жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Қазақ тілі мұғалімінің шығармашылық есебі"
Қала деңгейінде өткен шығармашылық есеп
«Жаңа форматтағы мұғалімі - рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін меңгерген білікті маман, өзін - өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғарғы білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып дамыту үшін жауапты» - деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай өскелең ұрпақтың репродуктивті ойлау қабілеті жоғары болып, креативті индивид дайындау әр мұғалімнің борышы деп білемін.
Білім жолын қаламыздың №8 мектебінен бастап, оны ойдағыдай бітіріп шықтым. Аталған оқу мекемесінен өмірге жолдама алып, мамандық тандауда үлкен жауапкершілік керек екенін біліп, таңдауым шетел тілі соның ішінде неміс тіліне деген қызығушылығым мол еді. 1986-1993 жж. аралығында Ш.Уәлиханов атындағы институттың филология факультетінің, неміс тілі және педагогика мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды аяқтағаннан кейін қызметтік жолымды, өзімнің алғаш білім алған ұям №8 мектепте неміс тілі мұғалімі ретінде бастадым. Неміс тілі пәнін оқыта жүріп кейін тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы ана тілі екенін ұғынып, 2000 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің, филология факультетінің, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым. Сол сәттен бастап жетпіс жыл күрмеуде болған қазақ тілімнің болашағына үлкен сеніммен қарап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді, үйренушілердің тілге деген құштарлығын арттыруды мақсат еттім. Сабақтарымда жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың білімдерін жетілдіру мақсатында қалыптастырушы бағалауды тиімді қолданамын. Қазіргі уақытта орта буында қазақ тілі пәнін оқыта жүріп алдыма қойған мақсаттарды жүзеге асырудамын. Әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау керек екендігін паш етті. Бүгінгі заманауи талаптарға сай жаңа технологиялардың енуіне байланысты оқытудағы мақсат, міндет сол болғанымен, соған жетудегі жолымыз өзгерді десек болады. Мектеп директоры Айгүл Бексұлтанқызының басшылығымен заман талабына сай мектепішілік коучингтердің, семинарлардың өтуі соның дәлелі бола алады. Әрине бұл коучингтер мен семинарлардың өтуі күнделікті сабақтарымыздың, ашық сабақтарымыздың барсына әсерін тигізбей қоймайды.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бала кезден бастап, ересек жасқа дейін адамның біліміне жасалған инвестициялар қоғам өміріне елеулі өзгерістер енгізетіндігін дәлелдеп берген. Отаншылдық пен ұлттық рухта тәрбиелеудің басты тетігі мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінің сапалы, бүгінгі уақыт талабына сай берілуі, бұл пәндердің оқушылардың жаппай қызығушылықпен оқитын пәніне айналуында жатыр. Қазіргі уақытта оқытудың түрлі әдістері мен тәсілдері, технологиялары бұрын болып көрмеген деңгейге көтерілсе де, қашанда «мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін дамытуға негізгі тұлға - мұғалім» болып қала бермек.
Елдің егемендігінің басты сипаттарының бірі – мемлекеттік тіл болғандықтан, Қазақстан Республикасының әр азаматының мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі еліміздің болашағын айқындауға маңызды ықпал жасайтындығы сөзсіз.
Өзге ұлтқа қазақ тілін үйретудегі ең басты мақсатым қазақ тілі сабағында жаңа технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыру болса, міндеттерім, озық технологияларды меңгеру; оқушылардың жазба жұмыстарында грамматикалық сауаттылыққа үйрету; сөздік қорларын молайту.
Осы бағытта жұмыс жүргізе отырып төмендегідей жетістіктерге жеттім. Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған «Білім беру және біліктілікті арттыру жүйесіндегі педагогикалық инновациялардың» V Халықаралық Жәрмеңкесіне қатысқаны үшін сертификат табысталды. 2015, 2014 жж. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған, «Ақбота» интелектуалдық марафонының Ақмола облысының жетекшісі болдым. Аталған интелектуалдық марафонында шәкірттерім Мутасова Юлия мен Джуматаева Анель 1 орынға ие болды. Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту сауаттылығын арттыру, қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары мен әдістерін қалыптастыру мақсатында өткізілген «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» қалалық байқауына қатысқаны үшін марапатталдым. (2011 ж.) Қалалық «Қайда жүрсең атамекен, Көкейінде жатады екен» атты патриоттық ән байқауында 8 сынып оқушыларым А.Махашев, А.Токарев жүлделі І орынға ие болды. «Абай – дана, Абай – дара» атты қалалық мәнерлеп оқу байқауында 8 сыныпта оқитын Смагулова Владислава ІІІ орын алғаны үшін марапатталды. 5 сынып оқушысы Шалесный Тимур орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен қалалық «Білім турнирінде» ІІІ орынды иеленді. 10 сынып оқушысы Салық Бахыт ХІІ қалалық Абай оқуларында «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша ІІІ орын иегері атанды. 2014-2015 ж.ж. 11 сынып оқушысы Амирсланова Нилуфар және оқуын аяқтаған оқушым , Аманли Марджан қалалық және облыстық олимпиада жүлделі орындарға ие болып, республикалық олимпиадаға жолдама алған болатын. Бірақ отбасылық жағдайларына байланысты қатыса алмады. Сондай-ақ, 2011 жылы «Тамақтану пирамидасы» тақырыбында 8 сыныптармен облыстық семинар, 2012 жылы «Ұлы Жібек жол» тақырыбында 8 сыныптармен қалалық семинар, 2015 жылы 8 сыныптармен «Фасфуд – денсаулықтың дұшпаны» тақырыбында қалалық семинарлар өткіздім.
Қазақ тілін меңгертетін мұғалімдер жаңа заман технологиясымен қаруланған, білімді, сауатты, оқушы бойына патриоттық құндылықтарды игерте алатындай деңгейде болуы тиіс деп білемін. Себебі, кез-келген пәнді игертудің бір жолы – оқушы бойындағы қызығушылықты арттыру.
Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептегі оқушылардың қазақ тілінде тілдік қатынас жасау деңгейін жетілдіруде, әсіресе, жазылым әрекетін дамытуда арнайы қарастыруды қажет ететін мәселелер бар. Мектеп оқушылары мемлекеттік тілде өз ойын нақты, дәл жеткізіп бере алмайды, олардың жазбаша сауаты нашар, тіл тазалығы мен сөйлеу мәдениеті талапқа сай емес. Және де орыс тілді мектептерде тек қана өзге ұлттардың балалары білім алып қоймайды, ол оқушылардың 50 пайызы өзіміздің қаракөз қазақ балалары.
Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету жолында тіл үйренушілерге берілетін жұмыстарды жоспарлаудың маңызы зор. Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектепте оқушылар қазақ тілінің дыбыстық құрамын, дыбыстардың айтылу нормасын, дыбыстық заңдылықтарын, грамматикалық құрылысын меңгеруге, ойын еркін жеткізуге, жеткілікті дәрежеде сөздік қорын меңгеруге, сонымен бірге қазақша сөйлеуге жаттығып, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алуы қажет. Оқушыны мұндай дәрежеге жеткізу үшін педагог мамандар түрлі жаңа технологиялардың тиімді жақтарын алып, оқушыны жеке тұлға ретінде дамыту жолында жұмыс жасай алулары қажет.
Мемлекеттік тілді орыс сыныптарындағы оқушылардың тілін дамыту – аса күрделі әрі үнемі ізденісті қажет ететін іс. Яғни, бұл жерде сабақ жүргізу әдістемесін меңгерген ұстаз сабақты түсіндіріп қана қоймай, оқушының өз бетімен ізденуіне түрткі болып, бағыттай білуі қажет. Осы орайда, ұстаз дәстүрлі әдіс-тәсілдерді түрлендіре отырып және жаңа технологияларды ұтымды пайдалана оқыта білсе, оқушының бойындағы тілге деген қызығушылықтың артары және жазбаша сөйлеу тілінің дамуы сөзсіз. Бүгінгі күнде белгілі болған көптеген технологиялар бар. Соның бірі – М.М. Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы». Технологияның тиімділігі – оқушының терең білім алуына және мұғалімнің де шығармашылық шыңдалуына септігін тигізеді. Модуль дегеніміз қандай да бір жүйенің анықталатын дербес бөлігі. Оқу модульдің ерекшелігіне, жалпы санына қарамастан кіріспе, қорытынды бөлімдері болып, оған бір-екі сағат берілсе, қалған бөлімі сұхбаттасу бөлімі болады. Кіріспе бөлімінде оқушылар оқу модульінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен танысады. Сұхбаттасу бөлімі, негізінен, оқушылардың іс-әрекетіне беріледі, оқушылар деңгейлік тапсырмалар таңдайды, оқулық бойынша түрлі тапсырмалармен жұмыс жасайды. Деңгейлік тапсырмалардың мақсаты – жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге қарай ауысу арқылы оқушыларды ізденушілікке, шығармашылыққа бағыттайды. Модульдік оқыту технологиясын жүйелі түрде пайдалана білген ұстаздың оқушының білім, білік дағдыларын арттыруда ұтары мол деп білемін. Өйткені, технология практика жүзінде өтіліп жатқан тақырыпқа жиі қайта оралып отыру арқылы және оқушының бойындағы жасырын жатқан дарынын ашуға, қызығушылығын арттыруға бағытталған ойын әрекеттері арқылы сабақ ұйымдастыруды қажет етеді. Сонымен қатар, бұл жұмыстар арқылы мұғалім де көп ізденіп, өзін-өзі толықтырып отырады. Педагогикалық практика барысында осы технологиямен сабақ жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізе алдым деген ойдамын. Ойын сабағын ұйымдастыру барысында берілген теориялық біліммен қаруландырып, сынып оқушыларын жарыстыра отырып, саналарында білімнің берік сақталуына ықпал жасадым. «Бәрімізді бүгінгі таңда алаңдататын мәселе – жас ұрпақтың сапалы білімді игеруі. Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Білімді, сауатты адамдар – ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші» деуінің өзі – үлкен көрегендіктің белгісі. Білім бере отырып, тиімді жолмен жаңа заман тұлғасын қалыптастыру әр ұстаздың мақсаты екені анық. Бүгінгі таңдағы оқу үрдісі жаңа әдіс-тәсілдерді жаңаша идеяларды қолдануды талап етеді. Яғни, заман талабы – оқытудың жаңа технологияларын ұтымды пайдалана отырып, оқушыларға саналы да сапалы білім беру. Өзге ұлттың, өз ұлтымыздың оқушыларының мемлекеттік тілде ойын еркін жеткізе алуларына, қарым-қатынас жасай алуларына жағдай туғызу» деген ой білдіреді.
Сабақ барысында түрлі көрнекілік құралдарды пайдалану, жаңашыл әдіс-тәсілдер оқушылардың тіл үйренуге деген ынталарын арттырды. Инновациялық технология арқылы тіл үйреншуілерге жағдай жасау оқушы мен мұғалім арасындағы жылы сезім, қызығушылық пен шапшаңдықты арттырып, шәкірт бойындағы түрлі қабілетті көре алуға итермелейтініне көзім жетті. Бастапқы кезге қарағанда оқушыларымның сыни тұрғыда ой қорытып, ашық, еркін сөйлеу дағдылары қалыптаса бастағанын байқадым.
Біліммен сусындатқан шәкірттері сенім ақтап жатса, ұстаздың мерей арта түсері сөзсіз. Ел ертеңі жас ұрпақ мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақ тілімізге құрметпен қарайтындай дәрежеге жетсе, тілді оқытушы ұстаздардың ел алдындағы парызының ақталғаны деп білемін. Ол үшін кез-келген педагог-маман өз ісінің білгірі болып қана қоймай, мемлекетіміздің болашақ туын желбіретер ертеңгі ұрпақты рухы мықты, патриоттық сезімі оянған жеке тұлға, азамат етіп тәрбиелеуі шарт.
Орыс мектептерінде оқытылатын қазақ тілі сабақтарының мақсаты – оқушылардың сөздік қорын дамыту, оқу техникасын қалыптастыру, дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, сөйлем құрылысын меңгеру, қазақ тіліне тән дыбыстарды айтып, сөз ішінен ажырата білуге үйрету. Оқушылардың білімін арттыру үшін сабақта жаңа технологияларды қолдана білу керек. Белгілі ұстаз-ғалым М.М.Поташник: «Әр мұғалім өзінің бағыты мен қойған мақсатына байланысты мемлекет пен қоғамның сұраныстарына, ғылым мен техниканың дамуына байланысты технологияны таңдай білу қажет», - деп атап көрсеткен. Қазіргі кезде мемлекетімізде, шет елдерде есімдері танымал авторлар әртүрлі инновациялық технологияларды заман талабына сай деп ұсынып жүр. Менің айтайын дегенім кез келген технологияны білім беру мен тәрбиелеу жүйесіне сәйкес етпей, білім беруде де қайшылықтары көп кездеседі. Ал бұл үдерісті тиімді ұйымдастырудың бірден бір жолы - М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясын» қолдану деп білемін. Осы міндетті атқару үшін, оқушылардың білім деңгейін көтеру үшін мен өз тәжірибемде М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясын» сондай-ақ жапонның Lesson Study тәсілін пайдаланамын. Lesson Study тәсілін қазақ тілі сабағында белсенді қолданылғаны үшін, мектеп басшысының атынан мадақтама қағазы берілген болатын. (2015 ж.)
Соңғы үш жыл көрсеткіші бойынша осы әдіс-тәсілдерді қолдану барысында төмендегідей нәтижелерге қол жеткіздім. 2013-2014 оқу жылында оқушыларым 14/7 (21 оқушы), 2014-2015 оқу жылында 14/4 (18 оқушы), 2016-2017 оқу жылында 20/4 (23 оқушы) көрсеткіштерін көрсетті.
М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі жайында 2000 жылы Щучинск қаласында өткен курсында көптеген оқытушылармен тәжірибе алмасқан болатынмын.
Модульдік оқытуды 20-шы ғасырдың 60-жылдарының аяғында американдық ғалым ДЖ Рессель негіздеді. Оның негізгі мәні – сабақтың жоспары, ақпараттар банкі және сабақтың дидактикалық мақсаттарына қол жеткізуге бағыт беретін әдістемелік нұсқаулардан тұратын жеке оқу бағдарламасын оқушылардың өздеріне ұсынып, сол бойынша оларға өз бетімен жұмыс жасату.
Модульдік оқыту «модуль» сөзінен шыққан. Латынның «modulus” сөзі «функционалдық түйін» дегенді білдіреді. Педагогика тұрғысынан қарағанда, функционалдық түйін – бұл белгілі функционалдық жүктемесі бар қандай да бір жүйенің өз алдына жеке бөлігі, бөлшегі.
«Модуль» дегеніміз – міндетті түрде оқушының білімі мен біліктерін тексеру элементі бар оқу материалының логикалық аяқталған бөлімі.
Модуль дегеніміз – қандай да бір жүйенің, ұйымының анықталатын біршама дербес бөлігі. (С.И.Ожегов сөздігінен).
Модуль үш құрымдылық бөлімнен: кіріспеден, сөйлеу бөлімнен және қорытынды бөлімнен тұрады. Сызба түрінде, оқу модулі былайша болады.
Кіріспе бөлімі
(модульге, тақырыпқа енгізу)
Сөйлесу бөлімі
(оқушылардың танымдық қызметін өзара сөйлесу негізінде ұйымдастыру).
Қорытынды бөлім
(бақылау)
Әрбір оқу модулінде сағат саны әр түрлі. Бұл оқу бағдарламасы бойынша тақырыпқа, тақырыптар тобына, тарауға бөлінген сағат санына байланысты. Неғұрлым тиімдісі – 7-12 сағаттан тұратын оқу модулі.
Мұғалім модульдерді қандай тәртіпте оқыту керектігін білсе, оқушы модульден нені білуге, қандай жұмысты жасау керек екенін біледі. Өзім осы модуль негізінде көптеген ашық сабақтар өткізіп, сабақ жоспарларын «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» атты республикалық ғылыми-педагогикалық басылымында жарыққа шықты. Мәселен, «Салауатты өмір салты», «Менің әуес ісім», «Ас – адамның арқауы » ашық сабақтары.
Жалпы мектепте қазақ тілін 2012 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан Т.Артықованың орыс кластарына арналған қазақ тілі бойынша жүргізіледі. Оқулық 23 модульден құралған. Әр модульде 4-тен 9-ға дейін жететін мәтіндер берілген. 15 модуль бойынша өткізілген сабағымды ұсынамын. 15-ші модульде 9 сабақ қамтылған. Тақырыбы: «Менің әуес ісім - спортпен шұғылдану». Бұл тақырыпқа М.Жанпейісованың жеке және топпен жұмыс түрі қолдануды тиімді деп санаймын. Бұл модульде 3 деңгейлі тапсырмалар беріледі. Сабақ оқушыларды топқа бөлуден басталып, әр топқа жетондар беріледі. Оқушылар санының көптігіне байланысты 5 топқа бөлеміз.
Күтілетін нәтиже:
Кіріспе бөлімі
(модульге, тақырыпқа енгізу)
«Менің әуес ісім - спортпен шұғылдану»
Сөйлесу бөлімі
(оқушылардың танымдық қызметін өзара сөйлесу негізінде ұйымдастыру).
«Сергіту» Әр командағы 10 сұрақтан беріледі. Сұрақты талқылауға 5 минут беріледі. Жауапты топтың бір өкілі береді, ал қарсылас топ мүшелері жауаптың дұрыстығын үлгі бойынша қадағалайды. Берілген жауаптардың көбіне дұрыс жауап берген топ жеңеді.
«Менің әуес ісім – спортпен шұғылдану»
1-тапсырма (топтың білім деңгейлерін ескеру арқылы тапсырмалар беру)
І-топ: Берілген сөйлемдерді аяқтау.
ІІ-топ: Берілген сөздерге фонетикалық талдау жасау.
ІІІ-топ:Берілген сөйлемнен артық сөздерді алып тастау.
ІV-топ: Берілген сөздердің антонимдерін табу.
V-топ:Берілген сөздердің синонимдерін көрсету.
2-тапсырма (мимика бойынша спорт түрін көрсету) Әр топқа жасырын түрінде спорт түрі жазылған карточкалар беріледі. Мимика көрсету арқылы әр топ қарсылас топтың спорттың қандай түрін көрсеткенін айтуы тиіс.
І-топ: футбол
ІІ-топ: волейбол
ІІІ-топ:баскетбол
ІV-топ: теннис
V-топ:бокс
3-тапсырма (Мені түсін) Әр топқа спорт тақырыбына байланысты түрлі мәтіндер беріледі. Оқушылар мәтінді оқып, негізгі сөздерді дәптерлеріне жазады. Мұғалім оқыған мәтіндерін жапқызып, бір парақ қағаз, қарандаш алу керектігін айтады. Мәтін ішінен негізгі ойды білдіретін 10 сөзді жазғызып, дәптерлеріне көшірген сөздермен салыстырады.
Қорытынды бөлімі
(бақылау)
Тест арқылы теориялық білімдерін бекіту. Әр топқа теориялық 10 сұрақтан беріледі.
Рефлексия: Қазақстан спортшылары туралы айту. (слайд көрсетіледі)
Үй тапсырмасы:
Жоғарыда көрсетілген сабақ жоспарынан күтілетін нәтиже: оқушыларды мемлекеттік тілде жатық сөйлеуге, кез-келген ортада қарым-қатынасқа түсе алуға даярланады; сөздік қорын байытады; грамматикалық талдауларды, тестік тапсырмаларды орта деңгейде орындауға дағдыланады.
Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды». Осындай маңызды мәселені еліміздің кез-келген азаматы түсінсе, жүрекпен сезіне білсе біздің қоғамдағы тіліміздің мәртебесі де асқақтай түсер еді.
Сөзімді қорыта келе айтарым, қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек. Ең бастысы, елбасымыз айтпақшы, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде! Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, ай-жұлдызымыз оңынан туып тұрған шақта осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биігіне көтерген жөн. Бұл міндет – сіз бен біздің перзенттік парызымыз.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген