400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Қарғыба өзенінің тарихы

Материал туралы қысқаша түсінік
Қарғыба – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Құмкөл әкімшілігіне қарасты елді мекеннің және Тарбағатай тауынан бастау алатын өзеннің атауы. Қарғыба атауы туралы бірнеше деректер кездеседі.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қарғыба өңірінің тарихы



Ежелгі заманнан бері қарай жер тарихы, ел тарихы - деген ұғым домбыраның қос ішегі сияқты бір бірінен алыстамайтын ұғым. Сондықтан да алдымен Қарғыба өзені бастау алатын Тарбағатай тауынан бастағаным жөн шығар. Тарбағатай – Зайсан және Балқаш – Алакөл қазаншұңқыры аралығындағы су айырық жота. Шығыс Қазақстан жерінде орналасқан ең биік жері – Тас тау, биіктігі 2991 м, жота ендік бағытта 300 км-ге созылып жатыр, ені 30-50 км. Шығысында Сауыр жотасына ұласқан деп – энциклопедияда жазылып, анықтама берілген. Бұл тауды қазақ-қытай шекарасы басып өтеді. Еліміздегі саяси-әкімшілік маңызы бар бұл тауда 90-ға жуық өсімдік түрлері мен сирек кездесетін аңдар мекендейді. Тарбағатай тауынан ірілі-ұсақты өзендер бастау алады. Ірілеу өзендердің қатарына Жарма, Қайыңды су, Көкпекті, Үржар, Емел, Аягөз жатады. Сонымен қатар Қарабұлақ, Жетіарал, Қарғыба, Базар сияқты шағын өзендер басталады.

Тарбағатай тауларын қытайлар «Гин-вей-шан» деп атаса, XII ғ. араб

географы Әл-Идриси өзінің «Сурат-ал-ард» деп аталатын картасында «Гир-

гир» деп атайды. Ал ХIII ғ. моңғолдар бұл тауда суыр көп болғандықтан, «тарбаған – суыр», «тай-тау» яғни суырлы тау – өз тілдерінде Тарбағатай деп атаған . Ал тарихи көркем шығарма «Соңғы көштің» авторы Қабдеш Жұмаділов бұл таудың қазақша аты Барқытбел деп жазады.

Қарғыба – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Құмкөл әкімшілігіне қарасты елді мекеннің және Тарбағатай тауынан бастау алатын өзеннің атауы. Қарғыба атауы туралы бірнеше деректер кездеседі.

  1. Қарғыба – «қара бұға» деген балықтың атауы болуы мүмкін.

  2. Қара бұға - Кетбұға, Сасыбұға сияқты кісі есіміне байланысты болуы да мүмкін. Бұл менің өз ойым, өйткені Тарбағатай тауында «Көк бұқа» деген жер кездеседі. Үлкендердің айтуы бойынша ол кісі есімі.

  3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Қарғыба» сөзі «Қарғын» - сай саладан, жылғалардан аққан жаңбыр немесе еріген қар суы, «Ва» - өзен деген мағына береді. Яғни ағыны қатты тау өзені дегенді білдіреді.

  4. «Қара бұғы» - дәрілік өсімдік аты . Қазір бұл өлкеде мұндай өсімдік кездеспейді, сондықтан ол қисынға келмейді.

Осы деректердің ішінен Қарғыба – ағыны қатты тау өзені дегенге шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені өзен Тарбағатай тауының биік нүктесінен бастау алып, қар, жаңбыр суларымен молайып ағыны қатая түседі. Оған дәлел Тана Мырзаның «Қарғыба» атты өлеңі былай деп басталады:


Өзенім қатты екпінің,

Өзіңе тартқан тектімін.

Саған ұқсап тасымай,

Ішімнен тынған кектімін , яғни ХІХ ғасырда өмір сүрген аадамдардың айтуына қарағанда, өзеннің екпіні қатты болған, қазіргі кезде егіншілікке байланысты өзен суы арық-каналдарға бөлінеді де, ауылға жетпей екпіні азайып қалады. Оның үстіне су жағасына өсетін талдар мен шіліктер жоқтың қасы. Сондықтан су қоры азайған, ал тасыған кездегі көрінісі атына сай келеді. Қарғыба өңірінің тарихы сонау ерте темір дәуірінде өмір сүрген сақ-үйсін тайпалары кезеңінен белгілі.

Түркі дәуіріне дейінгі кезеңде Тарбағатай, Алтай, Жетісу жерінде үйсін тайпалық бірлестігіне қарасты көптеген тарихи деректер, ескерткіштер көптеп кездеседі. Қытай тарихшысы Су Фейхейдің үйсіннің солтүстік шекарасы Алтай тауының күнгейіндегі Тарбағатай тауы екенін жазады. «Батыс карта шежіресінде» де Тарбағатай үйсіндердің шекарасы деген тұжырымын ескере отырып дәлелдеген.

Тарбағатай өңірін 1989 жылдан бастап Ә. М. Оразбаев, Ә. Т. Төлеубаев, Ғ. Қ. Омаров сынды археологтар зерттеп, құнды археологиялық жәдігерлер тапты. Ерте темір дәуірінің Ащылы, Ақтүбек, Қарғыба, Базар шаты, Құлбабас, Боғас ескерткіштері және қола дәуірінің Ескеалмас, Масалы, Тұяқата, Шыбынды, Боғас, Долаңқара ескерткіштеріне де зерттеу жұмыстары жүргізілген көрінеді.

Осы зерттеу жұмыстары жүргізілгенде табылған қыш құмыра сынықтары, әшекей бұйымдар,қанатты төрт барыс бейнеленген қола шырағдан және жерлеу әдістеріне қарағанда бұл ескерткіштер б.з.д. ХIV-XVI ғғ. жатқызылады. Қола дәуірінің жәдігері Шыбынды елді мекенінен табылған қанатты төрт барыс бейнеленген қола шырағдан аудан орталығындағы өлкетану мұражайында сақталған және 6- сыныптың Ежелгі Қазақстан тарихы оқулығына енгізілген. Сонымен қатар, Ақсуат ауылының символы ретінде аудан әкімшілігінің ғимараты жанында үлкейтілген макеті қойылған. «Қазақстан – 2030» бағдарламасының эмблемасындағы қанатты барыстың суреті осындай жәдігерден алынған деген дерек бар.

1991-1998жж. зерттеулер бойыншга Құлбабас ауылының оңтүстік іргесіндегі Тебіске өзенінен Қарғыбаға дейінгі аралықта табылған 70 тен астам сақ-үйсін қорғандар тобы орналасқан. Қазба жұмыстары жүргізілген қорғандардың жерлеу рәсіміне, ішкі, сыртқы құрылымына, табылған заттарға, антропологиялық белгілеріне қарап Тарбағатайдың теріскейінде б.з.д. III-Iғғ. үйсіндердің өмір сүргені белгілі болып отыр. Сонымен қатар, Ақсуат ауылының оңтүстік батыс жағында, Қарғыба өзенінің орта ағысы бойында «Алтыоба» қорғанына қазба жұмыстары мәдени мұра бағдарламасы бойынша экспедиция жетекшісі ҚР ғылымға еңбек сіңірген қайраткері З.Самашевтің басшылығымен 2009 жылдың мамыр айында жүргізілді. Мұндағы 17 обаның төртеуі қазылып, зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Оның екеуі – үлкен, екеуі – шағын. Үлкен обалар ақсүйектердің қорғаны болса керек. «Алтыобадағы» мүрделер сақтар мен ғұндардың араласып тіршілік еткен кезеңінде яғни, бұдан 2000 жыл бұрын жерленіпті. Сақ дәуіріндегі обалар ағаштан қаланса, бұл обалар тастан қаланыпты. Бұл жерден адам сүйектері, садақ жебелері, сүйектен жасалған сәндік бұйымдар, бас киімнің алтын әшекейі т.б. табылып аудандық өлкетану мұражайына тапсырылған.

Осындай деректерге қарағанда Қарғыба өңірінде ерте темір дәуірі кезеңінде сақ, үйсін және ғұн тайпалары өмір сүрген деген тұжырым жасаймын.

Біздің өңір түркі дәуірінде Қарлұқтардың, ал Х-ХIIIғ. Найман тайпалары мекендегенін тарихтан білеміз. ХІІІ ғ. моңғолдардың баса көктеп жерімізге енуі біздің ата – бабаларымызды атамекенінен ығыстырып жат өңірлерге көшуіне әкеліп соқты. XIII-XVғғ. найман тайпалары Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Сырдария аймағында мекендеп XVI-XVIIғғ. Орталық Қазақстанға жылжиды.

XVIII ғ. «Ақтабан шұбырынды» оларды қайта қосуға мәжбүр етті. Найман тайпалары XVIII ғ. 70-80 жылдары жоңғарлардан азат етілген Барқытбеліне қайта оралады. Осыдан кейінгі тарихи оқиғалар ресей патша үкіметінің отарлау саясатымен байланысты өрілді. Ресейдің қазақ жерін зерттеу экспедицияларының жазба деректерінде біздің өңірге қатысты мынадай деректер кездеседі: П. И. Рычков зерттеулерінде «Шығыстағы қазақтар Ертістен Ешім жағалауындағы далаларға және Зайсан қазан шұңқырынан Алтай мен Тарбағатай тауларынан дейінгі аралақта көшіп қонатын, орта жүз тайпаларының аса ірі этно-территориялық бірлестіктерінде құрған солар» делінген .

Сонымен қатар, «1899 жылы Ф. А. Щербинаның статистикалық экспедициясы Зайсан уезіндегі 16 қазақ болыстарын тіркейді. Олардың қолданыстарында 5 091 701 69 десятина жер болған және әрбір шаруашылыққа орта есеппен 285,7 десятина жерден келеді. Бұл болыстар: Базар, Боғас, Қалжыр, Қарабұға (Қарғыба), Кендірлік, Құмкөл, Лабы, Маңырақ, Майтері, Нарын, Өкпеті, Терісаққан, Қара ертіс, Шорға, Шілікті, Хабарасу. 23,343 шаруашылықта жалпы халык саны 99,443 адамды құраған» дейді . Осы деректерге қарай отырып Ресейдің шығыс өңірде де ертеден отарлық езгіні күшті жүргізгенін байқаймыз. Тағы да Тана Мырзаның «Қарғыба» өлеңінде:

Өзенім биік кемерің,

Кемерге күнде келемін.

Жүрекке толы шер-шемен,

Айтайын жұрқа себебін.

Атамнан қалған Қарғыба,

Сен куәсің арғыға.

Жан беріп, жан сақтадық,

Оған да қанша бар куә.

Айналайын Барқытбел,

Көрмедім сенен артық жер.

«Аруақ» деп аттансам,

Төс айылды тартып бер.

Бес қаруды артып бер,

Біздерден қалған ерлікті.

Оғландарың сарқыт дер, – деп өз туған жерін, халқын жат жерліктерден қорғау азаматтық борышы екенін түсінген деп ойлаймын. Қарғыба өңірі де патша үкіметіне салық төлеп тұрғанымен, олардың осы өңірге ішкерлей енуіне жол бермеді. Ол Тана мырза сияқты ел билеген адамдардың қажырлы саясатының арқасы болуы керек.

Кеңестік дәуірге дейінгі Қарғыба өңірінің тарихы жайлы сөз қозғағанда Боқбасар би, Тана Мырза, Кәрібай ақын жайлы айтпай кету мүмкін емес. Осы өңірді мекендеген Жеті Жанболаттан тарайтын рулардың береке бірлікте өмір сүріп, өсіп өркендеуіне өз үлестерін қоса білген ата бабаларымыз тарихта өз есімдерін өшпестей жазып кетті. Олар жайлы жеке –жеке зерттеу жұмыстарын жүргізуге тарихи және жазба деректер молынан кездеседі. Бұл тақырып жеке зерттеуді қажет етеді.

Нарын , Қарғыба-Базар болысына қарап тұған біздің өңір 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті, кеңестендіру, ұжымдастыру кезеңдерінде бүкіл қазақ халқымен бірге өткерді. Осындай аласапыран кезеңде Қарғыба-Базар болысының адамдары Тарбағатай арқылы Қытай еліне босуға мәжбүр болды. Сол кезде осы елді басқарып отырған болыс Мүрсәлім Бектенұлы ашық көтеріліске шығып, елін бастап шекарадан өтіп кеткен. Тек дүрбелең басылғаннан кейін 1921 жылы атамекеніне қайтып оралды.

Қарғыба ауылының ХХ ғасырдағы қалыптасуына тоқталайық. 1928 – 1932 жж. аулан территориясында 70-тен астам мойынсеріктер, артельдер, ұсақ ұжымдық шаруашылықтар құрылды. Алғашқы комсомол ұялары құрылып, комсомолдар ұжымдастыру ісіне бір кісідей араласа бастады. Осы өңірдің сол кездегі комсомол мүшелері мен жастары Түсіпбаева Мәрсия, Қоқаева Дәлжан, Жүнісова Айтжамал, Байсолтанова Биқатша, Садықова Қадиша, Файзулина Қадиша, Қоқаев Қабдеке т.б. колхозда бірі тракторшы болса, бірі комбайнер, бірі жер жыртып егін салған. Ол кездегі Жаңа жол колхозындағы комсомол ұйымында 12 комсомол мүшесі болған екен.

Қазіргі Қарғыба ауылы жерінде 1934-35 жж. Қызылқайың ауылдық кеңесіне қарасты 4 ұжымдық шаруашылық болған. Олар: Қызылқайың, Тебіске, Жаңа жол, Социалистік. Бұлардың әрқайсысында 20-30 түтін 50 ден аса жұмысшы 300 дей ұсақ мал, 100ге жетер жетпес ірі қара болған. Күш көлік ретінде ағаш соқа, шаңтас, өгіз арба, тіс ағаш, пайдаланылған. Алғашқы ұжымдық шаруашылық басшылары Қызылқайыңда – Ақатаев Слям, Социалистікте – Төлеуханов Әділбек, Тебіскеде – Орынбаев Имаш, Жаңа жолда – Мұқажанов Шәкен деген адамдар болған (Ибраев Нұрғазез атадан жазып алынған).

Ұлы Отан соғысы кезінде осы колхоздардан соғысқа жарамды ер азаматтар түгелдей аттаныпты, көпшілігі соғыста қаза болып 32-сі хабарсыз кетті. Қалғаны соғыс жарасымен елге мүгедек болып елге оралып, еңбекке араласты. Тылда әжелеріміз, апаларымыз аянбай еңбек еткен. Соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалығы аз болмағанын тарихтан білеміз. Шаруашылықты қайта құру ісі де соғыстан аман келген аталарымызбен тылда еңбек еткен апаларымыздың иығына түсіпті. 1948 жылы Қызыл қайың ұжымдық шаруашылығының шопаны Ғабдуллин Нүркен 100 аналықтан 180 бас қозы алып Социалистік Еңбек Ері атағымен «Алтын жұлдыз» және «Ленин» ордендерімен марапатталған (Аудандық өлкетану мұражайы деректері және үйіндегі сақталған құжаттары бойынша жазылды). 1950-1951 жж. ұсақ ұжымшарлар ірілендіріледі. Бұрынғы Қызылқайың, Тебіске, Социалистік, Жаңа жол ұжымшарлары бірігіп Социалистік деп аталады. Іріленген ұжымшарда 90-110 түтін, 200-ге жуық жұмысшы, 3000 дай қой ешкі, 500 ге тарта ірі қара малдары болған. Ұжымшар орталығы 1950 жылжан бастап 1994 ждылға дейін Социалистік селосы деп аталып келді (қазіргі Қарғыба ауылы).

1962-1963 жылдары Социалистік ұжымшары Ақсуат кеңшарының №2 фермасына қосылады да, 1964 жылдың қаңтар айынан бастап КОКП ХХІІ съезі атындағы кеңшардың №5 фермасына айналды. Осы жылдары Қ.Көшкінов, Қ.Сағатбеков, Қ.Ішпеков, Қ. Ілбеков, Ә.Ілбеков, Д.Каримов, Б.Жәкиев, Н.Байтеміров ферма меңгерушісі қызметін атқарған. №5 фермада сол жылдары 6000 га шабындық жер, 4500 га егістік, 2800-дей ірі қара мал болған. Түтін саны 170-тен аса, ал халық саны 1500-дей адам болған. 65 балалық интернат, 1 клуб үйі, 1 кітапхана, 1 мед пункт жұмыс істеген. 1994 жылы КОКП ХХІІ съезі атындағы кеңшар таратылады да, №5 ферма негізінде Қарғыба ұжымы құрылып, төрағасы М.Сахариев болып тағайындалады. 1996 жылы Қарғыба ұжымы өндірістік кооператив болып қайта құрылады. 1997-2006 жылға дейін кооператив төрағасы болып Ж.Оспанов қызмет атқарады. Қарғыба өндірістік коперативі 2006 жылы таратылып, оның орнында ұсақ шаруа қожалықтары құрылды.1960- 2000 жылдар аралығында осы өңірде ауыл шаруашылығында өнімді еңбек еткендер: Ахметалин Биғазы, ағайынды Жұмаханов Советбек, Кәдірбек, Рамазанов Базарбек, Рақышев Тоқан, Әлханов Отарбай, ағайынды Жағыпаров Тортай, Сартай, Молдабеков Болат, Маудинов Мұратқазы, Бердібеков Жұмаш, Фридрих Павел, Азанбеков Мырзабек, Ақаев Мұратбек, Ақаев Еркін, Жақанов Бауыржан, Жамаубаев Сүлеймен, Нұрқасимов Социал, Нұрқасимов Таушыбай, Қажыбаев Ғалымбек т.б.

Енді мектеп тарихына келер болсақ , 1928-1932 жылдары ауылдық кеңеске қарасты 4 ұжымның бастауыш мектептері құрылып, жиыны 80- дей бала оқып, 4 мұғалім қызмет еткен. 1950 жылдарға дейін осы мектептер жұмысын тоқтатпаған. 1950-51 жж. «Жаңа жол» 7-жылдық мектебі ашылады. Онда 62 бала оқып, 5 мұғалім қызмет істейді. Жакутова Гүлзипа – оқу ісінің меңгеруші, Оспанов Қойшыбай – мектеп директоры болып қызмет атқарады. 1951-63 жж аралығында Ә. Сағынаев, Қ. Сәрсенбаев мектеп директорлары, Т. Уалиханов, М. Ахметова, К. Өтеуов Химадиев Ахметбек, Рақышева Сәлима, Тыныбаев Нұрқасен, Тыныбаев Айқан, сияқты ұстаздар қызмет етті.

1962-63 оқу жылында «Жаңа жол» жеті жылдық мектебіне КСРО-дан шыққан тұңғыш космонавт Ю. А. Гагариннің аты беріліп сегіз жылдық мектепке айналады және сол жылы жаңадан ауыл адамдарының күшімен мектеп ғимараты салынады. Ал, 1991 жылдан бастап мектеп орта мектепке айналды. Ол кездері жыл сайын мектепте 400-ге жуық оқушы оқып, 30-ден аса мұғалімдер еңбек еткен. Мектеп директорлары Қ. Сарсенбаев, Қ.Ахметжанов, О.Қалиаждаров, Ж. Жүнісов, Қ. Жұмажанов, Б. Сарұлов, Қ.Дауенов, Б. Қойшыбекова кезегімен қызмет етті. (Бұл деректер тарих пәнінің мұғалімі Абдікаримов Төлеубек ағайдан жазып алынды). Аталған жылдары Абдилбаев Тұрысбек, Малгаждарова Гүлжамал, Әділбеков Әуелхан, Абдікаримов Төлеубек, Баширова Әсия, Саметеева Гүлдария, Біләлова Қабима, Файзуллина Нүрмәрия, Дүйсенбаева Тоғжан, Қажыбаева Клара,Тыныбаев Ибрагим, Мұхаметрахимова Күләш, Химадиев Дәуренбек, Мұхамеджанова Мәрия, Қыдырғалиев Манап, Омарбекова Тұрсынбүбі, Слямова Серік, Яудин Алпыс, Қожабаева Кәмаш сынды ұлағатты ұстаздар аянбай қызмет атқарды. Қазіргі таңда мектепте 220 дан аса оқушы, 43 ұстаз еңбек етуде. Мектеп директоры Ақылбеков Ержан Серікұлы, оқу ісінің меңгерушісі Оралбаев Нұржан Қуанышбекұлы, тәрбие ісін ұйымдастырушы Омарова Нұргүл Болатбекқызы. Аға буын ұстаздар Темірханов Ерлан, Әбділбаев Алмас, Мүсиева Бақытгүл, Қарашева Ұлдақан, орта буын Қинаятова Қымбат, Қамзабекова Гаухар, Нұрқасимова Айгүл, Молдабекова Нұргүл, Жетпісова Гүлнара, Қыдырғалиева Гүлдана, жас ұстаздар Абдікаримова Сәуле, Сабитова Динара, Жұмаханова Динара, Қонақова Ханша және Ы.Алтынсарин төсбелгісі иегерлері Ахметова Уазипа, Әлімжанова Жанна жас ұрпаққа жаңа технологияны қолдана сапалы білім беруде. Мектеп түлектері арасынын екі ғылым доқторы шыққан. Жанбөбекова Мейрамгүл-педагогика ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік Университетінің аға оқытушысы, Ақаев Айбек, энергетика ғылымдарының докторы, профессор, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің деканы.1991-2017 жылдар аралығында Үздік және Алтын белгіге бітірген түлектер: Абдікаримов Алмас, Мүфтиева Ләззат, Файзуллина Қарлығаш, Қажыбаева Ақерке, Ахметалина Әсем, Омарова Салтанат, Ғабдуллин Нұртас, Омарова Әсем, Ақаев Айбек, Құжиманова Жанар, Нұрқасимова Жұлдыз, Құжиманова Анар, Қуанышбекова Айжан, Қуанышбеков Дархан, Ахметқалиева Шынар, Құмарбекова Жансая, Әуелханова Балжан, Ақаева Еркежан, Төлеубекова Балжан, Қайрат Динара, Қадырбаева Гүлжан.

Қарғыба өңірі қашаннан да қасиетті саналады. Бұл өлкеден елім деп, жерім деп өткен батырлар, билер, ақындар көптеп шыққан.

Елді аузына қаратып береке бірлікті сақтау үшін қызмет еткен бабамыз Боқбасар би Жамантайұлы, ақындығымен орта жүзге, тіпті Қытайдың

Шыңжаң өлкесіне әйгілі болған Кәрібай Таңатарұлы, мырзалығымен, даналығымен аты шыққан Тана Мырза Тілемісұлы, Қарғыба өзенінің жағасында туып, аумалы төкпелі заманда қытай еліне кетіп бүкіл өмірін сонда өткізген, 1994 жылы Алматыға көшіп келіп 1995 жылы Ұлы Абай тойында бата берген ақын - сазгер, ішкі істер полковнигі Кәрім Әкірәми аталарымызды тұлға деп тануға әбден лайық. Қазіргі ұрпақтары солардың ісін алға апарып жалғастырып келеді. Ақын ағаларымыз Зейнолла Тілеужанов, Серік Жұматов, Серік Қалиев, С. Молдабековтар, әншілер Серік Манапов, Ләззат Молдабекова, Жоламан, Тельман, Ерлан, Еламан Құжимановтар, балуан жерлестеріміз самбо және қазақша күрестен әлем және республика чемпиондары Кәлкен Иманбаев, Тұрсын Қалмақбаев, Қуаныш Әбекбаев, Болат Манақов бәрі Қарғыба өңірінің тумалары екенін мақтан етеміз.

Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында: «Қарғыба – ШҚО-ның Тарбағатай ауданындағы ауыл. Аудан орталығы Ақсуаттан оңтүстік шығысқа қарай 4 км жерде. Тарбағатай жортасының солтүстік баурайында дала белдемінде орналасқан. Ауыл арқылы Ақсуат – Ойшілік автомобиль жолы өтеді» делінген .

Қарғыба ауылы өзіндік даму үрдісі қалыптасқан елді мекен. Қазір ауылда 1 орта мектеп, 1 фельдшерлік пункт, 3 дүкен, 1 ауылдық кітапхана халыққа қызмет етеді. Ауыл негізінен ШҚО, Тарбағатай ауданы, Құмкөл ауылдық округіне қарайды. Ауылда ақсақалдар алқасы құрылған, ол ауыл ішіндегі ұйымдастыру, тәрбие беру шараларын жүргізіп отырады. Ең негізгі ауылдың тірегі, халықтың ұйытқысы мектеп болып табылады.



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
7 желтоқсан
1759
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі