жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Қара сабынның емдік қасиеті
Зерттеу мақсаты: Ұлтымыздың сабын жасау дәстүрін жаңғыртып, күнделікті тұрмыста қолдану. Қазақ халқының ерте заманнан қолдан жасап, тұрмыста қолданған сабынның жасау тәсілін меңгеру, оның құрамын зерттеу, емдік қасиетін анықтау. Сахар сабыннан заманауи жартылай өнім дайындау.
Міндеттері:
1.Сабын алатын өсімдіктерді танып біліп, кеппешөптер жасау.
2.Сабын алудағы химиялық реакцияларды зерттеу.
3.Тәжірибе арқылы табиғи өнімнен сабын жасау.
Зерттеу нысаны: сабын жасау үрдісі (шикізат, шикізат сапасы, өнім, өнім сапасы)
Ғылыми болжамы: Күнделікті тұрмыста әр отбасы сабынды дайындау дәстүрін ұмытпай келер ұрпаққа мұра етіп қалдырады.
Өзектілігі: Күнделікті тұрмыста сабынды жасап, оның емдік қасиеттерін ескере отырып, экологиялық таза өнімді пайдалану.
Зерттеу кезеңдері:
Ізденіс. Сабынды жасаған үлкен әжелерден сұхбат алу арқылы мәлімет жинап, ғылыми әдебиеттерден, газет – журналдардан, ғаламтордан іздедім.
Мәлімет жинау. Сабынның шығу тарихы мен жасау технологиясы туралы мәліметтерге шолу.
Зертханалық бақылау. Жетекшімен бірге тәжірибе арқылы сабын жасау.
Талдау жасау. Сабынның пайдасын зерттеу.
Зерттеу тәсілдері: ақпарат жинап, танысу, жоспарлау, талдау, салыстыру, іздену, зерттеу.
Зерттеу жаңашылдығы: Сабын жасау дәстүрін зерттеу жұмысы арқылы жаңғыртып, жетілдіру.
Ұсыныс: Қара сабынды қауіпсіз және заманауи тұрғыда өңдейтің кәсіпорындарын ашуды қолға алу.
І.Кіріспе
Қазақтың қара сабыны
Бағзы халқымыз көшіп - қонып, жаз жайлау, қыс қыстауда күнелтіп жүріп, өзінің кір - қоңын, киім - кешегін, көрпе - жастығын мұнтаздай таза ұстаған. Даласы қалай таза болса, үй - іші де сондай ретті, оюлы сырмағы қағулы, түскиіз, шымылдығы жуулы тұратын. Әсіресе, халық өзі қолдан жасайтын қара сабыны кірді кетіруімен, емдік қасиетімен, үнемділігімен ерекше. Бүгіндері ұмыт болып бара жатқан бұл сабынды жасаудың өзі оңай шаруа емес. Бұрынғы апаларымыз күз келсе болды, алаботаны өртеп, неғұрлым көбірек сақар жинауға ұмтылатын. Себебі, алған сақары бір жыл бойы сабын жасауға жетуі керек. Сақар – сабын құрамының негізгі қоспасы. Сақар алу барысы бір күннің шаруасы емес. Бір қазанмен қайнатар болсаңыз, үш - төрт күн қатарынан нілді суды қайнатқанда, үлкен бір әулеттің бір жылдық сабынына қажетті қоспаны даярлай аласыз. Мұны үш - төрт түтін бірігіп, бірге алабота өртеп, күлдің нілін ағызып, одан сақар жасап та жатады. Есесіне, үш - төрт жерошаққа қара қазан асып, сақарды да көбірек алуға тырысады. Сақардың сабын жасаудан бөлек, өзіндік емдік істерге қолдануға тұрарлық қасиеттері де жетерлік. Соның бірі – әртүрлі ауруға шалдыққан малдарды емдеуге жарамдылығы. Әсіресе, бақана, аусылмен ауырған малдардың тілін, аша тұяғын осы сақармен емдеп, тұяқтарын сақарлы суға малып, жазып алатын бұрындары. Қара қазан қайнаған біз сабынға қажетті ең негізгі қоспаны алуды үйрендік делік, енді сабынды қалай жасауға болатынын айталық. Ауыл - аймақта сабын жасау үрдісі үш - төрт ақ жаулықтыға ғана бұйыратыны бар. Өйткені, сабынды көрінген адам қайната алмайды. Мұнда халқымыздың түсінігінше, сабыны дұрыс қайнамаса, тасып - төгіліп кетсе, дұрыс жасалынбаса, сабын қайнатқан адамның жолы ауыр болады деп пайымдаған. Жақсылыққа жорымаған. Мұндай кезде сабын жасайтын адам қазан маңына бөгде кісіні жолатпаған. Көбінесе, оңаша, қалтарыс жерде қасындағы от жағып, ошақтың күлін төгіп, қолғабыс ететін адамнан басқаларға қазанға қарауға рұқсат бермейді. Бұл – ырым. Оны бұлжытпай орындау өте маңызды. Алдымен, ішіңізден «бісімілләны» айтып, Алладан игілікке істеуін сұрайсыз жасар жұмысыңызды. Әбден тазалап жуылған, майланған қазанға бір кесе сақар салсаңыз, оның үстіне дәл сол кесемен қойдың немесе басқа малдың екі кесе майын қосасыз. Бұл жерде қандай малдың немесе ненің майын қосуыңызға байланысты өзара теңшемелі бұл өлшем өзгеруі де мүмкін. Қазаныңыз үлкен болса, үш - төрт кесе сақар салып, соған сай май құясыз да, еппен қайната бастайсыз. Қазаныңыз қайнаған сайын оны арнайы ағаштан жасалған қалақшаңызбен үзбей араластырып отырыңыз. Бұл күймей, барлығы бір қалыпты қайнау үшін қажет шара. Қазан үш рет қайнайды. Р рет қайнаған сайын, бетіне суық су бүркіп, ожаумен аздап құйып отырасыз. Үшінші рет қазаныңыз тасыған соң барып, қазандағы араласпаңыз басын болды деуіңізге болады. Бір қазан сабынды ыстық күйінде сабынға бөлудің де өз жөні бар. Егер жасаған сабыныңыз көп болса, үлкен сабыннан екі - үшеуін домалақтап, арнайы матаға әдемілеп орау ләзім. Мұндай сабындар көбінесе кір - қоң жууға арналады. Жалпы, сабынды көптігіне қарай, үшке, беске, жетіге бөледі. Тақ санға бөлудің де өзіндік мән - маңызы бар екендігі анық. Кейде сабын әбден даяр болғанда оның ішіне жуылған, майдалап түтілген жүнді қосып жатады. Бұл жыл бойы істету үшін домалақтап жасаған сабыныңыз бөлініп кетпес үшін қолданатын амал. Бұзаушық Сабын жасаған күн отбасы үшін үлкен мереке сынды. Бұл өзі михнаты көп жұмыс болғандықтан әрі кім көрінген жасай бермейтіндіктен, ауыл жұртшылығы кім сабын жасаса соған сәлем айта келіп, сабын қалап - сұрайтыны бар. Қазандағы сабынды үлкен шүберектерге әртүрлі деңгейде ораған соң, қазанның түбінде қалған азырақ бөлігін кішкентай ғып, әдемілеп домалақтап, балаларға сақтайды. Мұны бұзаушық деп атайды. Бұзаушық баланы шомылдырғанда істетіледі. Мынау сенің бұзаушығың деп, қыз балаларға меншіктеп беретін де дәстүр болған. Кейде көрші - қолаңның келіндері қасына жас баласын ертіп келетіндіктен, баласына арнайы бұзаушық жасап та беретін болған. Ауыл - аймақ сабын сұрап келсе, өзінен артылғанын беру дағдылы іс. Бірақ үлкен сабынды ортасынан бөліп, жартысын беру дәстүрі жоқ. Ондай кезде сабыннан берекет, үйден құт кетеді деп ырымдайды.
ІІ.Негізгі бөлім
2.1.Сабынның шығу тарихы
Сабын - жоғары май қышқылдарының тұздары сабын туралы мәліметтер ерте кезден белгілі. Мысалы, римдіктердің сабын қайнатқаны туралы дәрігер Галеннің шығармаларында жазылған; Әбу Әли ибн Сина өз қолжазбаларында шығыс елдерінде сабын қолданылғаны және Византияда сабын жасалғандығы туралы мәліметтер бергені белгілі. Ал скифтердің жуғыш заттар қолданғандығы туралы Геродот жазған. 9-10 ғасырларда Орта Азияның Асбара(Исфара, Бахи,Термез қалаларында сабын сатылып, моншалар салынған. Сабынды көп мөлшерде өндіру 19 ғасырда сода алу әдісі ашылған соң өркендей бастаған.
Сабын – тілімізге арабтың «сабун» деген сөзінен енген кірме сөз. Сілтінің, сақардың және майдың қосындысынан жасалған, суда еритін кір жууға арналған кесек немесе қоймалжың сұйық зат. Бүгінде сабынның сан түрлі атаулары бар. Сабын өндірісі бұдан 6000 жыл бұрын жүзеге асқанын археолог-ғалымдар дәлелдеп отыр. Орта ғасырларда сабын өндіру жөнінен Марсель портты қаласының аты әлемге әйгілі болды. Ресейде сабын І Петр дәуірінде пайда болып, ХІХ ғасырдың ортасына дейін ақсүйектерге ғана белгілі болды.
Ал біздің ата-бабаларымыз да сабынды ерте кезден-ақ қолдан қайнатып жасап шығару тәсілдерін білген.
2.2.Қара сабынның емдік қасиеті
1. Кір қоңды кетіру деңгейі жоғары (бұрын қазақ майлы тағамдарды, етті көп жегендіктен, киімдері соған сай майласып кететін, оны тап - таза етіп қара сабынмен жуған. Қазіргі кір кетіргіш тазартқыштар сияқты қолды бөріттіріп, қышытпаған.
2. Жұқпалы тері ауруының емі. (Қышыма, қотыр, бөрітпе, безеу сияқты жұқпалы ауруларға кір сабынды жағып күніне төрт - бес рет жуған)
3. Шаш тазартқыш (Қазақ қыздары төгілген қара қолан шаштарын осы қара сабынмен жуған. Шаштары майланбаған түспеген.
4.
Тұмау емі (тұмауратқан адамға жұқа
матаға қара сабынды сулап жағып,
иіскеткен. Әр иіскегенде он минут жұмсаса
мұрны ашылып аурудан тез айыққан.
5.
Ыдыс тазартқыш (ыдыс - аяқтарын қара
сабынды суға езіп сумен жуғанда ыдыс
тап - таза болған)Жылқының ішіндегі
паразит құрттарды түсіру үшін сақардың
9-11 сықпасын жұтқызып, емдеуге болады.
Қара сабын қотыр, басқа да жарақаттардың тез жазылуына әсер етеді: тәнді жұмсартады, суық тигенде сылаумай ретінде қолдануға болады, ісікке, домбыққан жарақатқа тартса, бітеу жараның соқтасын сорып алады, Ертеректе адам уланғанда құстырып, ішін тазартуға пайдаланған. Сонау сақ-ғұн заманынан бері ата-бабамыз тұрмыста химияны пайдаланған. Қолдан жасалған қара сабын экологиялық тұрғыдан таза, кәдімгі сабыннан кем емес. Сонымен қатар қолдан жасалған қара сабын кірді жақсы кетіріп, қолды техногендік аурулардан сақтайды.
Қазақтың қара сабынымен біріншіден кір жуамыз . Қара сабын кірдің өңін түсірмейді, өңін ашып , реңіне жарқындылық силайды бұл ертеден бері келе жатқан қазақ ауылындарындағы басты кір жуу құралы . жас балалар , жаңа туылған сәбйлердің қаны жүрмей , денесі көкшіл тартып , құсып ауырады , тіпті бұл ауыру кезінде шыдай алмай өліп кетуі мүмкін бұл ауыру «Шетпе» деп аталған шетпе екіге бөлінген :
1. Жел шетпе
2. Қан шетпе
Қан шетпені адамдар қойдың терісіне салып емдеп алған,бірақ жел шетпе емдеуге ырық бермеген. Міне, сол кезде осы қара сабынмен баланы шомылдырған. Сол кезде бала жел шетпеден құлан –таза айыққан. Ал үлкен адамнан жас балаға дейін «Ілме»ауруымен ауырған. Бұл ауру кезінде адамның еш нәрсеге тәбеті тартпай,басы айналып,құсып , іші өтеді. Ол ауруды адамдар инемен адамның терісінің астындағы жіпшелерін үзу арқылы қиын тәсілмен емдеген. Бірақ, оның тағыда бір шипасы бар болған. Ол осы қара сабынмен ілме болған адам шомылса ауруынан лезде айығып кетеді. Қазақ халқы мал баққан халық , малдарының ішінде әсіресе жылқы «қата» ауруына ұшыраған. Қата ауруы кезінде жалбыршақ қарын жұмысын тоқтатқан. Осы ауру кезінде қара сабынды көпіршітіп малдың аузына құйған. Сол күннен кейін малдың шөпке тәбеті ашылып, ауруынан айыққан. Оның медицинада ғана емес косметикалық пайдасы да орасан . Ертеде қыз-келіншектер бетін осы қара сабынмен жуған. Ол терінің түлеуін (қартаюын ) тежеуілдеткен және ол теріге өң беріп, ажарландыра түскен. Бәрімізге белгілі ертеде қыз-келіншектер бұрымды болып келген. Олар шаштарын жуу үшін арнайы терек күлінен қара сабын жасаған. Теректің күлінен жасалған қар сабын өте жұмсақ және құнарлы болған. Онымен жуған шаш өңін жоғалтпаған.
Кейбір косметикалық бұйымдар сымбатты көрінуге жол ашқанмен, оларды сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Бірақ, косметикалық бұйымдардан кем болмайтын әрі қолжетімді бағамен сатылатын қарамайлы сабын бар. Қазіргі таңда қарамайлы сабынға деген сұраныс күн сайын артуда. Себебі қарамайлы сабынға деген нәзік жандылардың қызығушылығы басым. Қарамайлы сабынның 90%-ы жәй сабыннан, ал 10%-ы қайың қарамайынан тұрады. Емдік қасиеттерге бай қайың қарамайы псориаз, дерматит, сүйел т.с.с. тері ауруларының алдын алып, бактерияларға төтеп береді. Қайың қарамайы терідегі сызаттардың болмауына, жарақаттардың жазылуына ықпал етіп, теріні күйік шалғанда да көмекке келеді. Беттегі қара дақтар мен безеулерден арылам десеңіз, тұрақты түрде қарамайлы сабынды қолданыңыз. Қарамайлы сабынның иісі жағымсыз келеді. Иістің жағымсыз келуі оның құрамындағы табиғи құрамдас бөліктердің басым болуында. Жағымсыз иістен құтылу үшін сабынды тұрақты пайдалану керек немесе сабын сауытқа салып қою керек. Қарамайлы сабынмен күніне екі рет бет-қолыңызды жуса, тері қатайып, нәрленеді. Қарамайлы сабын тері ауруларына ғана емес, шаш күтіміне де өте пайдалы. Қайызғақтан арылам десеңіз, шашыңызды қарамайлы сабынмен жуып тұрыңыз. Шашыңызды жуған кезде сабынсуды қолданбас бұрын, қарамайлы сабынды қолданыңыз. Қарамайлы сабын шашты жалтыратып, оның ұштанып, түсуіне жол бермейді. Бас терісін қатайтып, шаштың өсіміне оң әсерін тигізеді. Косметикалық сабындарға қарағанда, қарамайлы сабын әлдеқайда жақсы. Оның құрамында химиялық заттар болмайды. Бағасы да қолжетімді. Бір сабынның бағасы дәріханаларда 100-150 теңгені құрайды. Ал сабынның сұйытылған түрі әлдеқайда қымбаттырақ. Қарамайлы сабыннан ешқашанда аллергия болмайды. Бұл сабын кез келген тері түріне жағады. Әсіресе, құрғақ теріге өте пайдалы. Қарамайлы сабынды жаз мезгілінде сирек, ал қыс мезгілінде жиі қолдану керек. Себебі, сабын қыстыгүні теріні суық-аяздан сақтайды. Жаз мезгілінде сирек қолданудың себебі аптап ыстықта тері майлы болады. Сондықтан да жаз күндері сабынды екі рет қана қолдану керек.
2.3.Қара сабын алатын өсімдік түрлері
Алабота— біржылдық шөп текті өсімдік.
Биіктігі 20—80 см, кезек жапыратқты, шөлге шыдамды өсімдік. Денесінде ұсақ тозаңы болады. Орталық Азияға, Қытайдың батыс бөлегіне және өзге бір түрі Сібірге көп тараған. Жемісін күзде жиып алып дәріге пайдаланады.
Алабота тағамдық өсімдік ретінде ертеден бері белгілі. XIX ғ. дейін оны бақтарда дақылдармен бірге өсірген. Ежелгі грек дәрігері Гален алабота өзге тағамдардай-ақ тойымдылық беретінін айтқан. Содан кейін алаботада көп мөлшерде протеин бар екені анықталды. Алаботаның иісі, дәмі жоқ, бұл оны басқа өнімдермен қосып дайындауға таптырмас құрамдас бөлік екенін көрсетеді.Бауырды қуаттандырып, көзді нұрландырады.
Сабын жасайды, жер тыңайтады, маңызды мал шаруашылық қоректік шөбі
2.4. Қара сабынның жасау технологиясы және химиялық реакциялар
Сақар – күлден шығады.«қара сабын» деп атайды. Қара сабынды жасаудың бірнеше кезеңі бар. Әуелі, сары күзде буыны пісіп, сабағы қатайған алаботаны бір жерге жинап өртейді. Кейініректе күнбағысты соғып алған соң, оның қапағын кептіріп, соның да күлін пайдаланатын болды. Алаботаның күлін суытып, кендір қалтаға салады. Әсіресе, кесек - кесек боп ұйыған күл қорытпасынан сақар көп шығады. Күлің қанша көп болса, сонша жақсы, себебі, төрт - бес қалта (дағар) күлден, жарты қалта сақар алынады. Қалтадағы күлді шиден жасалған шыптаның үстіне жұқа бұл жайып, айналасын кенеулеп, ойыққа төгіп, астына үлкен тегене қояды, күлдің үстінен сақылдап қайнаған суды құяды. Сол кезде күлдің сөлі, нәрі сумен бірге ағып, тегенеге жиналады. Сол суды тұнытып, астындағы тұнбасына қоспастан майланған қазанға құйып қайнату керек. Нілі сорғыған күлді ауыстырып, жаңалап, астындағы жиналған суды тұндырып, майланған қазанға дер уақытында құйып алу керек. Қарағай, қайың, тораңғы секілді бір қалыпты маздап жанатын ағаштармен қайнаған күлдің суы құрғақ сақарға айналады. Төрт - бес қазан күлдің сөлді суынан жарты қазан сақар жинауға болатынын ескерсеңіз, қыруар еңбектің жемісі арқылы келетінін бағамдай беріңіз. Мұнда ескеретін бір жайт, күнбағыстың яки алаботаның күлі болса да, оның үстінен құйған сумен ағатын ащы нілі көбірек болғаны өте маңызды. Әдетте, тегенедегі күл суының түсі қызылкүрең бояуға жуық. Оны қайнату барысында, алған сақарыңыз майда, уытты болады. Бұл өзара қоспалар арқылы ажырату әдісі.
ІІІ.Қорытынды
Қыстауын қыстап, жайлауда жазды өткізіп, бір жерден, бір жерге көшіп-қонып жүрсе де, халқымыз ешқашан киімін, көрпе-жастығын кірлетпей, тазалыққа аса мән берген. Салауатты өмір сүру үшін малдың сүті мен етін де тиімді пайдаланған. Қазіргі қоғамда әлем ғалымдары жылқымыздың қымызымен құртына да қызығушылық тудырып отыр. Тұрмыстық қажеттілігімізге орай өзіміздің ата бабамыздан қалған дүниелерді іске асырып, қолданысқа еңгізсек нұр үстіне нұр болар еді.
Үй ішін де, түскиіз, сырмағын оюмен өрнектеп қана қоймай, сонымен қатар мұнтаздай таза ұстау дағды болып қалыптасқан.Қазақ халқы майлы тағамды, етті көп жейтіндіктен, киімдері де соған сай майласып кетеді, сондықтан қара сабынды кір-қонды жақсы кетіретін қасиетіне байланысты өздері қолдан жасап, пайдаланған. Сонымен қатар қара сабынның емдік қасиеті мол. Қышыма, қотыр, бөрткен шықса, қазақ сабынымен бір-екі рет жуса жазылып кетеді. Қазіргі кейбір сабындардың әсерінен аллергия, қайызғақ түсіріп, шашты құрғатып немесе майластырып жіберетін қасиеттер қазақтың қара сабынына тән емес. Ата-бабаларымыз шаштарын сусабынсыз кәдімгі қолдан жасаған сабынмен жуған, қазақ қыздары тірсегіне төгілген қолаң шаштарын да осы сабынмен жуып, күтіп-баптап ұстаған. Соның бірі – әртүрлі ауруға шалдыққан малдарды емдеуге жарамдылығы. Әсіресе, бақана, аусылмен ауырған малдардың тілін, аша тұяғын осы сақармен емдеп, тұяқтарын сақарлы суға малып, жазып алатын бұрындары. Еліміздің әр өңірінде халық тұрмысына ыңғайлап өздеріндік атаумен яғни диалектілермен атау да кездеседі.Қазіргі күннің өзінде халық арасында жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде бет - әлпеттеріне шығатын түрлі жағымсыз бөртпелерге және әр түрлі қышымаларға (қазіргі кезде аллергия деп аталады) да емдік дәрі ретінде пайдалану кең етек жайған. Осының бәрін ескере келсек түпкілікті зерттеу арқылы көптеген емдік және пайдалы жақтарын табумызға болатынына көзіміз жетеді. Сондықтан бұл ғылыми жұмыстың маңызы ерекше. Емдік және күнделікті тұрмыста қолданылу маңызына жете мән беру керектігін бүгінгі күннің талабы.
ҮІ
.Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1.“Дала
мен қала” газеті №4 2012 жыл
2. “Жұлдыз”
журналы №3 1998 жыл
3.«Шипагерлік
баян» кітабі 1994 жылы
4. «Жас-ай журнал
»№5 2011жылы
5. «Денсаулық» журналының 1992 жылғы № 5-6
6.«Ғылыми жұмыс мектепте» журналы
7. Мұсабеков, С. М. Органикалық химия практикумы / С. М. Мұсабеков – Алматы: Мектеп, 1981. – 250 б.
8. Ғаламтор жүйесінен алған мәліметтер «Yandex» «Google»

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген