жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің тиімділігі
Булебаева Акжаркын Беккожаевна
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі
Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің тиімділігі
Елбасымыз өз жолдауында әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру үшін білім беру жүйесін дамытудың маңыздылығын ашып көрсетті. Жылдам өзгеріп жатқан әлемде білім беру саласына қойылатын қазіргі заманғы талаптар жоғары деңгейдегі ойлауды қажет ететіндігі айтпасақ та белгілі. «Адамды бір нәрсені қайталауға үйреткеннен гөрі, оған жаңалық ашуға көмектескен жөн» деп Г. Галилей айтқандай шығармашыл мұғалім оқушыға дайын білім бермейді, оның өз қабілеті мен ойлау жүйесін саналы түрде дамытуға бағытталған оқытудың жаңа жолдарын қарастырады. «Сындарлы оқыту» технологиясының жеті модулінің бірі «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» тақырыпты бір сарындағы қайталау түрінде ғана қарастырмай, тақырыпты талдауды, салыстырып-зерттеуді ұсынады. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және ой елегінен өткізуді қамтиды. (Мұғалімге арналған нұсқаулық-49 бет).
Американ профессоры Дэвид Клустер (2009) «Сыни ойлауды» былай түсіндіреді: «Сыни тұрғыдан ойлау-өзіндік, жеке ойлау. Ал сабақ сын тұрғысынан ойлау принциптеріне негізделетін болса, әркім өз ойлары мен пікірлерін, бағалауларын басқалардан тәуелсіз құратын болады. Біреу үшін біреу сыни ойлай алмайды, әркім барлығын өзі үшін жасайды. Ойлау өзіндік сипатқа ие болғанда ғана сыни тұрғыдан ойлағандық болып табылады. Өз бетінше жұмыс істеп, ең қиын деген мәселені өзі шеше алулары үшін оқушыларға жеткілікті түрде бостандық берілуі керек.» (С.Мирсеитова,Ә.Іргебаева, 2009, 109-бет)
Яғни, оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап, ақпараттарды тек түсінуге ғана үйретпей, сыни көзбен қарауға дағдыландыру қажет.
Сондықтан өз сабақтарымды жоспарлағанда оқушының сыни ойлауын дамыту мақсатында сыни ой тудыратын сұрақтар немесе тапсырмалардың болуын қадағаладым.
Есту, ауызша айту, оқыту, көру, жазу, салыстыру, жинақтау арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету үдерісінде оқушы бірте-бірте шыңдала түседі.
«Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулі басқа модульдермен тығыз байланыста іске асады. Оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдің бірі- диалогтық оқытуды пайдалану кезінде бір-бірімен байланысқан, тізбектелген сұрақтар қоя отырып оқушыны ойланып, өзіндік жауабын беруге бағыттап отырам. Ауызша айту арқылы баланың сыни тұрғыдан ойлауға үйрету үшін сабақта түрлі тапсырма, түрлі сұрақты қолданам.
Алдымен жеңіл сұрақтан бастап, деңгейіне қарай күрделендіре бастаймын. Кейде бір сұрақтың өзін түрлендіріп бірнеше рет қоюға болады. Жалпы баланың ойлау қабілетін дамыту мақсатында сұрақтарды түрлендіріп қою, диалогтық оқытудың түрткі болу, сынақтан өткізу, қайта бағыттау т.б. түрлі әдістерін пайдаланып сұрақ қою оқушылардың сыни ойлауын қалыптастырады.
Сонымен қатар оқушылардың бір-біріне түсіндірулерін қолданғанымда оқушылар арасында өзара диалог орнайды. Оқушылар өздерінің сыныптастарымен әңгімелесу барысында тәжірибе жинайды. Әрине, бұл жұмыс балалардың сыни ойлау деңгейін жоғары сатыға көтерді деп ойламаймын. Дегенмен, оқушылардың өздері таңдау жасай алатындығына, пікірлері немесе шешімдерінің дұрыстығына сенімі нығайды деп ойлаймын. Бірлесіп үйренудің тиімділігіне көздері жетті. Орындай алмай жатқан жерлерін бір-бірімен талқылап жатты. Менің ойымша, сыни ойлауға үйретуді осылайша қарапайым нәрселерден бастап, бірте- бірте күрделендіру керек. Яғни оқытудың «жеңілден қиынға» немесе «төменнен жоғарыға» принципін қолданған жөн деп ойлаймын.
Тізбектелген сұрақтарға жауап беру барысында бала ойын айтады, тілдесу дағдысы дамиды, өз пікірін дәлелдермен айта алатын болады. Осындай жұмысты көп жүргізу нәтижесінде кез-келген сөзден, ойдан өзіндік түйін жасайтын, өзіндік мені бар, пікірі бар оқушы қалыптасады деп ойлаймын. Сұрақ қоюдың маңыздылығы да осында оқушылардың өз көзқарасын қалыптастыру. Қарапайым тілмен айтқанда, мұғалім әртүрлі сұрақтар арқылы баланың алдына жан-жақты мақсат қойып, іске асыруына жол көрсетіп отырады. Сондықтан да сыни тұрғыдан ойлайтын баланы қалыптастыру үшін ең алдымен диалогтық оқытуды дамыту керек деп есептеймін.
Оқыту арқылы баланың сыни тұрғыдан ойлауға үйрету мақсатында шығармашылық тапсырманы пайдаланам. Берілген мәтінді оқып өзінің түсінгенін өз сөзімен айтқызуға да болады. Белгілі бір тарихи шығарманы алып, сол шығарманы балаға оқытып, осы шығарманың түпкі мәнін, нақты мағынасын тек бір сөйлеммен жеткізу арқылы да баланың ой-өріс шеңберін өсіруге көп көмегі тиеді деп есептеймін. Әдебиеттік оқуда « Күлпаш» тақырыбын өткенде оқушыларға Күлпаш пен Мақтымның басынан өткен хикаясындағы айтылар ойды бір сөйлеммен қорытындылауды ұсындым. Балалардың барлығы емес, бірақ көпшілігі ойларын айта алды.
Көру арқылы баланың сыни тұрғыдан ойлауға үйрету үшін интерактивті тақтадан слайдтар немесе бейнефильмдер көрсету арқылы ойын еркін жеткізуге жетелеуге болатынын ұғындым. Сыни тұрғыдан ойлау көңілге қонымды дәлелге ұмтылады. Сыни тұрғыдан ойлайтын адам мәселені шешудің жолын өзі іздеп табады да, сол шешімдерді негізі бар, саналы дәлелдермен нақтылай түседі. Сонымен қатар ол сол мәселені шешудің басқа да жолдары бар екендігін мойындайды да, өзі таңдап алған жолдың басқаларына қарағанда ақылға қонымды екендігін дәлелдеуге тырысады (С.Мирсеитова, Ә.Іргебаева, 2009, 113 - бет).
Жазу арқылы баланы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету үшін дарынды оқушыларға жеке тапсырма беру арқылы дамытуға болады.
Яғни, баланың ынтасын жетелеу, қызығушылығын ояту арқылы оқыту, үйрету қажет деген сөз. Сыни тұрғыда ойлау – мұғалімнің бағыттауымен оқушының өз бетімен білімді игеруге, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға тәрбиелейді. Ойлау да, оқу, жазу, сөйлеу және тыңдау сияқты іс-әрекет.
Оқушы өзінің білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды, яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы ойы ашылады, осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасайды. Сыни тұрғысынан ойлау оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулиды. Жаңа білім бермес бұрын сол тақырып жайлы не білетіндіктерін, яки не ойлайтындықтарын немесе жаңа білім алғаннан кейін ой толғаныстарын жұпта, топта немесе сынып ұжымында ортаға салу арқылы оқушыларда бір нәрсеге түрлі адамдарда түрліше пікірлер болатындығы туралы ой қалыптастырады.
Сыни тұрғыдан ойлау - білімнің болашақта пайдаға асуын, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай , жинақтай отырып , ішінен қажеттісін алуға үйретеді. Нәтижеге бағыттау арқылы біз оқушыны өздігінен оқып үйренуге , қажетті білім алуға, алған білімді пайдалануға үйретеміз. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету шығармашылық деңгейге көтеруде, өзімен өзгелердің іс-әрекеттерін саралай білуге үйретуде көп мүмкіндіктер тудырады.
Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақтар қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады; олар ауызша, жазбаша, көзбен шолу дәлелдеріне сенімсіздікпен қарай отырып, ештеңеге сенбейді, мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен келешекке ашық болады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық 53 бет). Осындай нәтижеге бағытталған жұмыстарды жүргізу арқылы оқушыларға:
-еркін ойлауға мүмкіндік береді;
-ақыл-ойын дамытады;
-шығармашылық белсенділігі артады;
-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;
-тіл байлығы жетіледі;
-жан-жақты ізденеді;
-өз ойын жеткізеді;
Алайда оқушы бойында осы қасиеттерді, ептіліктерді дамытуда біз мынаны естен шығармауымыз керек:
- оқушылардың ойланып, толғануына уақыт беру;
- ойын ашық айтуға рұқсат беру;
- әр үрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;
- үйрену барысында оқушылардың іс-әрекеттерін қолдау;
- сыни тұрғысынан ойлауды бағалау ;
- оқушылардың бір-біріне жасаған сындарының дәйекті болуын талап ету;
- өз іс-әрекеттерін бағалай білу.
Балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінен табуды қажет ететін негізгі ерекшеліктері:
Ұтқырлық: ең жақсы түсініктемені табуға ұмтылу; үзілді кесілді жауаптарды іздеудің орнына сұрақтар қою.
Сыңаржақтылықтың болмауы: барлық қорытындыларды бағалау; болжамды көзқарастар мен мүмкіндіктердің барлығын қарастыру.
Пайым: дәлелдердің деңгейі мен маңызын мойындау; балама жорамалдар мен мүмкіндіктердің орынды екендігін немесе артықшылығын мойындау.
Тәртіп; тиянақты, нақты және жан - жақты болу (барлық дәлелдерді есепке алып, барлық көзқарастарға көңіл бөлу). Өзіндік сана сезім: өзіміздің эмоциямыз бен көзқарасыымызды, сеніміміз бен болжамдарымыздың субъективті екенін сезіну.(Мұғалімге арналған нұсқаулық-53 бет)
Жалпы, қорыта айтсам, оқушының да, мұғалімнің өз іс-әрекетіне сын көзбен қарап, өз-өзіне есеп беруі адамның жеке тұлғалық қасиетіндегі жағымсыз нәрселердің болмауын, оның орнына жақсы қасиеттердің басым болуын қамтамасыз етеді. Келесі жолы алдыңғы қателіктерін қайталамауға жетелейді. Адам өз қателіктерінен қорықпауы керек, қайта содан сабақ алуы қажет. Негізінен сабақ барысында болсын, өмірде болсын (жанұя, бала) айналаңдағы адамдарға сыни тұрғыдан ойлауды үйрете жүріп өзіңде үйренетінің шындық. Күнде неше түрлі ғылыми жаңалықтар болып жатқан, күнде өзгеріске түсіп, құбылып жатқан әлемде өз орнын таба алатын, өзі шешім қабылдай алатын, қандай жағдайда да түрлі адамдармен тілдесе білетін, қарым-қатынас жасай отырып, өз пікірін еркін жеткізе алатын тұлғаны мектеп қабырғасынан тәрбиелеп шығару мұғалім қызметінің ең маңызды ұстанымы болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. 2015 жыл

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген