400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Қазақ тілін деңгейлеп оқыту арқылы оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыру

Материал туралы қысқаша түсінік
Сауаттылық тұлғаның тұрақты қасиеті болып табылатындықтан, функционалдық сауаттылық сол тұлға меңгерген белгілі бір осындай білім-біліктерден көрініс табады. Өйткені функционалдық сауаттылыққа адам нақты білім алу кезеңдерінен өткеннен кейін қол жеткізеді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Материал әріптестеріме деңгейлік тапсырмалармен жұмыс жасауда септігін тигізері сөзсіз.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақ тілін деңгейлеп оқыту арқылы оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыру

Мектептегі басты тұлға - мүғалім десек, бала өмірінде мұғалім ерекше роль атқарады. Оқушылардың білімді де, білікті, парасат пайымы мол, саналы да сабырлы азамат боп жетілуі, тәлім мен тәрбие беретін мұғалімге тікелей байланысты болмақ. Егер бала мұғалімді жақсы көрсе, онда ол оқуды да, мектепті де жақсы көреді. Мұны мұғалімнің беделі деп түсінуіміз керек. Мұғалімге артылатын сенім жүгі соншалық ауыр дей отыра, сонымен қатар оның ұлағатты ұлы жол екенін естен шығарып алмағанымыз абзал.           

      Демек, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкіртінің жанына нұр құятын ұстазды ғана бүгінгі күннің лайықты тұлғасы деуге болады.

       Ұстаздардың келешектегі мақсаты – рухани жан дүниесі бай, жан-жақты жетіле дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.

       Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту мен қалыптастыру мәселесі Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытовтардың шығармаларының негізгі арқауы болған. Әсіресе ұлы ғұлама Абайдың еңбектерінде адам бойындағы негізгі қасиеттер: қайрат, ақыл, жүректің сапалық деңгейіне қарай және олардаң өзара қатынасына байланысты қалыптасатын «Толық адамды», ол, түсіндіріп айтқанда білімді, адамгершілігі жоғары, парасатты жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеп жетілдіру мақсаты көзделеді.

     Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету –қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.

      Мұғалімнің міндеті оқушының өзі түсініп, ізденіп оқуына, пәнді терең білуге бағыттау білімнің қажеттілігін түйсік арқылы саналы қабылдау. «Мектептің тірегі де, тілеуі де оқыта білетін мұғалім» -деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, жас ұрпаққа заман талабына сай жан-жақты білім беру мүмкін емес.  Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын деңгейлік тапсырмалар арқылы терең меңгерген оқушы, қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады.

Деңгейлік тапсырмалар дегеніміз- оқушылардың ойлау, сөйлеу қабілетін дамытатын, әлеуметтік көзқарасын қалыптастыратын, ізденушілікке баулитын, жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай сатылы түрде орындалатын жұмыстар жүйесі. Мұндай жұмыстар жүйесі үш деңгейлік тапсырмалардан тұрады. 

Бірінші деңгей тапсырмалары - жаттап алуға лайықты, алдыңғы сабақта жаңадан меңгертілетін білімнің өңін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік береді, екінші деңгей тапсырмалары - материалдарды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар, үшінші деңгей - танымдық-іздену түрдегі заңдылықтар шығару, қорытындылау жұмыстары.

Деңгейлік тапсырмаларды құруға қойылатын талаптар мынадай: 
- мұғалім деңгейлік тапсырма құрылатын сыныптың бағдарламасын, мемлекеттік, стандартты, базалық оқу жоспарын толық білуі тиіс. 
- оқушының физио –психологиялық ерекшелігі, қабілеті, білім деңгейі назарға алынғаны жөн. 
- оқушылардың басқа пәндерден алған білімдері ескеріліп, пәнаралық байланыс жүзеге асырылады. Төртіншіден, деңгейлік тапсырмалар қызықты, баланың ойлау қабілетін дамытатын, көркемдігі жоғары, тілі түсінікті болуы қажет. 
- тапсырмалар біртіндеп күрделене келіп, оқушының жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру мақсатына сай мазмұны терең, жан-жақты болғаны жөн. 
Деңгей тапсырмалары танымдық –іздену, алған білімді жинақтау, бекітуге бағытталады. Бұл тапсырмалар оқушылардың пәнге дәрежесінің жоғары болуымен, баланың өз жеке басының белсенділігімен өз ісіне талдау жасай білуімен, білімді жаңа жағдайға сай пайдалануымен сипатталады. Ол хабарлау; суреттеу; тілдік жағдайға, ортаға байланысты бейнелеу тапсырмаларын орындайды. 
Ситуацияға байланысты әр түрлі нұсқада диалог құрады. Мәтін бойынша сұрақ қояды. Талдау, жинақтау, салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Танымдық – іздену түріндегі жұмыстарды іске асырып, өз бетімен орындайды. Мұғалім де, оқушы да шығармашылықпен жұмыс жасайды.Міне,енді сіздермен әр сыныпқа жасалған деңгейлік тапсырмалармен бөліскелі отырмын.

5-сынып

І. Сөздің тура, ауыспалы, көп мағынасына және омоним, антоним, синонимге деңгейлік тапсырмалар

№1.

І деңгей.1-тапсырма.

Сөз тіркесінің құрамындағы сөздерді тура және ауыспалы мағынаны білдіруіне қарай топтап жазу.

а) Жақсы сөз,жақсы адам,жақсы бала,жақсы ат

ә) Терең сай,терең білім,терең құдық,терең сезім

б) Долы ауыл,долы күш, долы жел,долы адам

ІІ деңгей. 2-тапсырма. Төмендегі сөздермен синонимдік қатар жаса.

Қайратты-

Жылдам-

Уақыт-

ІІІ деңгей. 3-тапсырма.

Ірілі-ұсақты, жақсылы-жаманды, көрер-көрмес деген антонимдерді қатыстырып сөйлем құраңдар.


№2. І деңгей.1-тапсырма.

Сөз тіркесінің құрамындағы сөздерді тура және ауыспалы мағынаны білдіруіне қарай топтап жазу.

а) Әкемнің көзі, қазынаның көзі, терезенің көзі, бұлақтың көзі.

ә) Жылы су, жылы сөз, жылы қабақ, жылы жел

б) Ақ жол, ақ түс, ақ тілек, ақ маржан

ІІ деңгей. 2-тапсырма. Сөздердің антонимін тап.

Ажарлы, жанды, биік, қараңғы, жұмсақ, жуан, жалпақ.

ІІІ деңгей. 3-тапсырма. Омоним сөздерді қатыстырып сөйлем құра

Бел, сыр, күн, жаз, қал.


№5. І деңгей.1-тапсырма.Тура мағына мен ауыспалы мағынаның ережесін жазып, мысалдар келтір.

ІІ деңгей. 2-тапсырма. Синонимдерді бір бөлек, омонимдерді бір бөлек жаз.

Сырлы шелек, ашылмаған сыр, мықты да күшті ел, шапшаң, әрі жылдам келді, қырды асты, тақтайды қыр, бел омыртқа, белге жай, ақырын жүр, жайлап өт, шық түсті, тауға шық.

ІІІ деңгей. 3-тапсырма. Ауыспалы мағынадағы сөздерді қатыстырып сөйлемдер жаз.


№6. І деңгей.1-тапсырма. Септелген зат есімдерді тауып, астын сыз.

Күздегі молшылық, табиғаттың өзгерістері, бақтағы серуен, егістіктің басы, жеміс-жидектерді жинадық, сары жапырақтар, алтын күз, мол өнім, астықты жинау, еңбектегі табыс.

ІІ деңгей. 2-тапсырма. Сөздердің антонимін тап.

Ажарлы, жанды, биік, қараңғы, жұмсақ, жуан, жалпақ.

ІІІ деңгей. 3-тапсырма. Омоним сөздерді қатыстырып сөйлем құра.

Арық, түс, бел, шап, орта.


ІІ. Тұрақты тіркестерге деңгейлік тапсырмалар

№1 .Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей. 1. Тұрақты тіркестердің ерекшеліктерін жаз.

ІІ деңгей. 1. «Қол», «көз» сөздеріне тұрақты тіркестер тауып жаз.


ІІІ деңгей . Төмендегі тұрақты тіркестерді қатыстырып, мәтін жаз.

Жүрегінің түгі бар, су жүрек, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, аузымен орақ орған, от ауызды, орақ тілді


№2.Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей. 1. Тұрақты тіркестердің антонимдік сыңарын тап.

Аузына құм құйылды, қоян жүрек, ит арқасы қиянда, бетінен оты шықты, көз салмады.


Қажетті тұрақты тіркестер: көзін алмады, таяқ тастам жер, жағы сенбеді, жүрегінің түгі бар.

ІІ деңгей. Тұрақты тіркестердің мағынасын анықта.

Құлаққа ұрған танадай-

Екі езуі екі құлағына жетті-

Құлағымыз тынышталып қалды-

Құлағымыздың құрыш етін жеді-

ІІІ деңгей . «Тауға барғанда» тақырыбына тұрақты тіркестерді қатыстырып мәтін жаз.


Кәсіби, термин сөздер мен жаңа,көнерген сөздерге деңгейлік тапсырмалар

№1. Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей. 1.Кәсіби сөздердің ережесін жаз.

ІІ деңгей. 1. Егінші кәсібіне байланысты 10 сөзді тауып жаз.

  • Сөйлемдегі термин сөздердің астын сыз.

Компьютер қазіргі кезде біздің өмірімізде ерекше орын алады. Оның негізгі сыртқы бөлшектері монитор, пернетақта, тышқан. Компьютер арқылы ғаламторға қосылып, әлемдегі бар ақпаратты алуға болады. Әртүрлі жазба жұмыстарын жазуда компьютер арқылы жұмысты жеңілдетуге болады. Оның жадында (память) өте көп ақпарат сақталады. Жүйелік блогы мықты компьютерлер бірнеше жұмысты бір өзі-ақ істей алады.

ІІІ деңгей . Термин сөздерді қатыстырып , қазақ тіліне байланысты мәтін жаз.

№2 . Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей. 1. Терминдердің түрлері туралы жаз.

ІІ деңгей. 1.Төмендегі сөз тіркестері арасынан интернационалдық терминдерді тауып, астын сыз.

Кедендік бақылау, картаға түсірілген, сыйға берді, синонимдік қатар, физика мұғалімі, елдің іші, төлқұжат алды, ішкі істер бөлімі, мұрағатқа барды, биология ғылымы, медицина қызметкері, елтаңба туралы, тудың түсі.

2.Көнерген сөздерді теріп жаз.

Алаша, сандық, дулыға, сауыт, сайман, жебе, сәукеле, шашбау, білезік, алқа, торқа, тон, қамзол, дүрия, пальто, бейқасап, шыт, уәзір, сұлтан, шымылдық, қауға, шылапшын, найза, тапанша, жәдігер, мұрап, диірмен, келі, келсап,жағылан, табалдырық, әбдіре, қашау, төс.

ІІІ деңгей . «Терминдер елінде » тақырыбына ертегі жаз.

№3. Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей. 1. Қазақтың төл терминдерін қатыстырып сөйлем құра.

ІІ деңгей. 1.Сөйлемнен кәсіби сөздерді тауып, астын сыз.

Оңтүстікте көктемде қозаны егуге дайындалады. Діңке өте дәмді қауын. Ұста төстің үстіне темірді қойып ұра жөнелді. Ұлтан мен сіріні етікші қолына алды. Бізбен етіктің жан-жағын ұқыптап тікті. Медбике балаларға екпе жасады. Басыпалды күзге қарай піседі.

2.Тарихи сөздерді 5 қатыстырып сөйлем құра.

ІІІ деңгей . Математиктер қолданатын терминдерді пайдаланып мәтін жаз.

№4. Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей. 1. Терминдердің басқа сөздерден қандай айырмашылығы бар?

ІІ деңгей. 1.Терминдердің мағынасын анықтап жаз

Режиссер-

Актер-

Президент-

Сәулет өнері-

Фольклор-


ІІІ деңгей . Тарихи терминдерді қатыстырып мәтін жаз.

6- сынып

Сөз таптарынан деңгейлік тапсырмалар


ЗАТ ЕСІМ

I деңгей

1. Қазақ тілінде неше сөз табы бар? Оларды жазып шық.

2. Өлеңнен жалқы есімдерді тауып, қалай жазылатынын түсіндір.

Арқада жер жетпейді Бурабайға,

Бөленген бұйра сыпсың қарағайға.

Бұл құшқан мәңгі мең – зең Көкшетауға,

Бөлектау: «Ой бауырым!» - дер анадайда.

Оқжетпес найза қия - қыранға ұя,

Қарасаң жанның шері тарамай ма?

Солардың ортасында Бурабай көл,

Мөп – мөлдір, дөп – дөңгелек, ұқсайлы Айға.

Бурабай – Арқа арасы, жер еркесі,

Ертеде қоныс болған Абылайға.

(С.Көбеев)

3. Дерексіз зат есімдерді жаз және неге дерексіз екенін дәлелде.


II деңгей

  1. Мәтіндегі негізгі, туынды, күрделі зат есімдерді тауып бөлек – бөлек жаз.

Арбаның түбінде бірсыпыра отырып, олай – бұлай жүрген адам көрінбегесін, Серғазы, Қожашты арбаның түбіне тастап, өзі үйге қарай жүгірді. Үйге жақындап, құлақ салып тыңдаса, апасы мен Ғайша Сыбырласып әңгімелесіп отыр екен.

Төсеніш үстінде қорылдап шалқасынантүсіп, Итбай ұйықтап жатыр. Қарағұл бес күн өтіп, алтыншы күні келерсің деп Тұрлығұлға хабар айта кеткен.

Ғайша ас үйде беті – қолын жуып отыр еді, қойшы бала келіп:

  • Апа, сен не білдің, менің саған бір сөз айтқым келіп тұр, - деді.


  1. Мақал –мәтелден мысал жазып,оның мағынасын түсіндір. Деректі және дерексіз зат есімдерді тап.

  2. Мәтінді ары қарай ғалым болып жауап беріп, өз ойыңша жалғастыр. Ішіндегі жалпы есімдерді тап.


Балалар мен ғалым

Екі бала келе жатып бір кітап тауып алыпты. Бірінгі бала:

  • Бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын көрдім, - дейді. Екінші бала:

  • Жоқ, бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын жерден көтеріп алдым, - дейді.

Екі баланың таласының үстінен шыққан ғалым оларға:

(С.Көбеев)


III деңгей

1. Мақал – мәтелдердің жалғасын жазып, ішіндегі зат есімдерді тап және оларды жасалу жолына қарайталда.

а) Ақыл азбайды,

.........................

ә) Тіл тас жарады,

.........................

б) Көп іздеген адам

...........................

2. Бірігу, қосарлану, тіркеу арқылы жасалған зат есімдерге сөйлеммен мысалдар жаз.

3. «Менің қалам» деген тақырыпта шығарма жаз.





ҮСТЕУ

I деңгей

1. Есімдерден үстеудің айырмашылығы неде?

2. Мөлшер, күшейткіш үстеулерді жазып шық және үстеулердің астын сыз.

Ертеңіне таң атқаннан кешке дейін, Итбай мен Қарағұлдың жұмысы киітке мінген ат болды;үстін қырып, жалын тарап, сылап-сыйпап, келген-кеткен кісіге мақтап, оттан жүрген жерінен айдап жүргізіп көрсетіп, жануарларға дейін беріледі. Қыстау төңірегіндігі жазғытұрғы шаруасын бітірген соң, елдің алды бие байлап байламай жайлауға көше бастады. (С.Көбеев)

3. Төмендегі үстеулерден сөйлем құра және үстеудің мағынасына қарай қай түрі екенін ажырат.

Бірте-бірте, тіпті, әдейілеп, амалсыздан.

II деңгей

1. Дара, күрделі үстеулердің жасалу жолдарын айт және мысалмен дәлелде.

2. Мекен, сын-қимыл үстеу туралы айтып, мысалдар келтір және мәтіндегі көп нүктенің орнына тиісті үстеулерді қой,мәтіннен үстеулерді тауып, мағынасына қарай қайсысы екенін түсіндір.

Үй шаруасын ... баураған. Маңында адам барын ... ұмытқан тәрізді, ызалы ойы басқада,қоңыр жұзі сәл қызарып, көзі үлкейіп кететін. Мақаш та ... қарап тұнжырай қалған. Екеуінің ыңғайымен басқалардың бетіне де көлеңкесі түсіп, ... ешқайсысы жақ ашпап еді. (Ғ.Мұстафин)

3. Үстеудің емлесін мәтін құрау арқылы түсіндір және оларды құрамына, мағынасына қарай талда.

III деңгей

1. Мезгіл, мақсат, себеп – салдар устеулерге мысал жазжәне мысалдағы устеулердің жасау жолын түсіндір.

2. Жұмбақтардың шешуін тауып, ішіндегі үстеулерді құрамына, мағынасына қарай ажырат, ішінде үстеуі бар жұмбақтар шығарып көр.

а) Таңертең төрт аяқты, түсті екі аяқты, кешке үш аяқты.

ә)Түнде бармын,

Күндіз жоқпын.

3. «Бақыт дегенді қалай түсінесің?» деген тақырыпта ойтолғау жаз.


ЕТІСТІК

І деңгей

1.Етістіктің есімдерден қандай айырмашылығы бар? Мысал келтір.

2.Төмендегі етістіктерден сөйлем құра.

Келе жатыр,сөйледі,жазда ойнап жүр,айтты.

3.Мәтіннен етістіктерді тап және құрамына қарай ажырат.

«Жақсыдан жаман туса-ені болмас,жаманнан жақсы туса-теңі болмас» деген бабаларымыздың жарқыраған жолын надандығы көргізбеуші еді.Көбінесе себеп:олар жүрген бұзық жолда Ахметтің жүрмеуі,оларға жолдас болмауы,жақсылыққа бастауы,жамандыққа бастауы еді.(С.Торайғыров)

ІІ деңгей

1.Төмендегі болымды етістікті болымсыз етістікке айналдырып сөйлем құра.

Сөйле,жаз,қара,жүгір,айтыс,оқы,кел.

2.Мәтіндегі етістіктерді тауып,салт етістікті сабақты етістікке,сабақты етістікті салт етістікке айналдырып жаз.

Адамдар да қашаннан биіктікті қалап келген.Бірақ солардың кейбірі өзінің тірек-тұрағының қандайлықты бекем екендігіне ой жүгірітіп жатпайды.Ондай пенде биіктіктен өзге ештеңені көрмейді де,сезбейді.Жерге табанын бекем тіреп көтерілмеген ол адамдық қасиетті жоғалта бастағанын білмей қалады.

Адамның ой өрісі дамуының бір ұшы сол шыдамдылыққа да байланысты.

3.Төмендегі жұмбақтардың шешуін тап және негізгі,туынды,күрделі етістіктерді бөлек-бөлек теріп жаз.

А)Жазудан бір жалықпаған,

Жаза-жаза арықтаған.

Ә)Ақ қойым кетіп қалды,

Қара қойым жатып қалды.

Б) Жылқыны қарнына қыстырып,

Түйені ерніне қыстырып,

Есекті құлағына қыстырып,

Қасқырды ат қып мініп,

«Әйт!» дегенде жүре берген.


ІІІ деңгей

1.Мақал-мәтелдегі көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып,етістікті жасау жолына қарай талда және мақал-мәтелдің мән-мағынасын түсіндір.

А) Бармын деп ...,

Жоқпын деп ...,

Ә) Жерді теппе,

Елді ....

Б) Аталы сөзге,

Арсыз жауап ....

2.Төмендегі етістіктерге синонимдер жаз.

Келді,әлсіреді,арашалау,ақылдасты,шегеру.

3. Оқыған әдеби шығармаң бойынша ұнатқан кейіпкеріңе мінездеме жаз.


ЕТІСТІК

І деңгей

1.Етістік туралы түсінік бер.

2.Мәтіннен дара және күрделі етістікті тап.

Әрине,адам біліп үйренуі қажет.Білімсіз,ғылымсыз өнер табылмайды.Сол алған білім,өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығына пайдалануға салса,табылмайтын нәрсе жоқ.Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне пайдасына жаратуы керек.

(Ш.Құдайбердиев)

3.Мақал-мәтелдегі көп инүктенің орнына тиісті етістікті қой және түбірін тап.

А)Отты үрлеген ...,

Шындықты ... табады.

Ә) Жақсыға ..., жазылып қайтарсың,

Жаманға барсаң,жабығып қайтарсың.

ІІ деңгей

1.Төмендегі өлеңдегі етістіктерден болымсыз етістіктерді тауып,болымсыз етістікті болымды етістікке,болымды етістікті болымсыз етістікке айналдырып жаз.

Жұтайыншы елімнің таза ауасын,

Сарайымды,санамды тазаласын.

Жасырмайын аяздан дидарымды,

Жазаласын,жарықтық мазаласын.

Соқсын,мейлі,үскірік тыншымасын,

Саусағымды бетімді шымшымасын,

Туған жердің ежелгі әзіліне,

Туған ұлы шыдамай,кім шыдасын?...

(М.Мақатаев)

2.Төмендегі сөздерден сөйлем құра және негізгі,көмекші етістіктерді тап.

Жеті жұт:зілзала,соғыс,өрт,сел,қуаңшылық,індет,ақ қар,көк мұз.

(«Бала тәрбиесіндегіхалықтық педагогика»)

3.Төмендегі сөз таптарынан етістік жаса және осы сөздерді қатыстыра отырып,шағын мәтін жаса.

Көк,гүл,су,тас,таза,тал,ес,жас.


ІІІ деңгей

1.Сабақты етістікті салт етістікке,салт етістікті сабақты етістікке айналдырып сөйлем жаз.

2.Жұмбақтың шешімін тап,ішіндегі етістіктерді құрамына қарай талда және жұмбақ шығарып көр.

Үш қазық,екі желі,тоғыз ноқта,

Теңселіп тербеледі,адам соқса.

Шешен тіл,сөзге жүйрік болғанымен,

Не пайда,үндемейді адам жоқта.

3.Төмендегі мәтіннен етістіктерді тап,мәтін қандай шығармадан алынғанын және шығарма,оның авторы туралы жаз.

Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде Ұлжан Барласқа қарап,бір сөз айтатындай пішін білдірді.Қонақтар іркіліп қалғандай еді.

-Мынау балам оқудан қайтқалы сүле науқас болып,арыла алмай қойып еді.Сендер келгелі жақсы сөздеріңмен ем әкелгендей бодыңдар.Қадамы құтты қонақ болдыңдар,-деді.



ТҰЙЫҚ ЕТІСТІК

I деңгей

Тұйық етістік туралы айт,мысал келтір.

Тұйық етістікке қандай қосымша жалғанады?Мысал келтір.

Төмендегі сөздерді тұйық етістікке айналдыр.

Жүр,көр,оқы,тап,жап,ақ,жақ,тақ,төк.

II деңгей

1.Тұйық етістіктің емлесі туралы айт және мысалмен дәлелде .

2.Мәтіннен тұйық етістіктерді тап.

Осының барлығы өзіміздің ілкіден келе жатқан ата-баба дәстүрін сақтамаудан ана тілімізді ардақтап білмеуден,оның мүмкіншілігін ілгері дамыта алмаудан тоқырау дәуірі кезінде жалпы халықтық тіл болады-мыс деген сарынға ілесіп,бала-шаға,тайлы-таяғымызбен орысша сөйлеп, орысша жазып кетуімізден.Расында,әріп таңбасы үш рет өзгеріске ұшыраған қазақ халқы өзінің ана тілін өркендетіп,шешендік өнерін жетілдіре түсу орнына,әр жаққа алақтап,адасып қалған жоқ па?(Н.Төреқұлов)

3.Ішінде тұйық етістігі бар мақал-мәтел жаз және оның мағынасын түсіндір.

III деңгей

1.Тұйық етістіктің жасалу жолын түсіндір және мысал келтір

2.Ішінде тұйық етістіктер бар жұмбақтар жаз.

Үлгі: Жүзуде бар,

Қалуда жоқ.

Күлуде бар,

Жылауда жоқ.(Ү)

3. «Ұлық болсаң-кішік бол»деген тақырыпқа өз пікіріңді жаз.



КӨСЕМШЕ

I деңгей

1.Есімшеден көсемшенің қандай айырмашылығы бар?

2.Мәтіннен көсемшелерді тап.

Ауылдан қысқы үйлерін тастап жазғытұрым жылжып қонатын көлдеріне көшіп келді.Қыс бойы тамырларына орап жер қойнына жеткізе терең тығып сақтап қалған гүлдерін дала мырза жер бетіне түгел шашып жібергендей.Кеше ғана қоңырқайланып жатқан жер бетінің бүгінгі өрнегін ауызбен айтып жеткізе алмайтын.Таңертең жортып келе жатқан ат шашасынан ақ меруерттер шашылып отырады. (Ғ.Мүсірепов)

3.Ауыспалы осы шақ көсемшеге мысалдар жаз.

II деңгей

1.Көсемшеге жалғанатын жалғаудың түрін айт және ол көсемшенің қай жұрнағынан кейін жалғанатынын мысалмен дәлелде.

2.Жаңылтпаштағы көсемшені тауып, қай шақта тұрғанын айт.Өзің жаңылтпаш шығарып көр.

Бұлақ ақты

Тулап ақты.

Шулап қатты

Бұлақ ақты.

3.Төмендегі өлеңді қандай өлең деп атайды?Осындай өлең туралы ертегіні айтып бер.

Қыран ұстап күнде мен ,

Құлағына ен салдым.

Күш сынастым бүргемен,

Содан бері дел-салмын.

Шегірткенің қымызын,

Сүтін іштім тауықтың.

Мұзда жатып күн ұзын ,

Әрең-әрең сауықтым.


III деңгей

1.Көсемшенің жасалу жолдарын қай шақта айтылатынын, қандай жалғаулар жалғанбайтынын айт.

2.Тіл туралы қанатты сөздер жаз және көсемшелерін тауып, жұрнақтарын дефис арқылы бөл.

3. «Жырлайын алты алаштың Абылайын» деген тақырыпта шағын шығарма жаз.



ЕСІМШЕ

I деңгей

1.Есімше туралы түсіндір және мысал жаз.

2.Мәтіндегі есімшелерді тап.

Билер сөзінде ұлт-азаттық пәл сапалық үгіт әлеуметтік сарындар мол.Сымға тартқан күмістей нәзік сұлулық та, қоңыраудай сыңғырлаған әсем үнділік те, шықтай таза мөлдірлік те, от шашқан жалынды жігер де, майдан қыл суырғандай шеберлік те бар.

3.Мақал-мәтелдегі көп нүктенің орнына тиісті есімшенің жұрнағын қой.

А.Жаманның үсті су болса,

Кеппестей көр...

Жаман адамға мал бітсе,

Кетпестей көр...

Ә.Жақсы келін құрдасыңдай бол....,

Жақсы ұлың сырласыңдай бол....

ІІ деңгей

1.Есімшенің жасалуы мен түрлері туралы айт.

2.Жұмбақты шеш және есімшені тап.

Отырғанда -аттан биік,

Тұрғанда- аласа.

Ойлап көріңіз,

Бұл не деген тамаша.

3.Төмендегі шешендік сөзге байланысты өз пікіріңді жаз және ішіндегі есімшелердің қай шақта тұрғанын айт.

Кеңшілікте жараспаған ағайын,

Таршылықта бастырмайды маңайын.

Сараң байдан сұрасаңыз ат майын,

Бермес үшін айта берер жоқ жайын.

Ер жігіттен сұрасаңыз ат майын,

Ерлік қылып түсіп берер бір тайын. «Шешендік сөздер»

ІІІ деңгей

1.Өлеңнің жалғасын жаз және ішіндегі есімшелердің жасалу жолдарын түсіндір.

Құлақтан кіріп бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең,менше сүй.

2.Тіл туралы мақал-мәтелдер жазып, оның мәнін түсіндір және есімшелерді тап.

3. «Ел іші-алтын бесік» деген тақырыпта ойтолғау жаз.

ЕЛІКТЕУ СӨЗ

I деңгей

1.Еліктеу сөз туралы айт,мысал келтір.

2.Төмендегі еліктеу сөздерге сөйлем құра.

Жалт-жұлт,тарс-тұрс,ербең-ербең,дүрс-дүрс.

3.Сөйлемдегі көп нүктенің орнына тиісті еліктеуіш сөздерді қой.

Ауыл үсті айқай-ұйқай ,.. ,... Күміс үзеңгіге салып шіренген аяғында әміркен мәсі-кебіс ... ... етеді.Қымызды жұтқанда Текебектің өңеші ... етеді.(С.Сейфуллин)


II деңгей

1.Еліктеуіш сөздерді бір бөлек,бейнелеуіш сөздерді бір бөлек жаз.

Томпаң-томпаң ,қалт-құлт,гүр-гүр,шаңқ,сақ-сақ,маң-маң,шолп,қолп,шарт-шұрт,сатыр-сұтыр.

2.Төмендегі сөздерге негізгі туынды күрделі еліктеу сөздерді қатыстырып сөйлем құра.

Жеті қазына:жүйрік ат,қаққыш тазы,алғыр қыран,түзу мылтық,қара қазан,алмас кездік,шаңырақ.

3.Төмендегі әңгімені өз ойыңша жалғастыр,ішінде еліктеу сөздер болсын.

Екі елдің басшылары шабындыққа таласып келе жатып,қой бағып жүрген он төрт жасар Күдіріге кез болады да:

-Кел, осы балаға жүгінісейік,- дейді.

-Біз шөпке таласып келеміз,олар:біз орамыз дейді,біз жоқ, біз орамыз дейміз.Осыған жаста болсаң, төрелік айт,-дейді даугерлер.


III деңгей

1.Өлеңдегі еліктеу сөздерді тап,құрамына, тұлғасына қарай талда.

Бірде дүмп-дүмп жұдырық

Бірде баж-баж бірде күңк

Бірде тұрып жұмылып

Айналада шығады үн.

Қойылды шал құлағы

Далада таң атқанда.

Дабырлайды қыр жағы

Естіледі бір шаң-шұң.

(І.Жансүгіров)

2.Ішінде еліктеуіш бейнелеуіш сөздері бар жұмбақтар жаз, өзіңде жұмбақ шығарып көр.

3. « Менің сүйікті ақыным» деген тақырыпта шағын шығарма жаз.


7-сынып.Сөз таптарының түрленуі тақырыбына деңгейлік тапсырмалар

І. Зат есімнің түрленуіне деңгейлік тапсырмалар

Деңгейлік тапсырмалар №1

І деңгей. «Сәуле», «сәулем» деген зат есімдерді септеп жаз.

ІІ дейгей. Сөйлемдердегі зат есімдер қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын тауып, астын сыз.

Біздің Отанымыз –Қазақстан Республикасы. Сонау Сібірден Каспий теңізіне дейін қазақтың кең байтақ жері созылып жатыр. Қазақ халқы әрқашанда бауырмал, қонақжай қасиетін сақтап келді. Ешкімді жат санамайтын халқымыздың тамаша қасиеті ұрпағынан жалғасын тауып келеді.

ІІІ деңгей. Жалқы зат есімдерді қатыстырып, «Жанымдағы жақсы адам» тақырыбында мәтін жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №2

І деңгей. «Қарындас», «сіңілім» деген зат есімдерді тәуелдеп жаз

ІІ дейгей. Күрделі, тіркескен зат есімдерді сөйлемнен тауып, астын сыз

Сынып жетекшіміз барлығымызға тәрбие сағатына арналған тапсырмалар берді. Қазақ тілі-қазақ халқының ана тілі. Сарыарқа –қазақтың киелі мекені. Бұрын ағайын-туыс жиналып бұзақының кемшілігін айттып, дұрыс жолға салатын. Ел-жұрттың ақылын тыңдап қайттым.




ІІІ деңгей. Өлең шумақтарынан жалпы есімдерді тауып, астын сыз

Дала-көкпар, дала-жігіт, дала-қыз,

Дала-көктем, дала-шілде, дала-күз.

Дала деген –ғарыш жолы, космодром,

Мұның бәрі қайда сыяр даласыз. (К. Салықов)


Деңгейлік тапсырмалар №3

І деңгей. «Бөле», «туысым» деген зат есімдерді септеп жаз.

ІІ дейгей. Сабақты және салт етістіктерді тауып, астын сыз

Бүгін демалыс. Анар мен Жанар үйді тазалауды ойластырды. Жанар гүлдерді суарып, қураған жапырақтарынан тазартты. Анар шаңдарды сүртіп, еденді жуды. Ас үйді екеуі жылдам тазалап шықты. Анасы екеуінің істеген істеріне қарап, ризашылығын білдірді.

ІІІ деңгей. Өлеңді жалғастырып жаз

Біріншіден не жаман?

-------------------------------------,

Екіншіден не жаман?

-------------------------------------,

Үшіншіден не жаман?

-------------------------------------,

Төртіншіден не жаман?

-------------------------------------,

Бесіншіден не жаман?

-------------------------------------.


Деңгейлік тапсырмалар №4

І деңгей. «Аға», «іні» деген зат есімдерді жіктеп жаз.

ІІ дейгей. Жалқы және жалпы есімдерді екі бағанға бөліп жаз.

Алатау, өзен-көлдер, Қазығұрт, балалар, ұлдар, Күләш әнші, Ақан сері, құстар, мезгіл, ақын-жазушылар, Мұхтар Шаханов, Олжас ақын, Абай философ, ел-жұрт, туыстар, ұстаздар қауымы.

ІІІ деңгей. Жалқы есімдерді қатыстырып, «Қазақтың ұлы адамдары» тақырыбында мәтін жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №5

І деңгей. «Нұр», «жарық» сөздерін оңаша және ортақ түрде тәуелде

ІІ дейгей. Сөйлемдегі септеліп тұрған зат есімдерді тауып, астын сыз

Біздің Отанымыз –Қазақстан Республикасы. Сонау Сібірден Каспий теңізіне дейін қазақтың кең байтақ жері созылып жатыр. Қазақ халқы әрқашанда бауырмал, қонақжай қасиетін сақтап келді. Ешкімді жат санамайтын халқымыздың тамаша қасиеті ұрпағынан жалғасын тауып келеді.

ІІІ деңгей. «Жақсы кітап –жан азығы» тақырыбында мәтін жазып, зат есімдердің қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықта


ІІ. Сын есімдерге деңгейлік тапсырмалар

7-сынып . Деңгейлік тапсырмалар №1

І деңгей. Сын есімдермен күшейтпелі шырай жаса.

Қара, биік, аласа, кең, ұзын, ыстық, тұщы, мөлдір, таза, түзу, жайлы.

ІІ деңгей. Берілген өлең шумақтарынан күшейтпелі шырайды тап.

Қып-қызыл қып қолын қандай

Ақ сұлудың қанына.

Мерген кетті шыдай алмай,

Күйіктінің зарына ... .

ІІІ деңгей . Күшейтпелі шырайлы сөздердің синонимі мен антонимін тауып жаз.

Берілген сөз Синонимдес сөз Антонимдес сөз

Жап-жақсы

Үп-үлкен

Сеп-семіз


ІҮ деңгей. Төмендегі жасалған портреттен сын есімдерді тауып, астын сыз

Хамит – ұзынша бойлы,жауырынды,тіп-тік сұр жігіт. Қырша мұрынды,шүңіректеу қара кер тобылғы көзді, қырқып жүретін сақалы,мұрты бар. Жасы 25-26-лар шамасында. Үстінде мұздай қазақша киім.



7-сынып . Деңгейлік тапсырмалар №2

І деңгей. Сын есімдермен салыстырмалы шырай жаса.

Қара, биік, аласа, кең, ұзын, ыстық, тұщы, мөлдір, таза, түзу, жайлы.

ІІ деңгей. Берілген өлең шумақтарындағы сын есімді тауып, күшейтпелі шырайға айналдыр

Сұр бұлт түсі суық қатпайды аспан,

Күз болып,дымқыл тұман жерді басқан.

ІІІ деңгей . Күшейтпелі шырайлы сөздердің синонимі мен антонимін тауып жаз.

Берілген сөз Синонимдес сөз Антонимдес сөз

Ап- аласа

аппақ

теп-терең

ІҮ деңгей. Күшейткіш шырайды қатыстырып , досыңның портретін жаса.


Деңгейлік тапсырмалар №3

І деңгей. Сын есімдерді қатыстырып сөз тіркестерін жаса.

Қара, биік, аласа, кең, ұзын, ыстық, тұщы, мөлдір, таза, түзу, жайлы.

ІІ деңгей. Қатыстық сын есімдерді мақалдардан, сөйлемнен тауып, астын сыз

Сулы жер-нулы жер. Жетісудың таулы аймақтарының табиғаты тамаша. Қарқаралы - таулы, нулы, сулы жер. Балалы үйдің ұрлығы жатпас. Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп.


ІІІ деңгей . «Қазыналы өлке» тақырыбына сын есімдерді қатыстырып мәтін жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №4

І деңгей. Сапалық есімдерді қатыстырып сөз тіркестерін жаса.

ІІ деңгей. Төмендегі кеңестерді есіңде сақтап жүр. Туынды сын есімдерді сөйлемдерден тауып, астын сыз

Әсемпаз болма әрнеге. Ертеңін ойламаған ақылсыз адам. Өзімшілдік, өркөкіректік –жаман қасиет. Халыққа қалаулы болды. Мәдениетті адам болу- сенің міндетің. Намысқой болу- жігітке жарасатын мінездердің бірі. Пайдалы кеңестерді есіңде сақтап жүр.

ІІІ деңгей . «Қазақтың көркем жерлері» тақырыбына сын есімдерді қатыстырып мәтін жаз.


ІІІ. Сан есімдерге деңгейлік тапсырмалар

Деңгейлік тапсырмалар №1

І деңгей. 1.Сан есімнің мағыналық түрлерін жазып, мысалдар келтір.

ІІ деңгей. 1.Сан есімдерді сөйлемнен тауып, қалай түрленгенін көрсет.

1932 жылы Қазақстанда ашаршылық болды. Ашаршылық жылдары бір милллионнан аса халық қырылып қалды. Қазақтың төрттен бір бөлігі шекара асып шет елге кетті. Елдің жағадайы тек төрт-бес жылдан кейін ғана түзеле бастады.

  • Емлеге сай жазылған сан есімдерді теріп жаз.

ХХІ-ғасыр , ІІІ том , 5-қатар, 10 сынып, 25 - қырқүйек , 2012 жыл, 15-тің бір бөлігі, 100-ге жуық, 1991 –жылы, 9-жаста, 25 асты.

ІІІ деңгей . Құрамындағы сан есімдері бастауыш, баяндауыш, анықтауыш және пысықтауыш болатындай етіп, 4 сөйлем жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №2

І деңгей. 1. Дара және күрделі сан есімдерге сөз тіркестерінен мысалдар келтір


ІІ деңгей. 1. Сан есімдерді сөйлемнен тауып, мағыналық түрлеріне қарай ажырат

1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алды. 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні –үлкен мереке.

20 жылдық мерейтойын 2012 жылы атап өтті. Оқушылар 5-6 –дан бірігіп, мерекеге дайындалды. Олар 10 –ға тарта өлеңдер жаттады, 2-3 ән айтуға дайындық жасады.


  • Емлеге сай жазылмаған сан есімдердің астын сыз

ХХІ-ғасыр , ІІІ том , 5-қатар, 10 сынып, 25 - қырқүйек , 2012 жыл, 15-тің бір бөлігі, 100-ге жуық, 1991 –жылы, 9-жаста, 25 асты.

ІІІ деңгей . Құрамындағы сан есімдері бастауыш, анықтауыш және толықтауыш болатындай етіп, 4 сөйлем жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №3

І деңгей. 1.Сан есімнің басқа сөз таптарынан қандай айырмашылығы бар? Салыстыра отырып, дәлелде.

ІІ деңгей. 1.Сан есімдер қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықта.

Мен биыл он бестемін. Он беске толғанымды ойласам, өзімді ересектер қатарынан көремін. Он бес жас – бозбалалық жас. Құрбылырымның ішінде ең бірінші болып мен он беске толдым. Маған он бес жас үлкен жауапкершілік жүктеді.

  • Емлеге сай жазылған сан есімдерді теріп жаз.

ХХІ-ғасыр , ІІІ том , 5-қатар, 10 сынып, 25 - қырқүйек , 2012 жыл, 15-тің бір бөлігі, 100-ге жуық, 1991 –жылы, 9-жаста, 25 асты.

ІІІ деңгей . Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,

Халқының қалың жүнді көрпесіндей,

Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,

Жаман адам балтаның ұңғысындай. (Сүйінбай ақын.)

Жырда қандай көркемдеуіш сөздер қолданылған?

Деңгейлік тапсырмалар №4

І деңгей. 1. Есептік сан есімдерді қатыстырып сөйлем құра.

ІІ деңгей. 1. Септеліп тұрған сан есімдерді тап

  • Алпыс бестен асқанда,

Жетпіске қадам басқанда.

  • Бұл Жамбыл жасап отыр тоқсан жасты,

Тоқсаннан әрі кетіп, жүзге де асты ( Ж.Ж)

ІІІ деңгей . Жетіге дейін саналатын қай сан есім мысал келтір.

ІҮ. Есімдіктердің түрленуіне деңгейлік тапсырмалар

Деңгейлік тапсырмалар №1

І деңгей. Жіктеу есімдіктерінің түрленуіне сипаттама бер.

ІІ дейгей. Сөйлемдерден есімдіктерді тауып, астын сыз.

Біздің Отанымыз –Қазақстан Республикасы. Сонау Сібірден Каспий теңізіне дейін қазақтың кең байтақ жері созылып жатыр. Қазақ халқы әрқашанда бауырмал, қонақжай қасиетін сақтап келді. Ешкімді жат санамайтын халқымыздың тамаша қасиеті ұрпағынан жалғасын тауып келеді.

ІІІ деңгей. Есімдіктерді қатыстырып, «Ана тілім- ардағым» тақырыбында ойтолғау жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №2

І деңгей. «мынау», «сол» деген есімдіктерді тәуелдеп жаз

ІІ дейгей. Есімдіктерді сөйлемнен тауып, мағыналық түрлеріне қарай ажыратып, астын сыз

Әрқашан ұқыпты бол. Өзгенің кемшілігін айтып, бетіне баспа. Қай жерде, кімдердің арасында болсаңда өзіңнің орныңды біл. Әркімнің сөзіне ерме. Белгісіз нәрсеге құмар болма. Өзің танымайтын біреуге сырыңды айтпа. Ешкімді ешқашан жамандама.

ІІІ деңгей. «Есімдіктер патшалығында» деген атпан ертегі жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №3

І деңгей. «әркім», «өзім» деген есімдіктерді септеп жаз.

ІІ дейгей. Төмендегі есімдіктердің қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықтап, астын сыз

Біздің мақсатымыз - ұлтжанды , отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу. Мұндай ұрпақ біздің еліміздің болашағын жарқын етеді деген ойдамыз. Қашанда өз елінің тағдырына алаңдайтын адамды қалыптастырып шығару - бүгінгі ата-ана мен қоғамның міндеті.

ІІІ деңгей. Тұйық етістікті түрлендіре отырып, «Білім-таусылмайтын қазына» тақырыбына мәтін жаз.

Деңгейлік тапсырмалар №4

І деңгей. Өздік есімдігіне сипаттама жаз.

ІІ дейгей. Төмендегі сөйлемдердегі зат есімдерді есімдіктермен алмастырып жаз. Суретшінің суреттерінің атын жаз.

Әбілхан Қастеев –қазақтың талантты суретшісі. Суретшінің қазақ халқының табиғатын танытатын тамаша туындылары бар. Ә.Қастеевтың қай суретіне қарасаңда , туған елге деген сүйіспеншілікті көруге болады. Барлық туындылары қазақтың өмірін алдыңа жайып салады.

ІІІ деңгей. Сұрау есімдіктерін қатыстырып, «Не? Қайда? Қашан?» тақырыбына мәтін жаз.


Ү. Етістік түрлеріне деңгейлік тапсырмалар

Деңгейлік тапсырмалар. №1

І деңгей. «Келді» деген етістікті райдың төрт түріне түрлендіріп жаз.

ІІ дейгей. Сөйлемдердегі есімше мен көсемшені тауып, астын сыз.

Қазақ халқында «сүйінші» деген тамаша бір дәстүр бар. Жақсылық хабарды жеткізуші адам өзі хабар айтатын кісіден сүйінші сұрап , содан соң ғана жақсылық хабарын айтады. Қуанышты жағдайды естіген туысы, жекжаты сүйінші сұраған адамға бағалы сыйлықтар берген.

ІІІ деңгей. Тұйық етістіктерді қатыстырып, 1 шумақ өлең жаз.


Зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктерді тауып астын сыз.

Деңгейлік тапсырма №1

І деңгей. Төмендегі сөйлемді оқып, сөз таптарына талда, зат есім, сын есім, сан есім,

есімдіктерді тауып астын сыз

Жазғы демалыста да, күзгі демалыста да , қысқы демалыста да кітап оқуды ұнатамын. Кітаптың кейіпкерлерінің төзімділігі, қайсарлығы мен адалдығы мен үшін үлгі. Солармен бірге армандап, солармен бірге қиялдаймын. Ата-анам да менің кітап оқығанымды дұрыс көреді. Кітап- маған қызықты әлем, басқалар сияқты компьютерге, ұялы телефондарға қызықпаймын.

ІІ деңгей. Сөз тіркестері арасынан септелген зат есімдерді тауып, бір сызықпен, заттанған сын есімдерді тауып, екі сызықпен сыз.

Жақсыларым айтса, үлкендер мақұлдаса, баламен келді, таудан түсті, кішілердің өтініші, құстардың дауысы, көкті бақыла, қызыл аузыма тиді, аңдардарға қамқорлық, ақты көп ішемін, дүниенің тарлығы, білімінің тереңдігі, ерлердің еңбегі.

ІІІ деңнгей. Мақалдардағы етістіктің шақтарын тап.

Отанда сүю-отбасынан басталады.

Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің.

Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын.


7-сынып


Деңгейлік тапсырмалар №1

І деңгей. «Сыйлаған» деген есімшені септе, тәуелде.

ІІ дейгей. Сөйлемдерден тұйық етістіктерді тауып, астын сыз.

Дос-жолдастарыңның басына қиындық туып тұрған кезде көмектесу-сенің парызың. Қол ұшын беруді қиынсынбау-адамгершіліктің белгісі. Жақсылықты кез-келген адам бөлісе алады. Ал қиындықты бөлісу әркімнің қолынан келе бермейді.

ІІІ деңгей. Дара және күрделі етістіктерді қатыстырып, мәтін жаз.

7-сынып

Деңгейлік тапсырмалар №2

І деңгей. Салт , сабақты етістікке сөйлемдер жазып, дәлелде.

ІІ дейгей. Сөйлемдерден тұйық етістікті тап.

Менің оқуға деген ықыласым ерекше. Менің міндетім-жақсы оқу, тәртіпті болу екенін түсінемін. Біздің ұстаздарымыз әрқашан өзімізді үлгілі де, ұқыпты оқушылар ретінде көрсету керектігімізді айтып отырады. Мектеп ережесін сақтау –міндетіміз.

ІІІ деңгей. Есімшелерді қатыстырып мәтін жаз.


7-сынып

Деңгейлік тапсырмалар №3

І деңгей. Сабақты және салт етістікті «Вен» диаграммасы арқылы салыстыр.

ІІ дейгей. Мақал-мәтелдерден етістіктерді тауып, құрамына қарай талда

Досы көпті жау алмайды, білімі көпті дау алмайды.

Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.

Біреу тоңып секірер, біреу тойып секірер.

Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады.

ІІІ деңгей. Салт және сабақты етістіктерді қатыстырып мәтін жаз.


7-сынып

Деңгейлік тапсырмалар №4

І деңгей. Туынды етістіктерді жасайтын жұрнақтарды жазып, мысал келтір.

ІІ дейгей. Сөйлемдерден етістікті тауып, қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын айт.

Тәртіпті болу- баланың міндеті. Тәрбиелі бала өзін де, өзгені де ұятқа қалдырмайды.

«Жақсы болу әсте-әсте, жаман болу бір пәсте»- деген халқымызда мақал бар. Ата-ананың , ұстаздың ақыл-кеңесін тыңдаудың сен үшін маңызды екенін түсін. Әрқашан үлкендерді сыйлауды, кішілерге қамқор болуды парызым деп сана.

ІІІ деңгей.Етістікті бастауыш және толықтауыш етіп , екі сөйлемнен жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №5

І деңгей. Етістіктің түрлеріне тірек сызбаларын жаса.

ІІ дейгей. Төмендегі сөз тіркестерін тұйық етістікке және заттанған тұйық етістіктерге бөліп, екі бағанға жаз.

Сабақ оқу, менің қалауым, шөпті ору, арнау өлең, оқу-қиын, қайталау керек, көруді ойла, сыйлауға тырыс, жақындау кел, баға қою, қоюды үйрен, сүюмен шатастырма, уқалауды біл.

ІІІ деңгей. Есімшелерді қатыстырып мәтін жаз.

Деңгейлік тапсырмалар №6

І деңгей. Есімшеге топтастыру әдісімен сипаттама бер.

ІІ дейгей. Төмендегі етістерді құрамына қарай талда.

Сыйлағандықтан, құрметтеуді, қуаныпты, жазатын-ды, айтпақшы, көрер, байқамақшы.

ІІІ деңгей.Етістіктің бастауыш және толықтауыш қызметін атқарып тұрғанын көрсететін екі сөйлем жаз.


Деңгейлік тапсырмалар №7

І деңгей. Есімше мен көсемшені салыстыр. Айырмашылықтары мен ұқсастықтарын «Вен» диаграммасы арқылы көрсет.

ІІ дейгей. Сөйлемдегі есімшелер мен көсемшелерді тауып, қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықта

Қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді» деген жақсы сөз бар. Бірліктің қаншалықты маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіре білген халық қандай дана. Сан ұлттардың ынтымағының арқасында дәулеті тасып, табысы асып отырған еліміздің жағдайы осы сөздің дәлелі. Бірлік пен ынтымақ бізді елдікке жеткізгенін есімізден шығармайық.

ІІІ деңгей. Етістік түрлеріне семантикалық кесте жаса.


Деңгейлік тапсырмалар. №1

І деңгей. Мына сөздерді баяндауыш етіп сөйлемдерді аяқта

....-ынтымақ. ....-сәлем берді ....-төрт

....-байлық ....-бөлінбейді. .....-жетім.

....-оқу. .....-білерсің ....-жаман


ІІ дейгей. Сөйлемдердегі сызықша неге қойылып тұрғанын дәлелдеп айт.

Астық – біздің байлығымыз.(«Тербеледі тың дала».) Күдіренов Айтым – аға шопан. Ерлік – бүгінгі өмір талабы. («Дала дауылпаздары»)


ІІІ деңгей. Төмендегі сөйлемдердің баяндауыштарын құрамына қарай: дара, күрделі, үйірлі түріне ажыратып жаз.

Уақыт өткен, талап өзгерген. Болашақ – жастардыкы. Анам күлімсіреп тұрды. Марат жанұшыра жүгірді. Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық. Есті адамдарда бар қасиет – уайым жеу.


Деңгейлік тапсырмалар. №2

І деңгей. Бастауыш пен баяндауыш арасына қандай жағдайларда сызықша қойылатынын айтып, мысалмен дәлелде.


ІІ дейгей. Мына сөйлемдердегі баяндауыштар қандай сөз табынан жасалғанын анықта

Бұл – үлкен қуаныш . Ол – қазір звено бастығы. Арман-суретші.Қыздардың үлкені – Майра,кішісі – Сайра. Үш – тақ сан. Ұзын белдің бойында биік таудай мұнартқан – Қарағанды.


ІІІ деңгей. «Оқу- инемен құдық қазғандай» деген тақырыпқа эссе жаз.


Деңгейлік тапсырмалар. №3

І деңгей. Бастауыш қандай сөз таптарынан жасалады? Мысалдармен дәлелде.

ІІ дейгей. Мына сөйлемдердегі бастауыштар қандай сөз табынан жасалғанын анықта

Бұл – үлкен қуаныш . Ол – қазір звено бастығы. Арман-суретші.Қыздардың үлкені – Майра,кішісі – Сайра. Үш – тақ сан. Ұзын белдің бойында биік таудай мұнартқан – Қарағанды.


ІІІ деңгей. «Менің сүйікті ісім» деген тақырыпқа эссе жаз.



Деңгейлік тапсырмалар. №5

І деңгей. Бастауыш қандай сөз таптарынан жасалады. Мысалдармен дәлелде.

ІІ дейгей. Бастауышы зат есімнен болған сөйлемдерді бір бағанға, есімшеден болған сөйлемдерді бір бағанға жаз.

Келгендер –қонақтар. Мұғалім-ақылшы. Сыйлағандар келсін. Шәкірттерді тәрбиеледі. Қыздар ән айтты. Қуанбақ-ата-анадан. Гүлдер жайқалып тұр. Көрінгенің дұрыс. Барғаным жақсы болды.

ІІІ деңгей. «Менің сүйікті ісім» деген тақырыбына эссе жаз.


Деңгейлік тапсырмалар. №6

І деңгей. Толықтауыш қандай сөз таптарынан жасалады? Мысалдармен дәлелде.

ІІ дейгей. 1. Сөйлемдерден толықтауыштарды тауып, қандай сөз таптарынан жасалғанын айт.

Жаман – сыйлағанды білмес. Оқушылар емтихан тапсырды. Күресугедәрмен жоқ.

Халықта жер бар.Күштіден істі озды.Бала тоқсанды беспен бітірді.

2.Тура толықтауышты бірінші бағанға, жанама толықтауыштарды екінші бағанға бөліп жаз.

Ауланы тазала, гүлді суар, үйге кел, анаңмен сөйлес, әкеңді тыңда, биіктен көрін, үйді жина, сабағыңды оқы, кішілерге көмектес, үлкенді сыйла.

ІІІ деңгей. Мақалдардан бастауыш, баяндауыш, толықтауышты тауып, астын сыз.

Арыңды жасыңнан сақта. Талаптыға нұр жауар. Өнерліге өріс кең. Өнерлі өрге жүзер.

Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез.

Деңгейлік тапсырмалар. №9

І деңгей. Анықтауыштың негізгі белгілерін айт. Мысалдармен дәлелде.

ІІ дейгей. 1. Сөйлемдерден анықтауыштарды тауып, қандай сөз таптарынан жасалғанын айт.

Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атауға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан, қақпақыл

ІІІ деңгей. Мәтінді сөйлем мүшелеріне талда.

Байырғы қазақ өлшемдері – қазақ халқының тұрмыс салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптысқан өлшем бірліктері. Мысалы, «бір қыдыру жер», «түстік жер», «айшылық жол», деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған.

Деңгейлік тапсырмалар. №10

І деңгей. Пысықтауыш қандай сөз таптарынан жасалады? Мысалдармен дәлелде.

ІІ дейгей. 1. Сөйлемдерден пысықтауыштарды тауып, қандай сөз таптарынан жасалғанын айт.

Ұрпақтан ұрпаққа қалып отырған «кір жуып, кіндік кескен» аймақ, өңір, өлке – атамекенге кіреді. Ертеде көшпелі қазақ ауылдары жерді ру – ата болып пайдаланғандықтан, олардың әрқайсысының жеке-жеке қоныстары: қыстауы, көктеуі, жайлауы, күзеуі болған. Осы жерлер әр елдің ата мекені деп есептелген.


ІІІ деңгей. Мәтінді сөйлем мүшелеріне талда.

Қазақтар деген ғаламат халық! Өмірді олар ойыншық көреді, қауіп-қатерден, өлімнен қорқу дегенді білмейді. Олардың кішкене қара көздерінде ержүректілік оты жанып тұр. Денелері күнделікті үйреншікті жаттығудан, өмірдің өзінен күшіті. Көздері 10 және одан да көп шақырым жердегі шағын нәрсені анық көріп ажырата біледі...


Сөйлемнің айқындауыш мүшесі, бірыңғай мүшелері

Деңгейлік тапсырмалар. №1

І деңгей. Сөйлемнің айқындауыш мүшесі дегеніміз не? Мысал келтір.

ІІ дейгей. 1. Төмендегі сөздерді айқындалатын мүше ретінде пайдаланып, сөйлем құра.

Келешегіміз, жақтаушылар, қазба жұмысын жүргізушілер, зерттеушілер, ғалымдар.

ІІІ деңгей. Мәтіннен тұрлаулы мүшелерді тауып, астын сыз.

Адамзат өркениеті мен мәдениетіне сақтардың қосқан үлесі қаншалықты екенін қазір кім де болса мойындап қалған.

Олар мұнан 2,5 мың жыл бұрын бүкіл Еуразия территориясын мекен еткен көшпенділер. Таулы Алтай қорғанынан табылған әйел адамның киімі қайтадан қалпына келтірілді. Киімдегі ою-өрнектің құндылығы орасан зор. Алтын адамның сыңары болуға лайық ханшайымның киімі адамды қайран қалдырады. Есіктен табылған алтын адам, Атыраудан табылған ханшайым киімі-адамзат құндылықтары екендігі даусыз.


Деңгейлік тапсырмалар. №2

І деңгей. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері бастауыш болып келген бірнеше сөйлем жазып,олардың қай сөзбен байланысқанын,қай сөз табынан екенін айт.

ІІ деңгей. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері пысықтауыш болып келген бірнеше сөйлем тауып жаз.

ІІІ деңгей.

Абайдың «Қыс» өлеңін жатқа айтып,бірыңғай мүшелерді табыңдар,қай сөйлем мүшесі екенін анықтаңдар.


Деңгейлік тапсырмалар. №3

І деңгей. Абайдың өлеңдерінен бірыңғай мүшелерді тауып, қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықта.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп,көрісіп құшақтасып.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түті-ау мұртың.

ІІ деңгей. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері толықтауыш болып келген бірнеше сөйлем тауып жаз.


ІІІ деңгей. «Сабақ үстінде» деген тақырыпқа шығарма жазу.Бірыңғай мүшелері болуы керек.


Сауаттылық тұлғаның тұрақты қасиеті болып табылатындықтан, функционалдық сауаттылық сол тұлға меңгерген белгілі бір осындай білім-біліктерден көрініс табады. Өйткені функционалдық сауаттылыққа адам нақты білім алу кезеңдерінен өткеннен кейін қол жеткізеді.

              Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтің  сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының  алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады.

Бұл ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Мұғалімнің сабағының өн бойындағы негізгі мақсаты, оның негізгі мәнін естен шығармай, әрбір сәтті тиімді пайдаланғанда өз мақсатына жетеді.

 






Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
20 желтоқсан
1284
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі