Қазақ
тілі - әлем тілдері арасында ең әуезді
ғана емес, ең бай тілдің бірі. Мәселен,
ғалымдар пікірінше, ең бай саналатын
араб тілінде 12 миллион 300 мың, ағылшын
тілінде - 750 мың, ал қазақ тілінде 600 мың
сөз бар. Яғни, тіл байлығы жағынан әлемде
үштікте тұрмыз. Түркі тілдерінің
арасындағы төркін-тамырын сақтаған
құнарлысы да - қазақ тілі. Сондықтан да
бұндай байлыққа құрметпен қарау - әрбір
азаматтың парызы.
Айта
кетерлігі, қазақ тілі ауызекі әңгімеде
бір-бірінен бөлектенетін, жергілікті
жұрттың тұрмысында ғана қолданылатын
«диалект» сөздерге де кенде емес. Тіпті
сөзді былай қойыңыз, сөйлеу мәнерінен,
әңгіме мақамынан-ақ кімнің қай облыстан,
қай өңірден екенін дөп басуға да болады.
Белгілі бір өңірлерде ғана қолданылатын
ондай сөйлеу мәнері мен сөздер, сөз
тіркестері кейде адамдардың түсінбеушілігін
тудырса, кейде үлкен әзіл әңгімеге арқау
болады. Тіл білімінің диалектілер мен
сөйленістерді (говорларды) зерттейтін
саласы - диалектология (диалектос -
сөйлеу, сөйленіс, логос - ілім деген грек
сөздерінен құралған) деп аталады.
Диалектологияның міндеті – жергілікті
тіл ерекшеліктерін зерттеу. Жергілікті
ерекшеліктердің қамтитын аумағы, тілдік
материалдың көлеміне қарай диалект,
сөйленіс терминдері қолданылады.
Қазақ
диалектологиясы - Қазан революциясынан
кейін пайда болып, қалыптаса бастаған
сала. Оның не бары жетпіс жылдай ғана
тарихы бар. Шын мәнінде диалектология
мәселесімен шұғылдану 1930 жылдардың аяқ
шенінен басталады. Содан бері Республика
аудандарына жылма-жыл ғылыми экспедициялар
шығарылып, қазақ тіліндегі диалектілік
ерекшеліктердің сипатын білдірерліктей
көлемді материал жиналды. Диалектілік
ерекшеліктерді зерттеу қазақ
диалектологиясының теориялық мәселелерін
көтеріп, кейбір қорытындылар жасауға
мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде
қазақ диалектологиясы қазақ тілі мен
әдебиетінен маман даярлап шығаратын
жоғары оқу орындарында арнаулы пән
ретінде енгізілді.
Қазақ
тіл білімінің басқа салаларына қарағанда
диалектологияның зерттелу тарихында
біраз өзгешелік бар. Қазақ тілінің
дыбыстық грамматикалык және лексикалық
құрылысының жан-жақты зерттеле бастауы
Кеңес дәуірінде болғанмен, олардың
зерттелу тарихы революциядан бұрын
басталды. Сол кездің өзінде-ақ алғашқы
грамматикалар мен сөздіктер жасалып,
қазақ тілі зерттеу нысаны бола бастаған,
ал қазақ тілінің диалектологиясы жайында
мұны айта алмаймыз.
Қазақ
тіліндегі диалектілер мен сөйленістердің
революциядан бұрынғы жайын көрсетерліктей
түркологтардан қалған арнаулы еңбек
жоқ, өйткені олардың ешқайсысы да қазақ
тіліндегі жергілікті ерекшеліктермен
арнайы шұғылданбады. Бірақ соған
қарамастан революцияға дейін басылып
шыққан ауыз әдебиеті нұсқалары мен
сөздіктерде диалектілік сипаты бар
сөздер, дыбыстық грамматикалық тұлғалар
белгілі мөлшерде қамтылып отырған. Ал
қазақ тілі жайындағы кейбір мақалалар
мен грамматикаларда жекелеген диалектілік
ерекшеліктерге жасалған талдаулар
немесе қазақ тілінің диалектілерге
бөліну-бөлінбеуі жайында жол-жөнекей
айтылған бірен-саран пікірлер бар.