өзінің жан дүниесін тазартуы керек екенін, сонда ғана берген білімің қонымды, тәрбиең нәтижелі болатынын айтады.
Қазіргі уақытта ғылым мен білім, ақпараттық технология қаншалықты қарыштап дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттер соншалықты төмендеп бара жатқанын көреміз. Кейде, біз өзіміз жасаған темірге, құрастырған бағдарламаға айналып бара жатқан жоқпыз ба деген қорқыныш ұялайтыны бар. Шырқыраған күнәсіз, қорғансыз тастанды бала, ешкімге керегі жоқ қарттар үйіндегі жәудіреген қарттар, қатыгездік, алдау, жемқорлық, өзгені немесе өзін-өзі өлтіру тағы, тағы, тағылар. Жоғарыда сөз еткен бабаларымыз армандаған «Қайырымды қаланың тұрғындарын» іздейміз, «Құт әкелетін білімді» бойына сіңірген парасатты жанды аңсаймыз, «Адамдық борышы- халқына еңбек қылу» екенін түйсінетін абзал азаматты сағынамыз...
Барлық мәселеадамға келіп тіреледі. Әлемді сақтап қалатын бірден-бір жол рухани-адамгершілікке толы білім, егер болашақ адам мен білімге байланысты болса, әрине ізгілік педагогикасының да маңызы арта түспек.
2 бөлім Ш.Амонашвилидің ізгілендіру технологиясы
Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәбиелеу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани- адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез-келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамдардың күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Тәрбиенің басты мақсаты әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету.
Ізгілік педагогикасы – бұл әр балаға өз тағдырын таңдауға көмектесу. Әр адам өз тағдырын, өз жолын және де өз міндетін ұғынуы тиіс. Ал, оған ерте балалық шақтан жол сілтейтін – ұстаз. Педагогикалық үдерістің ізгілікті болуын жақтаушы және оны дамытушы- Шалва Амонашвили «Жансыз білім аяққа түскен салмақ сияқты»,- дейді, яғни балаға берілген жансыз білім желге ұшқан сөзбен тең, хабарлана салысымен ұмыт қалатын жансыз білім- ақыл үшін, ізгілікке жетелейтін жанды білім – жүрек үшін. Жанды білімнің әрбір баланың жүрегіне жасырынған жалпыадамзаттық құндылықтарды ашуға, ішкі рухани адамгершілікті дамытуға ықпал етеді. Жанды білімнің мақсаты- баланы ұлттық рухта адамгершілікке тәрбиелей отырып, әрбір оқушының өмірдің мәнін түсіну, өзін-өзі тану және өзін-өзі іске асыру қажеттілігін түсіну үшін жағдай туғызу; өз ойына, сөзіне жауапкершілікпен қарайтын, елінің мүддесі үшін еңбек ететін үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатта мұғалім қандай пәнді оқытса да ең маңыздысы балаларды оқытатынымызды есте сақтауымыз керек және ар-ұжданның үніне сәйкес өмір сүретін, ізгі мінезді тұлға тәрбиелеуіміз керек. Бала кішкентай кезінен әр нәрсені білгісі келіп, білімге құштарлығын танытады. Кейін өсе келе сол баланың білімге деген қызығушылығы азаяды. Халық «Ағаш түзу өсу үшін оған көшеткезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағашқа айналғанда түзете алмайсың», деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен мұғалімдер шешуші рөл атқарады.
«Әр бала – керемет рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып – білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі», - деп белгілі педагог Ш. Амонашвили айтқандай мұғалімнің шеберлігі мен білімділігі, рухани дүниесінің байлығы, мейірімінің шексіздігі баланың нағыз адам болып қалыптасуының негізі.[6]
«Ізгілікті педагогика деген не?»- деген сұраққа ең толық жауапты біз Ш.А.Амоношвилиден табуымызға болады.Ізгілікті педагогика - баланы тура сол қалпында,ол қандай болса,сондай кейіпте қабылдау,оның табиғатымен келісу арқылы оқушының жеке тұлғалық қабілеттерін аша отырып, тәрбиелеу мен дамытуды, оның жүрегіне жол табуды, танымдық күшін дамыту мен қалыптастыруды, білім мен қабілетті тереңдететін және кеңейтетін жағдайлар жасауды, өзін-өзі тәрбиелеуді мақсат етеді. Танымдық оқуды, жазбаша сөйлеу қызметін дамытуды, лингвистикалық сезімді, қызметін жоспарлауды, шетел тілінде сөйлеуді, рухани дүниесін байытуды, әлемнің сұлулығын дамытуды көздейтін бұл технология барлық жағдайлар арқылы ізгілендіре оқытуды негізге алады.Ш.А.Амонашвилидің технологиясы оқушының қызметін бағалауды бірінші орынға қояды. Сандық бағалаудан көрі сапалық бағалауға (білім алушының істеген әрекетіне мінездеме беру, нәтижесін шығару, өзін-өзі бағалау мен сыйлауға үйрету) айырықша мән береді.
21 ғасыр адамдары арасындағы қарым-қатынастағы үлкен қасіреті - балаларға деген ата-аналар, ұстаздар тарапынан эмоционалдық жылулықтың жетіспей жатуы. Ата-аналар тіршіліктің қамымен жұмысбасты болып, балаларын тек телефонмен немесе бала күтуші арқылы ғана қадағалауға мәжбүр болып отыр. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қағазбастылық тәрбиешілердің балаға ата-анасынан ала алмаған мейірім мен жан- жылуын берулеріне кедергі келтіріп жатады. Қазіргі уақытта ата-аналар материалдық қажеттілігін қанағаттандырумен шектеліп, балаларының жан-дүниесіне көп жағдайда мән бермеуде. Мұғалімдер қағазбастылықпен, басшы алдындағы беделін сақтаумен әуре болып жүргенде, бала үнемі өз проблемасымен өзі қалып қояды. Осы жағдайда Ш.А.Амонашвилидің "Педагогикадағы гуманизм" атты еңбегі өзекті де маңызды болып табылады. Ол баланың қуанышы мен ренішін мұғалімнің зейіні және процестің орталығы деп атады. Әрбір ұстаз алдында отырған баланың өміріне ене отырып, сүйіспеншілік нұрын шашуға, кез-келген жағдайда көмек қолын созуға немесе бірге қуануға міндетті деп санайды. Себебі, ұстаз бала болашағының қамқоршысы болып табылмақ. Ш.Амонашвили балаға тек жай ғана білім беріп қана қоймай, психологиялық жылулықпен нәрлендіруге, оның өзіне деген сенімділігін арттыруға шын жүрекпен көңіл бөлді. Ұстазы мен ата-анасының махаббаты баланың қорғалған, сенімді, жарқын, бақытты болашағының кепілі. "Әр бала белгілі борышпен өмірге келеді. Және әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны- ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтың міндеті сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей, балаға өз өмір жолынан бағыт көрсету",- деген Шалва Александрович мұғалімдер мен ата-аналарды баланың ішкі жан дүниесіне үңілуге, тыныс-тіршілігімен, қызығушылығымен, ойымен, іс-әрекетімен таныс, жақын болуға, кез-келген шешім қабылдамастан бұрын баламен санасуға шақырды. Ол балаға тұлғалық - адамгершілік тәрбие бере отырып, оқытудың барлық әдіс-тәсілдерін әлемдік педагогика классиктері- К.Д.Ушинский, В.А.Сухомлинский, Януш Корчак, А.С.Макаренколардан үйренгендігін айтады.
Гуманды педагог, ұстаз Ш.А.Амонашвили:«Бала кездейсоқ дүниеге келмейді. Әрбір баланың дүниеге келуі жеке дара құбылыс, Ол туылуға тиіс болғандықтан туылды. Әлемге қажет боғандықтан дүниеге келді... Оның жанын тәнімен салыстырмаңыз:оның тәні - сәби, ал жаны - Ақиқатты, Мәңгілікті алып жүруші»,- дейді өзінің «Келіңдер, балалар, ұшуды үйренейік!» еңбегінде [7]. Осыдан кейін қалай ғана алдыңызда көзі жәудіреп, сіздің мейіріміңіз бен жылуыңызға шөлдеп отырған тап-таза, мөлдір жанға жүрегіңіздің жылуын төкпеске, ақ періштедей қалықтатып ұшуға үйретпеске. Ұстаздың айтып отырған ұшуының өзі де осы- жүрегіңнің бар жылуын төгу, ақиқатқа жетелеу, нұрға щомылдыру емес пе?! Бала жанын ізгілікке толтыра отырып тәрбиелеу, оның ішкі жан-дүниесінде болып жатқан құбылыстарды біле, бөлісе отырып, дұрыс арнаға бұру, баламен бірге күлу, бала тілінде сөйлеу, бала секілді риясыз өмір сүруді меңгерген ата-ана мен ұстаз қазіргі заманның ең бір қажетті жандары дер едім.
«Асығыңыздар, балалар, ұшуды үйренеміз... Ал, бізге қанаттар пайда болуы үшін не істеуіміз керек? Әрине, талпыну керек. Ш. Амонашвили толассыз еңбектің арқасында өз мемлекетін орнатуға талпынып жатқан құмырсқаларды үлгі етеді. Өзінің бүгіні мен ұрпағының ертеңі үшін азық жинап жүрген аралар, тізіле ұшқан тырналар, тау биігінен құлай аққан бұлақтар, ғарыш та, табиғат та, күллі әлем талпынады, талаптанады, мақсатқа жетуге ұмтылады.
Адам баласы да жаңаруға, өрлеуге, игі істер жасауға талпынуы керек. Ол үшін ертеңінің кілтін сеніп тапсыратын, бойына бар жақсылықты құйған, сабырлы да парасатты, ақылды да ар-ұжданды, адамгершілігі мен адалдығы бойына сіңген, рухани бастауын лайламаған, адамдықтың ақ туын биік ұстайтын, Амонашвилише айтқанда «ұшуды үйренген» ұрпақ керек. Зеңгір көк өз биігінде жоғарғы сана деңгейіне жеткен, өресі биік, ары азбаған жандарды қалықтататыны рас. Олай болса, еліміздің ертеңін ойласақ, алдымыздағы балаларды осы биікке лайық етіп тәрбиелегеніміз ләзім.
3 бөлім Менің тәжірибемдегі ізгілік педагогикасы
«Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды! Әлемде мейірімділік пен махаббат аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс».
Сара Алпысқызы
Еліміздің егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында заманына сай адамын тәрбиелеу басты міндет. Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани- адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсатының өзі ерекше. Менің тәжірибемдегі ізгілік педагогикасы осыдан бастау алады. Мен «Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжінің 2 курс студентімін. Бет алған өмір жолым ұстаздықпен байланысты, яғни мен болашақ «Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімімін».
«Өзін-өзі тану» пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына- жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, балалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық үдерісті ұйымдастыра алады. Еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, жалпы білім беретін мекемелердің барлығының оқу жүйесіне енгізілуде.[8]
Оқушының жас ерекшелігіне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата- аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі керек. «Өзін- өзі тану» пәні жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп, Адам екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге баулиды. Жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін ұғынуға көмектеседі. Адамдардың сезіміне ие болу және оны ақтай білугеүйретеді. Борыш пен парызға адал болуға тәрбиелейді. Артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыруға талпындырады. Қабілетіңді, бойыңдағы дарынды, азаматтығыңды дәлелдеуге итермелейді. «Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды», демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата- бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдердірухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдануымыз қажет. «Өзін-өзі тану» пәні - арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы іспетті.
Біздің болашағымызды сеніп тапсыратын, ақжелкенді үмітіміздің шамшырағын жағатын жас жеткіншектеріміз бен жасөспірімдеріміздің бойына адамдықтың гүлін егіп, адалдықтың нәрін сіңіру, жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды дарыту «Өзін-өзі» тану пәні арқылы жүзеге асыру біздің ең негізгі мақсатымыз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз, болашағыңның жарқын болатынына сенгің келсе, бекер өмір сүрмегеніңе көз жеткізгің келсе бала жасынан бастап болашағыңды адами қарым-қатынас нормаларымен, жалпыадамзаттық адамгершілік қағидаттарымен таныстыр, олардың бойында азаматтық мәдениет пен имандылық қасиеттерді қалыптастыр және дамыт.
Менің пікірімше, «Өзін- өзі тану» пәнінен дәріс беретін мұғалім ең алдымен жүзі жылы, айналасындағыларға әрқашан мейірім шуағын шашып, балаларға жылы шыраймен, әдемі күлкімен әсер беретін, ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегіне өмірге деген бауырмалдық, достық секілді ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін ерекше тұлға болуы қажет.
Мен білім алып отырған «Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжіндегі оқу-тәрбие үрдісі түгелге дерлік «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік Бағдарламасы негізінде студенттерге ізгілікті білім беру мақсатында құрылған. Әрине, оған толықтай негіз бар, себебі біз, қазіргі студенттер – болашақ педагогтар, бір сөзбен айтқанда ізгілікті білімнің негізін қалаушылармыз. Біз ары таза, адал, парасатты, ұстамды, кешірімді, ой-өрісі кең, білімді, теорияны өмірмен байланыстырып, білім мен ғылымды ізгілікке бағыттай алатын, бар білгенін шәкірттеріне риясыз сүйіспеншілікпен ұсынатын ұстаз дәрежесіне жетуді басты мақсат етіп қойдық. Бізде дәстүрлі түрде жалғасын тапқан «Шаттық және сүйіспеншілік шеңбері», «Өзін-өзі тану сағаты» секілді іс-шаралар рухани-адамгершілік тәрбиені студенттердің, олар арқылы болашақ ұрпақтың бойына сіңіруге, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсініктерін кеңейтуге бағытталған.Колледжде оқытылатын пәндердің барлығы дерлік Өзін-өзі тану пәнімен интеграциялана жүргізілуінің өзі біздің ұстаздардың тек білім беріп қана қоймай, білімді ізгілендіру міндетін жүзеге асырып отырғанын көреміз. Бұл дегеніміз, химиядағы Н2О формуласын су белгісі ретінде қарастырумен қатар оның тіршілік нәрі, сарқылатын байлық екенін, сусыз тіршілікті елестетуге тіпті болмайтынын, оның құрамындағы кристалдардың өзі ғалымдардың зерттеу кезінде жақсы сөз бен жағымсыз ниетті сезетінін дәлелдегенін айтып кету. Физика пәні бойынша «Атом» тақырыбын өту барысында, ғұлама ғалым Эйнштейннің атом бомбасын жасап шығарып, бірақ оның адам баласына кесапат әкелетінін білгенде қатты өкінгенін, өзін жазалау мақсатында сәулелендіру кезінде пайда болған аурудан еш емделмей, өмірінің соңына дейін қиналып өткенін айтуға болады. Осы орайда Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзін мысалға келтіре кету қажет. Сол сияқты биология, география пәндеріндегі кез-келген тақырып Өзін-өзі тану пәнімен интеграциялауға сұранып тұрғандай. Осы ретте табиғатты қорғау, экологиялық, салауатты өмір салтын ұстану секілді тақырыптар арқылы Қиянат жасамау, Сүйіспеншілік, Ақиқат, Дұрыс әрекет құндылықтарының мәнін ашуға болады.
Ұстаздарымнан алған тәжірибем, жинақтаған білімім маған педагогикалық тәжірибе барысында көп көмегін тигізуде, яғни басында тосырқай қарсы алған балалар мәні терең өсиет әңгіме, мағыналы дәйексөз, айтулы тұлғалардың басқаларға көрсеткен риясыз адамгершілік қасиеттері мен сол жақсылықтың қайтарымы ретінде олардың жеткен жетістіктерін, дене кемістігіне қарамастан қажырлы еңбек пен шексіз ерік-жігерінің арқасында қазіргі заманның батырлары атанған жандандардың өмірін тыңдағаннан кейін пәнге деген қызығушылықтары мен маған деген риясыз періште көңілдерінің куәсі болдым.
Әр адам өзін-өзі, өзінің қажеттілігін, өмірдегі және қоғамдағы рөлін толық түсіру нәтижесінде өз мүмкіндіктерін таниды. Мен бақыттымын! Себебі мен ізгілік арқасында өзіме және өзгелерге жасаған жақсы, игі, адал істеріммен мақтана аламын. Ізгілікті іс игілікке жеткізер. Адамның мейірімді, ықыласты болуы, елін, жерін сүюі, танып-білуге құштарлығы, еңбексүйгіштігі ізгі істер мен жақсы әрекеттерге жетелейді. Осы жолда мақсатыма жетуге мамандық таңдауым үлкен септігін тигізді. Бала кезімнен достарыма көмек қолымды созу, біреудің қайғысына ортақтасып, шыдамдылықпен мұңдарын тыңдау, жүздеріне күлкі орнату маған тән қасиет еді. Соның әсері болар таңдаған болашақ мамандығым да тікелей адам өмірімен байланысты. Болашақ өзін-өзі тану мұғалімі ретінде пәнді оқи отырып, бойымда өз-өзіме деген сенімділік, өмірге деген құштарлық, адалдық, адамгершілік, достық,Отан, туған елге деген сүйіспеншілік сезімдері оянады. Әрине, бұл қасиеттер менде болмады деп айтпаймын, болды. Бірақ ұлы ғұлама Сократ айтқандай «Әрбір адамның бойында күннің нұры бар, тек сол нұрдың жарқырауына мүмкіндік беріңіз», деген. Яғни, менің бойымдағы күн нұрының шашылуына осы пән, мамандығым арқау болды, енді мен алдыма келетін аппақ ниетті бүлдіршіндердің нұрының шашылуына себепкер болғым келеді.
Қорытынды
«Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен балалар арасындағы сыйластық махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс. Өйткені біз баланы адал еңбек етіп, елін, халқын сүюге тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен жүрекке жетсе, қандай ғанибет!» [9]
Сара Алпысқызы
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», - деді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Рухани- адамгершілік білім беру- жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілі, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет- дарынының ашыла түсуіне, ақыл- парасатын дамытуына яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.
Адам өмірі баспалдақ сияқты, бір жақсы қадам жасасаң, бір баспалдақ жоғары шығып, тағы да алдыға ұмтыласың. Алдыға қойған мақсатыңа тек адамгершілік құндылықтар, ізгілік арқылы жетуге тырысасың, себебі ізгіліктің жауабы ізгілік болмақ. Осыны балаға түсіндіру, баланы ізгілік жолымен жүруге үйрету ұстаздың еншісіндегі ұлы міндет.
Өмірдің ең қымбат сыйы- адам болып жаралу, адамды адам деген атқа лайық ететін оның рухани-адамгершілік қасиеттері. Ал, адамның жүрегіне нұр құятын, риясыз сүйіспеншілікпен рухани бастауға жетелейтін, ол-ұстаз. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы «Әрқайсымыздың жолымыз, өмірлік міндетіміз бар, бірақ бәрімізге ортақ міндет – жан дүниеміздегі махаббаттың сөнбейтін шырағын жаға отырып, Адам боп қалу»,- деп адамшылықты бірінші орынға қояды.
Ізгілік педагогикасын оқу мен тәрбие үдерісіне түгелдей енгізуді ұсына отырып, баланы рухани-адамгершілік қасиеттер арқылы тәрбиелеу мен оқыту қазіргі заман талабы екенін айтқым келеді. Көптеген мемлекеттерде басқару, қылмыстық саясат секілді салаларды ізгілендіру сөз болуда. Жетіміміз жыламасын, жесіріміз қаңғымасын, қарттарымыз қараусыз, шаңырағымыз жылусыз қалмасын десек қазірден бастап білімді ізгілендіруді жаппай қолға алуға тиіспіз, ол үшін ізгі ұрпақ керек, ізгі ұрпақты тәрбиелейтін ізгі аға буын қажет...
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әкімбаева Ж.Ж. Білім беруді ізгілендіру- бәсекеге қабілетті ұрпақ
тәрбиелеу негізі. «Самопознание kz»: № 6 маусым, 2015
2. Сейітова Г.П. «Өзін-өзі тану пәні» - баланың рухани әлемін байыту көзі.
«Самопознание kz»: № 10 қыркүйек, 2015
3. Философиялық сөздік. Алматы, 1996
4. Габбасов С. Педагогикалық әдеп ізгілігі. Алматы, 1998
5. Намазбаева Ж.И. Развитие интеллектуальной личности. Алматы, 2013
6. Амонашвили Ш.А. Ізгілік педагогикасы туралы ойлар. Москва, 1996
7. Амонашвили Ш.А. Келіңдер балалар, ұшуды үйренеміз. Москва, 1996
8. Абенова З.К. «Өзін-өзі тану» пәнін жүргізу әдістемесі, «Самопознание kz»:
№3 наурыз, 2013
9. Алпысқызы С. «Өмір әдебі». Алматы, 2001

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген