Педагогтарға
арналған психологиялық
тренинг
Мақсаты:
тәрбиеші,
педагогтар арасында қарым-қатынасты нығайту,
жағымсыз көңіл-күйден арылу,
күш-қуат жинау,
өзін-өзі тану,
құрметтеу,
өзін еркін сезінуге көмектесу.
Жоспары:
1. Амандасу. «Бумба - Юмба» жаттығуы.
2. «Құнды қасиеттерді жинау» жаттығуы.
3. «Табиғат мінезі» жаттығуы.
4. «Өз жұбыңды тап» жаттығуы.
5. «Оның есесіне мен...» жаттығуы.
6. «Мінезімізді аныктайық» тест
7.«Теңізге саяхат» релаксациялық жаттығу.
8. Қортынды. «Тілек айту» жаттығуы.
Қажетті құралдар: жүрекше, жануарлардың аты жазылған карточкалар,
жаттығуға қажетті парақтар
Ұйымдастыру: 1. Амандасу.
Психолог: Біз сіздермен Бумба - Юмба тайпасына қоршауға түсіп
қалдық. Ол тайпаның дәстүрі, салты бойынша былай амандасу керек.
Қазір екі топқа бөлінеміз. 1 - топ 2 - топқа барып бір - біріңізді
мұрыныңызбен үйкелейсіздер. Ал екінші топ бірінші топқа барып, бір
- бірлеріңізбен арқаларыңызды түйістіресіздер.
2. «Құнды қасиеттерді жинау» жаттығуы.
Ең алдымен жүргізуші бастайды. Жүрекшені алып, «Мен сізге жүрекшені
беремін, себебі сіз... қайырымды адамсыз». Әр қатысушы жүрекшені
алып, жалғастырады. Сөйтіп барлық қатысушы өз ойын айтып шығуы
керек.
3. «Табиғат мінезі» жаттығуы.
Қане, барлығымыз тізбектеле тұрайық. Көзімізді жұмып, өзімізді
табиғат аясында тұрғандай сезінейік. Күн тамаша ашық, күн сәулесі
шуақ шашып тұр, айнала тамаша көрініске толы. Енді, көзімізді ашып,
өзімізді еркін сезінейік. Алғашқыда бәрі жақсы болып тұрды да
кенет, аяқ астынан жеңіл жел соқты.
Алдыңызда тұрған адамның арқасынан жаймен ғана қолмен жеңіл желдің
самалындай етіп сипаймыз.
Жел күшейді – енді алдыңыздағы адамның арқасын қатты уқалай
бастаймыз.
Кенет, боран басталды - енді боран күшіндей екі қолмен айналдыра
күштірек уқалаймыз.
Содан кейін, аяқ астынан жай ғана жаңбыр сіркірей бастады – енді
қолымызбен жаңбырдың тамшысындай жаймен ұрамыз.
Бір кезде қатты жауын жауды – біз қатты жауын сияқты арқамызды
саусақтың ұшымен жоғары төмен сипалаймыз.
Аяқ астынан бұршақ жауды – арқамызды саусақ басымен бұршақ
жауғандай қаттырақ ұрамыз.
Бір кезде бәрі басылды, күн жарқырап ашылып, адамға бір күшті шуақ
берді. Енді алдымыздағы адамдармен алмасамыз. Осы жаттығуды сізге
алдыңызда тұрған адам орындайды.
4.«Өз жұбыңды тап» жаттығуы.
Қатысушылар шеңбер құрап отырады. Мен сіздерге жануарлардың аттары
жазылған текшелер таратып беремін. Атаулар екі текшеде қайталанған.
Мысалы, егер сіздің қолыңызда піл деп жазылған болса, сіз тағы
біреудің қолында сондай текше бар екенін біліңіз. (Жаттықтырушы
текшелерді таратады, егер қатысушылар саны тақ болса, жаттығуға
жаттықтырушы өзі де қатысады).
Сіздің текшеңізде не жазылғанын оқыңыз. Жазуды сіз ғана көруіңіз
керек. Енді текшені жинап қойса болады. Әрқайсысыңыздың
міндеттеріңіз өз сыңарыңызды табу. Бірақ, сөйлеспейсіздер,
өзіңіздің жануарыңызға тән дыбыстар шығармайсыздар, тек әртүрлі
қимылдар арқылы кез - келген әрекетті үнсіз жасайсыз.
Егер өзіңіздің жұбыңызды тапсаңыз, бірге тұрыңыз, бірақ үндемейсіз,
сөйлеспейсіздер. Тек барлығы өз сыңарын тапқан кезде ғана, қандай
нәтиже болғандығын тексереміз. Топ мүшелері өз сыңарын тапқаннан
кейін, жаттықтырушы «Сіз кімсіз?» деп сұрап шығады.
Әдетте, бұл жаттығу өте көңілді өтеді, нәтижесінде топ мүшелерінің
көңіл - күйі көтеріліп, шаршағандығы тарқайды. Жаттығу
қатысушылардың ары қарай ашыла түсуіне септігін тигізеді.
5. «Оның есесіне мен...» жаттығуы.
Барлық қатысушыларға аяқталмаған сөйлемдері бар карточкалар
таратылады. Сөйлемдерді әр қатысушы өз ойымен аяқтайды.
- Мен бәліш пісіре алмаймын, оның есесіне......
- Мен шаршадым, оның есесіне.......
- Мен жақсы билей алмаймын, оның есесіне.....
- Мен көп үндемейтін адаммын, оның есесіне.....
- Мен көп ұйықтаймын, бірақ оның есесіне.....
- Мен жұрттың бәріне құрметті бола алмаймын, оның есесіне....
- Мен еден жууды ұнатпаймын, оның есесіне....
- Мен Үндістанда болған жоқпын, оның есесіне.....
- Мен пәлендей батыл емеспін, оның есесіне......
- Мен өзім туралы көп ойламаймын, оның есесіне.......
- Мен тез ашуланғыш адаммын, оның есесіне......
- Мен соншалықты сымбатты емеспін, оның есесіне.....
- Мен тым толықпын, оның есесіне.....
- Менің аяқтарым ұзын емес, оның есесіне....
- Менің кемшіліктерім көп, оның есесіне....
- Менің жазуым әдемі емес, оның есесіне......
6. «Мінезімізді анықтайық» тест
7. «Теңізге саяхат» релаксациялық жаттығу.
Бұл медитативтілік техника денедегі қысымды түсіруге бағытталған,
музыкамен орындалады.
Жүргізуші. Жайланып отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз. Терең демалыңыз,
денеңізді бос ұстаңыз, денеңізді ауырлап бара жатқандай және оны
теңіз толқынының лебі ұрып жатқандай сезініңіз. Өзіңізді жартастың
үстінде тұрмын деп есептеңіз және алысқа көз жіберіңіз. Сіздің
алдыңызда көгілдір теңіз, ашық аспан және күн. Теңіз бірқалыпты дем
алып, асау толқындары жағаға соғылып, қайтадан кейін қайтуда.
Теңіз толқындарының шуын естіп, толқындарға қызыға қарап,
жағалаудағы теңіздің тұзды ауасын жұтып тұрсыз. Өз бойыңыздағы
асқан ауыртпалықтан бір сәтке болса да арылғандайсыз. Сіздің
рухыңыз жайлылық сезіміне толы. Сіз төменге түсіп, аяғыңызды
шештіңіз, жалаң аяқ құмның қызуы мен жұмсақтығын сезіне отырып
жүгірудесіз. Міне сіз судың жанына келдіңіз, толқындар сіздің
аяғыңызды жуып жатыр, су жып - жылы әрі жұп - жұмсақ. Сіз
қолдарыңызды бос тастап, басыңызды шалқайттыңыз. Күн сәулесі мен
жеңіл самал жел сіздің бетіңізді өбуде, теңіз толқындарының
тамшылары сіздің денеңізді баурап алғандай. Ерініңізде теңіздің
тұзды суының кермек дәмі және бақыт күлкісі. Сіз өзіңізді кішкентай
бала сияқты сезініп, жүгіргіңіз, секіргіңіз, су шашып ойнағыңыз,
күлгіңіз келеді. Өзіңізге осы бірнеше минут ішінде не істегіңіз
келсе, соны істеуге рұқсат етіңіз.
Сіздің қайтатын уақытыңыз болды. Міне сіз тағы да жардың басында
тұрсыз. Сіздің демалыс пен бақыт сыйлаған ғажайып әлемге
алғысыңызды айтыңыз. Көздеріңізді асықпай ашыңыз!
Қандай сезімде болдыңыз? Не сезіндіңіз?
8. Қорытынды. «Тілек айту»
Барлығымыз шеңбер құрып, гүл шоғын бір - бірімізге бере отырып,
тілектер айту. Мысалы: саған ұзақ өмір тілеймін, отбасыңа бақыт
тілеймін. Осымен тренингіміз аяқталды. Тренингке қатысқандарыңызға
рахмет!