жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Әдебиет тарихшысы, ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург, аудармашы Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келді. Қайым Мұхамедханов 1924-1928 жылдары Жаңасемей қаласындағы бастауыш қазақ мектебінде оқиды. 1929-1932 жылдары Семей қаласы колхоз жастары мектебінде білімін жалғастырады. 1935-1937 жылдары пән мұғалімдерін дайындайтын екі жылдық курста, 1937-1939 жылдары Семей педагогикалық институтынын филология факультетінде оқиды.
Институтты үздік бітіріп, мұғалімдік қызметке сонда қалдырады. Сол кезеңде Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайын құруға қатысып, оның алғашқы директоры болды. Ғалымның еңбек жолы да педагогикалық оқу орнымен тығыз байланыста дамыды. Ұзақ жылдар болашақ әдебиетші мамандарды дайындауға талмай еңбек сіңірген ғалымның аға шәкірттерінің өздері де бүгін үлкен ғалымдар мен ұстаздар қатарында.
Қайым Мұхамедхановтың тұңғыш шығармалары баспасөз бетінде 1935 жылы жарияланды. 1935-1939 жылдарда: «Семей облысындағы жас ақындардың шығармашылығы туралы», М. Әуезовтың «Шекарада», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», Ш.Құсайыновтың «Боран», К.Сагирдың «Ер Тарғын» пъесалары бойынша театрдағы қойылымдар жайында жергілікті газеттерде әдеби-сын түрінде мақалалар жазды.
1937-1940 жылдары Қайым Мұхамедхановтың 13 мақаласы, 20 өлеңі, 2 поэмасы басылып шықты. 1940 жылдан Жазушылар Одағының мүшесі Қайым Мұхамедхановты оқырман қауым ақын ретінде жақсы біледі. Ол Қазақстан Республикасы тұңғыш әнұранның авторы (1945 ж.). Оның «Ұстазыма», «Сүйемін Отан-анамды», «Туған жерге» өледері – асқақ та асыл сезіммен кестеленген ақындық күш-қуаттың шынайы көрінісі. 1942-1947 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағынын Семей облыстық өкілі болды.
Жазушы Қайым Мұхамедхановтың драмалық шығармалары бір төбе. Драматургтың «Перне» /1944/, «Майданнан майданға» /1974/, «Комиссар Ғаббасов» /1960/, «Ер білісай» /1974/ атты туындылары – қоршаған ортаға түрлі тартыстарды көрермен назарына қалтықсыз жеткізген сүбелі дүниелер. Олар әр кез республикалық, облыстық театрлар сахнасында қойылып келеді.
Қайым Мұхамедханов - шебер аудармашы. Әзербайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мал алан» /1941/, татар жазушысы Ш.Камалдың «Хажы әпенді үйленеді» /1967/ пьесаларын, татар поэзиясының классигі Ғ.Тоқайдың өлеңдерін, Н.Карамзиннің «Сормандай Лиза» хикаятын өлеңмен аударып, әдебиетіміздегі аударма жанрының дамуына үлкен үлес қосты.
Қайым Мұхамедхановтың ғылыми еңбегінің басты бақыты ұлы Абайдың өлмес те өшпес мол мұрасын зерттеумен байланысты. 1939 жылдан бастап, М.Әуезовтың кеңесімен Абай мұрасын, оның шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысып, Абайдың бұрын белгісіз болып келген 9 өлеңін тауып, оларға түсініктеме жазып, ұлы ақынның 1945 жылы шыққан жинағына енгізеді. Ал егер Қайым ағаның Абай текстологиясына қосқан үлесі туралы айтсақ, ол арнайы ілім жасаған десек қателеспейміз. Бұл тұрғыда, ең ғажабы, Абай өлеңдерінің авторлық қолжазбасы сақталмаған, сондықтан кейінгі кеңес дәуірінде Абайдың өлеңдері оның 1909 жылы Петерборда шыққан бірінші басылымы және Мүрсейіт қолжазбасы арқылы жарияланған. Бұл мәселеге Қайым араласқанда, ол Мүрсейіт қолжазбасынан да, Петербор басылымынан да біраз қате тауып, тірі қалған Абай замандастарын іздеумен айналысады. Бірақ одан да бұрын ол Абай поэзиясының басқаларға түк ұқсамайтын өзіндік эстетикасы мен поэтикасын түсінуге тырысады. Міне, соның нәтижесінде ол Абай замандастары - Оразке Уақбаевтың, Рақым Жандыбаевтың, Садуақас Шормановтың қолжазбаларын іске қосып, Абай текстологиясының ауқымын кеңейтеді. Ол тек қана қазақ әдебиетінің шеңберінде ғана қалып қоймай әлем классиктері Пушкин, Лермонтов, Т. Шевченко, Ә.Науаи, Ғ.Тоқай тағы басқалары туралы зерттеу материалдарын жазды. Фольклорға байланысты қызығушылық танытып, «Бөгенбай батыр», «Қабанбай батыр», «Мамай батыр» дастандарын зерттейді.
Ғалым Т.Жұртбай: «Қайым Мұхамедханов – ұлы ақын өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылуы, басылуы тарихын зерттеген историограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақындағы монографиялық еңбек бітірген теоретик, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы жыр-өлеңдері, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист»-деп баға береді.
Шындыққа мойынсұнсақ – Қайым Мұхамедханов ірі әдебиетші-тарихшы. Қазақ әдебиетінің тарихында ол араласпаған сала жоқ. Және не жөнінде жазса да, басты тіреніші - тарихи шындық пен бұлтартпас жаза, әрі қолжазба деректер.
Ол шәкірттеріне әдебиет тарихында шешуін таппай келе жатқан мәселелердің көптігін мойындай отырып, Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты 1910 жылы Қазақ қаласында баспа көрген көлемді еңбегін оқуға кеңес бергені бар. «Іздесең тарихың да, этнографияң да, әдебиетің де осыдан табылады. Оқып түсіну қиын. Араб, парсы, түрік, шағатай, татар тілдері аралас қолданылады. Оқығанда үнемі түрлі сөздіктерді пайдаланамын. М.Әуезовтің қолынан түспеуші еді»,- деп пысықтайтын. (А.Еспенбетов естелігінен).
Абай айналасын қоршаған Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс, Мұқа, Әлмағанбет ақынның, балалары Ақылбай мен Мағауия жайындағы Жариялаған еңбектері ұшан-теңіз. Ғалымның Бұхар жырау, Махамбет жайындағы құнды еңбектері баспасөз беттерінде жарияланып, оқырман мен сыншы ғалымдар тарапынан зор бағаға ие болған. Абайдың әр кітабының жарыққа шығуына байланысты пікір айтып отырған. Осындай үлкен жүйелі сын өрісін ғалым Қазақ совет энциклопедиясының он екі томына байланысты жариялаған кең қарымды цикл еңбектері ғылымдық жолдың ерекше бір шоқысы бола алады. Әрі ақын, әрі драматург, әрі жазушы, әрі ғалым Мұхамедханов қайта құру кезеңінде қанат байлағандай бұрынғысындай биіктей түсіп, ортамызға қайта оралған бес алыбымыз жайында көлемді еңбектерін тарту етті.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй...», - деп ұлы Абай айтқандай, Алаштың рухани астанасы, ұлылар мекені, тұғырлы тұлғалар өңірі, қасиетті Семей жерінде «өшпейтұғын артына сөз қалдырған» Абай мұрасын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан Қ.Мұхамедханов қайталанбас сүбелі туындыларды дүниеге әкелді.
Бар қазақтың жүрегіне жол тапқан осы бір қастерлі есімге бәріміз де құрметпен қарауға тиістіміз. Кемел ойлы кемеңгер ғалымның соңына қалдырған ұшан-теңіз еңбектері бұл күнде қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналғаны аян. Ал ол қаншама ауыр азап пен заман зұлматын бастан өткере жүріп, қажымас қайсарлықпен жүзеге асқанын ғалыммен жақын араласқан тағдырлас адал достары мен ұлтының туған тіл-әдебиетін сүйген жанашыр зиялы қауым ғана жақсы біледі.
Қайым Мұхамедхановтың ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбек жолдары бағаланып, ол КСРО медальдарымен, «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» белгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының, Халықаралық Абай академиясы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының иегері. Абай атындағы Алматы мемлекеттік сыйлықтарының иегері.
Қ.Мұхамедхановтың құлашын қайта жайған сол шабытты шақтар оның азапты күндерін артқа қалдырып қана қоймай, ұзақ жылғы бейнетінің жемісін көруге септігін тигізді. 1996 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Сонымен бірге ол халықаралық Абай академиясы алтын медалінің, халықаралық Абай сыйлығының иегері. Халықаралық Абай Академиясының алтын медалінің лауреаты (Лондон, 1995ж.) атанды. Бұл, сөз жоқ, ғалымның ұзақ жылғы еңбегіне берілген әділ баға болатын. Қайым Мұхамедханов 2004 жылдың 30 шілдесінде 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Ойы биік, жаны таза ғалымның тарихымызға қосқан ең үлкен үлесі - ол кісі үзеңгілестерімен бірге, ол заман мен бұл заманның арасын салынған алтын көпір бола білді. Ата-бабаларымыздың қолынан туған талай асыл туындыларды жинап, оны көрсете алды, уағыздады, қолымызға ұстатты.
«Семей өңіріне Қайым Мұхамедханов сияқты бағбан керек, олай дейтінім, бұл топырақта жайқалып өскен Абай бағы, Шәкәрім бағы, Мұхтар бағы бар. Баққа бап, күтуші керек, себебі олар Семейдің ғана емес, алты Алаштың баға жетпес қазыналары» -деп философ Ғарифолла Есім жақсы баға бергендей, жазушы өзінің бүкіл өмірін Абай әлемі мен Абай айналасына арнаған алтын көпір, кемеңгер. Сондықтан да келешек ұрпақтың міндеті - ғалымның артына қалдырған баға жетпес рухани мұрасын оқып-біліп, білім нәрімен сусындау болса керек.
Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен ғылыми қызметі ешуақытта ұмытылмақ емес. Ғасырлар өткен сайын оның бейнесі тұлғаланып, келер ұрпақтын алдынан шықпақ. Өйткені ол барша халықты жүрегімен сүйіп оларды ұлтқа, нәсілге бөлмей бүкіл адамзат үшін аянбай еңбек етті. Сан қырлы талант иесі, қайсар да, рухты ғалым Қ.Мұхамедхановты жас ұрпақ біз ешқашанда ұмытпауға тиіспіз.
Әдебиеттер:
Қайым туралы сөз = Слово о Каюме: сб. воспоминаний / Құраст. Қайым Мұхамедхановтың отбасы; жауапты ред. Ғ.Қабышұлы. - Астана: Фолиант, 2006.
Мұхамедханов, Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 1: Зерттеулер, мақалалар. - Алматы. Алаш, 2005.
Мерзімді басылымдар:
Еспенбетов, А. Қайран, Кәкең! // Қазақ әдебиеті. -2009. - 9 қазан.
Жоламанова, П. Өшпес із қалдырған // Семей таңы. -2009. - 25 маусым. - Б. 2.
Қасымжанұлы, С. Қазақтың қайсар ғалымы // Ертіс өңірі .- 2009. - 24 маусым. - Б.12.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген