400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 14 материал табылды

Қазақ тілі сабақтарында критериалды бағлауды тиімді қолданудың жолдары

Материал туралы қысқаша түсінік
Жаңартылған білім мазмұны бойынша жұмыс жүргізіп отырған əріптестеріме керек дүние. Критериалды бағалаудың тиімді жақтары туралы ой бөлісу
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақ тілі сабақтарында критериалды бағалауды тиімді қолданудың жолдары

Мектептегі білім жүйесін бағалау өте маңызды дүниелердің бірі және оған қашанда ерекше назара аудару керек. Мектеп бағасы дегеніміз не? Оқушыны ынталандырушы құрал ма, әлде мұғалім қолындағы басқару тетігі ме? Жалпы, мұғалім нені бағалайды: оқушының білімін бе, әлде оқуға деген ынтасын ба? Бағалаудың нақты шарттары қандай? Осы сұрақтарға жауап беру мақсатында аталған критериалды бағалаудың тиімділігі туралы біршама мәселелерді алға тартпақпыз. Мұғалім  алдымен сабақта нені мақсат етіп алды, оған жетудің қандай жолдары барын жүйелей отырып, жоспар құратыны анық. Мұғалім өзінің күнделікті жоспарын құрған кезде оқыту үшін бағалау әдісін  енгізеді. Сөйте тұра, ол бағалаудың не үшін қажет екендігіне ойлана отырып, сол арқылы оқушыдан күтілетін нәтижеге жұмысын бағыттайды. Оқыту үдерісінде жетістікке жету үшін оқытушы мен оқушы белгілі бір критерий арқылы білім нәтижесіне жетеді. Бағалау міне, осы тұста керек. Ол үшін мақсат пен нәтиже арасындағы сәйкестікті анықтайтын тапсырмалар мен жаттығулар жүйесі, яғни мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлануға қолдау көрсететін әдіс-тәсілдері алынады.

Дәстүрлі оқытудағы бағалаудың кемшілігі. Байқасақ, дәстүрлі бағалау жүйесі шынында да ескіріп келе жатқандай. Уақыт өткен сайын мұғалімнің қойған бағасына ата-ананың да, оқушының да наразылығы мен көңіл толмаушылығы байқалуда. Еліміздегі көптеген білім ордаларында бес балдық бағалау жүйесі әлі де сақталған. Аталған бағалау жүйесінің кемшілігі де жоқ емес. Атап айтар болсақ:

  • оқушы оқытудың жоспарланған нақты бір нәтижесіне қол жеткізген кезде, ата-анаға да, оқушыға да, педагогқа да түсінікті болатындай бағалаудың нақты шарттарының болмауы;

  • мұғалімнің оқушыны жалпы сыныптың орта деңгейімен салыстыра отырып бағалауы;

  • қойылған бағаның оқушы меңгерген ақпараттың дәл көрінісін бере алмауы, әр оқушының білім деңгейінің нақты қай дәрежеде екенін көрсете алмауы;

  • оқу барысында оқушы мен мұғалім арасындағы өзара байланыстың болмауы. Бұл баланың оқуға деген ынтасының жоғарылауына септігін тигізбейді.

Сонымен қатар, бұл бағалау жүйесінің тағы бір әлсіздігі – көп жағдайда баланың үй тапсырмасына дайындығын бағалау, оның нәтижесін қорытынды бағалауда ұдайы есепке алу. Мысалы, оқушы үйге берілген тақпақты жаттап келсе «5», жаттамай келгені «2» деген баға алады. Тоқсан қорытар кезде, бұл бағалар есепке алынатыны белгілі. Осы тұста оқушы білімінің қаншалықты меңгерілгенін емес, оның үйдегі дайындығының ғана бағаланатыны жасырын емес.

Шешу жолы. Дәстүрлі оқытудағы бағалаудың, жалпы дәстүрлі сабақтардың ескіргендігін ескеріп, елімізде бүгінгі күні білім мазмұны жаңартылып, бағалау жүйесі үлкен өзгеріске енді. Яғни, біз айтып отырған мәселе мемлекет тарапынан шешім тауып, жаңа жүйеге қойылды. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқанындай, дамыған елдердердің қатарына ену мақсатында Елбасымыз білім саласына ерекше ден қойды [1]. Жаңартылған білім мектеп бағдарламасына енгелі бері, оның көптеген артықшылықтары да байқалуда. Жаңартылған білім мазмұны сабақ барысында оқушылардың өзара қарым-қатынасына мүмкіндік бере алады, ойлау жүйесінің белсенділігін, танымдық қызығушылығын арттыра алады, балаларды іс-әрекетке жұмылдыра алады, оқушы өз ой-пікіріне еркіндік бере алады, топтық, жұптық жұмыстарға дағдыланады. Әрине, бұл жүйеде дәстүрлі сабақтардағыдай баға қойылмайды. Есесіне қалыптастырушы және жиынтық бағалау арқылы оқушы үлгерімін анықтай алады. Айтып отырғанымыз – критериалды бағалаудың түрлері. Бағалау – кез келген сабақтың маңызды бөлігі. Себебі, оқушыны бағалау арқылы оның сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын, белсенділігін оятуға болады. Бағалау үдерісі ресми тестілеуден және емтихандардан бастап, мұғалімдер сыныптарда күніне неше рет өткізетін бейресми бағалауға дейінгі бүкіл бағалау спектрін қамтиды. Сонымен қатар, ол түрлі нысанда болуы мүмкін: бірі қағаз-қарындаш көмегімен болса, кейбірі сыныптағы әдеттегі сөйлесу кезінде сұрақ қоюға негізделеді. Бағалаудың жаңа түрі - критериалды бағалау. Критериалды бағалау дегеніміз – критерийлер бойынша бағалау, яғни балаға қойылатын баға оқу-танымдық құзыреттілігіндегі дамудың әр түрлі бағыттары бойынша оқушылардың жетістіктерін көрсететін критерийлерден құралады. Критериалды бағалау мұғалімдер үшін сабақ берудің сапасын арттыруға, сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға, бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға қажет деп білемін. Ал оқушылар үшін бағалау өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге, сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуіне қажет. Қазіргі таңда білім саласына бұл жүйе мектептердегі оқыту сапасын жоғарылату және мектеп бітірушілердің білімін  халықаралық стандартқа сәйкестендіру мақсатында енгізіліп отыр. Критериалды бағалаудың артықшылығы мынада: біріншіден, бала бағаланады, яғни оқушының нақты білім деңгейін анықтауға мүмкіндік зор. Екіншіден, оқушылар негізгі критерийлерді өздері құра алады. Үшіншіден, нақты бағалаудың нәтижесінде оқушының сабаққа деген ынтасы артады. Төртіншіден, тақырыпқа сәйкес дискрипторлар арқылы оқушылар өз білімдерін бағалайды. Бұл бағалаудың екі түрін жоғарыда айтып өттік. Қалыптастырушы бағалау - баланың қай тақырыпта нені түсінбегенін анықтауға арналған көмекші құрал десек, жиынтық бағалау - оқулықтағы белгілі бір бөлімнің немесе тоқсанның аяқталуы барысында алынатын бағалау түрі. Бұл бағалау түрінің бәрі балл түрінде қойылып, соңыра бағаға шағылып, қорытындыланады. Қалыптастырушы бағалаудың мақсаты - оқу материалын меңгергендігі жөнінде объективті ақпарат алу, білім алушының  кемшіліктерін дер кезінде анықтау, мұғалім мен оқушы  арасында кері байланысты орнату. Қалыптастырушы бағалаудың ерекшелігі сол - оқушының күнделікті білім сапасын тексерумен қатар,  білім алудағы олқылықтарды күнделікті түзеу, оқушының қиындық тудыратын сұрақтарын анықтау және оны жою, оқушының бағалаудан алған жағымсыз әсерінің азайту, психологиялық жайлы ортаның пайда болуына мүмкіндік беру, бағалаудың әділ, анық және ашық болуына, өзін-өзі бағалау  дағдыларының болуына жол ашу. Қалыптастырушы бағалау барысында оқушыға баға қойылмайды. Бұл бағалау оқытудың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Күнделікті тәжірибеде білім алушылардың ілгерілеуін, меңгеру деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың түрлі әдістерін қолдануға болады. Соның ішінде «Екі жұлдыз, бір тілек», «Бағдаршам», «Жинақтау парақшасының индексі», «Бір минуттық эссе», «Смайликтер», «Плюс, минус, қызықты», «Басбармақ», «Аяқталмаған сөйлемдер», «Бір сөбен», «Алма ағашы», «Дейін, кейін» секілді стратегиялар жеткілікті. Жекелеп тоқталар болсақ, «Екі жұлдыз, бір тілек» стратегиясы – екі жұлдыз ретінде оқушылар жұмыс барысындағы өздерінің көңілінен шыққан екі нәрсені, бір тілек ретінде жақсартуды қажет ететін бір нәрсені жазады. «Екі жұлдыз, бір тілек» - топтар арасында постер жасап, қорғаған кездегі топтардың жасаған жұмыстарының сапалылығына, мәтіндердің дұрыс құрастырылғанына көңіл аударып, кемшіліктерін таба білуге үйретеді. «Бағдаршам» әдісі баланың тақырыпты түсіну деңгейін анықтау үшін қолданылады. Мысалы, қызыл түс – «түсінген жоқпын» дегенді білдірсе, сары түс - «әлі де түсінбеген тұстарым бар» деген мағынаны, жасыл түс - «барлығы түсінікті» деген мағынаны білдіреді. «Плюс, минус, қызықты» тәсілінде «плюске» - оң әсер еткен фактілерді, алған білімдері жайлы жазады, «минусқа» - қолынан келмей жатқан немесе түсініксіз болған ойларын жазады, «қызықты» деген бағанға өздеріне не қызықты болды, не жайында көбірек білгісі келеді, сол туралы жазады. «Басбармақ» және «Смайликтер» стратегиялары арқылы «Тамаша», «Орташа», «Ұнамады» немесе «Түсінікті», «Түсініксіз», «Жартылай түсінікті» деген ойларын көрсетеді. Қалыптастырушы бағалаудың бұл әдістерін жеке, жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыру, тақырыпты түсіндіру, тапсырма орындау, білім алушыларға кері байланыс беру, оқу әрекеттерін ұйымдастыру кезінде де қолдануға болады.

Ал жиынтық бағалауға келсек, ол оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру деңгейін балл түрінде бағалау үшін өткізіледі. Жиынтық бағалау бойынша балл немесе баға туралы шешімді мұғалім бағалау критерийлеріне сәйкес қолданады. Сонымен бірге мұғалімге әр білім алушының жұмысы бойынша дұрыс шешім қабылдауы үшін дескрипторлар немесе балл қою кестелері көмектеседі. Бұл жердегі дескрипторлар дегеніміз - тапсырмаларды орындау кезіндегі әрекетті көрсететін сипаттама. Ал балл қою кестесі – бұл тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларына балл қою бойынша бірыңғай норманы белгілеу үшін мұғалімдер қолданатын кесте [2]. Жиынтық бағалау оқушының, мұғалімнің немесе мектептің мәртебесіне немесе болашағына ықпал етуі мүмкін болатын шешімді қабылдау үшін қолданылған жағдайда өлшемдердің сенімділігін қамтамасыз ету керек, бұл ақпараттың мазмұны мен оны қалыптастыру шартын бақылауды белгілейтін арнайы тестілерді қолдану кезінде мүмкін бола алады.

Алынған нәтижелерді талдау. Критериалды бағалау алған білімді тексеру мақсатында сандық мәлімет береді. Мұғалім оқушының білім деңгейінің дәрежесін нақты біле алады. Соның нәтижесінде оқытушы сабақ барысында кеткен кемшіліктерді анықтап, түзетіп, әр оқушымен жеке жұмыс жасаудың жолдары мен құралдарын тауып, бағдарлама бойынша білімнің деңгейін анықтай алады. Беріліп жатқан білім сапасын тексермесе, оқу саласында алға жылжу мен жетістік болмайды. Оқушы айтылған ақпаратты қажетті деңгейде меңгерген соң өзінің мектептегі, үйдегі жұмыстарын жетілдіруге, өз бойындағы жақсы қасиеттерін дамытуға, кемшіліктерін жоюға мүмкіндік алады. Білім саласындағы оқыту нәтижелерін бағалау ұстаздардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабағында бұл бағалау мәтінмен жұмыс, диктант, мазмұндама, мәнерлеп оқу, тест, шығармашылық жұмыстарды бағалау кезінде өте ыңғайлы. Берілген мәтін бойынша сұрақтарға жауап беру, мәтін бойынша өз пікірін айту, суретке қатысты өз ойын жеткізу үдерістерін бағалауда да жоғарыда аталған әдіс-тәсілдер мұғалімге баланың білім деңгейін анықтауда зор мүмкіндік береді. Сонымен қоса тыңдаған мәтіннің мазмұнын айтуда, сурет бойынша шағын әңгіме құруда, заттарды сипаттайтын сөздерді жазуда, берілген ертегінің үзіндісін, оқиғаның жүйесін сақтай отырып әңгімелеуде тиімді. Мұндай критерийлі бағалау нәтижесінде оқушылар өз білімдерінің нақты бағасын алуға дағдыланады. Сонымен қоса бір-бірін бағалауда бағалау өлшемдеріне сүйеніп бағалайды. Мен өз сабақтарымда бағалаудың түрлерін де, тәсілдерін де қолдана отырып, оның көптеген артықшылықтарын байқадым. Қалыптастырушы бағалау кезінде бұрынғыдай «неге маған төмен баға, оған жоғары баға қойдыңыз?» деген оқушылар болмады. Сабақ соңында оқушылар өздерінің қаншаға жауап бергендерін біліп, бағаларын айтып шығып, «Табыс баспалдағы», «Алақан тренингісі» арқылы кері байланыс жасау арқылы өздерінің білім дәрежелерінің қай деңгейде екенін ұялмастан айтып, келешекте неге көңіл бөлу керек екенін де түсінді. Бас кезінде қалыптастырушы бағалау бойынша өздерін бағалау қиын болды. Бір-біріне жалтақтап, өздеріне сенімсіздік танытты, тіпті, өзара ренжіскендерін де байқадым. Сол үшін де мен қандай да бір жұмысты бағаламас бұрын оқушылармен бірлесіп, бағалау критерийін құрастырып алатын болдым. Бұл оқушылардың көңілінен шығып, бағаның әділ қойылуына септігін тигізді. Осы кезден бастап бағалау критерийінің оқушылар үшін маңызды екенін түсіндім. Бағалауда күмәнді ой туғызатын сәттері де бар. Оқушылардың өзін-өзі бағалауы кейде шындыққа жетпей ме деп қаласың. Дегенмен бұндайда оқушының әрекетінен сол сәтте тіпті жақсы қадамға бару мүмкіндігі де туып жатады. Сыныптастарын бағалау оқушылар арасында маңызды рөл атқарады, себебі ол ынталандыру деңгейін көтереді, сынды қабылдауға ықпал етеді, өзіне және мұғаліммен пікірталасқа түсуіне сенімділігін арттырады, сондай-ақ мұғалімдерге үдерістен  шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан «Екі жұлдыз, бір тілек» және «Мадақтау сэндвичі», тіпті кейде сабақ үрдісінде «Керемет», «Тамаша», «Ризамын саған»  сияқты мадақтаулармен де бағалауды қолданамыз. Бағалауға оқушылардың өздері де қатысады: өздерін бағалайды және сыныптастарын бағалайды. Әрине, бала болғаннан кейін үнемі объективті бола бермеуі мүмкін, дегенмен, солай бағалауға үйренеді. Критериалды бағалау оқу процесін де қызықты ете түседі. Мұндайда баланың сөйлеу қабілеті ашылады, зейіні шоғырланады, тыңдай білетін болады, сөзіне және әрекетіне жауап беруге үйренеді, ой қорытады, сыныптастарының пікіріне келісіп немесе қарсы шыға алады. 

Сонымен қатар, «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасына сүйене отырып, қазіргі уақыттан бастап сабақтарда үш тілділікті ақырындап енгізуді жөн көріп отырмыз. Үш тілде оқытудың тиімділігіне тоқталуды жөн деп санап, осы тақырыпта жинақтаған іс-тәжірибемді ортаға салмақпын. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Ол - үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы болып қала береді» - деген ескерту айтқан болатын. Соған сәйкесінше, қазақ тілі сабағында өз тілімізге басымдық бере отырып, орыс және ағылшын тілдері мұғалімдері қатысқан арнайы сабақтар өткізіледі. Мұны интеграциялық сабақ деуге әбден болады. Интеграцияланған сабақ - бірнеше пәннен білімдерін біріктіріп жинақтап сабақтың мақсатына жететін, бірнеше пән бойынша мәселелерді қарастыруға мүмкіндік беретін арнайы ұйымдастырылған сабақ. Бұл сабақтарда берілген ақпарат ағыны жоғары, тапсырмалары нақты, жинақы, мұғалімдер тарапынан дұрыс ұйымдастырылған, қатысқан мұғалімдер берілген тапсырмаларды нақтылып бөлісіп алған және жоспарланған болуы тиіс. Мұндай сабақтарда оқушылардың назары әр түрлі тапсырмалар мен әрекеттерде болғандықтан, олар шаршамайды. Мұнда оқушылар үшін қызықсыз пән деген болмайды, керісінше, балалардың шығармашылық, танымдық әрекеттері дамиды, логикалық ойлау қабілеті, коммуникативті қабілеттері артады, оқушылармен қоса мұғалімдердің де шығармашылық белсенділіктері артады. Тағы бір артықшылығы – оқушылар мемлекетіміздің бағыты мен ұстанған саясатынан да хабардар болады. Яғни, еліміз үш тілділік саясатының жүзеге асып жатқанын біліп қана қоймай, аталған сабақтар арқылы оның артықшылығын да, қажеттілігін де түсінетін болады. Аталған сабақтар түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушыларды белсендіре отырып жүргізеді. Мысалы, қазақ мақалдары мен олардың орыс және ағылшын тілдеріндегі баламаларын үйрену арқылы оқушылардың сөйлеу қабілеті, ұшқыр ойды жүйелі түрде жеткізе білу шеберлігі арта түсті. Мақал-мәтелдерді үш тілде үйрену адамның ой-өрісі мен сөйлеу мәдениетінің көркемдік дәрежесін арттыруға көмектеседі, тілін байытып, ақыл-ой деңгейін кеңейтіп, бір жүйеге түсіреді. Оқушылар үш тілдегі мақал-мәтелдерді қызыға отырып, зор ынтамен жаттап үйренеді. Оларды шығармашылық ізденіске дағдыландыру үшін мұғалімдер үш тілдегі мақал-мәтелдерді тиімді пайдаланады. Сонымен қоса, оқушылардың тіл байлығын арттыру мақсатында мәтінмен мынадай жұмыс жүргізіледі:

- орыс, ағылшын тілінде берілген мәтінді қазақ тіліне аудару;

- қазақ тіліндегі мәтінді орыс тіліне аудару;

- мәтіннен етістіктерді табу, оларды өткен шақтағы формаға қою;

- мәтінді таңдаған тілінде мазмұндап беру және т.б.

Сабақтарда педагогтар оқушылар жасырылған сөздерді тауып, ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде аудармасын айтатын «Полиглот» ойынын, әр топқа қазақ, орыс, ағылшын тілінде берілген сөздерді пайдалана отырып, бірнеше сөз құрастыратын «Сөзді тап» ойынын ойнатуға болады. Осындай шығармашылық жаттығулар пайдалану және топпен жұмыс жасау арқылы оқушылардың салыстыру дағдысы қалыптасады, олар жүйелі сөйлеуге дағдыланады, қазақ тілін білуімен қатар орыс, ағылшын тілдеріне деген қызығушылығы оянады. Грамматикалық тақырыптар бойынша білім, білік дағдыларын қалыптастыру мақсатында үш тілде шақтардың жасалуын және жіктелуін, ережелерін салыстырмалы түрде үйренеді. Сабақ соңында балалар өзін өзі бағалайды және ол да үш тілде бағаланады. Мысалы, «Бағдаршам» әдісінде баланың тақырыпты түсіну деңгейін анықтау үшін қолданылатын берілетін түстер үш тілде көрсетіледі. Қызыл түс – «қолымнан келмеді», «ничего не получилось», «nothing succeeded», сары түс - «жартылай қолымнан келді», «почти получилось», «it succeeded almost», жасыл түс - «қолымнан келді», «все получилось», «everything succeeded» немесе қазақша «нашар», «жақсы», «өте жақсы», орыс тілінде «плохо», «хорошо», «отлично», ағылшынша «bad», «good», «excellent» деп көрсетуге болады. Әрине, оқушы білімін критериалды жүйе бойынша бағалаудың өміршеңдігі мен ұтымдылығы да бүгінгі күні дәлелденіп отыр. А.Байтұрсынов: «Дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Осындай дамуды, өзгерісті басынан өткеретін құбылыс  та – тіл» [3, 63-б] деп жазған. Жеке тұлға тәрбиелеуде тіл құзіреттілігінің маңызы ерекше. Білім алушының тіл құзіреттілігін жетілдіруге критериалды бағалау жүйесінің ықпалы өте зор. Қазіргі заманда дамытудың нақты, бағытты, жүйеленген  әдістемелері жасалып, психологиялық қолайлы жағдайлар тудырып отырса, кез келген ерекше қабілетті оқушы дарынды оқушыға айнала алады.

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім [4, 6-б]. Мектеп мұғалімдерінің педагогикалық шеберлігінің мазмұны көптеген ауқымды талаптарды қамтиды. Өз кезегінде мектеп мұғалімінің шеберлігі өз қызметіндегі педагогикалық іс-әрекеттердің белсенділігі арқылы іске асырылатыны белгілі. Демек, ұстаз біліктілігі мектеп өмірімен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. Баланың алғашқы күннен қолына қалам ұстатып, сауатын ашатын адам - мектеп мұғалімі. Баланың келешегі де қандай білім беру мекемесінен және қандай мұғалімнен білім алғанына байланысты. Ол алған білімдерінің сапалық құндылығы келешекте баланың сабақ үлгеріміне және  жеке тұлға ретінде қалыптасуына қатты ықпалын тигізеді. Сондықтан мұғалім өз ісінің шебері болу керек. Шебер ұстаз дегенді шығармашыл ұстаз деп те атар едім. Шығармашыл ұстаз күнделікті әрбір сабағын түрлендіріп өткізуге тырысады. Баланың пәнге қызығушылығы артса, ол тереңдете оқып, үйрене бастайды. Пәнге қызыққан оқушының білім сапасының жоғары болатыны белгілі. Егер мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда оқушыларды ойландыруға, ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қорытындылай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ғылыми тілде сөйлеу білуге назар аударса, оқытудың жаңашылдығын тиімді қолданса, білім сапасы да жоғары болатыны сөзсіз. Оқушыларды тәрбиелеу, дамытуға бағытталған мұғалімнің сыныптағы күнделікті жұмысы оқыту үдерісі мен оқушылардың оқу нәтижелеріне оң ықпал етеді [5, 6-б]. Өз басым, қазақ тілі мен қазақ әдебиеттері сабақтарында критериалды бағалаудың әдіс-тәсілдерін пайдалануды тиімді деп білемін. Критериалды бағалау оқушылардың үлгеріміне оң әсер еткенін де байқап жүрмін. Өз сыныбымда жақсы және өте жақсы оқитын балалар саны артты. Жаңа жүйе оқытудың және сабақ берудің түрлі тәсілдерін пайдалануға мүмкіндік береді. Тапсырманы орындау кезінде балалар қарапайым сурет салып, пікір айтудан бастап, берілген тақырыпқа орай материалдар жинау, сыныптастары алдында сөйлеу, газет жасау және жасаған дүниелерін таныстыру секілді кезеңдерден өтіп, оқу процесіне толыққанды кірігеді. Жаңа әдіс балаларға негізгі білім берумен шектелмей, сонымен қатар олардың ғылыми зерттеуге деген қызығушылығын арттырды. Бастапқы кезде бағалау туралы өзім де түсіне алмай, өзгеге де түсіндіре алмағаным рас. Әйтсе де, сабақ жоспарын жоспарлаған сәтте оны оқыту мақсатына сай жүзеге асыруға жұмыстана бастадым. Күнделікті құрылған сабақтарда қолданылған бағалау стратегиялары нәтижесінде оқушының оқу жетістігі мен оқыту үшін бағалауды қолдану мүмкіндігіне жетіп отырдым деп айта аламын. Алдымен барлық негізгі пәндер бойынша арналған қалыптастырушы тапсырмалардың дәптерін жасап алдым. Сонымен қатар, барлық сыныптар үшін қалыптастырушы және жиынтық тапсырмалардың қосымша нұсқасын жасадым. Қалыптастырушы тапсырма – оқушының күнделікті сабақта немесе үйде жасайтын жұмысы, оның қорытындысы бойынша балл қойып, комментарий береміз. Ауызша пәндерден ауызша ұсыныс айтамыз. Ескі бағдарлама бойынша тек баға қоятынбыз, комментарий жазу міндетті емес болатын. Бұл жағдайда баланың жетістігін, не нәрсеге назар аудару керектігін жазбаша түрде жазып қоямыз. Материалдың күрделі болуына орай сыныпта балалардың бәрімен бірдей кері байланыс бола бермейді, сондықтан үй тапсырмасы арқылы байланысамыз. Жиынтық бағалауды сыныпта тарауды аяқтағаннан кейін жасаймыз. Мұғалім әр тапсырманы қалай орындау керектігін түсіндіріп, бағалауға қойылатын талаптармен (дескрипторлармен) таныстырады. Ол арнайы кестеде белгіленген балға сәйкес қойылады. Ең соңында әр жұмыс бойынша балл сомасы есептеледі. Оны мұғалім электронды журналға қояды. Тоқсан соңында электронды журналдағы барлық балл жинақталып, оның пайызы шығарылады да, сол бойынша тоқсандық және жылдық баға қойылады. Яғни, барлық үдеріс электронды журналда жүреді. Бұл тұста критериалды бағалауды тек бағалау барысы мен баға қойылуы тиіс сәттер деп түсінбеу керек. Ол оқушының жүріс-тұрысын және үлгерімін өз бетінше бағалау процесін де қамтиды. Аталған критериалды бағалау – бүгінгі білім жүйесіндегі жаңа еніп отырған талап. Оқушы сын тұрғысынан бағалану арқылы алдына мақсат қоя біледі. Сонымен қатар, нәтижеге жететін үлкен талпыныс болатынын да уақыт байқатып отыр. Сондықтан, маңызды істі жауапкершілікпен атқарғанда ғана жұмыс жүйеленетіні белгілі. Оны өз жұмыс барысымызға жаңадан енгізіп, соны жүйелі түрде жасап отырған жандардың бірі ретінде айтып отырмын. Бұл жетістікке жетелейтін бағалау түрі деп айтар едім. Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастап отырмыз. Бүгінгі жаңартылған білім – болашағымыздың кепілі деп сенімді айта аламын. Критериалды бағалау - бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлерімен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс. Критериалды бағалау арқылы сабақтарда оқушылардың ынтасын арттыруға, оларды қорытындылауға, оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнатуға ең шешуші фактор деп есептеймін. Сондықтан бағалауды тек қана баға қою деп түсінбегеніміз жөн.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзі бар. Мемлекет қойған бір міндет бар, ол – болашақта саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, келешектің кілтін осы жас буынға беріп отырмыз. Оларға артар үмітіміз де мол. Ұрпағымыздың ойы озық болса, бәсекеге қабілеттілігі де артады. Еліміздің табысты, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына енуі – біз үшін үлкен жеңіс. Сол жеңіске аяңмен адымдап келе жатқанымыз белгілі. Бағытымыз айқын, мақсатымыз анық. Ұрпағымыз білімді болса, мемлекетіміз ешқашан ұтылмайды. Сауатты ұрпақ, жарқын болашақ үшін барымызды салудан ешқашан шаршамаған жөн. Себебі, бүгінгі дарынды ұрпақ – елдің ертеңі екенін, оқушы жастан бастап белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленетін бала қоғамымыздың ертеңгі зиялы қауымы екенін есімізден шығармайық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Егемен Қазақстан» интернет-порталы.

  2. «Ұстаз тілегі» интерент-порталы.

  3. А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). Алматы: Ана тілі, 1992.

  4. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші басылым. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.

  5. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. Екінші басылым. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.





2


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
3 ұстаз жүктеп алған
31 мамыр
1052
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі