15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
«Шағын жинақталған мектеп жағдайында математика бойынша білім беру процесін ұйымдастыру»
«ЖББ Ұзынкөл орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
ТАҚЫРЫБЫ:
«Шағын жинақталған мектеп жағдайында математика бойынша білім беру процесін ұйымдастыру»
/тамыз кеңесі/
К.Г.Габдуллина – математика пәнінің мұғалімі
Елімізде білім беру жүйесін жетілдіруде маңызды қадамдар жасалуда. Ондағы мақсат – қоғамға орасан зор проблема тудырып отырған жаһандану мен жаңғыртудың әсерінен түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан әлемде оқушыларды серіктестікте жұмыс істей алуға, мәдениет пен құндылықтарды ескере отырып азаматтық ұстанымында өзгелермен ынтымақтастықта өмір сүруге, өзіндік дербестігі мен ерекшелігін дамытуға дайындау. Бұл мәселе ауылдық жердегі шағын жинақталған мектеп оқушыларын да айналып өтпесі анық. Осы ШЖМ- де білім алған оқушылар күні ертең- ақ қоғам дамуына үлес қосатын ел азаматтарына айналады. ШЖМ ауыл өмірінде алатын орны ерекше, себебі ол білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар ауыл социуымы мәдениетінің дамуына ықпал ететін орта ретінде де маңызды рөл атқарады.
«Шағын жинақталған мектеп - сынып жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретін мектеп», яғни ол балалардың саны аз, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар, біріктірілген сыныптардан тұратын жалпы білім беретін мектеп. Шағын жинақты мектептердің жалпы білім беретін орта мектептерден айырмашылығы - оқушы санының аздығына байланысты бірнеше сыныптардың біріктіріліп оқытылуы. Бірнеше сынып біріктірілгендіктен мұғалімнің апталық жүктемесіне өзгерістер енгізіледі, яғни бір 45 минутта екі немесе үш сыныппен қатар сабақты өткізуге мәжбүр болады. Осыған байланысты мұғалім әр сыныпқа сабақтың белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Сондықтан да мұндай біріктірілген сыныптардағы сабақтарды ұйымдастыру сол мектептердің мұғалімдеріне де, жас мамандарға да қиындық туғызары сөзсіз: екі комплектілі мектепте - екі сынып, ал бір комплектілі мектепте - үш немесе төрт сынып біріктіріліп, бір сыныпты құрайды. Сыныптарды комплектіге біріктіру, оның негізінде сабақ кестесін құру, соған байланысты сабақтың күнтізбелік жоспарын жасау, сабақтың жоспарын жасау, сабақтың уақытын дұрыс пайдалану мәселелері бұндай мектептердің басты мәселесі болып табылады. Егер мектепте барлық балалар саны 15 - тен аспайтын болса, 1 - сынып комплект, 15 - тен жоғары болса 2 немесе 3 - сынып комплект болуы тиіс. Егер де бала санының аздығына байланысты, яғни 5 - тен 15 - ке дейін ғана бала болса онда 1 сынып-комплект - 1, 2, 3, 4 сынып оқушылары бірге оқитын жағдайда тиімді жылжымалы сабақ кестесін жасау керек болады. Мұның барлығы «ҚР Жалпы білім беретін мектептердің қызыметін ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелерінде» (- 2000 ж. №32(6)) анықтап жазылған. ШЖБМ бағдарламасын өз денгейінде орындап шығу қазіргі кездегі көкейкесті мәселелердің бірі, өйткені қойылатын талап негізгі мектептермен бірдей.
Шағын жинақталған мектептің беделін көтеру, педагог мамандары бүгінгі өмірге бейімді және жаңа талапқа сай деңгейде даярлау, сонымен бірге мұндай мектептің жұмысын жақсарту, оқу-тәрбие сапасын көтеру-әлеуметтік-экономикалық әрі педагогикалық мәселе болып табылады.
Шағын жинақталған мектептер негізінен келешегі бұлыңғыр, қазіргі таңда бала санына ғана байланысты ауыл мектептері екені белгілі. Осыған дейін де, қазір де ауылдың шағын мектептері оқу-тәрбие үрдісін іске асыруда күрделі мәселелерге, қиыншылықтарға тап болып отырғаны ешкімге де құпия емес. Әсіресе оқу үрдісіне байланысты шешілмеген, ғылыми жүйелендірілмеген мәселелер толып жатыр. Атап айтсақ, оқу бағдарламасын қазіргі заман талаптарына сай іске асыру.
Алдымен шағын жинақталған мектептердің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталайық:
Бала санының аздығына байланысты жастары сәйкес емес екі түрлі сынып біріктіріледі
Мұғалім 45 минут берілген бір сабақта екі түрлі сыныпқа екі түрлі тақырыпты қамтитын дәріс беруі керек
Сабақтың құрылымы өзгертіледі
Аталмыш мәселелер оқушылардың білімді қабылдауына біршама нұқсан келтіреді. Олай деуімнің себебі бар:
Біріншіден, жас ерекшеліктеріне байланысты оқушылардың даму ерекшеліктері, мінез-құлықтарының қалыптасу мерзімі ескерілмейді. Бір сыныптың оқушылары өте белсенді, өздігінен жұмыс жасаулары қиындық тудыратын болса, келесі сыныптың оқушылары тым селсоқ, немесе ұяң. Мұндай балалар белгілі бір уақыт аралығында үнемі жеке жұмысты қажет етеді. Кейде жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде түрлі сауалдармен кедергі келтіруі мүмкін.
Екіншіден, назары ауып, көңілдерінің бөлінуі. Бір сынып бөлмесінде отырғандықтан, жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде өзіндік тапсырма алып, жұмыс жасап отырған басқа сынып оқушысының еріксіз көңілі бөлініп, назары басқаға ауады. Мұғалім тақта алдында, бар сыныптың назарын өзіне аударатындай қалыпта дауыстап жаңа тақырыптың мазмұнын ашу кезінде қайтіп сыныпта отырған балалардың назары аумайды? Нәтижесінде бала ойын жүйеге келтіре алмай қиналуы мүмкін.
Үшіншіден, үлгерімі төмен оқушылар мұғалім назарынан тыс қалуы ықтимал. Өйткені екі түрлі сыныпқа, екі түрлі тақырып бойынша сабақ беріп тұрған мұғалімнің уақыты шектеулі, ол үй жұмысын тексеріп, оқушының өткен тақырып бойынша нені ұғып, нені ұқпағанын біліп, көмек көрсетіп, жаңа тақырып түсіндіріп, бекіту жұмыстарын өткізіп, бағалап, үй жұмысын түсіндіріп үлгеруі керек емес пе!
Төртіншіден, психологиялық, эмоционалдық қиыншылық. Бір сабаққа біріктірілген екі сыныпта бір үйдің екі баласы оқуы мүмкін. Мұндай жағдайда балалардың бірі психологиялық күйзеліске түсу қаупі бар: нашар оқитын бауырының кемшіліктері, қателері үшін ұялып, үнемі қорқыныш үстінде отыруы мүмкін. Мұндай жағдайда бала өзге түгіл өзінің не оқып, не қойғанын білмей қалары сөзсіз.
Бесіншіден, әртүрлі жастағы екі түрлі сынып-кешендерде жеке пәндерді оқытудың арнайы әдістемесі жоқ және сынып-кешендерде жұмыс істей алатын педагогикалық мамандардың сандық-сапалық тұрғыдан қамтамасыз етілмеген.
Оқушы саны аз сыныптарда сабақ берудің жақсы жақтары да баршылық:
1) Оқушы саны аз сыныптағы әрбір оқушы, оның сабақтағы іс-әрекеті мұғалім назарында болады
2) Әр оқушының дара ерекшеліктері, танымдық қызығушылығы есепке алынады.
3) Жеке тапсырма беруге, тексеруге уақыт жеткілікті
4) Даму деңгейін бақылап отыруға мүмкіндіктер молаяды.
5) Жаңа педагогикалық технологияларды ебін тауып қолдануға болады.
6) Әр оқушымен, қабілетті, үлгерімі төмен оқушымен жеке жұмыстар жүргізу мүмкіндігі;
7) Оқушы тұлға ретінде өзін көрсете алады. Біздер, мұғалімдер үшін әңгімелесу кәсібіміздің басты құралы болып саналғандықтан, оны пайдалану мүмкіндігі мол.
Шағын мектеп мұғалімінің сабақ дайындалу кезінде мұғалім әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тапсырма дайындайды, дәптерлерін тексеруге уақыт аз кетеді. Сонымен қатар оқушылардың сабақтағы белсенділігі артады, ал сабақта белсенділік танытатындардың есте сақтау қабілеті артады, білімді орнықты меңгереді, танымы кеңейеді, шығармашылығы артады. Әрине, шағын жинақталған мектепте әр пәнді оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар, яғни оңтайлы жағы да, қиындығы да бар.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шағын жинақты мектепті білім алушылар контингенті шағын, біріктірілген сынып жиынтықтары және оқыту сабақтарын ұйымдастырудың арнайы формасы бар жалпы білім беретін мектеп ретінде анықтайды.[1] Шағын жинақталған мектептегі мұғалімнің еңбегі шығармашылықты, жауапкершілікті, мейірімділікті және адалдықты, кәсібилікті қажет етеді. Шағын жинақты мектептегі оқу іс-әрекетін ұйымдастыру дамытушы педагогикалық орта құруды талап етеді, оның негізінде әртүрлі жастағы білім алушылардың өзара өнімді іс-қимылдарын және өз білімін жетілдіру идеясын жүзеге асыруға болады. Шағын жинақты мектеп мұғалімдері өзінің білім беру әрекетінде оқушылар жасының әртүрлілігін, кіріктіре оқыту сабақтарын ұйымдастыруды, саралап оқыту тәсілдерін,оқушылардың өздігінен білім алу қабілетін дамытуды және оқу барысында олардың бір- біріне көмектесуі мен ынтымақтастығын басты назарда ұстауы қажет.
Оқу бағдарламасында ортақ тақырыптардың берілуі, үш бөлімді сабақ жоспарының үлгісі біріктірілген сыныптарда біртақырыптық сабақтың өтуіне ыңғайлы жағдай туғызады. Біртақырыптық сабақтың құрылымындағы І Кіріктірілген бөлімде мұғалім «Ой қозғау», «Ашық, жабық сұрақтар» әдістерін, Блум таксономиясындағы ойлау деңгейіне негізделген сұрақтарды қолдану арқылы осы кезеңде оқушының бұрыннан білетін ақпараттарын ойдың бетіне алып шығу, қажеттілігін сезіндіру және өтетін тақырыпқа қызықтыру мақсаттарына қол жеткізеді. Алдымен жеке ойлану,оны жұпта талқылау оқушыда өзіне сенім орнатып, оны «жауабым дұрыс болар ма екен» деген күдіктен арылтады. Сыныпта ынтымақтастық ахуалын қалыптастырып,жағымды психологиялық орта қалыптастыру үшін, оқушылардың арасында өзара қарым- қатынасты нығайтып, олардың өзіне беретін бағасын көтеріп, өзі туралы пікірін жақсарту арқылы табыстылық сезімін ұялату үшін оқушылармен түрлі жаттығулар өткізуге болады ,- делінген Нұсқаулықта.[2]
Жұптық жұмысты ұйымдастырудың маңыздылығы зор болып келеді. Бұл кезеңдегі жүргізілетін жұптық жұмыстарда мұғалім үнемі бірыңғай бір сыныптың оқушыларынан гөрі, екі түрлі сыныптың оқушыларын да жұптауына болады, соның негізінде өзара оқыту, бір- бірінен үйрену, ынтымақтастық жүзеге асады деп ойлаймын.
Шағын жинақты мектептің ерекшелігі – сабақтың барлық кезеңдерінде жүргізілуі мүмкін күн сайынғы білім алушылардың өзіндік жұмысына негізделеді. Бір сабақтағы өзіндік жұмыстар саны реттелмейді. Жаңартылған білім мазмұнына көшу барысында білім алушылардың өз бетінше білім алу қабілеттерін арттыру маңызды орын алады. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, өмір жолын өзі болжай алатын тұлғаны қалыптастыруда өзіндік жұмыстардың құрылымын, мұғалім ізденіске бағыттайтын жетекші позициясын ұстанатын, жүйеленген дамытушылық бағыттағы іс-әрекетке айналдыру қажет.[3] Білім алушылардың өзіндік жұмыстары біртақырыптық сабақ құрылымындағы ІІ кезең Сараланған бөлімде жүзеге асады. Мұғалім мақсатқа жету үшін бұл бөлімде белсенді оқу әдістерін қолданады. Жаңа тақырыпты өз бетімен меңгеру үшін «Түртіп алу», «Өзара оқыту», «ББҮ» т.б. стратегияларын қолдану тиімді болар еді. Осы әдістер арқылы жаңа тақырыпты меңгеру кезінде оқушы алдымен жеке жұмыс істейді, содан кейін істелетін әрекеттер жұптық, топтық жұмыстарға ауыстырылады. Жұмыстың мұндай түрлері оқушылардан өздері тапқан ақпаратты талдау және түсіндіру үшін зерттеу мен жоспарлау дағдыларын қолдануды талап етеді, олар болашақта өз дағдыларын жетілдіру үшін басқа нәтижелерді бақылайды және талдайды. Мысалы, «Түртіп алу» әдісі арқылы тақырыпты өз бетімен меңгеру барысында оқушы белгілермен жұмыс істей отырып, мәтінді бірнеше рет оқиды, бұрын не біледі, жаңадан нені меңгерді, қандай түсінбеген тұстары бар екенін анықтайды, бұл арқылы ақпаратты алдымен жеке талдайды, кестеге түсіру кезінде сұрыптау әрекетін жүзеге асырады, жұпта, топта талдау барысында түсіндіру үшін зерттеу дағдысын қолданады және басқа нәтижелерді бақылап салыстырады. Бұндай белсенді оқу әрекеттерін қамтамасыз ету үшін мұғалім орындайтын негізгі міндеттердің бірі – барлық оқушылардың қатысуын қамтамасыз ететін жағымды оқу ахуалын қалыптастыру жолдарын дамытуы. «Дәстүрлі» оқытуда көп жағдайда сыныптағы оқыту оқушылардың жеке жұмыс істеуіне бағытталып, зерттеу, талқылау әрекетіне оқушылардың аздаған бөлігі ғана қатысады да, кейбіреулері назардан тыс қалып, сыныптағы әңгімеге қатыспайды. Қайталау мен жаттауға негізделген білім тек есте сақтау дәрежесінде болса, конструктивтік білім оқушылардан түсіну қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру, бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді. Ал бұл әрекеттерді жүзеге асыру, соған бағытталған оқыту ортасын құру мұғалімге үлкен міндеттер жүктейді. Оқу үдерісі оқушыға бағытталған идеяны ұстанғандықтан үйрену/ үйрету әрекеттері жан- жақты қарым-қатынастан тұруы керек. Бұл қарым- қатынас «мұғалім-оқушы», «оқушы- оқушы», оқушылардың шағын топтары арасында өтеді. Жағымды оқу ахуалын қалыптастыру оқушылардың әрқайсысымен өзара сыйластық пен сенімге негізделген қарым- қатынас орнату үшін маңызды. Ал осындай қарым- қатынасқа негізделген сабақ үдерісі оқушылардың ынтасын арттырып, оларға жауапкершілік жүктейді, сабақтың өн бойында оқушылардың бірлескен өнімді әрі тиімді жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызады. Курс барысында мұғалімдер «мұғалім», «оқушы» рөлінде отырып жағымды оқу ахуалын қалыптастыру жолдарын тәжірибеге енгізеді.
Орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша оқу үдерісін жоспарлауда, яғни қысқа мерзімді жоспар құруда мұғалімдер міндетті түрде саралау тәсілдерін қолдануды дамытады. Саралау – мұғалімнің оқушылар тобымен жұмыс жасау барысында оқыту процесінің сапасына арналған маңыздылықты ескере отырып оқу процесін ұйымдастыру формасы. Саралау тәсілдерін тиімді жоспарлап, сабақта жүзеге асыру ШЖМ мұғалімдерін үшін маңызды болмақ. Неліктен? Себебі, сыныпта әртүрлі жастағы, қабылдау деңгейі әртүлі оқушы отырады. Әр оқушыны өз мүмкіндігі мен қабілет деңгейіне қарай оқыту, оқытуды әр түрлі оқушылар тобының ерекшелігіне қарай бейімдеу сабақтың нәтижелі өтуіне жеткізетіні сөзсіз. Оқушылардың өзіндік жұмысы кезінде олардың ерекшеліктерін ескеріп, тапсырманы орындаудың алгоритмін, нұсқаулықтар, үлгі жоспарлар, диалог, түрлі жанрдағы мәтіндер құрау үшін жинақтарды, тірек схемаларды,сөздер мен фразаларды ұсыну оқушыларды ынталандыра, оқуға қызықтыра түсіп, өзіне деген сенімін қалыптастырады. Сонымен қатар мұғалім тапсырманы орындау қарқынын( бір оқушыға аз уақыт берілсе, біреуіне көбірек уақыт беру),мұғалімнің қолдау көрсетуі мен сыныптастарының қолдауын да басты назарда ұстағаны тиімді.
Біртақырыптық сабақтардың үшінші кезеңі кіріктірілген бөлімде сабақты қорытындылауға арналған ортақ тапсырмалар берілетін болса, оқыту мен оқуда басты назарда ұстайтын мәселенің бірі – тиімді кері байланыс. Ұсынылған кері байланыстың тиімді болуы немесе оны тиімді, оқушының қызығушылығын, ынтасын, өзіне сенімін жоғалтып алмайтындай етіп ұйымдастыру мұғалім шеберлігіне байланысты. Ықшамсабақтарды жоспарлау мен өткізу кезінде оқушы, мұғалім, бақылаушы рөлдерінде отырып бір- біріне тиімді кері байланыс ұсыну тәжірибелерін жетілдіреді, сонымен қатар өзара бағалау, өзін- өзі бағалау әрекеттерін де жүзеге асырады.
Сабақ соңында мұғалім «Тапсырманы орындау барысында оқушы не істеді, не сезінді?, Қандай тиімді жақтарын байқадым? Қандай күмәнді тұстарды көрдім?» деген сұрақтар төңірегінде ойын жинақтайды. «Әдістерді қалай қолдандым?» деген сұрақ төңірегінде рефлесия жасайды. «Мұғалімдер белсенді оқу стратегияларын қай жерде, қалай тиімді қолдануға болатындығы туралы ойлануы тиіс»,- делінген.[4]
Мұғалімдер білуге тиіс негізгі үш құжат бар: оқу бағдарламасы, оқу жоспары, критериалды бағалауға арналған басшылық. Осы үш құжатты бір- бірімен байланыстыратын нәрсе – оқу мақсаттары. Оны білудің қандай артықшылығы бар? Сабақты жоспарлау кезінде мұғалім осы құжаттарды қолдануы және қай құжаттан нені басшылыққа алатынын анықтай алуы тиіс
- шағын жинақты мектептерде сабақтарын жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес жоспарланады;
- белсенді оқудың маңыздылығын, өз оқушыларының ерекшелігі мен мүмкіндігін ескеріп әдіс-тәсілдерді пайдаланады;
- қалыптастырушы және жиынтық бағалауды, кері байланыс берудің тиімді қолданады
Әдебиеттер тізімі
2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерешеліктері туралы Әдістемелік нұсқау хат, Астана, 2017 281,282-бет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағыҰлттық білім академиясы
Мұғалімге арналған нұсқаулық (екінші басылым) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016 33,34-бет
Ж.Қ.Астамбаева, Г.И.Уәйісова, Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы: Алматы, 2010.
Баймолдаев Т.М. және т.б. Шағын жинақталған мектептерде пәндерді оқытуда жаңа педагогикалық әдістерді пайдалану жолдары. (Әдістемелік нұсқау). – Алматы, 2002.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген