жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Презентация "Эссе жазудың тиімді жолдарын үйрету"
Жамбыл облысы Шу қаласы С.Сейфуллин орта мектебі.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сариева Жанар Шаймерденқызы
Шебер сыныптың тақырыбы: Оқушыларға эссе жазудың тиімді жолдарын үйрету .
Жалпы мақсат:
Эссе жазудың тиімді жолдарын түсіндіру.
-Эссе жазудың жолдарын меңгерте отырып, мұғалімдедің тәжірибесін жетілдіру.
Мұғалімдер үшін оқу нәтижесі:
Кәсіби дағдыларды қалыптастыратын жаңа мүмкіндіктер туындайды;
-эссенің құрылымдарын ұғынады;
-шығармашылық деңгейі шыңдалады;
-эссені бағалау межелерін біледі;
-эссе жазу бөлімдерінің мәнін түсінеді.
-мұғалімдер сабақ үрдісінің белгілі бір кезеңінде топтық жұмысты тиімді қолдана отырып, оқытуды бағалауды үйренеді.
Түйінді идеялар:
ҰБТ-ға дайындық кезіндегі эссе жазудың тиімді жолдарын түсінеді.
Сабақта қолданылатын материалдар:
А-4 парақтары, стикер, интерактивті тақта,флипчарт, маркер.
Оқыту әдістері:
Оқыту мен оқудағы жаңа әдістер:
1. Диалог
2. Жеке жұмыс
4. Топтық жұмыс
Дерек көздері:
Әдеби материалдар,әдістемлік ұсынымдама, газет-журналдар.
Тапсырмалар:
Сұрақ- жауап, салыстыру,талдау, сыни тұрғыдан ойлау
Оқуға арналған тапсырма:
Әдістемелік ұсынымдама
Шебер сынып бойынша коуч пен мұғалімдердің іс-әрекеті:
І.Мұғалімдерге психологиялық ахуал туғызу (3 мин)
1. Ыммен ән айту арқылы 4 топқа бөлу.
2. Психологиялық тапсырма.
Көз – жанымыздың
айнасы. Көзге байланысты психологтар ерекше тест түрін ойлап тапты.
Суреттегі 9 көзге қарап, ұзақ ойланбай, біреуін таңдаңыз. Ойланып,
таңдаудың қажеті жоқ. Қайсысы сізге көбірек ұнады, соны таңдауыңыз
керек.
1. Егер сіз 1-көзді таңдасаңыз, демек басты қасиетіңіздің бірі – көңілділік. Кез келген адамға жүрегіңіздің есігін ашып, жайдары қарсы алуға дайынсыз. Салдарында талай рет қателесіп, қапаланасыз. Өзгелерге қорқышыңыз бен сенімсіздігіңізді білдіртпейсіз. Өз проблемаларыңызды өзіңіз шеше алатыныңызға сенімдісіз. Сонымен қатар басқаларға да қол ұшын беруге дайын тұрасыз.
2. Сіздің басты қасиетіңіз – адалдық. Өзгелерге жақсы әсер қалдыру үшін барыңызды салуға дайынсыз. Бәрін дұрыс жасауға тырысасыз. Адамның іс-әрекетіне қарап, оған баға беруге болады деп санайсыз. Күйзеліске түскенде не көңіл-күйіңіз төмен болғанда ешкімге тіл қатпауга тырысасыз.. Өзіңізді өзгелерге арнау үшін өмір сүресіз.
3. Егер 3-ті таңдасаңыз, дәл қазір өзіңізді бақытсыз сезінуіңіз мүмкін. Өткеннің
естелігі қазіргі күнге әсер етеді. Өмірді қатігез деп санайсыз. Өзіңізге жайлы орын
іздеумен келесіз. Беймаза ойларыңызды ешкімге айтпауды жөн көресіз. Өйткені ақырында
бәрі өз орнына келетініне сенімдісіз. Бұл өткінші, ауыр кезең екенін жақсы түсінесіз.
4. Сіз – нағыз философсыз. Сіз әлемдегі барлық нәрсенің «түпкі себебін» табуға әуес адамның бірісіз. Басқа ешкімнің мазасын алмайтын сұрақтар жайлы ойланып, әлемнің «құрылымын» түсінуге ұмтыласыз. Бір уақытта бірнеше нәрсе туралы тереңінен ойланып, жауабын табуға тырысасыз. Жауабы табылған сұрақты қойып, жаңа жұмбақты шешуге кірісесіз. Әлем сіз үшін — үлкен жұмбақ. Оның шешімін тауып, не істейтініңізді білмесеңіз де, іздеуді тоқтатпайсыз.
5. 5-көз – ақылға
сыймайтын жұмбақ жан. Сіз әлі күнге дейін өмірдегі өз орныңыз бен
кім екеніңізді таппадыңыз. Дегенмен, тырысуды тоқтатпайсыз.
Көңіл-күйіңіз сағат сайын ауысып тұрады. Өзіңіз жайлы
әңгімелегенді ұнатпайсыз. Көп сөйлегенді жақсы көрмейсіз. Бірақ
біреудің әңгімесін тыңдағанды қызық
көресіз.
6. Басты қасиетіңіз – аса сезімталдылық. Сіз – айналаңыздағы болып
жатқан жайттың бәрін бүге-шігесіне дейін байқатын және есіне
сақтайтын адамсыз. Мұның арқасында әлеммен үндесе аласыз.
Сезімдеріңіз әрқашан терең, әрекетіңіз кейде ақылға қонымсыз болса
да, сүйкімді көрінеді. Сізді күлдіру де, жылату да оңай. Дегенмен
сіз өзгелерге өз нәзіктігіңізді білдіртпеуге тырысасыз. Оның орнына
ақылдылығыңыз бен даналығыңызды көрсетесіз. Жалпы, сіз позитивті
тұлғасыз. Сондықтан өмірден тек жақсылықты күтесіз. Өмірде болып
жатқан қызықты, ерекше жайттар жайлы бірінші білуге ұмтылатын
адамсыз.
7. Энергиясы мол адамсыз. Тұла-бойыңыздағы энергия әлемді ерекше етіп көруге көмектеседі.
Сезімдеріңіз үнемі шектен шығуға жақын тұрады. Шын жүректен сүйіп, шын жүректен жек көре аласыз. Кез келген сұраққа қатысты өз пікіріңіз бар. Энергияңызды уайымдауға жұмсауға үйірсіз. «Бәрі маған қарап тұр, маған сенеді» деген ауыр жүкті арқалап жүргендейсіз.
8. Сіз – ережеге бағынбайтын жансыз. Сіздің қызығушылықтарыңыз бен ұстанымдарыңыз өзгелердікіне ұқсамайды. Басқалар үшін сіз «біртүрлі адамсыз». Бірақ сізді мұндай пікірлер алаңдатпайды. Сіз дәстүр мен ережеге бағынбайсыз. Өз жолыңызды іздеумен боласыз. Егер оны табу үшін талай жерден сүріну керек болса, оған да дайынсыз. Жақындарыңыздан ешнәрсені жасырмайсыз, бірақ өз пікіріңізді де орынсыз айта бермейсіз.
Әркімнің өз жолы бар, әр адам — ерекше тұлға екенін түсінесіз. Сол себепті біреу сізді сынап, мінесе, ойынға айналдырып жіберіп, аса мән бермейсіз. Дегенмен, өзіңізге ұқсас адамды іздейсіз.
9. Ішкі дауысыңызға сенесіз. Сіз — қоршаған орта мен әлемді сезе алатын адамсыз. Адамның сезімі мен ойын сөзіне қарап емес, дауысына, жүріс-тұрысына қарап білесіз. Бала кезіңізден бастап адамдарды жақсы танисыз. Біреудің ойы мен өзгелерге білдіртпейтін қасиеттерін байқай аласыз. Бұл білім сізге өмір жолында да, мансапта да талай рет көмектесті. Біреу біреуді арбаса, алдаса бірден сезіп, білесіз. Сол себепті сізді де алдау өте қиын.
ІІІ. Жағдаяттарды шешу.
І топ:
Оқушы сіздің сабағыңыздан үнемі қашып кетеді. Сынып жетекшінің, мектеп директорының ескертуінен еш нәтиже шықпады. Мектеп әкімшілігі оқушыны қызықтыра алмадың деп сізді кінәлады. Басқа оқушылар сіздің сабағыңызды ұнатады. Әлгі оқушымен қандай жұмыс атқарасыз және қандай шара қолданасыз?
2 топ:
Сіз үйге Эссе жазып келуге бердіңіз. Оқушы үй тапсырмасын ғаламтордан жазып келген.
Сіз ол деректер жайында білмейсіз. Оқушы жұмысын қалай бағалайсыз?
3 топ:
Сіз бүгін қандай да бір жағдаймен сабаққа дайындалмай, жоспарсыз келдіңіз. Сабағыңызға мектеп әкімшілігі немесе басқа мұғалімдер қатысып отыр. Не істейсіз? Жағдаяттан қалай шығасыз?
Мұғалім
сөзі:
Эссе деген не?
Ол - шағын көлемді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні десек те жарасымды. Эссеге қойылатын талаптар: - тақырыпты білу, айтылатын ойды жоспарлау; - айтылатын ойға эпиграф пен дәйексөздер таңдау; - тақырыпқа қатысты өлең шумақтарын, нақыл сөздерді орнымен пайдалана білу; - ойдың жаңашыл, еркін, шынайы болуына баса мән беру; - оқыған адамға ой тастайтындай, пікір тудыратындай болу керек; - ең бастысы өз ойыңды дәлелді, шынайы, нақты жеткізуге дағдылану.
Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде эссеге: «Эссе – бір нәрсенің әсерінен болатын толғаныстан туған шағын әдеби шығарма» деген анықтама берілген.
Эссенің мақсаты – әр түрлі тезистер,дәлелдер келтіре отырып берілген тақырыпты ашу. Онда нақты айғақтар беріліп,мысал келтіріледі.
Эссеге тақырыптардың шектеусіздігі, автордың өз тәжірибесіне негізделген жеке позицияның еркін мазмұндалуы тән. Мұнда стиль маңызды роль ойнайды.
Эссенің мақсаты: Өз ойын жазбаша түрде жеткізу және өз бетімен шығармашылық ойлау дағдыларын дамыту.
І.Миға шабуыл
1. Эссе деген сөзді қалай түсінесіз?
2. Эссені қалай жазып жүрсіздер?
3. Эссе туралы сіздің ой-пікіріңіз қандай?
4. Жаңа форматта тестке дайындалу барысында қандай қиыншылықтар мен кедергілер кездесіп жатыр?
5. Эссе жазуға қалай дайындалып жатырсыздар?
Жаңа ҰБТ қандай жақсылықтар әкеледі деп сенесіздер?
Сабақтың алгоритмі.
1/ Эссе туралы ұғым;
2/ Топтық жұмыс арқылы эссе құрылымдарын талдау;
3/ Жазуда кездесетін өзгешеліктер/ тақырыпты ашатын ұғымдар ,тезис, аргумент, себеп, көзқарас дәлел,мысал /;
4/ Эссеге қойылатын талаптар мен жиі кездесетін қателіктерді анықтау;
5/ Бағалау межелері.
Эссе алгоритмі:
Тақырып.
Тақырыпты ашатын жаңа ұғымдар,жаңа атаулар, мәліметтер.
Тақырыптың өзектілігі.
Тезис қою.
Тезис арқылы негізгі бөлімге өтуші сөйлемдер.
Тезис арқылы негізгі бөлімде эссенің мазмұны ашатындай болу қажет.
Жазушының өз пікірі, себебі, дәлелі, мысалы, өз идеясы, салыстыру мен троптың түрлері болу шарт.
Дәлелдеудің үш құраушы бөліктері:
Тезис – дәлелденуге тиісті жағдай
Аргументтер-тезистің анық шын екендігін дәлелдеу үшін қолданылатын категория.
Қорытынды-фактілерді талдауға негізделген ой түйіні
ІҮ Топтық жұмыстар
І топ Эссе жазуда кездесетін өзгешеліктер
Эссенің маңызды ережелерінің бірі – тезис қою. Кілті табылмаса, эссенің негізгі мақсатына жетуі де қиындыққа ұшыратады. Тезис – автор ұстанымы, негізгі бөлімде дәлелденетін ойға сілтеуші негізгі идея. Тезис кіріспе бөлімде қойылады. Кіріспе бөлім нені қамту керек?
Кіріспе бөлімде эссе жазушы эссе тақырыбына түсінік береді. Осы арқылы жазушының эссе тақырыбын түсінгенін анықтай аламыз. Бұл тақырып неліктен өзекті екендігі жазылады.
Тақырып және оның өзектілігі туралы жазылғаннан кейін тезис қойылады. Тезистен кейін негізгі бөлімге көшуші сөйлем жазылады. Кіріспе бөлім бойынша мысалға назар аударайық.
– Дос табу оңай ма? – депті қарт.
– Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын, – депті бала.Бұл тек берілген сұраққа жауап алу ғана. Кіріспе бөлімде тақырыпты ашу үшін тақырып жайында мәліметтер , ұғымдардан басталады.
Эссе тақырыбы:
Дос табу ақылдыға оңай ма, ақымаққа оңай ма?
Дос – адамның рухани болмысы, дүниетанымы жағынан үндес келетін жақын жаны. Өз ойыңды, сырыңды, қуанышыңды, ренішіңді, өкінішіңді, жетістігіңді, кемшілігіңді досыңмен бөлісе аласың. Бірақ осының бәрін бөлісе алатын дос табу оңай ма? Дос болудан бұрын, дос табу қиын. Дос табу кімге оңай? Менің ойымша, дос табу ақымаққа оңай. Неге?
Тақырыпты түсінуін білдіретін сөйлемдер: Дос – адамның рухани болмысы, дүниетанымы жағынан үндес келетін жақын жаны. Өз ойыңды, сырыңды, қуанышыңды, ренішіңді, өкінішіңді, жетістігіңді, кемшілігіңді досыңмен бөлісе аласың.
Тақырыптың өзектілігін білдіретін сөйлемдер: Бірақ осының бәрін бөлісе алатын дос табу оңай ма? Дос болудан бұрын дос табу қиын. Дос табу кімге оңай?
Тезис: Менің ойымша, дос табу ақымаққа оңай.
Негізгі бөлімге өтуші сөйлем: Неге? (риторикалық сұрақ)
. Мысалға келтірілген кіріспе бөлім аргументтік эссеге қатысты қойылған. Кіріспе бөлімде тезис қойылғаннан кейін негізгі бөлімге көшеді.
Негізгі бөлім бойынша мысал.
Ақымақ кез келген адаммен дос бола береді. Себебі, оның өмірлік ұстанымы айқын емес. Ол өз істеріне талдау жүргізіп ойланбайды. Дұрыс па, дұрыс емес пе деген сұрақтар да оны көп толғандырмайды. Өз ісіне есеп бере алмағандықтан, өзгелерді де бағалай алмайды. Сондықтан ақымаққа дос табу оңай. Ақымаққа дос табудың оңай болуының тағы да басқа себептері бар.
Пікір (негізгі идеяны, яғни тезисті қолдаушы сөйлем): Ақымақ кез келген адаммен дос бола береді.
Аргумент:
1. Себебі оның өмірлік ұстанымы айқын емес.
2. Ол өз істеріне талдау жүргізіп ойланбайды.
3. Дұрыс па, дұрыс емес пе деген сұрақтар да оны көп толғандырмайды.
4. Өз ісіне есеп бере алмағандықтан, өзгелерді де бағалай алмайды.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем: Сондықтан ақымаққа дос табу оңай.
Абзацтан абзацқа өтуші сөйлем: Ақымаққа дос табудың оңай болуының тағы да басқа себептері бар.
Қорытынды бөлімде логика бойынша кіріспе бөлімдегі тезиске қайта оралады. Тезисте қандай идея, қандай ұстаным айтылып еді. Негізгі бөлімдегі абзацтардың түйінін шығарып, қорытынды бөлім жазылады. Мысалы: Қорытындылай келе, дос табудың қиындығы ақылдыға тән. Мақсатсыз, ... ... ..., ... ... ..., ... ... ... адамға дос табу жеңіл. Дос табуда қателеспеуге тырысыңыз.
Бұл – эссенің негізгі құрылымы.
Эссе құрылымыны абзацтан абзацқа өтуші сөйлемдер, шылаулар, қаратпа сөздер эссе құрылымын байланыстырады.
Шылаулар абзацтарда айтылатын пікір мағынасына қарай қолданылады. Қаратпа сөздер эссе жазушының ойына байланысты қойылады.
Толық эссе жазылу үшін қоғамда болып жатқан жаңалықтар, әртүрлі саладағы өзге-
рістер, тың ойлар, оқиғалар, жаһандық мәселелер назардан тыс қалмау керек.
Тапсырманы негізге ала отырып,постер қорғау.
ІІ топ
Эссенің авторы – тек әңгімеші немесе баяндамашы ғана емес, сонымен бірге … кейіпкер де бола алуы қажет Сонымен бірге шығармашылық еркіндікке қарамастан, эссе жанрында ой қозғау оңай емес екенін ұмыптаған жөн. Ең бастысы – бірегей идеяны тауып және белгілі бір мәселеге байланысты қалыптан тыс көзқарасты білдіру керек.
Өзіндік көзқарасты білдіру үшін эссе авторы мысалдар келтіруі, салыстыру жасауы мен ассоциацияларды қолдануы қажет;
Эссеге көптеген көркемдегіш құралдарды қолдану тән (бұл – метафоралар, аллегориялық образдар, символдар мен салыстырулар).
Бар материалды өңдеу (жүйелеу, дәлелдеу).
Дәйектеу (бар материалдың эссе тақырыбына сәйкес келуі).
Жиі кездесетін қателіктер:
1. проблема ашылмайды;
2. автордың жеке позициясы көрінбейді;
3. теоретикалық негіздемесі жоқ;
4. терминдерді орынсыз, сауатсыз қолдану;
5. тым қарапайым өмірдің мысалдары көп;
6. ауызекі сөздер, диалект, жаргон сөздер;
7. келтірілген мысалдар автор позициясына қайшы;
8. қорытындылау, түйін шығару деген жоқ;
9. логиканың болмауы.
ЭССЕ жазу барысында қатаң сақталынуы тиіс талаптар:
• Жеке көзқарастың көрінісі;
• Фактілі дәлелдер (аргументтер);
• Теоретикалық негіздеме;
• Терминдерді қолдану;
• Әртүрлі көзқарастарды мысалға алу;
• Логикалық заңдылықтың сақталынуы;
• Салыстыру және қорытындылау әдістерін қолдану;
• Сауаттылық (пунктуация., орфография.);
Бағалау межелері:
-эссе жүйесіне қатысты жоспар құруы;
- тақырыптың толық ашылуы; эссе мазмұнының логикалық тұтастығы және ішкі бөліктерінің өзара байланыстылығы, жұмыстың өз бетінше орындалуы;
-талдау-сараптау категорияларын сауатты пайдалана алуы;
-нақты да түсінікті, мазмұнын айқын етіп жаза алуы; алға тартқан деректерін сауатты дәйектей алуы, бейнелі баяндау шеберлігі, ұлттық танымдық құндылықтарға басым мән беруі, стиль біртектілігін сақтауы;
-эссе көлемінің берілген нұсқаға сайлығы;
- қазақ әдеби тілінің лексикалық, грамматикалық, стильдік нормаларын сақтауы, жазу сауаттылығы;
Тапсырма бойынша тұжырым жасап, постер қорғаңыздар.
ІІІ топ Берілген екі эссенің біреусін таңдап, тапсырманы орындаңыздар.
Эссе 1 Тәуелсіз елдің патриотымын!
«Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан
Республикасы»! Неткен керемет, киелі ұғымдар! Бұл ұғымдардан,
Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады.
Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Көк туымыз
желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезімімен дүрсілдеп тұрған жүрек
әнұранымызға әуен қосып, әнұранымыз асқақтай
шырқалуда.
Тәуелсіздік туының
желбірегеніне де, міне, 25 жыл толды. Тоғыз жолдың торабындағы
алпауыт елдер қатарындағы алып мемлекетімізді әлем жұртшылығы
құрметтейді. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев та Қазақстанның осы жылдарда
биік тұғырға көтерілуіне елеулі үлес қосты. Ерен еңбегімен
Қазақстанның әр азаматының жүрегінен орын алған осындай
көшбасшымыздың болғанына да мақтанамын. Мен тәуелсіз елдің
патриотымын!
Н. Ә. Назарбаев: «Алдымызда асу - асу белдер
бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де
беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!»-
деп айтқандай, біздер, жас ұрпақ, тәуелсіздігіміздің баянды болуы
үшін жауапты екенімізді аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын
түсінуіміз керек. Бүгінгі партада отырған оқушы – ертеңгі азамат,
ел патриоты. Сол азаматтардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз
елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының
берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты екенін
дәлелдеу.
«Арыстандай
айбатты,
Жолбарыстай
қайратты,
Қырандай күшті
қанатты,
Мен жастарға сенемін!» - деп өршіл ақын М.
Жұмабаев болашаққа, жастарға үлкен сенім артты емес пе? Ақынның
өлеңде келтірген көркем сөздеріне лайық болатынымызға
сенемін.
Елімнің ертеңінен, болашағынан жүрегім
қорықпайды, керісінше, қуанады, ендеше, келешегім нұрлы болмақ.
Оған негіз – бүгінгі «арыстандай», «жолбарыстай», «қырандай» күшті
жас ұрпақтың, біздің бүгінгі әдемі әрекеттеріміз, ұтымды
ұмтылыстарымыз. Мен қазақ болып туылғаныма, осындай бай, байтақ
өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Өйткені, мен Тәуелсізбін,
тәуелсіз елдің патриотымын!
Тапсырма:
Эссе талаптарына сай жазылған ба? Талапқа сай ережелер кездесті ме? Жоқ болса өзгерістер енгізіңіздер.Кездессе астын сызып көрсетіңіздер.
Эссе 2
Менің Отаным — Қазақстан
Отан… Бұл сөз — әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші?! Отан дегеніміз — туып өскен жерің, Отан дегеніміз – 75 жыл Кеңес Одағының құрамында болып, дербестік пен тәуелсіздікті мүлде жоғалтқан қазақ халқының бастан кешкен тарихы, Отан дегеніміз — ел бірлігін, бостандығын, елін, жерін қайтсек сақтап қаламыз деп құрбан болған апаларымыз бен есіл ерлеріміз.
Қазақстан — тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті.Әсіресе, XX ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды.
Мен соңғы жүз жылда Қазақстан жеріне әр түрлі халықтар қоныс тепкеніне жиі ойланамын. Бірлік, ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық – қазақстандықтардың қалауы. Адамзат баласының татулығына ұмтылуы әр халықтың қанында бар, әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Бұл қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын қазақ халқының мінезінен жаралған. Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы.
Мен туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады деп ойлаймын. Мен қандай бақыттымын, өйткені сен барсың – менің Қазақстаным!
Мен оның шексіз болғанын, менің кішкентай және үлкен Отаным татулықта болғанын қалаймын. Мен әрқашан да Қазақстанда тұратын адамдарға жанымның жылуын, жүрегімнің отын сыйлауға дайынмын.
Тапсырма:
Эссе талаптарына сай өзгерістер енгізіңіздер.
Талапқа сай ережелерді кездесті ме? Кездессе астын сызып көрсетіңіздер.
ІҮ топ
Эссе құрылымы
Кіріспе
. Бұл этапта өз зерттеу барысында ашқалы отырған тақырыпқа қойылатын сұрақты дұрыс қою керек.”Кіріспе жазу барысында аталған тақырыпқа анықтама беру керек пе?, ” Мен алған тақырып неліктен маңызды?”, “ Менің тұжырымдауымда қандай түсініктер қолданылуы мүмкін?”, “Мен тақырыпты кішкене тақырыпшаларға бөле аламын ба? т.с.с. сұрақтарға жауап іздеген жөн.
Негізгі бөлім.
Бұнда эссенің негізгі мазмұны жазылады және ол біраз қиындық тудырады. Сондықтан негізгі бөлімді шағын тақырыпшаларға бөлуге болады. Әр тақырыпшаларды аргументті түрде тұжырымдау негізгі сұраққа жауап беруге көмектеседі.
Қойылған сұраққа
байланысты талдау жүргізу үшін мынадай негізінде жазу керек:
Себеп- салдар, жалпы- форма- мазмұн, бөлік- тұтас, тұрақты-
өзгермелі. Тақырыпшаларды тиімді пайдалану тақырыпты ашудағы
логикалық ойын байқауға көмектеседі.
4. Қорытынды
.
Эссенің қорытынды бөлімінде негізгі бөлімде айтылған сұрақтың мәнін бекітеді және мазмұнының маңыздылығын ашады. Қорытынды бөлімінде қолданылатын әдістер: қайталау, иллюстрация, цитата, әсер беретін тұжырым.
Эссе жазу үшін қажет
делелдеу құрылымы:
Дәлелдеудің
құрылымына 3 құраушы бөліктері
енеді.
Олар: тезис,
аргумент, қорытынды.
Тезис- дәлелденуге тиісті жағдай.
Аргументтер- тезистің анық шын екендігін дәлелдеу үшін қолданылатын категория.
Қорытынды- фактілерді талдауға негізделген ой түйін.
Аргументтер бірнеше топқа бөлінеді:
Тексерілген фактілер - нақты материал.
Анықтамалар аргументі ретінде қолданылады.
3. Ғылым Заңдары және алдында қолданылған теоремалар дәлелдеу аргументі ретінде қолданылады.
Тура аргументте тезистің шындығы аргументтен анық көрініп тұрады.Мысалы, біз сабаққа баруға тиісті емеспіз, себебі бүгін күн жексенбі.
Тапсырма бойынша тұжырым жасап, постер қорғаңыздар.
Тапсырма: Эссенің алгоритмін құру.
Бағалау:
«Жәрмеңке» әдісі. Әр топ ең жақсы қорғалған жұмысты сатып алады. Сатып алу үшін арнайық қолдан жасалған теңге түрлерінің көшірмелері таратылып беріледі.
Рефлексия
Рефлексия
парағы
1.Бүгінгі үдерісте сізге не қатты ұнады
(ұнамады)? Неліктен ұнады(ұнамады)
?
____________________________________________________________________________________________________________________________
2.Бұл тәсілдер қаншалықты
тиімді болады деп ойлайсыз?
____________________________________________________________________________________________________________________________
3.Қандай нәтиже
күтесіз?
____________________________________________________________________________________________________________________________
Рефлексия
Рефлексия
парағы
1.Бүгінгі үдерісте сізге не қатты ұнады
(ұнамады)? Неліктен ұнады(ұнамады)
?
____________________________________________________________________________________________________________________________
2.Бұл тәсілдер қаншалықты
тиімді болады деп ойлайсыз?
____________________________________________________________________________________________________________________________
3.Қандай нәтиже
күтесіз?
_____________________________________________________________________________

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген