жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері
№12 «Тараз» колледжі
Тарих пәнінің мұғалімі: Нурпейсова Мария Атыхайқызы
Сабақтың тақырыбы: Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Қазақ халқының әдет – ғұрыптары мен салт –
дәстүрлері және ұлттық ойындары, діни наным –
сенімдері туралы кең мағлұматтар беру, толықтыру,
жүйелеу, ғылыми негіздеу.
Дамытушылық: оқушылардың танымдық әрекетін ұйымдастыру,
мақсатты анықтап оны тұжырымдауға және сол
мақсатқа жетудің құралдары мен тәсілдерін
талдай білуге үйрету.
Тәрбиелік : оқушыларды мәдениеттілікке, тәрбиелілікке, Отан
сүйгіштікке, ұлттық мәдениетті қастерлеуге
тәрбиелеу.
Сабақтың типі: Жаңа білім беру
Сабақтың түрі: Тренинг
Сабақтың әдіс-тәсілдері: Интерактивті (Танысу, келісім, ми шабуылы, тренер хабарламасы, топпен жұмыс)
Сабақтың көрнекіліктері: таблица, схемалар, суреттер
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі( оқушыларды түгендеу)
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау (сұрақ - жауап)
ІІІ. Жаңа сабақты меңгерту
ІV. Сабақты қорытындылау, бағалау
V. Үйге тапсырма
Сабақтың жоспары:
1.Танысу 5 мин
2.Келісім қабылдау 3 мин
3.Ми шабуылы 5 мин
4.Тренер хабарламасы 15 мин
5.Топпен жұмыс 8 мин
6.Бекіту 5 мин
7.Үй тапсырмасы 2 мин
8.Бағалау 2 мин
І. Танысу
«Сын есімді қос» ойыны
Кез-келген қатысушы жүрекшені келесі ойыншыға бере отырып өз есімінің алғашқы әрпіне сын есімдік сөз қосып айтады(мысалы, Бейбіт-белсенді, Марат - мықты, Айжан-ақылды, Әлия-әдемі, т.с.с.) келесі ойыншы басқа бір ойыншыға жүрекшені береді, бастапқыдай сөздерді қайталайды,сөйтіп ойын жалғаса береді.
ІІ.Келісім қабылдау
Төмендегі ережелерді айта отырып мұғалім мен оқушы келісім қабылдайды.
1.Тыныштық сақтаймыз
2.Қол көтеру ережесі
3.Бір-бірімізді тыңдаймыз
4.Ойымызды ашық жеткіземіз
5.Сабаққа белсене қатысамыз
ІІІ. Ми шабуылы
Сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушылардан үй тапсырмасы сұралады.
-
Музыкалық аспаптар тек той – думандарда ғана пайдаланылып қоймай, сонымен қатар қай кездерде қолданылып отырған?
-
Қазақ халқының музыка өнері туралы басқа ұлт өкілдерінің айтқан қандай пікірлері бар?
-
Ішекті музыкалық аспаптардың түрлерін ата?
-
Қазақ қолөнер шеберлері қалай бөлінген?
-
Қазақ айтыс өнерінің ерекшелігі қандай?
ІV. Тренер хабарламасы
Жаңа сабақ
Ұлттық салт – дәстүрлер. Ұлт дегеніміз – бір аймақта тарихи қалыптасқан адамдар тобының әлеуметтік – этникалық бірлестігі. Қазақ ұлты сонау ғасырлар тереңінен, ру – тайпалық дәрежеден бастап, ХІV – XV ғасырларда тұтас халықтық дәрежеге жеткенше талай салт – дәстүрлерді басынан өткізді. “Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар” дегендей, бізге жеткен тәрбиелік мәні зор бүгінгі ұлттық салт – дәстүрлер халқымыздың ең қымбат қазынасы.
Қазақ ұлты қалыптасқанға дейінгі ұлттық құрамның негізгі арқауы болған қаңлы, үйсін, керей, найман, т.б. ру – тайпалардың әдет – ғұрып, салт – дәстүрлері дамып жалғасып бізге жетіп отыр. Біздің міндетіміз – оны келешекке жалғастыру.
Салт – дәстүр өмірге деген көзқарастарына байланысты туып, ертеден келе жатқандықтан, түркі тілдес халықтардың кейбір әдет – ғұрып, салт – саналары ұқсас келеді.
Қазақ халқының әдет-ғұрыптары


![]()
Қазақ халқының шаруашылыққа байланысты әдет – ғұрыптары.
Халқымыздың шаруашылығының басым түрі жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды. Сондықтан халқымыз мал өсіруге баса көңіл аударып келді. Өзінің өсіріп отырған малының басы аман болуын тілегендіктен, оларға байланысты әр түрлі әдет – ғұрыптар, салт – дәстүрлер дүниеге келген. Сондай әдет – ғұрыптардың бірі – отпен тазарту. Бұл салт бойынша көктемде қыстаудан көшерде қыстау мен малды тазарту үшін қыстаудың әр жеріне от жағып, малды оның арасынан айдап өткізген.
Көктемде күн күркіремейінше, өсімдік жемістерін жеуге рұқсат етілмеген. Тек күн күркірегеннен кейін тау жуасын не басқа жеуге жарамды жемістерді жеуге рұқсат етілген. Халықтың түсінігі бойынша, күн күркірегеннен кейін шөптің өсуі тездейді, малдың сүті көбейеді. Сол себептен, күн күркіегенде, Жетісуда әйелдер шөміш пен қысқышты бір – біріне ұрғылап: «Сүт көп болсын, от аз болсын”,- деп үй айналатын болған.
Отбасына байланысты әдет – ғұрыптар.
Халқымыздың тіршілігінің басты негізі отбасы болғандықтан, бұл мәселеге байланысты әдет – ғұрып өте көп. Құда түсу салтын жігіттің ата-анасы немесе оның жасы үлкен туған – туыстары жүргізген. Құда түсуден бұрын жігіттің ата – анасы құда түсер үйге жасырын барлау жүргізіп алады. Содан кейін, құда түсу үшін өзінің сенімді адамын жаушы етіп жібереді.
Қазақтарда үлкенді сыйлау, құрметтеу рәсімі қатаң сақталған. Әсіресе үлкен отырғанда олардан бұрын сөйлемеу немесе олардан бұрын тамаққа қол салмау, олардан бұрын тұрып кетпеу. “Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без” деген мақал осындай үлкенді сыйлаудан шыққан. Қазақтарда әйелдер күйеуінен жасы үлкен адамдардың атын атамайды. Немесе келіндер күйеуінің барлық туыстарының аттарын атамай, оларға өзінше ат қояды. Мұны қазақта “ат тергеу” деп атаған.
Қазақтар да көптеген түркі тілдес халықтар сияқты күн мен түн теңелген 22 наурыз күнін ұлыстың ұлы күні ретінде атап өтеді. Бұл күндері наурыз көже пісіріп, одан бәрі ішетін болған. Бұл күні адамдар бір – біріне жылдың жақсы болуын, сүт, егін өнімдерінің мол болуын тілейтін. Барлық адамдар ең жақсы деген киімдерін киіп, бір – бірімен жылы шыраймен амандасады. Бұл күні араз болып жүрген адамдар татуласады.
Бала тәрбиесіне байланысты әдет – ғұрыптарға баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім – тәрбиелерінен бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейінгі кезеңі кіреді. Мысалы: шілдехана,сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар, ұл бала мен қыз баланың жанұя болуы мен шаруашылыққа, еңбекке, өмірге бейімдеу. Қазақта “Үйлену оңай, үй болу қиын” – дегендей үйленіп, үй болу адам өмірінің ұмытылмас кезеңі. Оның да өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Қазақ халқы қыз ұзатып, ұл үйлендіріп келе жатқан, басқа халықтар сияқты думаншыл – сауықшыл халықтың бірі. Ежелден бері қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша , қазақ халқында отау тігудің әр түрлі, рет – ретімен орындаланатын салт – дәстүрлері өте көп.
Ұлттық ойындар. Қазақ халқының ұлттық ойын – сауықтары алуан түрлі.
Жастар бас қосқан жиында “Хан – уәзір”, “Көрші”, “Жылтыр кетті”, “Мыршым” сияқты күлдіргі ойындар ойналатын. “Айгөлек”, “Белбеу тастау”, “Саққұлақ”,“Ақсүйек”, “Соқыртеке”, “Тымпи”, “Алтыбақан”, т.б. ойындарды жастар түнімен ойнап, ол қой күзету кезегіне де пайдасын тигізген. Сонымен қатар қазақта есептеп,санауға үйрететін “тоғыз құмалақ” ойыны болған. Қазақ жастарының спорттық, денені шынықтыруға арналған “Күрес”, “Жамбы ату”, ”Садақ тарту”, “Арқан тарту”, “Жаяу бәйге”, ат үстіндегі спорттық ойындарының жастарды тәрбиелеуде ерекше орны бар. “Бәйге шабу”, “Сайыс”, “Қыз қуу”,“Көкпар”, “Аударыспақ” сияқты ойындар жастарды мығым болуға, тез әрекет жасауға баулиды. Ал әскери – спорттық күрделі ойындардың ішінде “Жамбы атуда” дәл тигізгендерге “құралайды көзінен ататын мерген” деген атақ беріліп, халық аңыздарында ондай мергендерге сүйген қызын қосып жатады.
Діни наным – сенімдер. Орталық Азия мен Қазақстанға ислам діні Араб
мемлекетінің жаулап алуымен байланысты ене бастаған. Қазақстанда ислам
дінін таратушылар атымен байланысты әулиелі жерлер болған. Қазақ қоғамында ислам діні өзіне дейінгі пұтқа табыну наным – сенімдерінің кейбір
жолдарымен бірге халқымыздың нақты өмірінде басым дінге айналып отыр. Кеңістік дәуірде қазақ халқы дінінен айырылып, 70 жылға жуық жапа көрсе, енді өзінің егемендігін алғаннан бері дінге деген құштарлық жаппай өсуде.
V. Топпен жұмыс
“Гүл өссе – жердің көркі,
қыз өссе - .....................”
Қазақтың ұлттық тағамдарын ата?
Киіз үйдің шаңырағын жабатын киіз қалай аталады?
Қазақтар ислам дінінің сопылық ағымын ұстанған.Бұл ағымды таратушы ғалым кім?
“Қонақ асыңа емес, қабақ – қасыңа риза” дегенді қалай түсінесің?
VІ. Бекіту сұрақтары
1.Ұлт дегеніміз не?
2.Халқымыздың қандай ұлттық әдет – ғұрыптары бар?
3.Қазақтарда күннің күркіреуін қандай жақсылыққа балаған?
4.Қазақтың “ат тергеу” дәстүрінің мәні неде?
5.Наурыз мерекесіне байланысты қандай әдет - ғұрыптар бар?
Қазақта “Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа” деген мақал бар. Той – думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт – дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.
Қазақ халқының салт – дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным – сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты, ұрпақтан – ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай жаңадан еніп те жатыр.
VІІ. Үй тапсырмасы
§ 27
VІІІ. Бағалау
Оқушыларды білім деңгейіне сай бағалау

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген