Материалдар / Шебер қолдар

Шебер қолдар

Материал туралы қысқаша түсінік
«Шебер қолдар» курсы жұмысы арқылы оқушылардың шығармашылық жұмыспен айналысуына ықпал ете отырып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді, мәдени мұраларымызды, сәндік-қолданбалы өнерімізді жаңартуға баулу, көркем сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жобалау және жасау әдіс-тәсілдерін үйрету
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

Т Ү С І Н І К Х А Т


«Шебер қолдар» курсы жұмысы арқылы оқушылардың шығармашылық жұмыспен айналысуына ықпал ете отырып, ұмыт болып бара жатқан  салт-дәстүрімізді, мәдени мұраларымызды, сәндік-қолданбалы өнерімізді жаңартуға баулу, көркем сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жобалау және жасау әдіс-тәсілдерін үйрету.


Мақсаты:

1. Оқушыларды өздігінен ізденіп, ұмыт болып бара жатқан өнерді қайта жандандырып, оның шығу тарихын, қалай пайда болғанын түсініп ғана қоймай, оларды өз қолдарымен жасап, сәндік-қолданбалы өнерді қайта жаңартуға, оған жаңа мазмұн беруге баулу.

2. Әр оқушының дара ерекшеліктерін нақтылай отырып, оқушылардың бейнелі ойлай білу, өз ойларын өнер туындысына айналдыра білу, шығармашылық, жаңашылдық мүмкіндіктерін дамыту.

3. Баланың бойындағы қабілет пен дарынды зерттеу және дамытуарқылы тиянақтылыққа, табандылыққа тәрбиелей отырып, бастаған ісін аяқтап шығуға дағдыландыру.


Міндеттері:

1. Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыруға, материалдарды үнемді пайдалана білуге, еңбек мәдениеті мен еңбекті қорғаудың бастапқы элементтерін меңгертуге бағыттау.

2. Баланың бейнелі ойлау, өз ойын сурет, сұлба, сызбалар мен жазықтыққа шығара білу қабілеттерін қалыптастыру.

3. Бұйым жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін, технологиясын пайдалануды игерту арқылы оқушылардың шеберлігін арттыру.


Күтілетін нәтиже:

Оқушылар халық қолөнерін игеру арқылы халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге дағдыланады. Өз бетінше ізденіп, білімдерін практикамен ұштастырады.


Пән аралық кіріктіру: еңбек


Уақыт көлемі:  34 сағат, аптасына 1 сағат


Курсты ұйымдастыру формасы: топтық және ойната оқыту


Оқыту жетістігін бағалау жүйесі: «игерді», «игермеді»


Оқытуды аяқтау формасы: қорытындылау

 

 

  «Шебер қолдар» таңдау курсының күнтізбелік-тақырыптық

Ж О С П А Р Ы


р/с

Сабақтың тақырыбы

Сағат саны

Мерзімі

1

Ағаш өңдеу және ағаштан бұйымдар жасау технологиясы

1

06.09

2-3

Ағаштан бұйым жасау

2

13.09-20.09

4

Ағаштан телефон қойғыш бұйымын жасау

1

27.09

5-6

Қатырғы қағаздан қорап жасау

2

04.10-11.10

7-8

Қағаздан гүл жасау

2

18.10-25.10

9

Аппликация туралы түсінік

1

08.11

10-11

Гүлдер мен жапырақтардан құрамақтар жасау

2

15.11-22.11

12

Мозаика туралы түсінік

1

29.11

13-14

Ұсақ тастардан мозаика құрастыру

2

06.12-13.12

15

Ермексаз туралы түсінік

1

20.12

16-17

Ермексаздан бұйым жасау

2

27.12-10.01

18-19

Қалдық матадан жұмсақ ойыншықтар тігу

2

17.01-24.01

20

Сүт қорабынан бұйымдар жасау

1

31.01

21

Желіммен жұмыс жасау

1

07.02

22-23

Натюрморт өнерімен танысу, натюрморт салуды үйрену

2

14.02-21.02

24-25

Папье-маше әдісімен ыдыс аяқ жасау

2

28.02-07.03

26-27

Ашық хаттар жасау

2

14.03-20.03

28

Оригами өнері

1

04.04

29

Оригами жасаудың түрлері мен тәсілдері

1

11.04

30-31

Оригами әдісімен бұйымдар жасау

2

18.04-25.04

32

Ою-өрнек туралы түсінік

1

02.05

33-34

Ою-өрнек үлгілерін жасау

2

16.05-23.05











Күні:____________


Тақырыбы: Ағаш өңдеу және ағаштан бұйымдар жасау

технологиясы


Сабақтың мақсаты: Ағаштан бұйым жасау технологиясымен таныстыру.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ағаш өңдеу – адамның ең көне қолөнерінің бірі, қазірдің өзінде маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Біздің айналамызда барлық жерде ағаш материалдарынан жасалған бұйымдар кездеседі:

- әдемі және ыңғайлы жиһаз;

- үйдің едендері, терезелері мен есіктері;

- жеңіл планерлер, майысқақ шаңғылар және хоккей таяқшалары;

- автокөлік кузовтары, әуе және мұхит лайнерлерінің қаптамалары;

- әуенді музыкалық аспаптар;

- әртүрлі ғимараттар мен құрылыстардың қаңқасы мен қаптамалары және т.б.

Ағаш өңдеу бойынша инженер-технологтың заманауи деңгейі тек жақсы теориялық дайындықты ғана емес, отандық және шетелдік өндірістік технологиялар бойынша терең білімді, өз өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін қарастырады.

Бұл салада арнайы мамандарды даярлаудың мақсаты – ағаштың қасиеттерін, механикалық өңдеу және әрлеу әдістерін, әртүрлі өндіріс жабдықтарын ретімен оқытып үйрете отырып, ағаш өңдеу саласында ағаш шикізатын тиімді және кешенді пайдалануды алдын ала қарастыратын, технологиялық үрдістерді жоспарлауды және жобалауды, өнімді өңдеу мен өндірудің алдыңғы қатарлы жаңа тәсілдерін дәйектей білетін білікті мамандар қалыптастыру.

Қазақстанның барлық қалаларында ағаштан бұйымдар өндіретін бөлімшелер мен цехтар кіретін өнеркәсіптің әртүрлі салалары бойынша кәсіпорындар кездеседі. Сондықтан, елдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, ағаш өңдеу мамандарына деген қажеттілік, іс жүзінде азаймайды.

Заманауи заводтардың құрылысы, автоматтандырылған желілердің, сандық бағдарламалармен басқарылатын станоктардың кеңінен енгізілуі, заманауи ресурс үнемдеуші және экологиялық таза технологияларды қолдану ағаш өңдеу маманы жоғары талаптар қояды. Ағаш өңдеу саласының маманы келесі орындарда жұмыс жасайды:

- аралау өндірісі (ағаш тақтай материалдарын өндіру);

- ағаш өңдеу өндірісі (фанера, жасанды ағаш тақталық және композиттік материалдар өндіру);

- жиһаз өндірісі (асүйлік, қонақ бөлмелік, жатын бөлмелік, балалар, кеңсе, мектеп, жұмсақ жиһаздар және жиһаздың басқа түрлерін өндіру);

- ұсталық ағаш бұйымдары өндірісі (терезе және есік блоктарын, паркет өнімдерні және т.б. өндіру)

- спорттық жабдықтар өндірісі;

- машина жасау, металлургия және т.б. кәсіпорындардың ағаш өңдеу цехтарында.


ІІІ. Қорытынды






























Күні:____________


Тақырыбы: Ағаштан бұйым жасау


Сабақтың мақсаты: Ағаштан бұйым жасау, ұлттық ағаш бұйымдардың

шығу тарихымен таныстыру.

Оқушыларды еңбекке баулу, ұлттық қол өнерге үйрету, ұлтын, отанын сүйюге тәрбиелеу.

Оқушылардың икемділігін, іскерлігін, шеберлігін жетілдіру.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Қазақ халқының өмірінде ежелден бері ағаштан жасалатын үй бұйымдарының алатын орны ерекше. Көшпелі мал шаруашылығымен немесе жартылый отырықшылдыққа ауысып, егінмен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысына қажетті ағаштан жасалған бұйымдардың түрі сан алуан.

Мысалға киіз үй сүйегі (ағаш), адалбақан (киім ілгіш) ат ерлері, ағаш төсек, ыдыстар (астау, табақ, тегене тостаған, қасық, ожау), күбі, ағаш шелек, келі-келсап және де үй жиһаздары – сандық, кебеже, жүн аяқ сынды заттарды пайдаланған. Қазіргі заман талабына сай бұл бұйымдардың көбі қолданыстан шығып музейлерде тұр. Бүгінгі сабақта біз ағаштан, қалдық материалдардан бұйым жасап үйренеміз.


Сұрақтар:


1. Көне үй жиһаздарын ата.

2. Ағаш өңдеу құралдары.

3. Сәндеу, әрлеу жұмыстары дегеніміз не?

4. Қазіргі заман талабына сай ағаштан жасалған қандай үй жиһаздарын білесіндер?

5. Қазақстанда орманды аймақ қайда?


Қажетті материалдар:


1. Босаған қалдық жәшік ағаштары

2. Желім

3. 10 мм шеге

4. Жону, тазалау, кесу құралдары


Бұйым жасау:


1. Материалға бұйым бөлшектерінің суретін сызу.

2. Сызба бойынша кесу

3. Болшектерді біріктіру, желемдеу

4. Бұйымды тазалау, әрлеу жұмыстары.

Оқушылар ата-бабамыздан келе жатқан ағашты өңдеу технологиясымен бұйым жасау әдістерін меңгердік. Енді сендердің жасаған ағаш бұйымдарының бөлшектерін құрастыру әдістерін келесі сабақта тексеріп бағалаймыз. Бұйымдарды салытырмалы түрде өзіндік құндарын бағалау қажет.


ІІІ. Қорытынды






























Күні:____________


Тақырыбы: Ағаштан телефон қойғыш бұйымын жасау


Сабақтың мақсаты: Ағаштан телефон қойғыш бұйымын жасап үйрету.

Оқушыларды еңбекке баулу, ұлттық қол өнерге үйрету, ұлтын, отанын сүйюге тәрбиелеу.

Оқушылардың икемділігін, іскерлігін, шеберлігін жетілдіру.



Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ағаш – табиғаттың тамаша туындысы. Ағаш табиғатта өте жие кездесетін өсімдіктердің бірі болғандықтан, адам өміріне тигізер пайдасы көп, алар орны да бөлек. Сондықтан болар, біз ағашты күнделікті өмірде жиі пайдаланамыз. Күнделікті тұрмыстағы қолданылатын заттардың көбісін осы ағаштан жасаймыз.

Халық шеберлері, ұсталары ағаштан тек үй тұрмысына қажетті бұйымдарды ғана жасап қоймай, оларды әшекейлеуді, безендіруді, көркемдеп қашауды, ағаш бетінде нақышты өрнектер салуды шебер меңгерген. Өнердің бұл түрімен ата-бабаларымыз сонау көне дәуірден бастап айналысқан. Емен, қайың, терек ағаштары тұрмыста кеңінен пайдаланылса, қызыл қайыңды жақсы табиғи суреттері болғандықтан үй мүліктерін жасауға қолданған.

- Оқушылар ағаштан қандай бұйым жасаймыз?

Оқушылар бүгінгі сабағымызда телефон қойғыш жасау жолдарымен танысамыз. Бұл бұйымның да жалпы пішінін ұлттық қолөнері элементтерін пайдаланып әрі қазіргі дизайнға сәйкес жасақтаймыз. Телефон қондырғысының негізі 15-20 мм-лік қалыңдықтағы бүтін ағаштан құралады. Немесе оны ДСП кесіндісінен де жасауға болады. Телефон қондырғысының негізін әртүрлі ілмекте немесе арнаулы орынға қойылатын, т. б. әдіспен өзгертуге болады.


Техникалық қауіпсіздік ережесін қайталау:


- Берілген операциялар кезегін бақылай отырып, тек мұғалім тапсырған жұмыстарды орындауы тиіс.

- Тек жарамды аспаптармен жұмыс істеп, өз орнымен қолдануы тиіс.

- Жұмыс орнынан жаңқа мен ұнтақтарды арнайы щеткамен тазалауы тиіс.

- Жұмыс істеу кезегін бақылап, жұмыс істеушіге кедергі жасамауы тиіс.

- Жұмыс кезінде сөйлесіп, бөтен істермен айналыспауы тиіс.

- Сабақ соңында жұмыс орның тазалап, бұйым мен аспаптарды мұғалімге өткізуі тиіс.

- Барлық еңбек қауіпсіздік ережесі бұзылу және жарақат алу жағдайында тез арада мұғалімге хабарлауы тиіс.


Сабақты бекіту:


- Тұрмыста кеңінен қолданылатын ағаштар?

- Үй мүліктерін жасауға қолданылатын ағаш түрі?

- Ағаштан қандай бұйымдар жасауға болады?


ІІІ. Қорытынды





























Күні:____________


Тақырыбы: Қатырғы қағаздан қорап жасау


Сабақтың мақсаты: Қатырғы қағаздан қорап жасауды үйрету.

Оқушыларды өз бетінше жұмыс жасауға баулу, құралдармен жұмыс жасауға икемділігін дамыту, қызығушылығын ояту.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


  1. Қағазды неден жасайды?


Қағаз ағаштан, қамыстан, сабаннан ескі қағазды затты өңдеу арқылы жасалады. Осылардың ішінде қағаз жасау үшін көп ағаш пайдаланады. Ол үшін арнайы құралмен үгіндіге айналдырады. Оған су қосып шылайды. Одан кейін осы қоспаны тұз қышқылы немесе арнайы ағартқышпен ағартып, үгіндіні әбден майдалайды. Енді қағаз мықты болып әрі жазған кезде сия жайылып кетпес үшін желім қосады. Сөйтіп қоспа әбден дайын болғанда арнайы құрал арқылы әртүрлі қалыңдатады, жұқалайды, кептіреді. Екі бетін үккіштен өткізіп, тазалап, әбден тегістейді. Әртүрлі көлемді орама жасайды немесе әртүрлі пішінде кесіп тұтынушыға жолдайды.


  1. Қағаздың қандай түрлерін білесің? Оларды не үшін қолданады?


Жазуға арналған қағаздар, сурет салуға арналған қағаздар, ақ қағаздар, орауға арналған қағаздар, түрлі-түсті қағаздар, қатырма қағаздар.


  1. Қағаздың қандай қасиеттері бар?


Қағаз – адам қолымен жасалатын материал. Оның өзіне тән қасиеттері бар. Әртүрлі бұйымдар жасаған кезде біз оның қасиеттерін білуіміз керек. Жыртылады, бүктеледі, иіледі, умаждалады, жанады, қиылады.


  1. Жай қағазбен қатырғы қағаздың қандай айырмашылығы бар?


Жай қағаз жұқа, жұмсақ болып келеді, қатырма қағаз берік болады. Умаждалмайды.


5. Қатырма қағаздан жасалатын бұйымдарды ата.


Кітап мұқабалары, папкалар, дәрі-дәрмек қораптары, азық-түлік қораптары


  1. Қағаздың адам өміріндегі маңыздылығы?


Біз қазір өмірімізде қағазсыз елестете алмаймыз. Күнделікті өмірде тіршілігімізде ең көп қолданатын заттардың бірі осы қағаз, дәптер, кітап, газет-журналдар болып табылады.


Зауытта және арнайы шеберханада қатырғы қағаздан қорап жасап шығарады. Ол қораптардың қарапайым және көркемделген түрі бар. Қораптарды әртүрлі көлемде дайындайды. Қораптың көлемі оған салынатын затқа байланысты болады.

Қорапты үйде, өндірісте, медицинада, сауда саласында көп пайдаланады. Қорапқа зат, азық-түлік, дәрі-дәрмек, техника бөлшектерін салады, сақтайды. Сондықтан қорапты пайдалану мақсатына қарай тіктөртбұрыш, шаршы, текше, жұмыр (цилиндр) пішінінде жасайды. Мысалы, сіріңкенің қорабы тіктөртбұрыш пішінді қораптар тобына жатады.


Жұмыстың орындалу реті:


  • Сызбаны пайдаланып, қатырма қағазға белгі сал.

  • Желімнің орнын белгіле.

  • Қораптың бүгілетін бөліктеріне желім жағып, біріктір.

  • Дайын қорап. Өз қалауың бойынша сәнде.


Қауіпсіздік ережесі:


  • Еңбек сабағына арналған ұшы доғал қайшыны пайдалан.

  • Қайшының ұшын жоғары қаратып ұстама.

  • Қайшыны ашық күйінде қалдырма.

  • Екінші адамға қайшыны сабы жағымен ұсын.

  • Қайшымен қию кезінде жүрме, жолдасыңа жақындама.

  • Жұмыс соңында қайшыны қабына салып қой.



ІІІ. Қорытынды






Күні:____________


Тақырыбы: Қағаздан гүл жасау


Сабақтың мақсаты: Қағаздан гүл жасауды үйрету, оқушыларды

ұқыптылыққа, өз орнының тазалығын, техникалық қауіпсіздік ережесін сақтауға тәрбиелеу.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


- Оқушылар, қазір біз түрлі-түсті қағаздан гүл жасаймыз. Әрқайсымыз гүлдер туралы не білеміз, гүл сөзін естігенде ойымызға не келеді, соны айтайық. (Қуаныш, көтеріңкі көңіл күй, туған күн, аналар мерекесі, сұлулық, қызыл-жасыл түстер, той мерекелер).

1. Қандай гүлдердің атын білесіңдер?

2. Гүлдердің өсетін орындарын айт.

3. Гүлдер қалай көбейеді?

4. Гүлдер немен қоректенеді? т.б.

Мағынаны тану (түсіне білу)

Мәтін оқушыларға таратылып беріледі.


Лалагүлдер қызғалдағы


Жабайы түрде тек Қазақстанның оңтүстігінде және Өзбекстан мен Қырғызстанның шектесетін жерлерінде өссе де әлемге таныс. Бұл гүл сәуірдің басынан маусымның басына дейін гүлдейді. Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген. Бұл гүлді жинауға, пиязшықтарын қазуға тыйым салынған. Ол қолда жақсы өседі. Пиязшығының құрамында қант бар, бұрын тағамға пайдаланған. Бұны халық медицинасында бас және өкпе ауруларына қарсы ем ретінде пайдаланған.


- Оқушылар, біз енді берілген гүл жасаудың ретін басшылыққа ала отырып, гүл құрылысын қарастырамыз. Гүл құрылысын жүйелі жасап шығу үшін жасалу технологиясын 4 кезеңге бөліп, 4 түрлі жұмыс жасаймыз.

1. Гүл басы (қызыл қағаздан)

2. Гүл ортасы (пиязшық)

3. Сабағы (жасыл қағаздан)

4. Жапырағы (жасыл қағаздан)

Жасалған жұмыс топтастырылып, сабаққа жапырағы, гүлі, гүл ортасы желіммен жапсырылады.

Басқа да гүл жасау тәсілдері:

Picture 4

Picture 1 Picture 7 Picture 13

Әр оқушы ұтымды шығармашылығына, жұмыс жасау қабілетіне қарай бағаланады.


ІІІ. Қорытынды









Күні:____________


Тақырыбы: Аппликация туралы түсінік


Сабақтың мақсаты: Оқушыларды аппликация ұғымымен таныстыру.

Аппликацияны бейнелеуге қажетті құралдармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдерімен таныстырып, бейнелеу іс-әрекеттерін меңгеруге баулу.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


«Аппликация» атауы латынның «жабыстыру», «қиыстыру» деген сөзінен шыққан. Аппликацияны қолданылатын материалына қарай үшке бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі – түрлі қағаздармен орындалатын аппликация.

Екіншісі – әр түрлі мата, киіз, тері, шүберек, т. б. қолданумен орындалатын аппликация.

Үшіншісі – табиғи материал (сабан, ши, қамыс т. б.) қолдану арқылы орындалатын аппликация.

Сурет түрінде орындалған аппликация түрі біздің заманымызға дейінгі ертеректе Греция өнерінде пайда болған. Ал әр түрлі мата материалдарында орындалған аппликация түрі XVI ғасырда Италия мен Испанияда, XVII ғасырда Германия мен Францияда пайда болған. Аппликацияның силуэттік түрде орындалуы XVIII-XIX ғ. Россияда жақсы дамыды. Аппликацияның қай халық өнерінде болса да алатын орны ерекше. Әсіресе қолданбалы өнерде көп қолданылады.

Аппликация Қазақстанда да жақсы дамыған. Қазақ халқының ақ, қара киіз арқылы оюлап жасаған сырмағының өзі – аппликацияның бір түрі. Әсіресе ұлттық киімдерді ою-өрнекпен әшекейлеуде аппликация озық үлгіде дәріптеледі.

Сәндік аппликация түрлері қорап қағаздарды, открыткаларды безендіруде қолданылады. Сәндік аппликациямен қабырға газеттерді, альбом, папкаларды да безендіреді. Сәндік аппликация үлгісімен әр түрлі түсті қағаздардан гүлдердің алуан түрін жасауға болады. Сәндік өрнектік аппликацияны төртбұрыш, үшбұрыш, шеңбер ішінде ою-өрнектерден үйлестіріп орындауға болады.

Сюжеттік аппликация түрінде әр түрлі мазмұнда тапсырмалар орындаудың маңызы ерекше. Өйткені еркін, әр түрлі тақырыпта жасалған аппликация оқушылардың дербес ойлауына және шығармашылық жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады.


Жасалу жолдары:


a) Орындалатын суретті түрлі түсті қағаз бетіне қарындашпен салып, қайшымен ойып алу;

ә) Ойылған қиынды кескіндерді қағаз бетіне желімдемес бұрын, үйлестіріп қойып, орындарын қарындашпен белгілеп алу;

б) Әрбір қиындыны нөмірлеп, рет бойынша белгіленген орынға желімдеу.


ІІІ. Қорытынды

































Күні:____________


Тақырыбы: Гүлдер мен жапырақтардан құрамақтар жасау


Сабақтың мақсаты: Гүлдер мен жапырақтардан құрамақтар жасауды

үйрету, Оқушының бейнелі ойлау, қол икемділі қабілеттерін қалыптастырып, жетілдіру. Түс жарасымдылығын, композициялық шешімін табуға баулу.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Бүгінгі өтілетін тақырып бойынша гүлдер мен жапырақтардан ғажайып құрамақтар жасаймыз.


Жасалу жолы: Гүлдерді алып, жапырақтармен бірге ғажайып құрамақтар жасау.


Берілген суреттерге қарап құрамақтар жасау:

Picture 16





1. Алдымен жұқалау қатырма қағазды дайындаймыз.

2. Гүлдердің қалдықтары мен жарамсыз жапырақтары жинап, ретімен орналастырып оның үстіне қағаздан ғажайып құрамақтар жасаймыз.


ІІІ. Қорытынды









Күні:____________


Тақырыбы: Мозаика туралы түсінік


Сабақтың мақсаты: Мозаика туралы түсінік беру, оқушылардың өнерге

деген қызығушылығын арттыру


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Picture 1


















Мозаика – байырғы өнер саласының бірі. Ол шыны немесе жылтыр тас, қыш тақта секілді бұйымдардың сынықтарынан құрастырылған сурет түрі. Ежелгі Мысыр перғауындары заманында патшаның маскалары, тақ орындықтар мен жерге дейін асыл тастар сынықтарынан құрастырылып жасалған. Тіпті Тутанхамонның мүрдесін ашу барысында бөлмедегі тақтың асыл тастар сынығымен әшекейленгені мәлім болды.

Түркістан қаласында тұрғызылған Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мозаика кеңінен пайдаланылған. Қазақстанда монументті сән өнерінің қанат жаюымен байланысты XX ғасырдың 60-70 жылдары мозаика кеңінен қолданыла бастады. Техникалық орындалуы тұрғысынан сәтті туындылар қатарына М.Кенбаев пен Н.В. Цивгинскийдің «Қазақстан кинотеатры фойесі» (1971, Мәскеу), Е.М. Сидоркин мен Г.И. Дандерфердің «Алматы музыкалық колледжі үйіндегі бедерлі мозаика» (1969-1970), М. Кенбаевтың «Қазақстан» дүкені алдындағы, С. Қаракөзовтың Алматы эстрада-цирк колледжіндегі мозаика туындыларын жатқызуға болады.

Бүгінде барлық елдерде кеңінен таралған бұл өнер дамып, шарықтау шегіне жетіп отыр. Қала көшелері мен ауланы мозаикалау тіпті сәнге айналып бар жатыр.



ІІІ. Қорытынды





































Күні:____________


Тақырыбы: Ұсақ тастан мозаика құрастыру


Сабақтың мақсаты: Ұсақ тастан мозаика құрастыруды үйрету


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ұсақ тастардан не жасауға болады?

Ұсақ тастардан бақтағы кішкене жолдарды, есік алдындағы ауланы, тротуар жолдарды безендіруге болады.


Ұсақ тастардан мозаика құрастыру реті:


  1. Тастарды көлемі мен түсіне қарай сұрыптап, қораптарға сал.


  1. Дөңгелек қатырма қағазға бір қабат (0,5-1 см) ермексаз төсе.


  1. Ермексазды теңдей етіп, сегіз бөлікке бөл.

Қалып үлгіні пайдалануға болады.


4.Үлкендеу жұмыр тасты дәл ортасына орналастыруға болады.


5.Әр сызық бойына ақ тас түйіршіктерін батырып тізіп шық.

Жиегін көмкеретін орын қалдыр.


  1. Сызықтар аралығын ұсақ тастармен толтыр.


  1. Жиегінде қалдырылған орынға ірірек тасты айналдыра тізіп шық.


  1. Мозаика негізі-ермексаз. Ермексаздың жиектен шыққан артығын кескішпен алып таста.


Жұмыстар мұғалімнің басшылығымен жасалады.






Picture 4 Picture 7 Суретте көрсетілген мозаикаларды жасау:


ІІІ. Қорытынды



Күні:____________


Тақырыбы: Ермексаз туралы түсінік


Сабақтың мақсаты: Ермексаз туралы мәлімет беру, өнерге деген

қызығушылығын арттыру

Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ермексаз – мүсіндеу үшін арналған шикізат. Ол тазаланып және ұнтақталған саз ұнтағына балауыз, церезин, май және басқа да құрғап қалудан сақтайтын заттардың қосылуы арқылы жасалады. Ол әр түрлі түстерге боялады. Оны 1897 жылы Англяның өнер мектебінің оқытушысы студенттері мүсін жасау кезінде кеуіп қалмайтын материал ретінде жасап шығарды. Патент 1899 жылы алынып, ермесказ 1900 жылдан бастап өндірісте шығарыла бастады. Бастапқыда оның түсі сұр болатын, кейін төрт түсті етіп жасалды. Ермексаз мүсіндеу үшін өте ыңғайлы, қолға жабыспайды. Балалар қолдануына өте қолайлы.


Ермексаздан мысық жасау:



Мысық мүсінін жасау үшін ермексаздың үш түрін біріктіреміз.

Үш түрлі ермексазды жұмсартып, илеп, үш бөлікке бөлеміз.

1 - ші бөлігі үлкен болсын. Ол денесі болады.

2 - ші бөлігі орташа, ол басы мен құйрығына кетеді.

3 - ші бөлігі төрт аяғына кетеді.

Мүсіндеуді денесінен бастаймыз.

- Алдымен дөңгелектеп шар жасаймыз.

- Содан кейін сұқ саусақпен шардың ортасынан басамыз.

- Міне денесі дайын болды.

- Екінші бөліктен бас болатындай бөліп алып, дөңгелетіп бас пішінін шығарамыз.

Үш саусақтың көмегімен тұмсығын шымшып созамыз.

Екі құлағын да осы әдіспен шығарамыз.

Басы да дайын болды.

Үшінші бөліктен мысықтың аяқтарын созамыз. Аяғы төртеу. Сондықтан бөлікті тең төртке бөліп созып, жарты доға етіп иеміз.

Аяқтары да дайын. Қалған кесек ермексаздан құйрығын созамыз.

Жасалған мүшелерді бір-бірімен біріктіреміз.

- Алдымен денесі мен басын, содан кейін аяқтарын, құйрығын біріктіреміз. Біріккен жерлерді саусақ ұшымен тегістейміз.

Саусақтарыңды сулап отыруды ұмытпа. Енді мысығымызды әрлеу ғана қалды. Оған көз және мұртша жапсырамыз.


ІІІ. Қорытынды



























Күні:____________


Тақырыбы: Ермексаздан бұйым жасау


Сабақтың мақсаты: Ермексаздан бұйым жасауды үйрету, өнерге деген

қызығушылығын арттыру

Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Алдыңғы сабақта өткен материалдарды қамти отырып, берілген суреттерге қарап ермексаздан мүсіндер жасау.




ІІІ. Қорытынды

Күні:____________


Тақырыбы: Қалдық матадан жұмсақ ойыншықтар тігу


Сабақтың мақсаты: Қолөнер түрін толық меңгере отырып, үлгі бойынша

жұмыс істей білуге үйрету, оқушыларды шеберлікке, еңбек сүйгіштікке, үнемділікке тәрбиелеу.


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


«Ақ қонжық» үлгісін жасау


Суретте жалпы ақ қонжықтың пішіні көрсетілген. Ақ қонжық – ақ аюдың қонжығы.

Қалдық матадан жасалған «ақ қонжық» жұмсақ ойыншық ретінде балалардың ойнауына арналған. Оны барлық балалар мен ересектер де ұнатады. Әдемі тігілген ойыншық кімді де қызықтырмай қоймайды. Сондықтан бұл жолы ақ қонжықтың үлгі сызбасын қағазға түсіру арқылы қалдық матадан жасаймыз.

  • Ақ қонжықтың денесін аяқ-қолдарын қағаз бетіне түсіреміз.

  • Содан кейін үлгіні қалдық матаға салып жекелеген дене мүшелерін қиямыз.

  • Көлемін үлгідегі мөлшерден бірер есе үлкейтіңкіреп алу керек. Оларды бірін-біріне тіккенде, ішкі бетінен кішкене тығыздық салуға келетін тесік қалдырамыз.

  • Тығыздыққа мақта немесе паралон салуға болады.

  • Осылайша әрбір дене пішімін келтіріп аламыз.

  • Енді ақ қонжықтың көздерін моншақпен қондырып немесе жылтыр түйме тағып сәндеуге болады.

Сұрақтар:

1. Ақ қонжық жасауға қандай материал қажет?

2. Негізгі әшекейлік бөлшектерді қалай дайындаймыз?

3. Үлгідегі бөлшектерді қалай біріктіреміз?

4. Жасалған ақ қонжықты не мақсатқа пайдаланамыз.


Суретке қарап басқа да бұйымдар жасау:


Picture 37


Picture 40


ІІІ. Қорытынды

Күні:____________


Тақырыбы: Сүт қорабынан бұйымдар жасау


Сабақтың мақсаты: Сүт қорабынан бұйымдар жасауды үйрету


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Picture 46


  • Бүгінгі сабағымызда қатырма қағаздан қалам-қарындаш және ұсақ түйек заттар салып қоятын қорап жасаймыз.

  • Бірнеше сүт қорабын жуып, тазалап, кептіреді.

  • Үш қораптың ұзындығын әртүрлі етіп түзулеп қиямыз.

  • Ал қалған үш қорап қысқа етіп қиғаш кесіледі.

  • Қораптардың сыртын түрлі-түсті қағазбен, жылтыр қағазбен қаптаса ерекше әсем көрінеді.

  • Оларды желімдеп, біріктіреді. Сонда қалам салғыш құламайды, ішіндегі заттары да шашылмайды. Биік қораптарға қалам-қарындаш, қайшы, сызғыш сияқты құралдарды салып қоюға болады.

  • Ал аласа қораптар қыстырғыш, өшіргіш және басқа ұсақ түйек заттар салуға қолайлы.

  • Мұндай қораптың сабақ дайындайтын үстел үстінде тұрғаны дұрыс.

Сүт қорабынан басқа да бұйымдар жасау:

Қауіпсіздік ережесі:


  1. Қайшыны тұтқа жағынан бер.

  2. Қағазды қиғанда саусағыңды кесіп алма.

  3. Қайшыны ашық тастама.

  4. Сабақ соңында жұмыс орныңды жина.


Сұрақтар:


Сүт қорабынан тағы қандай заттар жасауға болады?

Жасаған затың ұнады ма?



ІІІ. Қорытынды































Күні:____________


Тақырыбы: Желіммен жұмыс жасау


Сабақтың мақсаты: Желіммен жұмыс жасау техникасымен таныстыру


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Қағаз және қатырма қағаздан нелер жасалады?

Кітап мұқабасы неден жасалады?

Желіммен жұмыс істеу.

Желіммен заттың бір бөлігін екінші бөлігімен біріктіруге болады. Желімді қағазға қыл қаламмен жағады. Заттың бөліктерін желімдеуге желімдегіш қарындаш, ПВА желімін пайдалануға болады.

1. Егер желімдеуге кеңсе желімін пайдалансаңдар, онда желім жағуды бұйымның ортасынан жағу керек.

2. Желімдеген парақтардың үстіне таза парақ салып, екі қолмен тегістеңдер.

3. Жұмыс істеуге үлкен және кішкентай қылқаламдар қажет.


Желімді қалай жасайды, қандай түрлері бар?

Қазақ халқының өмірінде мал шаруашылығының пайдасы, маңызы зор. Ашыққанда ас болған да, шөлдегенде сусын болған да, тоңғанда киім болған да, үй болғанда да – бәрі малдың арқасы. Тіпті қазір сөз еткелі отырған желімнің өзін де халқымыз малдан алған.


Желімдер негізінен екі түрге бөлінеді:

1. Мал өнімінен алынған табиғи желімдер.

2. Синтетикалық, яғни жасанды желім.


Бұрынғы ағаш шеберлері желімді өздері жасаған. Ағаш бөлшектерін өңдеуге мал өнімдерінен жасалған ағаш желімі немесе мал сүйегінен жасалған мөлдір желім, казеин желімі қолданылады.

Табиғи желім. Мал терісінің шелінен де желім жасалады. Суға қоймалжың етіп қайнатылады. Қайнап жатқанда тұз қосуға, әк немесе бор қосуға болады. Бұл желім құрғақ түрде болады, қыздыру арқылы дайындайды.

Ал малдың кепкен майсыз сүйегінен, мүйізі мен тұяғынан сүйек желімін алуға болады. Бұны да алдымен минералды тұздарын жою үшін өңдеп алады. Содан кейін арнаулы ыдыста қайнатады. Осының нәтижесінде қоюланады. Оны қайнатқан кезде үнемі араластырып отыру керек. Бұл желім көбінесе ағаш шикізатын желімдеуге арналған.

Бұдан кейін тоқталатын табиғи желімнің түрі – казеин. Казеин желімі – сүт белоктарынан, яғни майы алынған сүзбеден жасалады. Әуелі сүтті ірітіп, оны қайнатып сүзбе алады, желімнің түсі ашық та, қошқыл да бола береді. Оны сатуға ұнтақ түрінде беріледі. Казеин желімінің бір кемшілігі онымен ағаш бұйымдарын жапсырғанда, түсін өзгертіп, қарайтып жібереді. Сондықтан казеин желімі шыршадан, қайыңнан жасалған бұйымдарды ғана желімдеу керек.

Казеин желімін жасау үшін, сүттен алынған минералды тұз керосин, тотияйын, цемент қоспасы, борды қосып араластырып, белгілі бір ыдысқа суға араластырып қайнатылады. Содан пайда болған қоспаны құрғатып, кептіріп, үгіп-үгіп ұнтақ желім жасайды. Ал, пайдаланарда үй температурасындағыдай суға тұз немесе мүсәтір спиртін қосып араластырады. Ешқандай түйіршік болмау керек, қаймақтың қоюлығындай – ақ, сұрғылттау, күлгіндеу болғанда пайдалануға болады, 3-7 сағатқа дейін тұрса пайдалануға жарамайды. Желімдейтін бұйымды алдын-ала дайындап бірден жағу керек.

Ал енді синтетикалық желімге тоқталатын болсақ, суға төзімді, қара күйе, микробтар бүлдіре алмайды.


Сұрақтар:


1. Желімнің қандай түрлері бар? (табиғи, синтетикалық желім).

2. Мал өнімдерінен алынған желімді не дейді? (табиғи).

3. Табиғи желімдердің түрлері қандай? (шел желім, сүйек желім, казеин).

4. Сүйек желім қалай жасалады?

5. Шел желімі қалай болады?

6. Синтетикалық желім түрлерін ата?

7. Казеин қалай алынады?


ІІІ. Қорытынды












Күні:____________


Тақырыбы: Натюрморт өнерімен танысу, натюрморт салуды

үйрену


Сабақтың мақсаты: Натюрморт өнерін таныстыру, натюрморт салуды

үйрету


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Натюрморт (өлі табиғат) – бейнелеу өнері жанрының бірі, қоршаған ортадағы бір құрылымға топтастырылған түрлі тұрмыстық заттар мен жеміс-жидектерді, өсімдіктер мен тағамдарды бейнелеу.

Натюрморт салу кезінде суретшілер қозғалыссыз заттарды бақылап, зерттей алады. Нәтижесінде көркем туындылар өмірге келеді.

Натюрморттарды тамашалау – аса бір әсерлі сәт. Олардың бірінде суретші заттың пішінін, түсін, материалдың сұлулығын тамашалауға шақырады. Ал екіншісінде заттардың өзі кімге тиесілі екенін айтып тұрғандай. Натюрморттың екі түрі бар:

1. Әдемі, сәнді заттарды бейнелейтін натюрморттар. Мұнда заттар өз сапасын, ерекшелігін көрсетеді.

2. Екіншісі заттарды қолданған адамдар жайында сыр шертетін натюрморттар.

Натюрморт салуды суретші оны құрастырудан бастайды. Ол әр түрлі заттарды таңдап салыстырып, солардың ішінде түр және мазмұны жағынан бір-біріне сәйкес заттарды іріктеп алады. Содан кейін суретші натюрморттың композициясын құруға кіріседі. Заттардың орнын қайта-қайта ауыстырып, ең ұтымды нұсқасын іздей отырып, суретші аса тартымды композицияға қол жеткізеді. Натюрморттағы заттардың орнын неше түрлі құбылтуға болады.


Біз бүгінгі сабақта натюрморттың 4 түрімен таныса отырып, композиция құрастыруды орындаймыз.


Натюрморттың түрлері:

1. Жеміс-жидек топтамасы.

2. Ойыншықтар топтамасы.

3. Оқу құралдарының жиынтығы.

4. Музыкалық аспаптар жиынтығы.


Шығармашылық жұмысы

Picture 1 Оқу құралдарынан натюрморт құрастыру


Picture 10 Жеміс-жидектерденPicture 4 натюрморт құрастыру

Picture 7

ІІІ. Қорытынды

















Күні:____________


Тақырыбы: Папье-маше әдісімен ыдыс аяқ жасау


Сабақтың мақсаты:


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Папье-маше – желім қосылған суға қағазды қатты материал бетіне жапсыру арқылы немесе көлемді зат бейнесін жапсырмалап орындалатын жұмыс. Жұмыс кезінде қағаз, желіммен басқа гипс және басқа да қосымша материалдарды пайдаланады. Папье-маше шамамен жұмысқа керекті үлгіні алу үшін, алдымен сазбалшықтан керекті ыдысымыздың мүсінін жасап алуымыз керек.

Мүсіндерді орындауда әр түрлі ережелер бар. Қалай болса солай сомдамайды. Жануар болсын, адамды болсын сомдағанда, оның өлшемдері, пропорциясы сақталуы керек. Ол заттардың жеке-жеке бөліктерінің арасындағы белгілі бір сәйкестікті білдіреді.

Осыны жетілдіре түсте атақты мүсінші Поликлет өзінің бірінші рет «Пропорциялық заңдылық» еңбегін жазды және бірінші рет бейнелеу өнерінде адамның ішкі пластикалық қимыл-қозғалысын (психологиясын) мінез-құлқын көрсеткен. «Дорифор» мүсінін өмірге келтірді.

Мүсіннің барлық жағынан көрінетін түрін жұмыр мүсін деп атаймыз.

Жазықтық бетінен жартылай шығыңқы түрін бедерлі мүсін деп атаймыз.

Папье-маше – қағаз массасынан желім, гипс араластырылып жасалынған қатты нағыз бұйым. Ол француз тілінен аударғанда «жыртып немесе қиып алынған қағаз» деген мағына білдіреді. Папье-машеден бұйым жасау аса қиын емес, алайда ол ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Материалды кептіру де ұзақ уақытты алады. Папье машеден әр түрлі қобдиша, маска, ойыншықтар жасауға болады. 


Қеректі құрал-жабдықтар:

        1. қағаздар немесе газет;

        2. су;

        3. ұн;

        4. өзіңе ұнаған кез келген ыдыс (шәйнек, кесе);

        5. қайшы. 


Жұмысты орындау әдістемесі:

Picture 13 Picture 16

1. Ыдыс жасауға қажет болатындай газет парағын қиып аламыз. 
2. 50 мл суға 2 ас қасық ұн салып, араластырып, желім дайындап аламыз. 

3. Таңдаған ыдысыңызды төңкеріп қойып, ыдысқа газет қиындылары жабысып қалмау үшін вазелин майын жағамыз. 

4. Газет қиындыларын ұннан жасалған желімге малып, ыдысты айналдыра желімдейміз.

5. Осылайша 4-5 рет қабаттап газет қиындысын жабыстырып, ыдысты бөлме температурасында кептіреміз. 

6. Кепкеннен кейін қағаздан қабатталып жасалған қалыпты ыдыстан түсіріп аламыз. 

7. Дайын ою-өрнекті түсті қағаздан қиып алып желімдейміз немесе акварель бояуымен алуан түрлі гүлдердің суретін салып безендіреміз. 



ІІІ. Қорытынды











Күні:____________


Тақырыбы: Ашық хаттар жасау


Сабақтың мақсаты: Ашық хат туралы мәлімет беру, оқушыларға ашық

хат жасатып үйрету, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ашық хат дегеніміз – мерекеде тілек білдіретін хат. Ең алғашқы ашық хат жүз елу, екі жүз жыл бұрын шыққан. Ашық хаттың түрлері көп. Ашық хат әрбір мерекеге байланысты жазылады. Ашық хатта әр адам өзінің жақсы тілектерін білдіреді. Ашық хатты қолдан жасауға да болады. Ол шын көңілден жасалған, жазылған болуы керек.

Ашық хат әр елде әр түрлі жолмен шыққан. Ағылшындардың айтуы бойынша ең алғаш «Жаңа жылдық» ашық хат 1794 жылы шыққан. Ал Ресейге бастапқыда Германиядан әкелінген. Ресей халқы ең алғаш өз «Жаңа жылдық » ашық хаттарын Петербургте 1898 жылы шығарған.

Енді балалар ашық хат туралы мағлұматты есте сақтап, өз тәжірибемізбен алмасып ашық хат жасап көрейік. Ол үшін бізге қатырма қағаз, желім, қайшы, сызғыш қажет.


Жұмысымызды бастамас бұрын біз түс таңдаймыз.

І топ – көк түс

ІІ топ – сары түс

ІІІ топ – жасыл түс.

Осы 3 топ ашық хатқа терезе жасау үшін 3 түрлі фигура таңдайды.


Ашық хат жасау:

Сызба бойынша қағазды өлшейміз.

Әр топқа берілген үлгілер бойынша ашық хаттар дайындалады.

Ашық хатқа тілек жазу.

Үлгі бойынша жапсырмалап, жұмысымызға кірісеміз.



Picture 19


Picture 22


ІІІ. Қорытынды







Күні:____________


Тақырыбы: Оригами өнері


Сабақтың мақсаты: Оригами өнері, оның шығу тарихы туралы мәлімет

беру, оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеу


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Оригами – қағазды бүктеу арқылы әртүрлі моделдер аңдарды, құстарды, гүлдерді жасауға мүмкіндік беретін жапон өнері.

Ең негізгі жұмыс құралы қағаз болып табылады. Ең негізгі жұмысты атқаратын – ол қол.

Бұл қолмен қағазды бүктеу арқылы әдемі ойыншықтар мен геометриялық фигуралар жасауға арналған сабақ түрі. Жасаған дайын фигураларды сыйға тартуға және қағаздан жасалған ертегі кейіпкерлермен көрініс көрсетуге болады.

Қытайда қағаздың шығуы б.э. дейінгі 105 жыл деп есептейді. Ал 610 жылы жапондықтар өз қағаздарын шығарды, олардың қағаздарының сапасы қытай қағаздарынан алда болды. Алғашқы қағаз фабрикасы 1870 жылы Токиода жасалынды.

Ертеде, Қытайда қағаздарды діни мерекелерде қолданған. Сол себепті алғашқы оригамилар храмдарда кездескені бекер емес. Оригами сөзі "ори" - бүктелген, ал "ками" – қағаз және құдай дегенді білдіреді.

Жапонияда бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа берілетін дәстүрге айналған.

Алғашқы жапон баспасынан шыққан кітап «Сенбадзуру ориката» болып табылады. Кітаптың атының аудармасы «мыңдаған тырналарды қалай бүктейміз» дегенді білдіреді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында оригами жапон шекарасынын шықты. Англия және Америкада оригами бір-бірімен кездесуге мүмкіндік жасады. Ресейде ең ғажап оригами орталығы Мәскеу мен Санк-Петербургте орналасқан.

Оригамидің жаңадан дүниеге келуіне 1945 жыл 6 тамызда болған Хиросима қаласындағы ядролық бомбаның жарылысымен байланысты.

Сол кезде зардап шеккен балалар арасында «егер қағаздан 1000 тырна жасасақ, аурудан жазылып тірі қаламыз» деген аңыз бар. Сол балалардың арасында Садако Сасаки атты қыз бала бар болатын. Тырналарды жасау, ол жазылып кетудің соңғы үміт болатын. Бірақ Садако тек 644 тырна... ғана жасап үлгерді.

Херосимада бомбадан зардап шеккендерді еске алатын Бейбітшілік паркі мен қаза болған балаларға монумент ашылды.

Оригами техникасы бойынша жасалған алғашқы көрме 1931 жылы Токиода болған. Оған жапон шебері Мичио Учияманың қағаздан жасалған бұйымдары қойылған. Кейіндер осындай көрме Мексикада болды.

Балалардың ой-өрісінің дамуы мен тәрбиесіне оригами үлкен роль атқарады. Оригами мидың оң жақ, сол жақ жартышарларының белсенді қызмет жасауына ықпал жасайды, себебі жұмыс бірден екі қолмен атқарылатын болғандықтан, қолдың қимылы бақыланады.


ІІІ. Қорытынды



































Күні:____________


Тақырыбы: Оригами жасаудың түрлері мен тәсілдері


Сабақтың мақсаты: Оригами жасаудың түрлері мен тәсілдерін үйрету


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Оригами әліппесінде белгілермен қоса тәсілдерде де болады. Оларды да игеру керек. Негізгі тәсілдер – бүгу және бүктелеу.

Бүктесін түрлері:

  • Сыртқа аударылған бүктесін

  • Гармошкалы бүктесін

  • Жапырақтар

Бұлар бұйымның бір бөлігін немесе оның бұрышын ішке қарай қайыру үшін қолданылады. Мұнда алдын ала бір емес, екі-үш немесе одан да көп бүктесін жасау керек. Бүктеу өте мұқият орындалады, өйткені болшақ бұйымның қандай болуы оған байланысты болады.

Оригами фигураларының көпшілігінің схемаларында бүктеудің негізгі формаларын көруге болады. Негізгі форма – әу бастан қолданылатын түпкі форма. Негізгі форма әртүрлі болуы мүмкін – квадрат, тікбұрыш, үшбұрыш, тіпті домалақ та.

Негізгі формалардын әрбіреуін жеке-жеке қарастырамыз:

Picture 34



Барлық жағы бірдей (квадрат) бет қағазды алыңыз. Бұл бетті диагональ бойынша бүктеңіз. Пайда болған үшбұрышты оңға қарай «алқап» ретінде бүктеледі. Одан кейін оның жоғарғы бұрышы солға қарай «дөнес» ретінде қайрылады да, аударылады. Нәтижесінде негізгі форма «квадрат» пайда болады.

Негізгі форма «кітап». Ең қарапайым форма. Квадратты қағаз беті екіге бөлініп бүктеледі.

Негізгі форма «есік». Бұл форма кезекпе-кезек жасалады. Қағаздың ортасында орталыңқы сызықты белгілеңіз (қағаз беті қақ бөлініп бүктеледі). Бұл сызық бетті екі тең бөлікке бөледі. Бөліктің әрбіреуі кезекпе-кезек ортасына қарай бүктеледі.

Негізгі форма «үй». Квадрат ортасынан бүктеледі, бет әрбір бүктелуден кейін жазылады. Содан кейін бүйір жақтары, айқындала бастаған, ортаңқы сызыққа қарай бүктеледі. Қағаздың жоғарғы қабаттарын оңға және солға қарай ашады да жапырып тастайды.

Негізгі форма «үшбұрыш». Бұл да ең қарапайым формалардың бірі. Барлық жақтары бірдей қағаз бетін диагоналі бойынша бүктейді.


ІІІ. Қорытынды



























Күні:____________


Тақырыбы: Оригами әдісімен бұйымдар жасау


Сабақтың мақсаты: Оригами әдісімен бұйымдар жасауды үйрету


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Оригами әдісімен бұйымдар жасау жолдары:


Қағазды таңдау. Қиылған суреттерді жасау үшін қатты қағазды, түрлі-түсті картонды қолданған жөн, өйткені жұқа қағаздар кеңселік пышақпен кескен кезде оңай жыртылады. Ұсақ детальдар үшін түрлі-түсті қағаздар келеді. Әрбір композиция үшін негізгі суретке, фонға, безендіру детальдарымен үйлесетін түстерді таңдау қажет.


Суретті көшіру. Қиық суретті жасау үшін шаблон қажет. Одан сурет калькаға түсіріледі. Содан кейін кальканы аударып картон бетіне салу керек. Содан соң сурет кескінін, кескінді картонға түсіру үшін қатты қарандашпен немесе қаламсаппен айналдырып шығарады.


Өрнекті қиып алу. Ішкі детальдарды кеңсе пышағымен қиып алу керек. Неғұрлым өрнек ұсақ болса, соғұрлым пышақтын жүзі өткір болу керек. Алдымен ең ұсақ детальдар пышақпен қиылып алынады, содан соң –ішкі үлкен детальдар қиылады. Аяғында сыртқы кескін жіңішке қайшымен қиылады. Иілістерді қиған кезде бір қолмен қағазды бұрып басқа қолмен қияды. Міндетті түрде кесуге арналған төсеуіште жұмыс істеу керек.


Желімдеу. Сұйық желім қағазды аз былғайды, сондықтан соны қолданған жақсы. Желімдеу кезінде желім шектен тыс шықпау үшін шетінен кішкене бос орын қалдырылады. Ілініп тұрған екіжақты суретте екі жағы да бірдей, сондықтан айна-қатесіз сурет түрінде қиылған формалар фонға екіжақты қағазбен желімденеді.


Бұйымды безендіру. Кейбір бұйымдарға ұсақ гүлдер қажет. Оларды қолмен қиып алуға немесе фигуралық тескішпен жасауға болады. Кей кезде балалардын моншақтарында әртүрлі фигуралар, мысалы, гүлдер түрінде болады. Құс көзін, гүлдердін ортасын ұсақ моншақтан жасауға болады. Кейбір бұйымдарда түрлі-түсті бұйымдар да қолданылады.

Суретпен жұмыс жасау:


Picture 25 Picture 28


ІІІ. Қорытынды







Күні:____________


Тақырыбы: Ою-өрнек туралы түсінік


Сабақтың мақсаты: Ою-өрнек туралы түсінік беру, көне заманнан келе

жатқан ою-өрнектің қыр-сырына мән беру, ұлт өнерін, мәдениетін түсінуге, бағалауға үйрету, қызығушылықтарын арттыру.


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ою-өрнек – әр түрлі заттарды (үй-іші мүліктері, тоқыма бұйымдар, еңбек құралдары, қару-жарақ), архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыштар.

Қазақстан аумағында ою-өрнектің ең қарапайым элементтері Андронов дәуірінен жеткен көне әшекейлерінен байқалады. Мұндай әшекейлер жал, нүкте, ирек тәріздес болып келеді. Ою-өрнек түрлі геометриялық пішіндерден құралып, зерлеу, дәнекерлеу, оймалау, кестелеу, құйма-жапсыру әдістері арқылы жасалады.

Ұлттық ою-өрнек көбіне өзіне тән белгілерінің жүйелерін қазақ халқының қалыптасуымен әрі республиканың қазіргі аумағын мекендеген Азияның басқа да халықтары мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Бұл орта ғасырлық архитектуралық ғимараттардағы көкөніс және геометриялық ою-өрнектерден айқын көрінеді.

Ою-өрнек дәстүрлі тоқыма өнері үлгісінде (гобелен, текемет, алаша, сырмақ), кестеде (киім-кешек, тұрмыстық заттар), ағаш, мүйіз, сүйек, ғаныш, металл мен теріге өрнек салуда қолданылады.

Түрлері:

  • жиектік өрнектер - ою-өрнекті жолақ (фриздер, жиектер т.б.)

  • Өсімдік тектес ою-өрнектер

  • Гүлді өрнектер (шеңбер түріндегі ою-өрнектер, күн белгісі, т.б.)

  • Торлы ою-өрнектер (заттың бетін тұтас жауып тұрады)

  • Геометриялық (әр түрлі геометриялық денелерден құралады)

  • Зооморфтық ою-өрнектер (жануарлар мен жәндіктер т.б.);

  • Көкөніс (өсімдіктердің гүлі, жапырағы, сабағы, және т.б. элементтері).

  • Қиял-ғажайып өрнектері (бойтұмарлар, аспан әлемінің белгісі).


Олардың аса маңызды элементтері: қошқар мүйіз, құс таңдай, түйе табан, үш жапырақты, бес жапырақты, т.б.

Ою-өрнектің геометриялық элементтері: шаршы, ромбы, жұлдызша.

Халық ою-өрнегінің сан алуан түрлері әйел әшекейлерінде (сақина, сырға, бойтұмар, білезік) кездеседі. Ал сәулет өнерінде зооморфтық пен көкөніс өрнектері (сыңар мүйіз, кұсмойын, түлкі бас, арқар мүйіз, т.б.) басым болады.


Ою-өрнек үлгілері:


«Жұлдыз» өрнек геометриялық сынық сызықты тұспалдайды. Жұлдыз бейнесі копмозицияланған ою-өрнектердің ортасында кездеседі.

«Жұлдызгүл» бес бұрыш жасап, гүлмен өрнектеліп, бес тармақтан тұратын гүлді тұспалдайды.

«Күн» ою-өрнегі күнді меңзейді.

«Мүйіз» - мүйіз оюдың ең көне мәнері.

«Қосмүйіз» малдың екі мүйізін бейнелейді. Кейде «ырғақ», «ілмек» деп аталтын оюларды «қосмүйіз» дейді.

«Төртқұлақ» өсімдік тектес оюларға жатады. Кесте өнерінде батырлар шапанының жауырынына, шалбардың тізе тұсына салынған.

«Үшжапырақ» өсімдік тектес оюларға жатады. Ертедегі сәулет өнері ескерткіштерінде кездеседі.

«Түйемойын» түйенің мойнына ұқсаған мүйіз оюына жатады.

«Тіс» - малдардың, аңдардың тістеріне және шахмат тақтасына ұқсайтын ою-өрнек.

«Құсқанаты» қанатын жайып ұшып келе жатқан құсты бейнелейді.

"Ирек", "ирексу" өрнектері бешпеттің, қамзолдың, шапан мен тақияның жиектеріне салынады.

«Гүл», «жапырақ» өрнектері барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнектер қолөнердің барлық саласын қамтиды.


ІІІ. Қорытынды













Күні:____________


Тақырыбы: Ою-өрнек үлгілерін жасау


Сабақтың мақсаты: Қағаздан ою-өрнек үлгілерін ою, сызу, қию әдістерін

үйрету


Сабақтың барысы:


І. Ұйымдастыру

Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу. Оқушыларды сабаққа психологиялық жағынан икемдеу.


ІІ. Жаңа сабақ


Ою-өрнектерді жасауға аз уақыт жұмсап, тез бітіру үшін түрлі-түсті қағаздар жиынтығы пайдаланылады. Қима ою-өрнек жасау үшін сурет дәптер, қарындаш, қайшы, ақ жұмсақ өшіргіш, желім болуы керек.

Түрлі-түсті қағаздан қиып алынған үлгілерді сурет дәптердің бетіне рет-ретімен композициялап желімдеп отырады.

Ою-өрнек элементін қағаздан қию үшін қағазды бүктеп, қаламмен сызып, болған соң ол қайшымен қалам ізі бойынша қиылады.

Күрделі ою-өрнектер жасау үшін қағазды бір, екі және төрт бүктеп, оның бетіне қалам мен күрделі ою-өрнектердің суреті салынады да ұқыпты қиылады.

Қиып алған ою-өрнекті бүктеуін жазып жібергенде әдемі ою алдыңнан шыға келеді.

Міне осыдан кейін ою-өрнек дайын.

Оны керекті бұйымның бетіне түсіре беруге болады.

Барлық ою-өрнек қималарын сурет дәптерінің бетіне желімдеп отырған жөн. Алдымен қағазда қағазда үлгі жасап үйренген соң матаға ою-өрнек түсіру оңайға түседі.


Суретте берілген ою-өрнектерді салу:
























































ІІІ. Қорытынды

ЖИ арқылы жасау
05 Қараша 2018
2612
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі