жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Қазақ дүниетанымындағы «Азамат» ұғымы
Қ. Нұрмұхамет
Қазақ дүниетанымындағы «Азамат» ұғымы
Аннотация: Бұл мақалада қазіргі қоғамдағы өзекті болып табылатын ерлердің саяси, әлеуметтік мәселелері көтеріліп, мәселені шешуде философиялық тұғырдан қарауға шақырады. Автор халық дүниетанымына сүйеніп ердің жасы, жігіттің түрлері, өңірлік айырмашылықтарын талдай келе ұл баладан азамат тәрбиелеу керектігін пайымдап өз тарапынан әдістеме ұсынады. Отандық фәлсафада ұлттық негізде арнайы «азамат» деп аталатын ерлер философиясының жасалуын және оның түбегейлі зерттелуін қажет екенін көрсетеді.
Түйін сөздер: жігіт, қоғам, гендер, сенім, рух, ұлттық дәстүр
Бүгінгі таңда феминистік дүниетанымды ұлықтаудан гөрі еркекті өсіру, ер адамның бағасын беру, еркектің тиісті орнын көрсету біздің қоғамымыз үшін қажет болып отыр. Қазақ жігіттерінің ауылды жерлерде үйлене алмай жалғыздық пен жұмыссыздықты бастарынан өткеруде, үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрген еркектердің жылдан-жылға санының артуы, сәл басына қиындық түссе асыла салатын не болмаса шөлмекке жүгіретін әлсіз еркектердің болмысы кімді де болса қатты алаңдатады. Мақсат – күйзеліске түскен еркектерді тығырықтан шығаратын жол іздеу.
М.Әуезов, ер адамның қоғамда алатын орнын суреттеп: «Қай уақытта, қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес», - деп айтқан болатын[1,24б.].
Сондықтанда бүгінгі міндет – заман талабы мен қоғам сұранысына орай баба аманаттарын кәдеге жаратып ұрпаққа тапсыру. Ер азаматтардың мінсіз бейнесін жасаған қазақ ойшылдарының даналық ойлары еліміздің баға жетпес асыл қазынасы. Қазақ дүниетанымындағы ұл баланың туылуынан бастап, бозбала, жігіттік, әке атанған кезеңдерін жүйелей келе шығаратынымыз, халқымыз ұлдан Азамат жасауды басты мұрат етіп алады. Қазақ дүниетанымында «Азамат» түсінігін саясаттануда кездесетін азаматтық қоғам, азаматтық неке, азаматтық қорғаныс ұғымдарымен салыстыруға мүлдем келмейді.
«Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Азамат кәмелетке келіп ер жеткен адам. Адамгершілігі мол, құрметті саналы адам. Базар жырау: «Азамат ерден қол үзбе, күндердің күні болғанда, басыңа қиын іс түссе, қайырылмай саған кетпейді. Алуан түрлі бала бар, солардың бәрінен азамат өсіріп шығару қиын өнер», – деп анықтама берілген[2,111б. ].
Азамат болу ол әрбір ер бала үшін философиялық мәні бар зор ұйғарым, өйткені ер адамның болмысын, руханиятын, ерлер құндылықтарын, сонымен қатар ғасыр қойнауындағы философтардың «ер адамға» - деген көзқарас-тарын тұжырымдайды. Азамат деп - бүкіл адамилық жақсы қасиетті бойына жиған, биік белестерді бағындырған, қазақпын деп жүрегі соққан, халыққа пайдасы тиген ерлердің ерін айтады.
Әл – Фараби «Ғылымдар классификациясы» еңбегінің «Азаматтық ғылым» атаулы үшінші тарауында: «Азаматтық ғылым еріктен туған әрекеттер мен мінез - құлық түрлерін зерттейді. Азаматтық ғылым осы әрекеттер мен мінез – құлықтың арасын ажыратып қарайды. Бұл ғылым шын Бақыт дегеніміздің не екенін түсіндіреді», – деп жазады [3,191б.].
Ердің азаматтығы қай ғасырда болмасын қарапайымдылығымен, қайрат-керлігімен, көсемдігімен, жанының кәусарлығымен өлшенбек. Елі үшін еңбек, ұрпағына қызмет еткен ерге халық әділ бағасын беріп жатса, қаһармандығы ардақталса, одан артық азамат үшін бақыт бар ма?
Азамат кім деген сауалға жауап іздеу орынды. Сонымен азаматты халық қалай түсінеді?»- деп сауалдар қойып, талдаған академик М. Қозыбаев «Өркениет және ұлт» еңбегінде былай дейді:
Азамат деп пенденің кәмелеттік жасқа келіп, төлқұжатқа ие болған кезін айтатыны рас, ал іс жүзінде кең мағынада:
Азамат деп әке – шешенің ғана емес, ел баласы болып өскен, елінен ауа жүріп емес, халқымен бірге өмір кешкен, қиын – қыстау жерде замана түйінін шешкен парасатты жанды айтады.
Азамат деп ата-ана, ел үмітін ақтаған, сенімін бойтұмар қып сақтаған, достың сырын шашпаған, зұлымдық жолын баспаған, сегіз қырлы бір сырлы арлы жанды айтады.
Азамат деп ата-анасының жанынан ұзап, ат жалын тартып, мініп, қатарынан озып, биіктегіге қол созып, мен боламын, тезірек өсіп толамын деген екпінді де қарымды талапкер жасты айтады.
Азамат деп ата-анасына, еліне, халқына адал, туысқанға бауырмал, ізгі жанды айтады.
Азамат деп қай істі болса да өнер деп білген, өмір жолын еңбек жолы деп сүйген, Отаны үшін жалынға шарпылып, отқа күйген ел перзентін айтады.
Азамат деп ез болып отыра бермейтін, замана талқысына көнбейтін, талап пен талантын жегіп, терін төгіп, құлашын кең сермейтін батыл да батыр өр адамды айтады.
Азамат деп қате басқан жері болса, қайталап түзеп, өз мінін өзі мінеп, сүрінсе мұқалмай, бір тізерлей тік тұрып, қайта түлеп, үзіліп қалған қатарына жетіп, одан әрі өтетін қайран есіл ерді айтады.
Азамат – деп алды тар, арты жар күрес жолында тұла бойы құласада тіккен туды құлатпаған, артын шулатпаған, тірісінде есімі аңызға айналған . қылығы мен түрлері біртуар ұлын айтады»[4,111б.].
Адам өмірінің мәні бала сүю. Сәбиіңнің күлкісін есту, сөйлеген былдыры мен тай-тай басып жүруін көру сөзбен айтып жеткізе алмайтын нұрлы сәт. Шығыс халқында ғана емес, жер бетіндегі қандай халық, ұлт болмасын жанұяда қыздан гөрі ұл бала жарық дүниенің есігін ашатын болса, ол отбасы үшін үлкен бақыт саналатын. Өмірге қыздан гөрі ұлды әкелу әлі күнге дейін әрбір әйел үшін зор мақтаныш болып табылатыны да рас. Отбасына ұл бала дүниеге келсе, «үзілгені жалғанды, өшкені жанды, ендігі жерде өсіп-өндік, ұрпағымыз әулет болатын болды» деп, ауқатты жанұялар ертеректе отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап жататын. Ұл баланы қазақ халқы абыройлы әке, қадірлі отбасы, елді қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде тәрбиелеуді өздеріне парыз санаған.
Балаға есім беру де қазақтың салт-дәстүрі бойынша жүзеге асқан. Алдымен азан шақырып, жаратушыға ризашылығын танытқан ата-ана сәбидің есімін жора-жолдасты, көрші-қолаңды шақырып шілдехана үстінде жариялаған. Т.Жанұзақов: «Қазақ есімдері де санаулы жыл ішінде тосыннан пайда бола қалмаған. Оның өзіне тән тарихы, шығу, пайда болу жолдары бар. Қазіргі есімдеріміздің ішінде сол ерте замандарда қойылып, көненің қарт куәсі, жұрнағы ретінде өмір сүріп келе жатқандары да орта ғасырға тән және жаңа дәуірде жасалғандары да көп. Ол есімдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің қыр-сырын да көрсете алады», – дейді [6,11б.]. Адамның тағдыры есіммен тікелей байланысты болады деп ұғынған көшпенділер, балаға есімді де жайдан-жай бере салмаған. Қазақтар елге пайдасы тиген ел ағасының, сөзі өтер халық данасының не болмаса жасы ұзақ болсын деп үлкен қарияның таңдаулы есімдерін берген. Егер әйелдің баласы тұрмай қойса Тұрсын, ұл таппай қойса Ұлбосын, Ұлжалғас, т.б ал ылғи қыздар болса, Жаңылсын деп қоятын болған. Бірінен соң бірі ұл туылса ағайынды аталған, олардың есімдерін ұйқас қойып жататындары да болады. Есім берген соң, перзентіне ата-ана дұрыс тәрбие беруге тырысып, қоғамның жақсы бір мүшесіне айналуына ықпал жасайды. Бір шаңырақта екі ұл болса, тұңғышын аға, артынан ергенін қазақ бауырым дегізген, өйткені аға есімі әркезде асқақ та ардақты естіледі. Алдымен ата-ана кеудесіне алса, артынан бауырына басатын осы ағаң. Ақылы асқанды халқымыз қашанда аға тұтқан ғой, сондықтанда үйдің үлкені болсаң ініге ұлағат айтар ұстаз, абзал аға бола білу керек. «Ағаға қарап іні өсер» даналығы тегін тумаған, алдыңдағы ағаңнан өнеге алып, оған қарап бой түзеп, өкшесін басып, соңынан ересің. Ағасы болсаң, бауырыңа бауыр етім деп, барыңды беріп, жоғын түгендеп, жөнге саласың. Іні болсаң, үйдің үлкені айтса қате болса да қарсы шықпай үнсіздік танытасың, бауыр әрдайым ағаның айтқанын мүлтіксіз орындауға тиіс. Қазақтардың отбасы институтында ежелден аға мен інінің арасында осындай үлкен сыйластық орын алған.
Әрбір жанұя ұлдары есін біліп қалған шақта шежірені тарқатып жеті атасын, тегін жатқа үйреткізетін. Еліміз өзінің тегін білмейтін ұрпақты, жеті атасын білмейтін жетесіз деп атаған, сондай сөзді естімес үшін намысты ұлдар шежірені жанын салып жатқа айтатын. Жеті атасын білу деген сөз, ол тек дәстүрді сыйлау ғана емес, сонымен қатар, өз істері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну дегенді білдіреді. Ата-баба аруағын сыйлау, әулетке дақ түсірмеу әрбір қазақ азаматы үшін қасиетті борышы болып саналады. Текті жерден шыққан, көргенді жердің баласы, деген өлшем ұлттық құндылық болып қала бермек. Мінез адамға әуелі тек арқылы дариды, содан кейін тәрбие арқылы қалыптасады деген де ұғым бар. Тектілік пен тексіздік жайлы ой кешу қазақ философиясының маңызды тақырыптарының бірі. Халқымыз ген арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жақсы-жаман қасиеттің даритынын ерте заманнан-ақ білген, сондықтанда биологиялық тұрғыдан алғанда да тұқым сапалығын жетілдіруді ойлаған. Жеті атадан қыз алыспаған қазақтар адам табиғатын жете түсінген сияқты.
Еліміз еркектің үш жұрты барын айтады. Ең бірінші ағайын жұрты, жігіттің өз туыстары олар бір-бірінен жеті атадан қыз алыспаған, бұл тәртіпті берік сақтаған. Кімде-кім бұл дәстүрді бұзатын болса, ол адамға қатаң жаза тағайындалған. Жігіт өз жұртын үрім-бұтағым дейді, бұлардың бәрі бір атадан тараған ұрпақ екенін білдіреді. «Тек ежелгі түріктерде ата жағынан ғана туындамайды, шеше жағы да есепке алынатын. Адамның текті болуы үшін оның әке жағынан, әрі шеше жағынан бірдей текті болуы қажет»[7,108б.]. Баланың жақсы қасиетін нағашы жұртынан деп те айтып жатады. Өйткені, ананың сүтін емеді, сүт арқылы жақсы-жаман қасиеті баланың қанына сіңеді деп түсінеді. Әлемнің бірінші ұстазы Аристотель басқаша пікір білдірген. Ол: еркектік принцип өмірді туындатады, жақсы қасиет сәбидің әкесіне байланысты және әкесі арқылы ғана беріледі деп пайымдаған. Әке өз баласының міншісі, сыншысы, басты тәрбиешісі. «Әке асқар тау», «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп жатады. Сыншы әке кіндігінен туған ұлының ұлағатты болып өсуіне ықпал етеді. Қазақта: «Бір бала бар әкеге жете туатын, бір бала бар әкесінен өте туатын, бір бала бар кері кете туатын» деген парасатты нақыл бар. «Әкенің аты баласымен шығады, тек жақсы өмір деген бәйгеден оза келсе» деп, жүрегі соғады дейді.
Әке концептісінің тіл, мәдениеттану тұрғысынан сипатталуына тоқталсақ, мұнда жас кездегі әке, орта жастағы әке, қартайған шақтағы әке деп бөліп алып қарастырған. Әке концептісінің логикалық жағы әке қамқорлығы, мейірімділігі, үстемдігі, асқар таудай биіктігі, басшылығы, асқақтығы т.б. фреймдермен ұғынылса, тілдік қолданыстағы репрезентация-сы – ер адам, әке, ата, бозбала, жас жігіт, дүр жігіт, арыс, шал, қарт, қария болады. Бүгінгі ұл бала – ертеңгі ер азамат, отағасы, әке, ата. Ал азаматтың арқалайтын жүгі ауыр. Әкелік деңгейді анықтайтын ер адамның негізгі қызметі баланың өмірге келуімен байланысты.
Әке өз перзентін қашанда ұлы істердің басынан көргенін қалайды. Кішкене кезінде әкесімен бала мақтанса, бала өскен соң әкесі мақтанатындай болса, онда өміріңнің баянды болғаны. Әкесі «нағыз ер» өсіргісі келсе, баланы жастайынан ерте тұрғызып, темірден ұсталықты, ағаштан шеберлікті, бау мен бақшаны салуды үйрету керек. Мұндай тәрбиені алған ер бала кез-келген жерді тесіп шығады. Үйдегі анасы: «нағыз ерлер» қыз баланы ренжітпейді, алдап кетпейді, өтірік айтпайды деп күнделікті айтса, ондай ер бала махаббатқа адал, болашақ құратын отбасына жауапты болып өседі. Жауапкершілігі жоқ адамнан айтулы азамат шықпайды. Досқа адал, дұшпанға айбар, ағайын жұртқа мейірлі, туған елге қайыры тиер жігіт қана азамат атануға тиіс.
Бүгін күні ер баланы азамат етіп тәрбиелеу басты мақсат, ер бала «Қазағым» десе, санасының жоғары деңгейге жеткені деп білеміз. Ж.Молдабеков: «Қазақтыққа жараудың бас белгісі – ел жұрттық дәстүр мен азаматтық борышқа қызмет ету, ел тізгінін қолына алу, болашаққа деген сенім мен үмітті нығайту. Оның түйіні мен түбірін «Мен де бір қазақпын» деген бітімді сөзбен жеткізуге болады. Байыбына барсақ, әрбір азаматтың ойы, сөзі, мінез-құлқы, іс-әрекеті елі мен жерінің жаңаруына, замандастарының топтасуына үлес қосса, ықпал етсе, осындай басты арнада өз орнын таба алса, ондай тынымсыздар өзін «мен де бір қазақпын» дей алады немесе ондайларды нар қазақ, нағыз қазақи деп орынды марапаттайды. Сөзі мен ісі, мінезі мен әрекеті арқылы өзінде қазақтық қасиетті көрсете де сақтай алған кісіні ұлтжандылар алдымен қадірлейді, мақтан тұтады.
Қазақтыққа жарағандар ұлтымыздың тілін, ділін, болмысын қорғайды және қазақтық ұлттық даралығын қалыптастыруға, жетілдіруге өзінің шығармашылық үлесін қоса алады», – деп тұжырымдайды[8,47б.].
Этникалық мәдениет қазіргі кезеңде өзінің келбетін сақтау үшін ұлттық даралығын білдіретін құндылықтар жүйесіне көңіл аударуда дейміз. Ата-бабаларымыздың ерлерге қатысты талап еткен, ер балаға жүктеген, еркек кіндікке міндеттеген өзіндік дүниетанымдарынан ұлттық даралықты байқауға болады.
Қазақ халқы жігіттің сөзі мен ісіне қарап, жалпы болмысына талдау жасаған. Ер жігіттің кескін-келбетіне тоқталып өтсек;
1)«Өңді жігіт» еңсегей бойлы, өткір көзді, қара қасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, кең иықты, жуан білекті, темірдей саусақты.
2) «Өрен жігіт» қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, жау жүректі, жылқыдай мінезді, бұландай алып, сауысқандай сақ.
3) «Көсем жігіт» – ел басқаратын жігіт.
4) «Жомарт жігіт» – пейілі кең, риза болса астындағы атын сыйға беретін жігіт.
5) «Шешен жігіт» - дау дамайды шешетін жігіт.
6) «Батыр жігіт» - елін жаудан қорғайтын, ер қаруы, бес қаруды сай, қайсар жігіт.
7) «Сері жігіт» – аттың жүйрігін, иттің алғырын, ертіп, қыранның қырағысын баптап, ән салып, күй тартатын өнерлі жігіт.
8) «Палуан жігіт» - мойны жуан, жауырыны қақпақтай, алып күш иесі деп бөлген.
Елімізде жігіттің он үш жастан жиырма бес аралығында өмір кезеңдерін жырға қосқан Ақан сері еді. [9,118б.].
Ата – баба жігіттің мінез - құлқы мен кескін-келбетімен қоса жігіт жасына да мән беріп, жас ерешеліктерін «қозы жасы», «қой жасы», «жылқы жасы» деп үшке бөліп қарастырған. Оның себебі, әрбір қазақ отбасында ұлы он жастан асқан соң қозы, он беске толғанда қой бақтырса, жиырма беске толғанда жылқы бақтырған. Қозы жасы ер баланы еңбекке баулудың бастамасы, жасы онға шыққан баланың міндеті – қозы бағу болса, он беске шыққанда қозы бағатын кәсіптен қой жаю кәсібіне ауысатын. Он беспен жиырма бестің арасын қой жасы деп атап, осы шақта ата-ана отау иесі атанады деп ұлынан үміт күткен. Жиырма беске келген жігіт тепсе темір үзетін күштің иесі деп білген, қазақ жиырма бесті жылқы жасы деп те айтады. Жігіттің жақсы жасы жиырма бес есептелген, жиырма бес дене бітімі пісіп жетілген, ақыл ойының кемеліне толысқан кезі екенін білдіреді. Қазақтар ес білген қозы жасынан бастап, жиырма беске шекті ұлдарын батырлыққа тәрбиелеген.
Батыр дегеніміз иран тілінде баһадүр, ержүрек, қаһарман адамдарға беріледі. Тарихшы Е.К. Майендорф 1820 жылы Бұқараға сапар жасайды, «Орынбордан Бұқараға саяхат» еңбегінде: «Қырғыздар рубасыларды ақсақалдар, билер, батырлар, сұлтандар арқылы басқарады. Батырлар деп батыл, әділ, алғыр адамдарды айтады, жорық кезінде олар керемет шабандоздар», – деп батырларға өз анықтамасын береді[10,41б.]. Қазақ батырлары туралы ең алғашқы маңызды деректерді жазып, ел тарихына назар аударған Ш.Ш.Уалиханов. Ғалым: «Батырлар туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында қазақ батырларының есімдері аталып, батырлардың әлеуметтік табиғаты жайында «Батыр жүректі, екпінді, халықтың да, ханның да құрметті адамы» [11,186 б.] - деп мағлұмат береді. Абай атамыз өзінің он төртінші сөзінде «жүректі» талдау барысында «тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақта жүректі кісі дегені – батыр дегені» [12,68б.] – деп, халқымыздың көзқарасынан мағлұмат береді.
Халық әрдайым бұрынғы қол бастаған батырлары мен ел бастаған даналарын еске түсіріп, солардың істерін үлгі тұтып, елдін рухын жоғалт-пауға тырысқан. Әрбір қазақ отбасында «Отаның», «Туған жерің», «Елің» деген ұғымды Қаһармандық жырлар арқылы ашып берген. Қаһармандық жырлардың мақсаты – жеңілмейтін батырдың тұлғасын жалпы жұртқа үлгі етіп ұсыну, ел қамын жеген қамқор жандар етіп суреттеу. Жырдың мұраты – халық үшін қайрат жұмсаудан артық қасиетті іс болмайтынын, елдің бүтіндігін, ынтымағын, тәуелсіздігін қорғайтын «мінсіз ердің» бейнесін ел есіне мәңгілік ғибрат етіп қалдыру. Шығыстың лирикалық жырларының көпшілігі аянышпен бітіп жатса, батырлар жыры әрдайым сәтті бітеді. «Ал батырлар жырында махаббат көбінесе нәтижелі аяқталады, ер тұлға махаббат пен майданда сыналады, сынақ биік тараптармен шартталады, қазақ даласы қатаң сынақ аймағына айналады, тұлғалар кемелденудің шарттарының өткелдерінен өтеді. Ондағы тұлғалар өз болмысының құрсауын бұзып, әлемдік ерікпен тоғысады, еркіндікті жеңіп алу үшін өзінің онтологиялық мағынасын қайтадан ашады. Мұндағы махаббат философиясында сұлулық пен үйлесімділік, сенімділік пен жігер, адалдық пен қайырымдылық сияқты моральдік ұстанымдар негізгі идеяға айналады және оны іс-жүзінде көрсете білудің нақты формуласы әдіптеледі. Себебі, батыр рухының еркіндік әлемі дала заңын мойындамауға емес, керісінше, халқының еркіндігі мен азаттығын қамтамасыз ету арқылы бостандыққа қол жеткізу болып табылады. Демек, халқы еркін болса, батыр өзінің еркіндігін толықтай сезінеді»[13, 204б.].
Баяғыда жасы жетіп өлгелі жатқан қыпшақтың билеушісі Баяндыр хан: «Жігіттер мен мына жалған дүниемен қоштасқалы жатырмын. Жарық дүниенің қызығына тоя алмай барамын, биліктің құмарына қана алмай барамын деп өкінбеймін. Көзіме жас алып, жылап жатқан себебім, ат үстіде ата жаумен алысып өлмедім-ау деген арманда кетіп барамын. Ер жігіт өз үйінде, өлең төсегінде өлмеуі тиіс», - деп налыған екен[14,35б.].
Қазақтардың ер балалардың болмысын зерделеуде өзіне тән өңірлік, аймақтық, ерекшеліктері байқалады. Саралап қарасақ, Оңтүстік Қазақстан жігіттері намысқой, бауырмал, өжет мінезді болып келеді. Оңтүстік жұртшылығы қыз баланы жат жұрттық деп отбасылық өмірге даярлайды, арлы, ұятты, жібектей мінезді қылып тәрбиелеуге жандарын салады. Қыз балаға карьера емес, перзенті ретінде жерге қаратпай барған жеріңе дұрыс болып, бірнеше баланың анасы атансаң жеткілікті, ата-ананың басты парызын орындағаның болып есептеледі. Ал ұлдарына келгенде мүлдем басқа әдіс-тәсілді ұстанады: қызымнан гөрі, ұлдың оқығаны дұрыс, болашақта «әкім», ары барса «министр» болып қалар деп бар күштерін жұмсайды. Оңтүстікте төрде қыз емес ұл отырады, өйткені, ұл болашақта мұрагер, қара шаңырақтың иесі. Осындай сенімдік танытып еркіндікпен өскен бала ширақ, іске епті, тапсырылған жұмысқа іскерлік танытады.
Батыс өңірінің жігіттері өздеріне сенімді, намысшыл, қызба, ұр да жық тік мінезді болып келеді. Батыс қанша айтқанмен Кіші жүздің өңірі, тарихымызда көптеген көтерілістер осы жүзбен байланысты. Ер баланың орны жоғары бағаланады, қыздан гөрі ұлдарына қатал талап қойып, уақытында орындамаса сыбағасын алатын. Ұлға жауапкершілікті көп жүктейтін өңірдің нәтижесі жаман емес сияқты. Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған жанұяларында мүлдем өзгеше, «ер бала жанымызда қалады ғой» деп, көп нәрседен тиып тастап отырады, бұл жақтың ер балаларының көнбіс, жуас болып шығатыны осыдан. Қызымыз ертең кетеді, сондықтан осы алсын, кисін, жесін, оқысын деп қыздарын төбелеріне көтереді. Осы себепті Шығыс Қазақстан, Талдықорған, Семей жақтың қыздары өжет, шапшаң, икемді, тік мінезді болып келеді. Мұхаметжан Тынышпаевтың зерттеулеріне сүйенсек: «Наймандар Шығыс Қазақстанда, Алакөл, Балқаш маңында, Атбасар, Ұлытау төңірегінде, Қытайдың шыңжаң өлкесінде қоныстанған[15,21б.]. «Найманның қыздары тым пысық» - деген қаңқу сөздердің еріп жүретіні де осыдан келіп шығып отыр. Қарағанды, Петропавл, Қостанай, Павлодар аймағында әйелдің көңілін таба білетін, жұмбақ әйелдің табиғатын түсінуге тырысатын жігіттердің болмысын көреміз. Олардың мінез – құлқы тік мінезді болғанмен, тез ренжіп қалатын, әйелдің айтқанын екі етпейтін, жүрегі нәзік жігіттерді көреміз. Осылай жігіттердің өңірлік болмысын саралауда мінез - құлықтың айтарлықтай айырмашылығын көреміз, мінез ерекшеліктері түптеп келгенде тәрбиенің берілу әдісінде. Тәрбие қоғам дамуында орасан рөл атқарады. Бүгінгі таңда ер баланы тәрбиелеуде жіберілген қателіктер қоғамға кері әсерін тигізуде.
Асылбек Байтанұлының «Қайда кетіп барасың қазақ еркегі?» мақаласында: «Қазір қарап тұрсаңыз, қазіргі қазақ әзіл-сықақ театрлар сахнасын бір өңкей қатынша киінген еркектер жаулап алған екен. [16,70 б.]. Шоу бағдарламалар думандатып елді күлдіреміз деп, жеңіл-желпі, үстірт қарайды, оның терең қабатында ер баланың бойына жағымсыз теріс қылықтарды егіп жатқанына мән бермейді. Қойылымдар сахнаға шықпас бұрын бірнеше сыннан өтіп ғана көпшіліктің алдына ұсынылса қана ел игілігіне жарайтын еді.
Нұртөре Жүсіп «жақсы кітап жан азығы немесе боямасыз өмір» деген шығармасында былай дейді: «...біздің қоғамда ер мен еркек ұғымы көмескі тартты: мектеп толы әйел мұғалім – ер балалардың еліктеп өсетін ер азаматы шамалы; үйде тілін безеп шешесінің жағы талмайды, түзде өзі жабысып қыз соңынан қалмайды, сосын, ұл балалардың қыз қылықты, әйел мінезді майысқақ келетіні, қиындық атаулыға оңай көнетіні, еркектік ірілік кесек мінезден ада боп, әйелше сөзге, өсекке еретіні, елдік һәм еркектік мәселеден гөрі кілең майда ұсақ-түиекті теретіні....» деп, қоғамымызда белең алып отырған проблеманың шетін көтереді[17,41б.].
Аулада ХХІ ғасыр, ағымына ілесуің керек, әйтпесе керексіз ғып лақтырып тастайды, тездете түрленген тіршілік кестесі еркектен еңбекқорлықты, ептілікті, жылдамдықты талап етеді. Әйел затынан өмір бойы тәрбие алған ер баланың жүрегі расымен де нәзік, сөзге жақын, ер адамның істейтін тірліктерінен хабарсыз болады. Аталардың тілімен айтқанда ынжық болмай қайтсін әйелдің жетегімен жүріп, кейін келе езге айналамасқа кім кепіл. Соңында оңбаған еркек қайдан шыққан? - дейміз. Оңбаған еркек ер балаларға кішкене кезінен берілетін тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылмауынан шығады. Қоғамдағы жалғыз басты ана, алданған қыз, алиментін төлемей қашып жүрген әке, жанұясын тастап кеткен еркек, қырықтан асса да отырып қалған кәрі жігіт – осының барлығы ер адамның рухани әлсіздігі мен жауапсыздығынан туындап отыр. Тәрбиені кішкене кезден қолға алсақ, жоғарыдағы мәселенің бірі болмас та еді.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жанұя мен мектептің алдына қойған міндеттерді жаңа талаптармен ұштастыра отырып, тәрбиеге ұлттық мазмұн беруге басымдық танытқанымыз жөн.
Еркегі мықты қоғамның, іргесі мықты екенін ескеріп, гендерлік саясатта қазақ жігіттерінің қадірін арттыратын негізде ғылыми ізденістер жүргізілсе, ерлерге арналған жобалар, теледидарлық бағдарламалар жасалса еліміздегі әлеуметтік мәселелер дұрыс шешілсе, азаматты тәрбиелеу ісі де алға басары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. М. Әуезов. Шығармаларының елу томдық жинағы. – Алматы: «Дәуір, Жібек жолы», 2014. – Т.1. – 462 б.
2. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Құрастырғандар: Т. Жанұзақов, С. Омарбеков, Ә. Жүнісбек және т.б. – Алматы: «Арыс», 2006. – Т.1.– 752 б.
3. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алма-Ата: «Ғылым», 1973. – 446 б.
4. Қозыбаев М. Өркениет және ұлт. – Алматы: «Сөздік – словарь» баспасы, 2001. – 369 б.
5. Бопай Б. Қазақ мінезі: Салт – дәстүр мінез негізі. – Алматы: «Үш қиян», 2015. – 392 б.
6. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің анықтамалығы. – Алматы: «Арыс», 2009. – 552 б.
7. Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. – Алматы: «Мерей», 2000. –108 б.
8. Қазақтану өрісі. Ред.басқ. Молдабеков Ж. – Алматы: «Қазақ университеті», 2013. – 204 б.
9. Ақан сері Қорамсаұлы. Құрастырған Оразбек Н. – Алматы: «Қазақстан», 2013. – 384 б.
10. Майендорф Е.К. Путешествие из Оренбурга в Бухару. – Москва: «Наука», 1975. – 369 с.
11. Уалиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Толағай групп», 2010. –Т.1. – 552 б.
12. Абай. Қара сөз. – Алматы: «Международный клуб Абая», 2010. – 338 б.
13. Аташ Б. Философия. – Алматы: «Қыздар университеті», 2013. –276 б.
14. Анар. Қорқыт ата // Жалын. – №10. – 2007. – 36-45б.
15. Тынышпаев М. Қазақ шежіресі. – Целиноград: «Қаламгер», 1991. – б.
16. Байтанұлы А. «Қайда кетіп барасың қазақ еркегі» // Ақиқат. – №6. – 2016. – 70-73 бб.
17. Жүсіп Нұртөре. Жақсы кітап жан азығы // Ақиқат. – №6. – 2016. – 45-49бб.
18. Момышұлы Б. Өнегелі өмір / ред. басқ. Ғ.Мутанов. – Алматы: «Қазақ университеті», 2016. – 379 б

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген