жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Рефлексивті есеп.
Рефлексивті есепті жазған: Бәкірбаева Зарипа Сейдалықызы
Іс-әрекетті зерттеу туралы рефлексивті есеп
Тақырыбы: «Қалыптастырушы бағалау арқылы оқушылардың өзіндік реттелуін қалыптастыру»
І бөлім.
Іс-әрекеттегі зерттеуге арналған тақырыпты таңдауды негіздеу
Бірінші бетпе-бет кезінде жеті модульдің бірі "Оқу үшін бағалау және Оқуды бағалауды" тақырыбындағы сабақта біз пілдің суретін салып, өзіміз бағаладық, содан кейін әріптесіміз бағалады. Кейіннен тренер ұсынған критерийлер арқылы бағалаған едік. Мен өзімді төмен бағалағанымды түсіндім. Осы тапсырмадан кейін мен бұл модульдің бір аспектісін мектептегі тәжірибе кезінде зерттеу тақырыбы ретінде алуды ұйғардым. Себебі, бағалау – бұл оқу дәлелдерін жоспарлы және жүйелі жинақтау және де оқу сапасы туралы қорытынды қабылдау үшін ең маңызды ұғым. Осы модульдің екінші аспектісі «Қалыптастырушы бағалау» немесе «оқу үшін бағалау» ретінде белгілі.(МАН, 104 б.). Бұл идеядан менің түсінгенім, бағалаудың бұл аспектісі оқуды жақсартуды қамтамасыз етеді.
«Бағалау» термині «жақын отыру» дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады.(МАН, 105б.). Осы идеяны негізге ала отырып, "Қалыптастырушы бағалау арқылы оқушылардың өзіндік реттелуіне ықпал жасау" атты тақырыпты таңдадым.
Бағалауды Реформалау Тобы (2002а) қалыптастырушы бағалауға "Оқу үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі" деп анықтама берген.(МАН, 106б.) Менің байқағаным, бұл анықтамада мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударған. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартылуы қажет, әрі мұғалімдер бағалауды белсенді жүргізген кезде, бұл үдеріске оқушылар да белсенді қатысуы керек екендігі дұрыс айтылған. Менің қалыптастырушы бағалауды енгізудегі мақсатым, оқушының бойында баға үшін емес, білім үшін оқып жатқанын сезіндіру арқылы өзін-өзі реттеуіне ықпал жасау болатын. Әр тапсырмадан кейін бағалап отырсақ, оқушылардың бойында ерекше бір талпыныс пайда болады деп сенемін. Талпынғандар ғана білім ала алады. Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс орнатып, алынған ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл оқушылардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді қажет етеді деп ойлаймын. Аталған тұжырым оқыту үдерісі, мектеп, мұғалім, оқушы үшін де өте маңызды да, өзекті мәселе деп есептеймін. Осыдан жүйелі жинақталған жиынтық ақпараттар мұғалімдердің жұмыс үлгісін жоспарлауына, мониторинг жасап, қадағалап отыруына және күтілетін деңгейден жоғары немесе төмен дәрежеде жұмыс істейтін оқушыларға ерекше көңіл бөліп, әр түрлі деңгейдегі тапсырмалар дайындап келуіне ықпал етеді. Қорыта келгенде, оқушылармен кері байланыс орнатып, үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектесу қажет деп ойлаймын. Ол үшін ненің нәтижесінде мұндай баға алғандығын бірлесіп талдау жасаса, бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін, өзін реттеуі үшін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді.
Блэк пен Уильямның және Ұлыбритаядағы Бағалауды Реформалау Тобы оқыту үдерісіне енгізілуі тиіс деп есептеген 5 түйінді факторды мен де өз іс-тәжірибеме енгізсем, оқуды жақсартуға өз үлесімді қосатынымды түсіндім. (МАН, 109б.)
«Мектептегі тәжірибе» кезеңін бастау мақсатында сәуірдің екісі күні бірінші, екінші деңгей бағдарламасын оқып келген әріптестеріммен, мектеп директоры және оқу ісінің меңгерушісімен кездесіп, екінші деңгей бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі: Іс-әрекеттегі зерттеуді жоспарлау және жүргізу және деңгейі әртүрлі үш оқушыны зерттеу керек екені туралы пікірлестім. «Мектепте бағалау барысында мұғалім мен оқушы арасындағы түсініспеушіліктің бой алдыратын кездері жиі кездеседі, сондықтан мен жеті модульдің ішінен «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудың»аспектісін тізбектелген сабақтарыма енгізіп, оқушыларың іс-әрекеттерін зерттейтінімді айттым. Сұхбат барысында мектеп директоры қолдайтынын айтты.
Менің бұл тақырыпты алуыма түрткі болған жағдай мынадай болатын: Мектебімізде бірінші тоқсан соңында осы бағалау жөнінде үлкен түсініспеушілік орын алды. Менің сыныбымдағы бір оқушым тарих пәнінен үш шыққаны үшін наразы болып, басқа мектепке ауысып кетті. Ол оқушы сабаққа жақсы атсалысып, сұрақтарға жауап беріп жүретін еді. Бірақ соңғы кезде оқу үлгерімі төмендегенін, тәртібінің нашарлағанын байқап, ескерту жасадым. Пән мұғалімінен неліктен үш деген бағаны қойғанын сұрадым. Оқушының сабаққа дайындықсыз келетінін, өзгергенін, сондықтан тиісті бағасын қойғанын айтты. Өз қателігін түсінбей, өзін жоғары бағалайтынын түсіндірді. Осы жағдайдың нәтижесінде, мұғалімдер сабақта әр тапсырмадан кейін бағалау жасамайтындығын және оқушының бойында өзіндік реттелудің жоқтығын түсіндім. Өзіме «осы бағалауды жақсы түсініп, сабақтарыма енгізіп, соның нәтижесінде оқушының бойында бағаға деген көзқарасын, өзіндік реттелуін қалыптастыруым керек» деп алған тақырыбымның маңызды екеніне көзім жетті.
Қорыта келгенде, мектебімізге өзгеріс ендіру қажеттілігі туындайды.
Осы курсқа келіп, өз сабағымда көптеген өзгерістер енгізуім қажет екенін түсіндім. Бұл өзгерістерге тоқталатын болсам, әр тапсырмадан кейін бағалауды енгізу, оқушыға дайын білімді бермей, өз бетінше оқуына жағдай жасау, үнемі кері байланыс орнатып отыру, олардың пікірлерін ескере отырып, ойларын ашық айтуға, өздерін еркін ұстауға, бір-бірінің жұмысын және өзін-өзі әділ бағалауға бейімдеу болатын. Себебі, сабақта тапсырманы орындағанына қарай бір рет қана жалпы бағалайтын едім. Кейбір оқушылар бағаланбай қалып қоятын еді. Осы қателіктерімді жою үшін, жеті модулдің бірі - оқу үшін бағалау және оқуды бағалаудың бір аспектісі қалыптастырушы бағалауды өз сабағыма енгізіп, бүгінгі таңдағы өзін-өзі бағалай білетін, өз-өзіне есеп беретін және өзіндік реттелген заманға сай білімді игерген шәкірт тәрбиелеу қажет болғандықтан зерттеу тақырыбымды осылай таңдадым.
Менің бұл тақырыпты таңдауыма іс - тәжірибемде кездескен қажеттіліктер де себеп болды. Айталық, информатика сабағында ақпараттық - коммуникациялық технологиясы интербелсенді тақтаны сабақта қолдану арқылы әр түрлі слайдтарды тақтада көрсету арқылы оқушылардың информатика пәніне деген қызығушылықтары артып, компьютер туралы мұнан да көптеп білсем, өзім жасай алсам деген ынтасы артады. Себебі, ойындағысын көзбен көру қолмен жасау арқылы дамытады. Әр оқушы тапсырманы әр түрлі деңгейде орындайды да, бірақ барлығы жоғары деңгейдегі баға алғысы келеді. Менің алған сауалнамам, жүргізген сұхбат осы ойымды дәлелдеп шықты. Сонымен бірге мектептегі оқушылар өз бетінші оқып үйренуге бейімделмеген. Мен атап өткен проблемаларды қалыптастырушы бағалауды пайдалану арқылы шешуге болады деген ойдамын.
Мектеп аясында бұл тақырыпты алудағы мақсатым, мектебімізде мұғалімдер үй тапсырмасына және сабақ барысындағы тапсырмаға сабақтың соңында бір ақ рет бағалайды, яғни жиынтық баға қояды . Өйткені мұғалімдер сабаққа дайындықпен келетін белсенді оқушылармен ғана жұмыс жасаумен шектеледі. Барлық оқушыны бір өзі түгелдей бағалауға үлгермейді. Барлық оқушыны түгел қамтып, сабаққа қатысуын талап еткеннің өзінде де, кейбір оқушылар дайындықсыз келетіні белгілі. Сондықтан мұғалім мен оқушылардың жақсы нәтижеге жетуі үшін әр тапсырмадан кейін бағалау түрлерін, кері байланыстарды қолдану арқылы оқушылардың өзіндік реттелуін қалыптастыруға болады деп ойлаймын.
Мен зерттеу нысаны ретінде 6 «а» сыныбын таңдап алдым. Бұл таңдауымның себебі бұл сыныпта оқушы саны көп болғандықтан үш айлық оқуға барған мұғалімдер 6 "а" сыныбын зерттеуге алған емес. Сынып бойынша 27 оқушы болғандықтан, информатика сабағында екі топқа бөлінеді. Мен бірінші топқа сабақ беретін едім. Бірінші топта 14 оқушы, сегізі – ер бала, алтауы – қыз бала бар.
Ал, енді өз пәніме, сабақ беретін сыныбыма, өтетін тақырыбыма және таңдаған зерттеу тақырыбыма оралатын болсам, мынадай сұрақ туындайды:
Информатика сабағында "PowerPoint" бағдарламасын үйрену кезінде қалыптастырушы бағалау алтыншы сынып оқушыларының өзіндік реттелуіне және оқу материалын түсініп меңгеруіне қалай ықпал етеді?
Сонымен қатар бұл тақырыпты таңдаудағы мақсатым:
Қалыптастырушы бағалау арқылы оқушының бойында баға үшін емес, білім үшін, біреу үшін емес, өзі үшін оқып жатқанын сезіндіру арқылы өзін-өзі реттеуіне ықпал жасау.
Осы мәселелерді шешуде төмендегідей міндеттерді орындау қажет:
1.Оқушыларға қалай оқу керектігін үйренуге дағдыландыру және өзінің оқуын саналы түрде сезіндіру.
2. Сабақ барысында әр тапсырмадан кейін бағалау түрлерін тиімді түрде енгізу.
3. Өз бетінше жұмыс істеуін қамтамасыз ету және даму ниетін қалыптастыру.
4.Оқулықтағы тақырыптарды өз бетінше оқып, үйреніп, құрдастарын оқытуға бағыттау.
5.Компьютерді,электрондық оқулықтарды пайдаланып, жекелеген тапсырмаларды өз бетінше орындауға дағдыландыру.
Күтілетін нәтиже:
1.Оқушылар қалай оқу керектігін үйренеді және өзінің оқуын саналы түрде сезінеді.
2. Сабақ барысында өзін, сыныптасын бағалап үйренеді.
3. Өз бетінше жұмыс істеуі және даму ниеті қалыптасады.
4.Оқулықтағы тақырыптарды өз бетінше оқып, үйреніп, құрдастарына үйретеді.
5.Компьютерді,электрондық оқулықтарды пайдаланып, жекелеген тапсырмаларды өз бетінше орындап үйренеді.
Информатика сабағында "PowerPoint" бағдарламасын үйрену кезінде қалыптастырушы бағалау алтыншы сынып оқушыларының өзіндік реттелуіне және оқу материалын түсініп меңгеруіне оң ықпал етуі үшін не істеуім керек, қалай жасасам тиімді болады? Оқушылар өз бетінше оқып, құрдастарымен ой бөлісіп, әр тапсырмадан кейін өзін-өзі және өзара бағалап, оқу материалын толық меңгере алады ма? Оқушылардың бойынан өзіндік реттелгенін қалай қадағалауым қажет? Оқушылардың баға үшін емес, бір нәрсені білуі, жасап үйренуі үшін жұмыс жасауы қажет екендігін бойларына дағды етіп қалыптастыру үшін не істеуім керек? Олардың әр сабақ сайын бір сатыға көтерілгенін қадағалау үшін қандай әдістерді қолдануым қажет? Олардың бойында өздігінен оқып үйрену, жауапкершілікті сезіну, өз бетінше қызыға отырып орындау, өзара, өзін-өзі әділ бағалау, критерийлерді құру, рефлексия жасау, ашық сұрақтар қоя білу сияқты ерекше қасиеттерді қалыптастыру үшін сабақтарды қалай жоспарлауым қажет? деген сансыз сауалдар жөнінде көп ойландым. Осы сауалдардың жауабын іздеу барысында әр түрлі әдебиеттерді, мұғалімге арналған нұсқаулықты қарап шықтым, бірінші кезеңде меңгерген білімімді қолдандым. Мен таңдаған тақырыпқа қатысты әдебиеттерге тоқталатын болсам, "Мұғалімге арналған нұсқаулық" ІІ деңгей 3-ші басылым, үлестірме кітапшалар, "Интербелсенді әдістер" Асхат Әлімовтың еңбектерін қарап өзіме қажет мағлұматтарды алдым. Мен оқушылардың өздігінен білім алуына жағдай жасап, әр түрлі әдістер арқылы, әр тапсырмадан кейін бағалау түрлерін кірістіріп, өзара оқытуды, өзара және өзін-өзі бағалауды ұйымдастыра отырып сабақтарды өтуге жоспар құрдым. Зерттеу тақырыбымның аясында жоспар құру барысында аздап қиындықтар кездесті. Себебі, оқушылар дәл осы әдістермен сабақ өтуге дағдыланбағандықтан, қалай қабылдайды екен деп ойландым. Осы тақырып аясында мен өз сабақтарымды қалыптастырушы бағалауды енгізіп, кері байланысты орнатып отыруды, ашық, түрткі сұрақтар беруді, егер оқушыдан жауап болмаса басқа оқушыларға бағыттауды, егер де дұрыс емес жауап ұсынса, сенікі дұрыс емес деп айта салмай, қатесін өзі тауып сезінетіндей жолдарын қарастыруды, ең жақсы жұмысты басқа оқушылардың көңіліне тимейтіндей, содан үлгі алатындай етіп көрсетуді, барлық оқушыларды жұмысқа тартуды, оқушылардың пікірлерімен санаса отырып жоспарлауды қолға аламын деп қорытынды жасадым.
ІІ бөлім. Іс-тәжірибеге енгізілген өзгерістер және пайдаланылған дерек жинау әдістері
Сонымен қатар зерттеу нәтижелі болуы үшін бұл үдерісте мұғалім оқушыға оқу міндеті қоятын талаптарды түсінуге, жеке зияткерлік үдерістерін және олардың қалай ықпал ететінін білуге, тапсырмаларды орындау стратегияларын әзірлеуге, ойластыруға және нақты тапсырма үшін барынша оңтайлы стратегияны таңдауға көмектеседі. Мұғалімдер өзінің сабақ беруіне емес, оқушының оқу ептілігін дамытуына басты назар аударуы тиіс. Сонда ғана оқушылар ақпараттарды енжар қабылдамай, оқу үдерісіне белсенді қатысатын болады.(МАН, 70 б) Осы идеяны басшылыққа ала отырып, мен әдеттегі іс-тәжірибемде өзімнің сабақ беруіме емес, оқушының оқу ептілігін, өзін-өзі реттеуін қалыптастыруға басты назар аудардым. Өзімнің іс-тәжірибеме қалыптастырушы бағалауды енгіздім. Оқу мақсаты мен міндетін түсінуіне, мақсатқа жетуі үшін тапсырмаларды орындау стратегияларын әзірлеп, жүйелі жоспар құрдым.
Оқушыға көрсетілген қолдаудың деңгейі мен түрін өзгертіп, үнемі қолдай бермей тапсырманы өзі орындауына түрткі болып, бағыттап отыру қажет екенін түсінгенде, оны үнемі басшылыққа алғанда даму көрініс береді. Бұл үдерісті Джером Брунер "Көпіршелер тұрғызу" деп тауып айтқан. "Көпіршелер тұрғызу" ұғымының астарында жетекшінің оқушыларды біртіндеп тапсырмаларды аяқтауына итермелеуінде көрініс беретін, үнемі ұлғайып отыратын қолдауы деген түсінік жатыр. Оқудың дамуы барысында мұғалімнің қолдауы біртіндеп азайтылуы қажет, себебі оқу тәуелсіз сипат алып, өздігінен реттелетін болады. Таңдап алынған тапсырмалар өзін-өзі реттеу тәсілін жүзеге асыруға ықпал етуі қажет. Ал өздігінен реттелу, тапсырмаға қызығушылықтың неғұрлым жоғары деңгейіне өтуге ықпал етеді. (МАН, 70б).
Ашық, жетелеуші, түрткі, ой тудыратын сұрақтар қоюшы, ал өзім тек қолдау көрсетуші, бағыт беріп, іс-әрекеттерін бақылаушы болып өзгердім. Жоғарыда аталған ғалымдардың жазған, енгізген идеяларын ескере отырып, мен өз тәжірибемде оқушыларға қолдау қажет болған тұста ғана, оларға бағыт беріп, тапсырманы біртіндеп өзінің аяқтап шығуына бағыттап отырдым. Осы әдістің нәтижесінде оқушылардың оқуы тәуелсіз сипат алып, өздігінен реттеліп, оқушылардың тапсырмаға, пәнге деген қызығушылықтары артқанын байқадым. Олардың бойынан өз жұмыстарынан рахаттанғанын, қуанғанын, өздерін сенімді сезінгенін, өзіндік реттелгенін көріп, осы оқуға келіп, тренерімнен жаңа әдістерді үйреніп, жаңашыл ұстаз болып, сабағыма енгізіп, оқушыларды зерттеп, нәтижесінің жақсарғанын көріп, мен де өзімді өзгерткеніме қуаныштымын.
Бұл үдеріске қатысатын балаларды анықтау үшін, зерттеу нысаны болған сынып оқушыларына, олардың ата-аналарына да сауалнама жүргіздім.
Бұл сауалнамада «Әрқашан», «Жиі», «Кейде», «Сирек» жауаптарының бірі қарастырылды.
Көріп отырғандарыңыздай оқушылардың көпшілігі жиі, кейде, сирек деген жауаптарды таңдаған.
Информатика пәні туралы оқушылардың ойын білу үшін іс-әрекеттегі зерттеуден алдын №14 сауалнаманы алдым. Зерттеуге алған А,В,С оқушылардың көрсеткіш көрсетті:
Оқытуда өзгерістерді енгізуде оқушының сабақта сыныптасын және өзін–өзі шынайы бағалануына, сабаққа белсенді қатысуына, өз-өзіне есеп беруіне қалайша ықпал ете аламын деп ойландым. Осы ойдан соң зерттеу сабағынан алдын «зерттелетін сынып оқушыларына» мектеп психологы Қалыбеков Абдіманап ағайымның берген Айзенк тесті арқылы мінездерін анықтап беруін сұрадым. Ағай Айзенк тестін оқушылардан алып, жауаптарын жинақтап берді және Т.Р.Нұрмұхамбетованың "Тәжірибелік психология" атты зерттеу кітабын берді. Осы кітаптан тесттің кілтін алып, бағалау шкаласына түсіріп темпераменттерін анықтадым.
Айзенк тесті арқылы мінездерін анықтау қорытындысы
Деңгей |
Экстраверсияны бағалау |
Нейтро-тизмді бағалау |
Шынайы-лығын бағалау |
Темпера-менті |
Көрсеткіштер бойынша берілген мінездеме |
А оқушының
жауаптары
|
8 |
10 |
7 |
интроверт-флегматик |
Эмоциясы тұрақты, ұстамды, ойшыл, іскер, интеллектуал, сенімді, қарым-қатынасқа жайлы, оның бір немесе екі досы болады, шығармашылықпен айналысатын, бір істі аяғына дейін жеткізетін болып келеді. |
В оқушының
жауаптары |
10 |
6 |
7 |
интроверт-флегматик |
Эмоциясы тұрақты, ұстамды, ойшыл, іскер, интеллектуал, сенімді, қарым-қатынасқа жайлы, оның бір немесе екі досы болады, шығармашылықпен айналысатын, бір істі аяғына дейін жеткізетін болып келеді. |
С оқушының
жауаптары |
13 |
12 |
6 |
амбиверт-сангвиник |
амбиверт-сангвиник, яғни ашық-жарқын, қарым-қатынасқа құмар, кейде көп сөйлейтін, уайымсыз, көңілді, тұрақты екені анықталды. |
А, В, С оқушылары туралы жалпы мағлұмат
Деңгей |
Оқушының аты-жөні |
Туған күні, айы, жылы |
Мектепке келген жылы |
Сыныбы |
Ата-анасы туралы |
А |
Ақжолбек Жанель Сакенқызы |
25.08.03 |
2008 |
6а |
Тойбеков Сакен Қайсарбекова Меруерт |
В |
Абубакир Аружан Асқарқызы |
09.08.02 |
2008 |
6а |
Құрбанов Асқар Әшірбаева Айсұлу |
С |
Әбдіқадір Бақдаулет Сабитұлы |
13.08.02 |
2008 |
6а |
Жолдасов Сабит Мұратбекова Айнұр |
А оқушы – Жанель В оқушы – Аружан С оқушы – Бақдаулет
Жанель сыныптастарына қарағанда зерек тез тіл табысатын жігерлі ойы ұшқыр жылдам ойлағыш сөз саптауы жатық барлық пәндерден сабақ үлгерімі жоғары. АКТ-ны жаксы меңгерген. Зерттеуге алған себебім – танымдық қабілетін басқа оқушылармен салыстыра отырып, креативті, шығармашылық деңгейге жеткізу, өзінің белсенділігін одан әрі арттыру.
Аружанды зерттеуге алған себебім – оқушының білім деңгейін АКТ арқылы нығайту ойын жетілдіру оқушылар арасында өзінің сенім атмосферасын қалыптастыру.
Бақдаулет күнделікті сабаққа дайындығы төмен білімге деген ұмтылыс – құлшынысы көңілге қонымсыз мінезі ашық болғанымен, сабақ үлгерімі нашар болғандықтан, оны зерттеуге алдым.
Сыныптың ішкі ахуалын зерттеу үшін оқушылардан "Мен" социограммасын алдым.
Осы зерттелетін үш оқушының белсенділігін, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасын, сабақта берілген ақпараттарды меңгеру, түсіну, қолдану деңгейлерін анықтау үшін сабақтарға қатыстым.
ма
Математика сабағына қатысу барысы
Бұл тақырыпты зерттеу барысында осы сыныпта өткізілген пәнінен әріптестердің сабақтарына қатыстым. 6-сыныптағы математика пәнінен өткізілген дәстүрлі сабақта берілген оқу материалдары оқушылардың деңгейіне сәйкес келеді. Оқушылардың даму мүмкіндігі есепке алынғанымен, мұғалім тарапынан берілген дайын білімге оқушылар іздену, салыстыру, пікір алмасу қолға алынбады. Сыныпта сабақтан тыс қалып қойған оқушылар да байқалды. Сабақта тек белсенділігі жоғары оқушылармен ғана жұмыс жүргізілді. Оқушылардың сабаққа деген белсенділігі артпады, мұғалім өзі бағалады, осындай сәттерде дәстүрлі бағалаудың кемшілігі байқалып, оқушы үшін қалыптастырушы бағалаудың ауадай қажеттілігі сезіліп тұрды.
Осы сабақтарға мен талдау жасай отырып, өзімнің қысқа мерзімді жоспарымды қайта қарадым да сабақтар барысында берілетін тапсырмалардың түрін, деңгейін өзгерттім. Әр тапсырмадан кейін бағалау түрлерін енгізіп, сыныптағы барлық оқушыларды қамту үшін топтық жұмыстар, белсенділігін арттыратын әдіс-тәсілдер, жұптық, жеке жұмыстарды қарастырдым.
Тізбектелген 4 сабаққа әр тапсырмадан кейін енгізілген бағалау түрлері жайлы мәліметтерді төмендегі кесте бойынша жинақтадым:
Сабақ № |
Сабақ тақырыбы |
Бағалау түрлері |
1 |
PowerPoint программасының интерфейсі. Тұсаукесрге слайд қосу. |
Ауызша мадақтау Өзара топ арасында бағалау Ауызша мадақтау Бас бармақ әдісімен бағалау Екі жұлдыз, бір тілек әдісі және критерийлер арқылы бағалау Бағдаршам әдісі арқылы бағалау |
2 |
Презентацияларды құру. Безендіру шаблондары. |
Смайликтер арқылы бағдаршам әдісімен бағалау Шыршаға ойыншық ілу арқылы бағалау Критерийлер арқылы өзін-өзі бағалау |
3 |
Кестелерді, суреттерді, бейнені және дыбысты, видеоны кірістіру |
Ауызша мадақтау Топ басшының бағалауы Бас бармақ әдісімен өзара бағалау Екі жұлдыз, бір тілек әдісімен бағалау |
4 |
Анимация әсерлерін баптау. Презентацияларды көрсету. |
Ауызша мадақтау Топ басшылар бағалауы Бас бармақ әдісімен бағалау Критерийлер арқылы бағалау. |
1 сабақтағы оқушылардың рефлексияларына мониторингі:
Жинақталған рефлексиялар
Іс-әрекеттегі зерттеу аяқталғаннан кейінгі Малс сауалнамасының нәтижесі төмендегі кесте бойынша жинақтадым:
Зерттеуге алған А,В,С деңгейлі оқушыларды бақылау барысында жинақтаған
деректер мен дәлелдерімді төмендегі кесте бойынша жүйеледім:
ІІ бөлім. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ТАЛДАУ
Өткiзген сабақтарымды саралай келе жақсы нәтижелермен қатар кемшіліктер де кеткенін байқадым. Берiлген уақытты тиiмдi пайдалану, сұрақ қою техникасын жетiлдiру, оқушылардың өздерi критерийлер ұсынып, сол бойынша бағалауды жүргiзуде және бiр-бiрiн өзара бағалауы кезiнде проблемалар кездесті. Критерийлердің саны екіден аспады. Себебі, өзім алдын ала критерийлер саны үштен кем болмауы қажет деп ескертуді ұмытып кетіппін. Келесі жолы міндетті түрде түсіндіріп өтемін.
Сонымен тізбектелген сабақтарымда оқушыларды бағалауды сабақтың барлық кезеңдерінде оқушыларды орындаған тапсырмасына қарай, сұрақтарға берген жауаптарына байланысты, ашық сұрақтардағы болжамдарына, сабаққа қатысуына байланысты бағалаудың түрлі тәсілдерін пайдаланып оқушылармен кері байланысты орнатып үнемі диалогқа түсіп, оқушыларды марапаттап, сабаққа қызығушылығын арттырып отырдым. Күнделіктi сабақ барысында мұғалімнің әр тапсырмадан соң бағалауды енгізіп, жаңаша бағалау түрлерiн қолдана білуi сыныпта оқушылардың шығармашылық, танымдық, қарым-қатынас құзыреттілігін және пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруға жол ашады деген шешімге келiп отырмын. Себебі, іс-тәжірибе басталғанға дейінгі алынған №14 сауалнама мен іс-тәжірибе аяқталғаннан кейін алынған №14 сауалнаманы салыстыра келе, осындай ойға келдім. Бұл талдаудың қорытындысында жаңа форматтағы сабақты оқушылар жоғары бағалағаны көрініп тұр.
№1. Іс-тәжірибе басталғанға дейінгі №2. Іс-тәжірибе аяқталғанға дейінгі
сауалнама мониторингі кейінгі сауалнама мониторингі
Мен болашақта да осы зерттеу барысындағы алға ілгерілеудің одан да жоғары қадам басуына өз үлесімді қосамын деген ойым бар.
А оқушының тапсырманы мұғалімнің орнына
шығып түсіндіре отырып, жасау кезі
Сонымен қатар оқушыларға осы сабақ бойынша ресурстардан «Ақпарат сарайына саяхат», "Қоянға көмектесейік!", «Миға шабуыл», "Түсіндіре отырып, жасап көрсет", "Өзара оқыту", "Джигсо" әдісі арқылы интерактивті тақтада берілген тапсырмалар бойынша жауап алу негізінде әр тақырып пен тапсырмалар арасында жүйелі байланыс орнатылғандықтан тақырыпты оқушылардың дұрыс меңгеруіне септігін тигізді. Әрбір тапсырманы сабаққа деген мотивациясы төмен оқушыларда өзбетінше оқып, түсіндіру жұмыстары әрбір топ ішінде жүзеге асып жатты. Белгіленген уақыт аяқталғанда әр топ өздері орындаған тапсырманы басқа топтағы оқушыларға түсіндіріп топ аралық өзара оқыту орын алды. Өзара бір-бірін оқыту барысында оқушылардың бойында жауапкершілік сезімі оянып, өзіндік реттелуі көрініс тапты. Мұндай әдiстер мінезі тұйық келетін, өзінің ойлаған ойын жетік түрде түсiндіре алмайтын, өзіне сенімсiздеу, нақты түйінін жасауда жасқаншақтық байқалатын оқушыларға пайдасы зор екеніне көзім жетті.
Жалпы оқушылардың қабылдауы мен бiлiм деңгейі әр түрлi болғандықтан, олармен жұмыс жүргiзу тәсiлдерi де әр түрлі болуы керек. Оқытудың жаңа әдiс-тәсiлдері оқушылардың өздігiнен бірлесiп жұмыс істеуіне, бір-бірі үшін жауапкершілікті сезінуге, бір-бірінің еңбегін бағалай бiлуге, өзара сыйласым мен үйлесiмдiлiкке, өзіндік реттелуге дағдыландырады.
Іс-әрекеттегі зерттеу нәтижесіндегі А, В, С оқушылардың өсу деңгейі туралы мәліметтерді төмендегі кесте бойынша жинақтадым:
А оқушының жұмысын В оқушының сыныптасын С оқушының сыныптасын
"Екі жұлдыз, бір тілек" әдісімен өздері құрған критерий критерий арқылы бағалау сәті
бағалағаны бағалау сәті
Сабағымда мен барлық оқушымен жұмыс жасауға тырыстым. Тапсырма бере отырып топтағы барлық оқушының қатысуын бақыладым. Формативті бағалауды пайдалана отырып, бағалаудың критерийлерлерін өздеріне құрғызып, бір-бірінің жұмысын бағалаттым. Бұл тапсырмадан байқағаным, оқушылар критейлерді түсініп құрып шықты. Оқушылар екі критерий енгізіп бағалап шықты. Бірақ критерийлер саны үшеуден кем болмауын алдын ала айтып кетуім керек екенін түсіндім.
Балалардың дизайн мен анимация, дыбыс, видео кірістіріп, PowerPoint-та әзірлеген жобалары жақсы шықты. Оқушылар өзара бір-бірін оқыта отырып, төрт сабақтың ішінде үлкен жетістікке жетті деп айта аламын. Кері байланысты бұрын сұрақ қою арқылы ауызша жүргізсем, бұл тәжірибе кезінде рефлексия парағына жаздырдым.
А оқушының рефлексиясы В оқушының рефлексиясы
"А" деңгейлі оқушымның жұмысы, өзінің алғырлығы, өзіне деген сенімділігі мені таң қалдырды. "В" деңгейлі оқушым да өз жұмыстарын жоғары деңгейде орындап шықты. Оның жасаған рефлексиясынан "тапсырма қиын болса да, орындай алдым" делінген. "С" оқушы да орындай алғанын, өзіне аздап сенімді екенін, келесі сабаққа дайындық жасайтынын жазғанынан оқушылардың бойынан өзгерістердің айқын көрініп тұрғанын байқадым.
Бұл кезде әрі оқушылар сабаққа түгел атсалысады, әрі өз ойын барлық оқушы еркін айтады. Мұнда балалар тең дәрежеде, еркін түрде өз ойын ашық жазғанын рефлексияларын оқи отырып көз жеткіздім. Тізбектелген сабақтардың алғашқы сабақтарында, көпшілік оқушы сабақ қызықты өтті десе, соңғы сабақта сабақтың қай кезеңі ұнады, қалай жасағанда сабақ қызықты болар еді деген пікірлер жазуы, оқушыға кері байланыс ұнағанын білдім. Бұрын жазбаша кері байланыс болмағандықтан алғашқыда қалай пікір жазуды түсінбесе де, соңғы сабақтарда өз ойларын ашық білдірді, кері байланыс жасауға дағдыланды. Арнайы рефлексия парағына жазылған ой-пікірлерінен оқушылардың өзіне деген сенімділігінің артқанын, өз іс-әрекетін бақылай алуын және қандай әдістер арқылы жеңе алатынын түсінгендігін байқадым. Яғни, оқушылар рефлексия жасауға дағдыланды. Бірінші сабақтың өзінде ақ, оқушылардың өздерінің әр тапсырмадан кейін баға алуы арқылы, өзінің қандай деңгейде екенін бағалай алғанын рефлексияларынан байқауға болады. Оның қорытындысына мониторинг жасап, сабақты қалай меңгергенін көруге болады.
С оқушының рефлексия жасау сәті С оқушының рефлексиясы
2 сабақ барысында С оқушының бойындағы өзгерісті төмендегі суреттерден көруге болады. Бұл өзгерістен мен өзімді "рефлексиялаушы агент" ретінде жұмыс істей отырып, С оқушының тапсырманы түсінуінің дамуын қамтамасыз еткенімді аңғардым. С оқушыны бақылай отырып, тапсырманы орындау барысында сыныптасына үйретіп жатқандығының куәсі болдым.
С оқушыға менің қолдауым қажет болды С оқушы сыныптасына үйрету сәті
(тапсырманы бастау кезі) (тапсырманы орындау барысында)
Сабақтар топтамасы аяқталған соң мен сынып оқушыларымен әңгімелестім. Әңгімелесу барысында мынадай сұрақтарды қойдым.
«Бүгінгі сабақ ұнады ма? » деген сұраққа 3 оқушыда "әрине ұнады" деп жауап берді.
"Қай жерлері ұнады?" деген сауалға "С" деңгейдегі оқушы топқа тәттілермен бөлінген сәттің ұнағанын айтты. "А" оқушы өзіне психологиялық тренингтің әсер еткенін, сыныптастарына да әсер еткенін айтты."В" оқушы маған тапсырманы түсіндіре отырып, жасап көрсету тапсырмасының ұнағанын айтты.
"С" оқушы маған оқулықпен ізденіп, жұмыс жасаған ұнады. Себебі, басқа топқа қонаққа барған кезде ұялып қалмау үшін, жауапкершілікпен дайындалғанын айтты.
"А" оқушы компьютермен слайдқа сурет кірістіріп, оны жандандыру үшін анимация қоюды үйренгенін, осыдан мультфильмдер жасаса болатынын айтты. "В" оқушы алдыңғы сабақтарда жасаған жұмыстарымызды дайын критерийлер бойынша бағалағанын, осы сабақта критерийлерді өздері құрып бағалау жүргізгенін айтып өтті.
«Бағалау әділ өтті деп ойлайсыз ба? Неліктен?» деген сұраққа «В» деңгейдегі оқушы бағалау жұмысы әділ өтті, себебі біз ашық бағалау жүргіздік деп жауап берді.
«Сабақтың ең ұтымды жері қандай болды?» - деген сауалға «А» оқушы топ мүшелерінің бірін-бірі бағалауы, - деп жауап берген.
"Осы төрт сабақ барысында үйренген біліміңіз болашақта керек болады деп ойлайсыз ба? Неге? деген сауалға "В" оқушы жарнама жасауға, өз ғылыми жобаларымды қорғау кезіндеғ студент болғанда керек болады,- деп жауап берді. Ал осы сауалға "А" оқушы бұл бағдарламаны меңгеру нәтижесінде мультфильм жасауға, тестік тапсырмалар жасауға болады,- деді.
Әңгімелесу барысында оқушылардың сабаққа белсенділікпен қатысуы, бағалауды тиімді жүргізілгені, оқушылардың бойында өзіндік реттелгені көрінді.
Жалпы іс-әрекетегі зерттеуді SWОT анализ бойынша талдайтын болсам:
S-күшті жақтары
Блум таксономиясы деңгейлері бойынша өткен бұл сабақта оқушы түгел жұмыстанды. Оқушылардың белсендi түрде топпен жұмыс жасауы. АКТ-мен жақсы жұмыс жасауы. Оқушылардың ашық сұрақтарға тиімді жауап беруі. Оқулықтан тапсырманы өзбетінше оқып, өзара үйренуі. Бұрынғы дәстүрлі сабақтарда көбіне дайындалып келген, жаңа тақырыпқа араласа алмай, өз қабілетін көрсете алмайтын бірнеше оқушылардың да белсенділігі арта түсуі. Өзіне деген сенімділігінің артуы. Өздерін, өз сыныптасын әділ бағалауға дағдылануы. Өзіндік реттелуі. Барлық оқушы өздерінің де, өзгенің де ашық түрде бағалануы барысында ешқандай түсініспеушілік туындамауы. Мұғалімге барлық оқушыны бағалауға мүмкіндіктің ашылуы.
W-Әлсіз тұстары
Бағалау критерийлерін оқушылардың өздеріне құрғызған кезде, екі критерийден құрып өзара бағалау жүргізді. Критерийлер саны үштен кем болмауы керек екенін ескертуді ұмытып кеткенім өзімнің жіберген қателігім.
О-мүмкіндіктері
Оқушылардың бағалау критерийлерін өздері құрып, өзара бағалауды жүргізуі. Оқушылар баға үшін емес, білім үшін оқу керектігін түсініп, қайсы тапсырмадан қандай көрсеткіш көрсеткенін өзінің біліп, соны түзетуге ұмтылуы. Рефлексия жазғанынан олардың өзіндік реттелгенінің көрініс табуы.
Т-қауіптері.
Бағалауды үнемі түрлендіріп, өзгертіп отырмасақ оқушылардың жалығуы да мүмкін.
Бұл - менiң iс-әрекеттi зерттеуде бiр модульдi қолдану арқылы атқарған жұмысымның нәтижесi. Алдағы уақытта жаңаша оқытудың түрлі әдiс- тәсiлiн меңгерiп, құзiреттi тұлғаны қалыптастыру жолында талмай iзденiп жүрiп еңбек ету– менiң басты ұстанымым болмақ.
IV бөлім. Іс-әрекеттегі зерттеу жүргізу үдерісіндегі шектеулер және бұдан кейінгі іс-тәжірибеге жасайтын ықпалы
Қорыта айтқанда, бұл әрекеттегі зерттеу кезінде мен тәжірибелік тұрғыдан өте көп нәрсе үйрендім. Іс-әрекеттегі зерттеуді – мектебімізде алдағы уақытта біртіндеп жүзеге асырылатын үлкен өзгерістердің баспалдағы деп түсіндім.Іс-әрекеттегі зерттеу жүргізу барысында жоспарланған өзгерістер енгізілді.
Іс-әрекеттерді зерттеу жүргізу барысында А,В,С оқушылар туралы деректерді жинақтай алдым. Оларды екінші бөлімде жүйелеп ұсынуға тырыстым. Бір бейне камерамен бейнежазбаға түсіру барысында, нақ сол сәттерді суретке түсіруге мүмкіндік болмады. Суреттерді бейнежазбадан қиып алып, бұл мәселенің де шешімін таптым. Қолданылған әдіс-тәсілдер оқушылардың бойындағы өзгерістерді жинақтауда тиімді болды деп айта ламын.
Мектептегі іс-әрекеттегі зерттеу жұмысымда қол жеткізген нәтижелерім:
Ал өзіндік реттелгеннен кейін кейбір танылмай жүрген оқушылар жақсы қырларынан көрінді. Мысалы, ұяң оқушылар өз пікірін білдіріп, түсінбеген сұрағын топ мүшелерінен сұрап үйренді. Оқушылардың өз ойларын еркін айтуға, бірлесіп ынтымақтастықта, бір-біріне көмектесіп жұмыс жасуға мүмкіндік берді. Кейбір оқушылар жаңа идеяларды ұсынды. Қалыптастырушы бағалауды енгізгеннен кейін, әрбір оқушы берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қарады.
Қалыптастырушы бағалау арқылы өзінің қандай деңгейде екенін түсінетіні, қайткенде алға жылжитынын анықтай алатыны, оқушылардың жаңа материалды толық меңгеретініне, пәнге қызығушылықтарынын пайда болатынына, өзін-өзі реттей алатынына көзім жетті.
Сабақта оқушыларға формативті баға бергенде, балалар оған қуанып, оқуға деген қызығушылығы пайда болды. Сабақты саяхат түрінде өткізуде және сабақтың соңында рефлексия жасағанда өзіне деген сенімдерінің артуы көрініс берді. Балалардың бір-біріне көмектесуі, олардың арасында сыйластық қарым-қатынас пайда болуы, информатика пәнін оқытуда қызығушылықтарының пайда болуы менің де көңіліме қуаныш ұялатты.
Егер мен тағы бұл тәжірибені қайталар болсам, нені өзгертер едім:
Бiлiм алуға жауапкершiлiкпен қарау, сыни ойлауға бағыттау, өз ойы мен пiкiрлерлерін айту, оқушының баға үшін емес, білім үшін оқуға дағдыландыру. Алған бағаларына қарай өзінің қай деңгейде екенін, алға жылжу үшін, өзінің не істеу керек екендігін анықтай отырып, өзіндік реттелуін қалыптастыру мақсатында өзiмнiң таңдаған тақырыбым бойынша жұмысты жалғастырамын деген ойдамын. Бағдарлама бойынша мектептегі мұғалімдерге және ата-аналарға бағалау туралы коучинг сабақтарын өткізіп, олардың да бағалауға деген көзқарастарын өзгертуге ықпал етсем деген ойдамын.
Іс-әрекеттегі жұмысымды қорытындылай келе, мұғалім тарапынан жоғары талап қойылып, оқушылардың бойында жоғары дағды қалыптастырылуы қажет деп ойлаймын. Іс-әрекеттерді зерттеу барысында оқушылардың белгілі бір іс-әрекетті орындау кезінде оған толығымен берілетін ішкі уәжін оята алдым деп ойлаймын. Оқушылардың бойынан еркіндік, қуаныш, өзінің жасаған жұмыстарына деген толық қанағаттанушылықты, өзіне деген сенімді байқадым. Оқушылармның бойынан кейбір қажеттіліктерді, соның бірі уақыт пен аштықты елемейтін күйін, яғни Михай Чиксентмихай енгізген "Ағын" пайда болғанын көруге болатынын байқадым. Ал, өзімнің бойыма қадағалау, бақылау, көре білу, бағыт беру, кері байланыс орнату, дұрыс сұрақ қоя білу, жауабын төзімділікпен тыңдай білу, оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату сияқты қасиеттерді жинақтай алдым. Болашақ ұрпаққа жаңаша бiлiмді өз бетінше алуға бағыттау, өзіндік реттелуге ықпал жасау - менiң ең басты мақсатым деп түсінемін.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген