400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Өзара әркекеттесудің заманауи теориялары және олардың білім берудегі рөлі

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақаланың тақырыбы – «Өзара әрекеттесудің заманауи теориялары және олардың білім берудегі рөлі». Бұл мақалада білім беру барысында мұғалім мен оқушының, оқушылардың бір-бірімен және оқу материалымен өзара әрекеттесуінің маңызы қарастырылады. Авторлар төрт негізгі теорияны түсіндіреді: * Әлеуметтік конструктивизм (Л.С. Выготский) – бала білімді басқа адамдармен қарым-қатынас жасау, бірлесіп жұмыс істеу арқылы меңгереді. * М. Мур теориясы – білім алушының оқытушымен, басқа оқушылармен және оқу мазмұнымен байланысын көрсетеді. * Зерттеушілік қауымдастық моделі – білім алушылардың әлеуметтік қарым-қатынасы, ойлануы және мұғалімнің бағыт-бағдары маңызды екенін түсіндіреді. * Коннективизм (Дж. Сименс) – қазіргі цифрлық заманда білімді интернет, технологиялар және жасанды интеллект арқылы меңгеруді қарастырады. Мақалада зерттеулер нәтижесі бойынша оқушылардың бір-бірімен және оқу материалымен әрекеттесуі білім нәтижесіне жақсы әсер ететіні көрсетілген. Сонымен қатар топтық жұмыс пен белсе
Материалдың қысқаша нұсқасы

ӘОЖ 37.015.3


ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСУДІҢ ЗАМАНАУИ ТЕОРИЯЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БІЛІМ БЕРУДЕГІ РӨЛІ


Аманжол Ажар

Керімқұлқызы Жансезім

Астана Халықаралық Университетінің студенттері,

Астана қ., Қазақстан

Ғылыми жетекші: Мейрманов А.Б.

e-mail: amanzhol0va.azhar@gmail.com


Аңдатпа. Мақалада оқу процесіндегі өзара әрекеттесудің заманауи теориялары - әлеуметтік конструктивизм, М. Мурдың өзара әрекеттесу типологиясы, «зерттеушілік қауымдастық» моделі және коннективизм - білім беру тиімділігімен байланыста қарастырылады. Тақырыптың өзектілігі цифрлық және аралас оқытудың кеңеюімен, сондай-ақ Қазақстан мектептерінде гибридті сабақтар мен жасанды интеллект құралдарының кең таралуымен айқындалады. Зерттеудің мақсаты - өзара әрекеттесу теорияларының негізгі қағидаларын жүйелеп, олардың оқу нәтижелеріне ықпалын эмпирикалық деректер негізінде бағалау. Әдіс ретінде теориялық талдау, үш халықаралық метаталдау мен TALIS 2024 зерттеуі деректеріне салыстырмалы қосымша талдау қолданылды. Нәтижелер «білім алушы - білім алушы» және «білім алушы - мазмұн» өзара әрекеттесуінің оқу жетістігіне әсері (g = 0,49 және 0,46) «білім алушы - оқытушы» түрінен (g = 0,32) жоғары екенін, ал дәстүрлі дәрісте сәтсіздік ықтималдығы белсенді оқытумен салыстырғанда 1,5 есе артық болатынын көрсетті; осының негізінде өзара әрекеттесуді мақсатты жобалау қажеттігі дәлелденеді.

Түйін сөздер: өзара әрекеттесу, әлеуметтік конструктивизм, зерттеушілік қауымдастық, коннективизм, бірлескен оқыту.


Аннотация. В статье рассматриваются современные теории взаимодействия в учебном процессе - социальный конструктивизм, типология взаимодействия М. Мура, модель «сообщества исследователей» и коннективизм - в связи с эффективностью образования. Актуальность темы обусловлена расширением цифрового и смешанного обучения, а также распространением гибридных уроков и инструментов искусственного интеллекта в школах Казахстана. Цель исследования - систематизировать основные положения теорий взаимодействия и оценить их влияние на результаты обучения на основе эмпирических данных. Использованы теоретический анализ и сравнительный вторичный анализ трёх международных метаанализов и данных исследования TALIS 2024. Результаты показали, что взаимодействие «обучающийся - обучающийся» и «обучающийся - содержание» (g = 0,49 и 0,46) влияет на учебные достижения сильнее, чем взаимодействие «обучающийся - преподаватель» (g = 0,32), а при традиционной лекции вероятность неуспеваемости в 1,5 раза выше, чем при активном обучении; обоснована необходимость целенаправленного проектирования взаимодействия.

Ключевые слова: взаимодействие, социальный конструктивизм, сообщество исследователей, коннективизм, совместное обучение.


Abstract. The article examines contemporary theories of interaction in the learning process - social constructivism, M. Moore’s typology of interaction, the Community of Inquiry model and connectivism - in relation to educational effectiveness. The relevance of the topic is determined by the expansion of digital and blended learning and by the spread of hybrid lessons and artificial intelligence tools in Kazakhstan’s schools. The aim of the study is to systematise the core principles of interaction theories and to assess their influence on learning outcomes using empirical data. Theoretical analysis and a comparative secondary analysis of three international meta-analyses and TALIS 2024 data were applied. The results show that learner-learner and learner-content interaction (g = 0.49 and 0.46) affect achievement more strongly than learner-teacher interaction (g = 0.32), and that students in traditional lectures are 1.5 times more likely to fail than those in active learning; the need for the purposeful design of interaction is substantiated.

Keywords: interaction, social constructivism, community of inquiry, connectivism, collaborative learning.


Кіріспе

Соңғы онжылдықта білім беру теориясында оқыту білімді оқытушыдан оқушыға біржақты беру ретінде емес, оқу процесіне қатысушылардың көпжақты өзара әрекеттесуі ретінде түсіндіріле бастады. Бұл бетбұрыс цифрлық технологиялардың сыныпқа кеңінен енуімен күшейе түсті. ЭЫДҰ-ның TALIS 2024 халықаралық зерттеуінің деректері бойынша Қазақстанда негізгі орта мектеп мұғалімдерінің 40%-ы соңғы айда кемінде бір гибридті немесе онлайн сабақ өткізілген мектептерде жұмыс істейді, ал ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш - 16% [1]. Сол зерттеуге сәйкес, отандық мұғалімдердің 59%-ы жұмысында жасанды интеллектіні пайдаланады, бұл ЭЫДҰ-ның орташа деңгейінен (36%) 23 пайыздық тармаққа жоғары [1]. Мұндай жағдайда «оқушы - мұғалім», «оқушы - оқушы» және «оқушы - оқу мазмұны» байланыстарының сапасы оқыту нәтижесін анықтайтын негізгі факторлардың біріне айналады.

Сонымен қатар өзара әрекеттесудің көлемін арттырудың өзі сапалы нәтижеге автоматты түрде алып келмейді: оның қандай түрі, қандай шарттарда және қандай қарқындылықпен ұйымдастырылатыны шешуші мәнге ие. Сондықтан өзара әрекеттесу теорияларын эмпирикалық деректермен салыстыра талдау педагогикалық практика үшін өзекті міндет болып табылады.

Зерттеудің мақсаты - өзара әрекеттесудің заманауи теорияларының мазмұнын жүйелеу және олардың білім берудегі рөлін халықаралық метаталдаулар мен салыстырмалы зерттеулердің сандық көрсеткіштері негізінде бағалау. Мақсатқа жету үшін негізгі теориялардың тұжырымдамалық өзегін анықтау, өзара әрекеттесу түрлерінің оқу жетістігіне әсерін сипаттайтын деректерді салыстыру және Қазақстан мектептеріндегі жағдайды халықаралық көрсеткіштермен салғастыру міндеттері қойылды.

Зерттеу материалдары мен әдістері

Зерттеу теориялық және сандық деректерді біріктіретін аралас тәсілге негізделді. Теориялық кезеңде өзара әрекеттесу мәселесін көтерген бастапқы еңбектерге - Л.С. Выготскийдің, М. Мурдың, Д.Р. Гаррисон мен әріптестерінің және Дж. Сименстің жұмыстарына - тұжырымдамалық талдау жүргізілді. Эмпирикалық кезеңде рецензияланатын халықаралық журналдарда жарияланған үш метаталдаудың нәтижелері салыстырылды; олар тиісінше 74, 425 және 225 бастапқы зерттеуді қамтиды. Қазақстандық контексті сипаттау үшін ЭЫДҰ-ның TALIS 2024 зерттеуінің ел бойынша есебіне қосымша талдау жасалды. Әсер мөлшерін түсіндіруде педагогикалық зерттеулерде қалыптасқан шартты шкала басшылыққа алынды: 0,2 шамасындағы мән әлсіз, 0,5 - орташа, 0,8 және одан жоғары мән күшті әсер ретінде бағаланады.

Өзара әрекеттесудің заманауи теориялық негіздері

Өзара әрекеттесудің қазіргі педагогикалық теорияларының түп-тамыры Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи тұжырымдамасында жатыр. Ғалымның пікірінше, баланың мәдени дамуындағы әрбір психикалық функция екі рет көрінеді: алдымен адамдар арасындағы әлеуметтік деңгейде, кейін баланың ішкі, жеке психологиялық деңгейінде [2, 57 б.]. Жақын даму аймағы баланың өз бетінше шешетін есептерімен анықталатын нақты даму деңгейі мен ересектің басшылығымен немесе неғұрлым қабілетті құрдастарымен бірлесе отырып шешетін есептерімен анықталатын ықтимал даму деңгейі арасындағы алшақтық ретінде сипатталады [2, 86 б.]. Бұл анықтамадан маңызды педагогикалық қорытынды шығады: өзара әрекеттесу оқытудың сыртқы шарты ғана емес, дамудың ішкі механизмі болып табылады, ал құрдастармен бірлескен жұмыс мұғаліммен диалогпен қатар тұрған толыққанды даму көзі ретінде танылады.

Өзара әрекеттесудің құрылымын нақтылаған келесі маңызды кезең - М. Мурдың 1989 жылы ұсынған типологиясы. Ол қашықтықтан оқытудағы өзара әрекеттесуді үш түрге бөлді: білім алушы мен оқу мазмұны, білім алушы мен оқытушы, білім алушы мен басқа білім алушылар арасындағы өзара әрекеттесу [3]. Мур мазмұнмен өзара әрекеттесуді білім берудің анықтаушы белгісі деп есептеді; оқытушымен өзара әрекеттесу уәжді қолдау, материалды ұсыну, оны қолдануды ұйымдастыру және бағалау қызметтерін атқарады, ал білім алушылар арасындағы өзара әрекеттесу, әсіресе топтық жұмыста, оқытудың жаңа өлшемі ретінде қарастырылды [3]. Бұл типология кейінгі эмпирикалық зерттеулердің көпшілігі үшін талдау негізіне айналды.

Д.Р. Гаррисон, Т. Андерсон және У. Арчер ұсынған «зерттеушілік қауымдастық» (Community of Inquiry) моделі өзара әрекеттесуді арналар жиынтығы ретінде емес, оқу қауымдастығының сапасы ретінде түсіндіреді. Модель үш өзара байланысты құрамдас бөліктен тұрады: әлеуметтік қатысу, когнитивтік қатысу және оқытушылық қатысу [4]. Когнитивтік қатысу практикалық зерттеудің төрт кезеңі - проблемалық жағдаятты туындату, ақпаратты зерттеу, идеяларды біріктіру (интеграция) және шешімге келу - арқылы жүзеге асады [4]. Модельдің құндылығы мынада: ол өзара әрекеттесудің мөлшерін емес, мазмұнын, яғни пікірталастың сыни ойлауға жетелейтін-жетелемейтінін бағалауға мүмкіндік береді.

Дж. Сименс ұсынған коннективизм цифрлық дәуірдегі өзара әрекеттесудің шекарасын адамдар арасынан желі деңгейіне дейін кеңейтті. Бұл теория бойынша оқу - түйіндер мен ақпарат көздерін байланыстыру процесі, білім тек жеке адамның санасында ғана емес, адамдар мен технологиялық құралдар желісінде де сақталуы мүмкін, ал әртүрлі салалар, идеялар мен ұғымдар арасындағы байланысты көре білу негізгі дағдыға айналады [5]. Сименс «қалай» және «не» білу қабілеттеріне қажетті білімді «қайдан» табу (know-where) қабілеті қосылатынын көрсетті [5]. Жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданыла бастаған қазіргі жағдайда бұл тұжырым ерекше өзектілікке ие: білім алушының мазмұнмен өзара әрекеттесуі енді диалогтық сипаттағы цифрлық агент арқылы да жүруі мүмкін.

Қарастырылған теориялардың талдау бірлігі әртүрлі: Выготский үшін бұл - әлеуметтік контекстегі тұлға, Мур үшін - өзара әрекеттесу арналарының құрылымы, Гаррисон мен әріптестері үшін - қауымдастықтың сапасы, Сименс үшін - білім желісі. Алайда олардың ортақ өзегі бар: білім пассивті қабылдау арқылы емес, диалог пен бірлескен әрекет барысында құрылады. Осы ортақтық теориялық тұжырымдарды эмпирикалық деректер арқылы тексеруге мүмкіндік береді.

Мур типологиясын сандық тұрғыдан тексерген ең ауқымды жұмыстардың бірі - Р. Бернард пен әріптестерінің метаталдауы. Авторлар қашықтықтан оқытудың әртүрлі нұсқаларын салыстырған 74 зерттеуді талдап, өзара әрекеттесуді күшейтетін шаралардың оқу жетістігіне жалпы әсерін әдіснамалық сапаға түзетілгеннен кейін g+ = 0,38 деп бағалады [6]. Әсер өзара әрекеттесу түріне қарай айтарлықтай өзгерді: «білім алушы - білім алушы» үшін 0,49, «білім алушы - мазмұн» үшін 0,46, ал «білім алушы - оқытушы» үшін 0,32 болды [6]. Сонымен бірге өзара әрекеттесу шараларының күші артқан сайын оқу нәтижелерінің де жоғарылайтыны анықталды [6].

Зерттеулердің бөлінуі де назар аударарлық: 74 әсердің 44-і (59,5%) оқытушымен өзара әрекеттесуге, ал тек 10-ы (13,5%) білім алушылар арасындағы өзара әрекеттесуге қатысты [6]. Басқаша айтқанда, ең көп зерттелген түр ең аз әсер көрсетсе, салыстырмалы түрде аз зерттелген құрдастар арасындағы өзара әрекеттесу ең жоғары нәтиже берген.

Цифрлық ортадағы бірлескен оқыту бойынша Цз. Чэнь және әріптестері 2000-2016 жылдары жарияланған 425 эмпирикалық зерттеуді біріктірді [7]. Компьютерлік оқыту жағдайында бірлескен жұмыс білімді меңгеруге (ES = 0,42), дағдыларды қалыптастыруға (ES = 0,64) және білім алушылардың оқуды қабылдауына (ES = 0,38) оң әсер етті [7]. Бірлескен оқытуда компьютерді пайдалану топтық тапсырманы орындауға (ES = 0,89) және әлеуметтік өзара әрекеттесуге (ES = 0,57) айтарлықтай ықпал жасады, ал қосымша оқу орталары мен құралдарды қолданудың білім меңгеруге әсері 0,55 деңгейінде болды [7].

Өзара әрекеттесуге негізделген белсенді оқытудың дәстүрлі дәріспен салыстырғандағы тиімділігін С. Фриман және әріптестері жаратылыстану, инженерия және математика бағыттарындағы 225 зерттеу негізінде бағалады [8]. Белсенді оқыту кезінде емтихан нәтижелері орташа есеппен 0,47 стандарттық ауытқуға артты (158 зерттеу), ал сәтсіздік үлесі белсенді оқытуда 21,8%, дәстүрлі дәрісте 33,8% болды; дәріс форматындағы курстарда білім алушылардың сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы 1,5 есе жоғары [8]. Аталған метаталдаулардың негізгі көрсеткіштері 1-кестеде жинақталған.


1-кесте - Өзара әрекеттесу түрлерінің оқу нәтижелеріне әсері (метаталдаулар деректері бойынша)

Дереккөз

Өзара әрекеттесу түрі немесе шарты

Нәтиже көрсеткіші

Әсер мөлшері

Зерттеулер саны

Бернард т.б. [6]

Білім алушы - білім алушы

Оқу жетістігі

g = 0,49

10

Бернард т.б. [6]

Білім алушы - мазмұн

Оқу жетістігі

g = 0,46

20

Бернард т.б. [6]

Білім алушы - оқытушы

Оқу жетістігі

g = 0,32

44

Бернард т.б. [6]

Барлық түрі бойынша

Оқу жетістігі

g = 0,38

74

Чэнь т.б. [7]

Компьютерлік ортадағы бірлескен жұмыс

Білімді меңгеру

ES = 0,42

425 (жалпы)

Чэнь т.б. [7]

Компьютерлік ортадағы бірлескен жұмыс

Дағдыларды қалыптастыру

ES = 0,64

425 (жалпы)

Чэнь т.б. [7]

Бірлескен оқытуда компьютер қолдану

Әлеуметтік өзара әрекеттесу

ES = 0,57

425 (жалпы)

Чэнь т.б. [7]

Бірлескен оқытуда компьютер қолдану

Топтық тапсырманы орындау

ES = 0,89

425 (жалпы)

Фриман т.б. [8]

Белсенді оқыту (дәріспен салыстырғанда)

Емтихан нәтижесі

0,47 SD

158

Фриман т.б. [8]

Белсенді оқыту (дәріспен салыстырғанда)

Сәтсіздік үлесі

21,8% / 33,8%

67

Ескерту - [6; 7; 8] дереккөздерінің деректері негізінде авторлар құрастырған.


1-кесте деректері бірнеше заңдылықты айқындайды. Біріншіден, өзара әрекеттесудің барлық түрі оқу нәтижелеріне оң әсер етеді, ал әсер мөлшерлерінің басым бөлігі 0,32-0,64 аралығында, яғни әлсізден орташаға дейінгі деңгейде орналасқан. Екіншіден, ең жоғары мәндер (0,64 және 0,89) білімді меңгеруге емес, дағдыларға және топтық тапсырманы орындауға қатысты; бұл өзара әрекеттесудің ең алдымен іс-әрекеттік және әлеуметтік құзыреттерді дамытатынын көрсетеді. Үшіншіден, құрдастар арасындағы (0,49) және мазмұнмен (0,46) өзара әрекеттесу оқытушымен өзара әрекеттесуден (0,32) жоғары нәтиже береді.

Бұл айырмашылықты теориялар тұрғысынан түсіндіруге болады. Бернард пен әріптестері нәтижелерді өзара әрекеттесу күшейген сайын артатын когнитивтік белсенділікпен байланыстырады [6]. Выготский тұжырымы тұрғысынан алғанда, неғұрлым қабілетті құрдаспен бірлескен жұмыс жақын даму аймағында әрекет етуге мүмкіндік береді, ал өз ойын түсіндіру мен дәлелдеу қажеттілігі ойлау белсенділігін арттырады. «Зерттеушілік қауымдастық» моделі бойынша, оқытушымен өзара әрекеттесудің салыстырмалы түрде төмен әсерін оқытушылық қатысу тек ақпарат беру мен бағалаумен шектелгенде пікірталастың интеграция және шешім кезеңдеріне жетпейтінімен түсіндіруге болады. Сонымен қатар Чэнь мен әріптестерінің деректері бірлескен оқытудың өзі ғана емес, оны қолдайтын орта мен құралдардың да маңызды екенін көрсетеді [7]; бұл оқу желісі технологиялық түйіндерді де қамтиды деген коннективистік тезиспен үндеседі [5].

Халықаралық метаталдаулардың қорытындылары отандық білім беру жүйесіндегі жағдаймен салыстырғанда ерекше мәнге ие болады. TALIS 2024 деректері бойынша Қазақстандағы мұғалімдердің 97%-ы мектепте оқушылар мен мұғалімдердің әдетте жақсы қарым-қатынаста болатынымен келіседі [1]. Педагогтар арасындағы өзара әрекеттесу де жоғары бағаланады: мұғалімдердің 90%-ы әріптестеріне сүйене алатынын айтады (ЭЫДҰ бойынша орташа - 86%) [1]. Ынтымақтастықтың ең жиі кездесетін түрлері - нақты оқушылардың оқуын талқылау (67%), оқу материалдарымен алмасу (61%) және бағалаудың ортақ стандарттарын әзірлеу (54%) [1].

Алайда серіктестіктің неғұрлым терең формаларының динамикасы біркелкі емес. 2018 жылмен салыстырғанда бірлескен кәсіби оқуға қатысатын мұғалімдердің үлесі 6 пайыздық тармаққа өскенімен, бірлесіп сабақ беру 3 тармаққа, сыныптар арасындағы бірлескен іс-шаралар 4 тармаққа, ал сабақты бақылау негізінде кері байланыс алу 8 тармаққа төмендеген [1]. Жаңадан келген мұғалімдердің 43%-ына тәлімгер бекітілген, бұл ЭЫДҰ-ның орташа деңгейінен (26%) жоғары, бірақ 2018 жылмен салыстырғанда 16 тармаққа аз [1]. Демек, педагогтар арасындағы өзара әрекеттесу көбіне ақпарат пен материал алмасу деңгейінде жүріп, бірлескен әрекет пен рефлексияны талап ететін формалар әлсіреп отыр. «Зерттеушілік қауымдастық» моделінің тілімен айтқанда, әлеуметтік қатысу жоғары, ал когнитивтік қатысуды қамтамасыз ететін бірлескен зерттеу тәжірибесі жеткіліксіз.

Цифрлық өзара әрекеттесу бойынша Қазақстан халықаралық деңгейден озық тұр: гибридті немесе онлайн сабақтар өткізілген мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдер үлесі 40%, жасанды интеллектіні пайдаланатын мұғалімдер үлесі 59% [1]. Жасанды интеллектіні пайдаланатын мұғалімдер оны көбіне тақырыпты қысқаша мазмұндау (87%), сабақ жоспарын құру (79%) және өмірлік дағдыларды жаттықтыру (76%) үшін қолданады [1]. Сонымен бірге жасанды интеллектіні пайдаланбайтын мұғалімдердің 61%-ы мектепте қажетті инфрақұрылымның жоқтығын көрсеткен (ЭЫДҰ - 37%) [1]. Бұл көрсеткіштер мазмұнмен өзара әрекеттесудің жаңа арнасы қалыптасып жатқанын, бірақ оның мүмкіндіктері мектептер арасында біркелкі таралмағанын аңғартады.

Қорытынды

Жүргізілген талдау өзара әрекеттесудің заманауи теориялары бір-бірін жоққа шығармайтынын, керісінше, оқу процесінің түрлі деңгейлерін толықтыра сипаттайтынын көрсетті. Әлеуметтік конструктивизм өзара әрекеттесуді дамудың механизмі ретінде негіздейді, Мур типологиясы оның арналарын құрылымдайды, «зерттеушілік қауымдастық» моделі сапа өлшемдерін ұсынады, ал коннективизм оны цифрлық желі деңгейіне кеңейтеді.

Метаталдаулар деректері теориялық тұжырымдарды сандық тұрғыдан растайды: өзара әрекеттесуді күшейту оқу жетістігін орташа есеппен 0,38 стандарттық ауытқуға арттырады; құрдастар арасындағы (0,49) және мазмұнмен (0,46) өзара әрекеттесудің әсері оқытушымен өзара әрекеттесуден (0,32) жоғары; бірлескен оқыту дағдыларды қалыптастыруға (0,64) және топтық тапсырманы орындауға (0,89) ерекше ықпал етеді, ал дәстүрлі дәрісте сәтсіздік ықтималдығы белсенді оқытумен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Қазақстандық деректер мектепте қолайлы қарым-қатынас ахуалы (97%) мен цифрлық құралдарды қолданудың жоғары деңгейі (59%) қалыптасқанын, бірақ бірлесіп сабақ беру мен сабақты бақылауға негізделген кері байланыс сияқты терең ынтымақтастық формаларының қысқарғанын көрсетеді.

Осы нәтижелер негізінде бірнеше практикалық ұсыныс жасауға болады. Біріншіден, білім алушылар арасындағы өзара әрекеттесуді кездейсоқ жағдайға қалдырмай, рөлдер, ортақ мақсат және бағалау критерийлері бар тапсырмалар арқылы мақсатты жобалау қажет. Екіншіден, оқытушының рөлі ақпарат таратушыдан пікірталасты интеграция мен шешімге жеткізетін ұйымдастырушыға ауысуы тиіс. Үшіншіден, мұғалімдердің кәсіби дамуында бірлескен сабақ жоспарлау және өзара сабаққа қатысу сияқты терең серіктестік формаларын қайта күшейту маңызды. Төртіншіден, жасанды интеллект құралдарын мазмұнмен өзара әрекеттесуді тереңдететін, бірақ құрдастармен диалогты алмастырмайтын құрал ретінде енгізу және мектептердің цифрлық инфрақұрылымындағы алшақтықты азайту қажет. Зерттеудің шектеулілігі - талданған метаталдаулардың едәуір бөлігі жоғары және қашықтықтан оқыту деректеріне негізделген; сондықтан отандық мектептерде өзара әрекеттесу түрлерін салыстыратын эксперименттік зерттеулер жүргізу келешектегі міндет болып табылады.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. OECD. Results from TALIS 2024: Country notes. Kazakhstan. - Paris: OECD Publishing, 2025. - URL: https://www.oecd.org/en/publications/results-from-talis-2024-country-notes_e127f9e2-en/kazakhstan_a2edca40-en.html

2. Vygotsky L.S. Mind in Society: The Development of Higher Psychological Processes / ed. by M. Cole, V. John-Steiner, S. Scribner, E. Souberman. - Cambridge, MA: Harvard University Press, 1980. - 176 p. - ISBN 978-0-674-57629-2. - URL: https://www.hup.harvard.edu/books/9780674576292

3. Moore M.G. Editorial: Three types of interaction // American Journal of Distance Education. - 1989. - Vol. 3, No. 2. - P. 1-7. - DOI: 10.1080/08923648909526659. - URL: https://doi.org/10.1080/08923648909526659

4. Garrison D.R., Anderson T., Archer W. Critical inquiry in a text-based environment: Computer conferencing in higher education // The Internet and Higher Education. - 2000. - Vol. 2, No. 2-3. - P. 87-105. - DOI: 10.1016/S1096-7516(00)00016-6. - URL: https://doi.org/10.1016/S1096-7516(00)00016-6

5. Siemens G. Connectivism: A learning theory for the digital age // International Journal of Instructional Technology and Distance Learning. - 2005. - Vol. 2, No. 1. - P. 3-10. - URL: http://www.itdl.org/Journal/Jan_05/article01.htm

6. Bernard R.M., Abrami P.C., Borokhovski E., Wade C.A., Tamim R.M., Surkes M.A., Bethel E.C. A meta-analysis of three types of interaction treatments in distance education // Review of Educational Research. - 2009. - Vol. 79, No. 3. - P. 1243-1289. - DOI: 10.3102/0034654309333844. - URL: https://doi.org/10.3102/0034654309333844

7. Chen J., Wang M., Kirschner P.A., Tsai C.-C. The role of collaboration, computer use, learning environments, and supporting strategies in CSCL: A meta-analysis // Review of Educational Research. - 2018. - Vol. 88, No. 6. - P. 799-843. - DOI: 10.3102/0034654318791584. - URL: https://doi.org/10.3102/0034654318791584

8. Freeman S., Eddy S.L., McDonough M., Smith M.K., Okoroafor N., Jordt H., Wenderoth M.P. Active learning increases student performance in science, engineering, and mathematics // Proceedings of the National Academy of Sciences of the United States of America. - 2014. - Vol. 111, No. 23. - P. 8410-8415. - DOI: 10.1073/pnas.1319030111. - URL: https://doi.org/10.1073/pnas.1319030111

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
22 қараша
12
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі