жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Сабақ бойынша рефлексивті есеп
Тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша рефлексивтік есеп
Сабақ – білім беру процесін ұйымдастырудың формасы. Әрбір сабақ оқушының жаңа бір білімді білуімен қатар, өзіне тың жаңа бір мәлімет үйренуіне мүмкіндік туғызады. Менің тәжірибемдегі бірінші сабағым қазақ тілі пәнінен 7-сынып бойынша «Зат есімнің сөйлемдегі қызметі» тақырыбы болды. Өзімнің орта мерзімді жоспарымды құру барысында нақты мақсатымды айқындап алып, мақсатыма сәйкес осы сабағымның қандай бағытта және қандай қадамдар бойынша жүзеге асырылатынын анықтап алдым. Бұл менің өтілетін сабағымдағы нақты көзделген мақсаттарға байланысты іс-әрекеттерім мен осыған сәйкес нәтижемді айқын бағдарлап алуыма көмектесті.
Орта мерзімді жоспарымдағы оқып-үйренудің негізгі мақсаттары, оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, оқып-үйренудің нәтижесі, үйрену мақсатындағы бағаны қоса бағалау, бәрін қоса есептегенде (дарынды балалар), негізгі дерек көздері бөлімінде көрсетілген мақсат, әдіс-тәсіл және нәтижелеріме сәйкес қысқа мерзімді жоспарымды жасап шықтым. Осыған орай менің алдымда біріншіден, негізгі дерек көздерін пайдалана отырып, жеті модуль аясында оқушыға тиімді түрде білім мазмұнын меңгерту мақсаты тұрды. Соған сәйкес оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, әдіс-тәсілдер мен тапсырмалар таңдап, сабағыма қажетті көрнекіліктер, яғни таратпалар, жұмыс парағы, суреттер, топтастыруға арналған элементтер, сабақ барысына арналған таныстырылымдарды дайындап алдым. Екіншіден, қысқа мерзімді жоспарымда көрсетілген әрбір қадамыма сәйкес сабақ барысын дұрыс жүргізу міндеті тұрса, үшіншіден, оқушылармен кері байланыс орнату мақсатында сабағымның нәтижесіне жетуім қажет болды.
Әдетте, дәстүрлі сабақ беруге бейімделген мен үшін бағдарламаның «Бетпе-бет» кезеңінен бастап, сабақ берудің бұл жаңа формасын түсіну және игеру тың нәрсе болды. Бірақ, кейін уақыт өте келе бағдарламаның мазмұны мен идеясын түсінгеннен кейін бұл жаңа формадағы сабақтың оқушы білімін шыңдап, нәтижесін айқын бағдарлауыма көмектесетінін білдім. Еңбегімнің жемісін айқын бағдарлап отыруыма көрсеткіш болатынын байқадым.
Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» стиль арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сондықтан механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту немесе емтихан аяқталған соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде тиімді пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалан білуін қамтамасыз ету. [1,6]
Сабақ барысын жоспарлауда курстың негізгі мақсаты ретінде оқушыны сыни тұрғыдан ойлантуға жаңа тәсілдерді пайдалана отырып жетуге ұмтылдым. Бұл оқушылардың дәстүрлі сабақтағыдай оқушыға дайын мәлімет ұсынбай, оның өзінің ізденуіне, ойлана отырып пайымдауына мүмкіндік берді. Бұдан шығатын қорытынды «Мұғалімге арналған нұсқаулықта» көрсетілгендей, сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге ойластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі. Мен үшін де аталған қағидалар мектептегі тәжірибем барысында негіз болды.
Сабақ барысында «Зат есімнің сөйлемдегі қызметі» тақырыбында негізгі мақсатымды Блум таксономиясы бойынша алып, нәтижесінде оқушы зат есімнің сөйлем мүшелерінің барлық қызметін атқаратынын білді, зат есімнің сөйлемдегі қызметін түсінді, зат есімді сөйлемде қолдануға үйренді. Сабақ барысында сабақ әдісінің 5 түрі түсіндірмелі, иллюстративті, көрнекілік, сөздік, эвристикалық әдістер қолданылды. Осы әдістерге сәйкес түрлі тәсілдер арқылы оқушы сабақ барысында зат есімнің сөйлемдегі қызметін түсініп, талдауды меңгерді. Сабақ кезеңдері қысқа мерзімді жоспарымда 4 бөлімде көрініс тапты: кіріспе, тұсаукесер, негізгі бөлім және қорытынды. Менің бұрынғы сабақтарда құратын жоспарыммен кіріспе бөлімі ұйымдастыру, өтілген тақырыпты қайталау бөлімімен, тұсаукесер кезеңі жаңа тақырыпты меңгерту бөлімімен, негізгі бөлім жаңа тақырыпты бекіту бөлімімен және қорытынды бөлім мұғалімнің сабақты қорытындылау бөлімімен сәйкес келетінін байқадым. Бұл жаңа формада өткізген сабағымда жоспарыма сәйкес сабағым бұрынғыдай көбіне менің түсіндіруіммен емес, оқушыларды бағыттай отырып, олардың өздерінің іс-әрекеттеріне негізделді және тек өзімнің көшбасшылығыммен сабақ барысы жүргізіліп мақсатыма жетуіме ұмтылдым. Менің бірінші сабағымды құрудағы қателігім, алғашқы сабағымды Блум таксономиясы бойынша жұмыс парағын құруым, тапсырмаларды күрделі етіп ұйымдастыруым, оқушылардың мүмкіншілігін дұрыс ескермегенім болды. Олардың тапсырмаларды баяу орындауы уақыт жетіспеушілігіне әкелді. Менің алғашқы сабағымдағы бұл кемшілігім келесі сабақтарыма сабақ болды.
Сабақ барысында кіріспе бөлімде оқушының назарын өзіме аударып, ойын шоғырландыруға тиіс болдым. Осы мақсатта психологиялық дайындық жүргізіп, оқушы назарын сабаққа аударып алдым. Мұндай тәсіл арқылы оқушылар бұрын-соңды мұндай тренингтер сабақ барысында күнделікті қолданылмағандықтан, сабақта тосыннан нендей қызық мәлімет үйренер екенбіз деген ой туындады. Психологиялық тренингтен кейін мен үшін Винсент Шолиер еңбегінде аталғандай «Оқушыларды қалай топтастырамын?» деген сұрақ тұрды. Оқушыларды топқа бөлуде мен оқушының қандай тақырып көлемінде сабақ өтілетінін байқауына, олардың сыни ойлауына мүмкіндік туғыздым. Осы мақсатта жеміс-жидек суреттерін алуды ұйғардым. Сол арқылы оқушыларды басқара отырып, алма, шие, өрік, алмұрт, жүзім суреттеріне қарай топтаса отыруын тапсырдым. Менің байқағаным, алғашқы сабақ болған соң, топтастыруда оқушылардың тосырқай қарап, шашыраңқы топтасуы, жылдам орналаспауы көп уақыт кетіп қалуына әкелді. Мен келесі жағдайда топқа бөлуде басқаша әрекет жасаймын деп түйдім.
Кіріспе бөлімде топқа бөлгеннен кейін оқушыларды жұмыс парағымен таныстырып, бірінші қадам бойынша тест тапсырмаларын орындату болды. Жұмыс парағымен жұмыс барысының интереактивті тақтада көрсетілуі оқушылардың жұмыс бағытын айқындап отыруына көмектесті. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімдерін байқауда жеңіл тест тапсырмаларын алып, тест нәтижесін оқушылар дешифретормен жылдам тексеру арқылы бағалап шықты. Алған бағасын жұмыс парағына қойып шықты. Бұл оқушының өзін-өзі бағалауына, өз білім деңгейін өзі анықтауына мүмкіндік берді. Осы арқылы білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау модулі көрініс тапты. «Мұғалімге арналған нұсқаулықта» айтылғандай бағалаудың мақсаты әр мұғалімнің бағалауды қандай мақсатта және кім үшін, қалай өткізу керек екендігі туралы түсінігіне негізделеді. Мен де өз сабағымда оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімдерін өздері бағалауына мүмкіндік бердім. Жұмыс парағын алудағы мақсатым оқушылардың пән бойынша білім деңгейін жеке дара анықтап алу еді. Мен үшін жұмыс парағын пайдалану тиімді болды, бірақ тақырыпқа берілген мәліметтің күрделілігі мен оқушылардың тапсырмаларды баяу орындауы өзім жоспарлаған уақыт аясының жетіспей жатқандығын байқатты. Мен келешек жұмыс парағын жасауда өзім тәжірибе барысында пайдаланған жұмыс парағын өзге де бағытта дамытуды ойладым.
Тұсаукесер кезеңінде оқушылар ББҮ кестесін толтыру, Жигсо әдісі бойынша мәтінді игеру, даналық ағашының алмасы тапсырмаларын орындау міндет болды. Осы арқылы оқушылар ББҮ кестесіне зат есім туралы бұрыннан білгендерін және білгісі келетіндері туралы қысқаша жазып шығу арқылы ойларын білдірді. Жигсо әдісі арқылы оқушылар оқулықтағы сөйлемнің мүшелеріне қатысты қысқаша мәтінді бөліп алып, оқу арқылы топта талқылады. Осы арқылы оқушылар сыни тұрғыдан ойлау арқылы топта зерттеушілік әңгіме құра отырып, бір-біріне сұрақ қоя отырып тақырыпты талдады. Өйткені мәтінді игеру мақсатында берілген даналық ағашының тапсырмасында берілген сөйлемдер арқылы әр топ зат есімнің сөйлемдегі қызметін өздері анықтап байқауы тиіс болды. Бұл тапсырамадан да оқушының сыни ойлауын, бұрынғы біліміне сәйкес ережені өздері қорытуын көздедім. Осы арқылы сын тұрғысынан ойлау модулін жүзеге асыруды мақсат тұттым. Бұдан кейін интереактивті тақтада сөйлемнің дұрыс талдауын көрсетіп, оқушылардың өз қателерін өздері байқауына, осы арқылы өзім әр топқа «екі жұлдыз, бір ұсыныс» бағалауын жүргіздім. Нұсқаулық бойынша сыни тұрғыдан ойлау бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталатындығын ескерсек, Жигсо әдісі арқылы берілген мәтінді әрбір оқушы талдап, өз ой елегінен өткізу арқылы топ мүшелеріне жеткізуі әрбір оқушының ойлауын, сөйлеу мәдениетін дамытты деп ойлаймын. Ал, оқушының сөйлемді топ мүшелерімен бірге талдауы арқылы топтық әңгіме өрбіп, сабақ барысында қолданылуы тиіс жаңа тәсіл диалогтың бір түрі дамығанын көруге болады. Мерсердің атап көрсеткен әңгіменің үш түрі әңгіме-дебат, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме түрлері оқушының бір-бірімен диалогқа түсу арқылы қарым-қатынас орнатып, жаңа материалды бірге игеруіне жағдай туғызды.
Сабақ барысында негізгі бөлімде игерген білімдерінің нәтижесін байқауға мүмкіндік туды. Осы мақсатта оқушылардың білім деңгейін анықтау үшін сабақ барысында Блум таксономиясының негізінде тапсырмалар құрдым. Білу, түсіну, қолдану деңгейінде оқулықтағы жаттығудағы мәтін негізінде тапсырмаларды орындады. Мәтіннен зат есімді тауып, құрамына, сөйлемдегі қызметіне қарай талдау жасады. Тапсырманы құруда оқушылардың білу деңгейінде барлығы, түсіну деңгейінде көпшілігі, қолдану деңгейінде кейбіреуі міндет болды. Жұмыс парағын зерттеп талдау нәтижесінде оқушылар өздері игерген білімдері негізінде әр оқушы өз мүмкіншілігіне қарай тапсырмаларды орындап шықты. Жұптар тақтадағы дұрыс жауаппен салыстырып, бірін-бірі бағалады. Талдау деңгейіне сәйкестендіру тапсырмасы, қолдану деңгейіне эссе жазу, ал бағалау деңгейіне зат есімнің сөйлемдегі қызметіне тірек-cызба жазу тапсырылды. Бірақ, талдау, қолдану деңгейіндегі тапсырмаларды кейбір оқушылар орындаса, бағалау деңгейіне ешқандай оқушы жетпеді. Блум таксономиясының мақсатына сәйкес оқушылардың деңгейін анықтаумен қатар, сыныптағы дарынды балаларды байқау болған еді. Дегенмен, сыныпта тапсырмаларды толық дұрыс орындаған мұндай деңгейдегі оқушылар байқалмады.
Қорытынды бөлімде оқушылар ББҮ кестесінің «үйрендім» деген бөлігін, жұмыс парағының соңына сабақ рефлексиясын «ұнады, қиын болды, тілегім» кестелері бойынша жазып шықты. Жұмыс парағындағы оқушылардың рефлексиясы, ББҮ кестесі арқылы оқушылардың сабақ барысында игерген білімдерін байқап, келесі сабағымда осы бағытта жұмыс жасауды көздедім. Сабақ барысында орын алған кемшіліктерді келесі сабағымда түзеуге, сабақ нәтижесі негізінде жұмыс жасауға бағытталдым. Бірінші сабағым барысында өзімнің көптеген кемшіліктер жібергенімді, дұрыс жоспарламағанымды, оқушының мүмкіншілігін ескермегенімді байқадым.
Бұрынғы дәстүрлі сабағымызда оқушыларға білім мазмұнын түсіндіріп кете берсек, бұл тәжірибе барысында мен әрбір сабағым соңында «Сабағым қалай өтті? Сабақтың сәтті не сәтсіз өткенін қалай білемін? Оқушылар сабақ соңында нені үйренді және нені жасай алады? Оқушыларды толықтай бағалау процесіне қалай қатыстыра аламын? Келесі сабағымда оқыту талаптарын қалай орындаймын?» деген сияқты сұрақтарға жауап беруге тырыстым. Осындай өз-өзімді реттеу арқылы есеп беріп, әрбір сабағымның нәтижелі болуына қадам жасадым.
«Зат есімнің сөйлемдегі қызметі» тақырыбына өткізілген алғашқы сабағыма жоғарыда аталған сұрақтарға былайша жауап бердім. Осы арқылы өз сабағымның мақсаты мен нәтижесін бағамдадым.
Сабағым қалай өтті? Сабағым жалпы жоспарға сәйкес, мақсатта белгіленген нәтижені көздей отырып, жүйелі өтті. Оқушылар әрбір тапсырманы өз біліміне сәйкес орындауға талпынды.
Сабақтың сәтті не сәтсіз өткенін қалай білемін? Сабағымда оқушылардың өзін-өзі бағалауға үйренуі, тапсырмаларды өз бетімен жүйелі орындауға ұмтылуы, топта жұмыс істеуі, тақырыпты өзін-өзі басқара отырып үйренуі сәтті өтсе, уақыттың жетіспеуі, уақыт аясына дұрыс топтастыра алммауым сәтсіздігім деп ойлаймын. Алғашқы сабақ болған соң өзімде де тосырқау болғанын мойындаймын.
Оқушылар сабақ соңында нені үйренді және нені жасай алады? Оқушылар сабақ мақсатындағы сөйлем мүшелерінің сөйлемдегі өзіндік қызметін, сұрағын біле отырып, осыған сәйкес зат есімнің сөйлемдегі қызметіне талдау жасауды үйренді. Зат есімді сөйлемде түрлендіріп қолдануды меңгерді.
Оқушыларды толықтай бағалау процесіне қалай қатыстыра аламын? Кейінгі сабақтарымда бағалаудың түрлерін жүйелі пайдаланып, оқушылардың өзін-өзі бағалауына, жұпта, топта бағалауына, өзіндік пікірін білдіруіне үйретуім керек деп ойладым.
Келесі сабағымда оқыту талаптарын қалай орындаймын? Келесі сабақтарымда мен үшін жүйелілік, нақтылық, анықтылық қажет екенін білдім. Жеті модуль аясында сабақ жоспарын дұрыс құру, формативті бағалауды жүйелі пайдалану, тапсырмалар жүйесін дұрыс таңдауды мақсат тұттым.
Қорыта келгенде, мұғалім үшін сабақ шығармашылық жұмыс. Шығармашылық жұмысының субъектісі оқушы болса, объектісі сабақ дер едім. Мен әрбір оқушының болашақ өміріне қадамындағы біліміне жауапты болғаннан кейін өзімнің әрбір сабағыма да жауапкершгілікті болуым тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да осы курсты білімімді жетілдіруді мақсат еттім. «Көш жүре түзелер» деп қазақ айтқандай, кемшіліктерді тәжірибе барысында алдағы уақытта да жөндеп отырамын деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012
2) ИсаевС., Қосымова Г. Қазақ тілі Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық 3-басылым Алматы, 2012 – 208 бет
3) РахметоваС. Қазақ тілін оқыту методикасы А, Ана тілі, 1991
4) «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2007ж, № 7

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген