жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Семинар "Бастауыш сынып оқушыларының патриотизмін дамыту"
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ
ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДЕРІН ДАМЫТУ
Рүстемова А.Т.,
бастауыш сынып мұғалімі
«Қайырбек Оразов атындағы
Аралағаш орта мектебі» КММ
Аннотация
Автор рассказывает о главных акцентах и проектах, изложенных в новой статье Нурсултана Назарбаева «Семь граней великой степи»и его роли в развитие патриотизма у младших школьников.
The author tells about the main accents and projects outlined in the new article of Nursultan Nazarbayev «Seven faces of the qreat steppe» and its rolt in the development of patriotism among younger students
Түйін сөздер: Ұлттың тарихын зерттеу, оқушыларға патриоттық бағыт беру.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы болып табылатын жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры»атты мақаласы Ұлы Дала Елінің тарихынан сыр шертетін қазақ халқының тұнып тұрған шежіресі іспеттес.
Бұл -тарихи құжат, шынында да, еліміздің өткені мен болашағын саралаған,халқымыздың, кәсіби тарихшыларымыздың көкейінде жүрген толғамдардың бет-пердесін ашып,жаңа бір арнаға тоғытқан тың ойлардың туындысы болды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын мектеп болып талдап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тілі жатық,терең мағыналы, оқушылардың көңілінен шыққан мақаланы баршамыз жұмыла оқып, әр сабағымызда, әр сынып сағаттарымызда пайдалануға тырысудамыз. Мен бастауыш сыныптарда сабақ беретіндіктен, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай мақаланы саралап, түсіндіруге қызығушылықпен кірістім. Сабағымда пайдаланбас бұрын өзім мұқият оқып, ой елегінен өткіздім. Шынында да, керемет мақала екендігіне көзім жетті. Президентіміздің еңбегі болашақ ұрпақ үшін өте маңызды,себебі тарихты білмеген ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр.
Өз еңбегінде Нұрсұлтан Әбішұлы : «... Бұл –тарихқа деген дұрыс ұстаным.Сол арқылы түп-тамырымызды білуге ,ұлттық тарихымызға терең үңіліп,оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес,тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс...» [1.1бет.] деп тарихқа сындарлы көзқараспен қарап, оны зерттеп,біліп, есте сақтау аса қажет екенін баса көрсеткен екен.
Тіпті, ұлы даланың жеті қырын айшықтап, нақтылап таңдауының өзі Елбасының білімдарлығының дәлелі деп түсіндім. Әр қырының жас ұрпаққа ғибраты мол болары анық.
Мен бастауыш сынып оқушыларына олардың жас ерекшеліктеріне лайықты қырларын алып, ой бөліскенді жөн көрдім,соның бірі- «Атқа міну мәдениеті».Өз сөзімді мақаладағы «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды.Ал жаһандық ауқымда алсақ,шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады... Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі-батырлар заманының ең танымал эмблемасы...»[1.2бет.]деген Елбасы еңбегінен алынған дәйексөзден бастап,атқа міну мәдениеті,салт атқа мінушінің киімдері, сәйгүліктердің ер-тұрмандары , олар асынған сауыт-саймандары туралы мысалдар келтіріп ,олардың көз алдарына елестететіндей қылып баяндап бердім, атты әскерлердің шеруін слайд арқылы, интернет арқылы көрсеткенде оқушылардың көзінен қызығушылықты байқадым.
«Ұлы даланың жеті қыры»мақаласының осы қырымен таныстырғаннан кейін сұрақ-жауап, пікірлесу арқылы оқушылар өз ойларын ортаға салды, сәбилік жүректерінде «көбірек білсем, үйренсем» деген талпыныс нышандары байқалғандай болды. Мен осы талқылаудан кейін 2-сынып оқушыларына «Мен сәйгүлікке мінсем ...» деген тақырыпқа шағын эссе жазуды ұсындым. Ең үздік жазған оқушым Амира болды,ол : «Мен қыз баламын ,бірақ батыр қыздар да атқа мінген ғой. Мұғаліміміз атқа міну мәдениеті туралы Президентіміздің ойларын айтқанда, мен өзімді қанатты сәйгүлікке мінгендей сезіндім. Машина, танктер болмағанда сыртқы жауды жеңуге үлесін қосқан батырларға нағыз көлік болған екен ғой. Ал батырлардың үстіне киген сауыттары, аттың ер-тұрмандарының өздері қандай керемет ,мен білмеппін!? Сондықтан екен ғой ата-аналарымыз жылқы малын қатты қастерлейтіндіктері ,енді түсінгендеймін. Мен ықшам киінген өзімді енді биік ер –тұрман мен үзеңгілі сәйгүліктегі елін сыртқы жаудан қорғауға әзір, қаққан қазықтай мығым отырған, оқтай түзу қару асынған жауынгер бейнесінде елестететіндей әсердемін ...»-деп жазыпты. Басқа оқушылардың көздерінен де өздері білетін жылқы малын тек төрт түліктің бірі деп қана емес, оны Президентіміз жазғандай бес қаруын асынған салт атты сарбаз, айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символы ретінде елестеткендері көрінді,кеуделерінде туған елдеріне деген патриоттық сезім ұялатты.
Мақаладағы «Аң стилі» қыры да біздің ауылда оқитын оқушыларымызға жақын ақпарат. Бұл ретте Елбасының осы мақаладағы : «Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.Олардың мұрасының жарқын көрінісі ,көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі –«аң стилі өнері»... [1.3 бет.]Олар жыртқыштардың,негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі –жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді.» деген үзіндісін мұқият тыңдатып, мәтіннің тақырыбын анықтау,өзіндік көзқарасын жазу,постер құру сияқты талаптар қойғанда,оқушылар тапсырманы өз деңгейлеріне лайықтап орындап берді, әсіресе, «Қар барысы қандай?» дегенде барлығы дерлік батыл, мықты, ел қорғаушы деген сияқты, «Оюлап,кескіндеп,балқытып құймаларды ертеде меңгерген қазақ халқы қандай ?» деген сұраққа шебер,өнерлі деп өз пікірлерін білдірді.
Мен оқушылардың бойында туған еліне,өз халқына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда Президентіміздің мақаласындағы Алтын адам туралы берген мәліметтерінің де көп ықпалы бар деп ойлаймын. Тылсым дүниеде күнделікті күйбеңмен жүріп мектепте алған ақпараттан басқа мәліметтерді іздеп –табу да екінің бірінің қолынан келе бермеуі анық. Ал мақалада жастардың көбі бүге-шүгесіне дейін есіне сақтай бермейтін «Алтын адам» туралы тамаша жазылған, оқыған әр азаматтың бойында туған елінің інжу-маржандарын білу арқылы патриоттық сезім, мақтаныш қалыптастыратын мәліметтер өте керемет берілген. Интернет арқылы алтынмен апталған киім киген жауынгердің ескерткішін көрсетіп, «Ұлы даланың жеті қыры»мақаласынан үзіндіні оқушыларға оқыттым,сұрақтар қою арқылы мәтіннен түсінгендерін сұрадым. «Ескерткіш қай жылы, қай жерден табылыпты?» , «Жауынгердің үстіндегі киімі қандай?», «Осы сән-салтанатты кімдер жасаған?», «Жауынгердің жанынан қандай зат табылды,ол қалай өрнектелген?» деген сұрақтарға оқушылар тыңғылықты жауап бере білумен қатар естерінде сақтап, өз халқының өнеріне таңғалды.
Жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, 2-сыныптың тәрбие сағатында «Қазақстан-алма мен қызғалдақтың отаны» тақырыбында да көп пікір алысып, мақаладан үзінділер тыңдатып, өздерінің Отандарының қаншалықты бай, табиғатының көркем,жемісті, ата-бабаларының зиялы,кемеңгер болғандарын жеткізуге тырыстым. Оқушылардың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын түсінген сайын қызығушылықтарының артқанын байқадым, көздерінен туған елге деген сүйіспеншіліктері мен тұңғыш Президентімізге деген шексіз алғыстарын сезіндім.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев мақаланың екінші бөлімін «Тарихи сананы жаңғырту» мәселесіне арнаған. Осы бөлімнің өзін бірнеше ауқымды жобалар арқылы жүзеге асыруды міндеттепті,соның ішінде : «Архив -2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі Қазақстан-күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы»», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы».
Мақалада әр сала бойынша қандай істер атқару керектігі тайға таңба басқандай айқын,түсінікті етіп жеткізілген. Менің ойымша, бұл керемет идеяларға құрылған, тарихта мәңгілікке сақталатын өшпес құжат.
Екінші бөлімін де мен шәкірттеріме жеткізуге тырыстым,жалпы құжаттың мазмұны мен мақсатын түсіндіре отырып, оларға өз өлкемізден бастап осы жоба бағытымен жұмысқа кіріссек, көштен қалмайтынымызды жеткіздім. Осы мақаланы оқығаннан кейінгі әсерден соң, ұстаз ретінде бастауыш сынып оқушыларының бойында патриоттық сезімді қалыптастыруды жалғастыру мақсатында олардың осы бастан өз туған жерінің тарихын, атақты адамдарын зерттеп, үлкен мұражайға жинақтаулары қажет екенін, қалың жұртшылыққа қолжетімді болу үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа енгізуге дағдылану қажеттілігі туындап отырғанын түсіндірдім. Өйткені Президентіміздің өз мақаласында: «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып,отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталу керек...»[1.4бет.] дегені бәріңіздің естеріңізде шығар.
Осы мақсатта бастауыш сынып оқушылары үшін ел тарихы туралы жазған, ізденген ,соңдарынан өшпес мұра қалдырған ата-ағаларының зерттеу еңбектері туралы сынып сағатын өткіздім.
Біздің елдің тарихын жинап, елі үшін еңбегін аямаған ардагер ұстаз Молдахмет Сұрағанұлының «Ауылым-алтын бесігім» атты тарихи -зерттеу еңбегімен таныстырдым. Елбасымыздың саясатын үнемі қолдап өткен ардагер ұстаз өзінің науқастануына да қарамастан елінің тарихын жинақтау үшін көп ізденді, ақыры жинақтап кітап қылып,өшпес мұра ретінде елге сыйлап кетті. Сол кездің өзінде Молдахмет Сұрағанұлының ойы Президентіміздің болашақтағы осы ой-арманымен ұштасқан екен-ау. Оқушыларға арналған сынып сағатын мен Молдахмет атамыздың кітабының кіріспе сөзінен бастадым. Ол: «Бір данагөй ғұламамен кездескен жас азамат:
-Уа,әулием,осы дүниенің кіндігі қай жерде болады екен?-деп сұрағанда данагөй :
-Дүниенің кіндігі –әркімнің алғашқы кіндік қаны тамып,туып өскен жері»,-деген екен. Сол сияқты маған да «Жер»атты осы зор планетаның кіндігі –кіндік қаным тамып туған-Аралағашым» [2.6 бет.],-деп жазыпты. Қаншалықты патриоттық сезім десеңізші! Одан әрі осы кітаптағы туған ел жайлы зерттеулерімен таныстырып, біраз ғибрат алысты. Сонымен қатар өмірден ерте озған жерлес ақынымыз Сағындықов Асқаттың «Аралағашым-махаббатым» өлеңдер жинағымен сынып болып танысып,ерекше әсерге бөлендік.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын да талқылау барысында , өз еліміздің атақты адамдарының, тарихи тұлғаларының аттарын жинақтап,компьютерге енгізіп келуін сұрадым, әрине, ата-аналарынан да көмек сұрадым. Президенттің мақаласынан рух алған оқушылар қиналмастан шағын зерттеу жүргізіп келген екен, олардың жазбалары бойынша біраз адамдарды тізімге енгізіпті,соның ішінде Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Самал Еслямованы ерекше атап өткен екен.
Иә, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегі алдыңғы «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» мақаласын нақты іске асырудың картасы іспеттес, тарихи маңызы бар құжат. Жас ұрпақтың бойында туған жерге деген патриоттық сезімді тәрбиелейтін- асыл мұра, болашақтың бағдаршамы.
Бұл мақаланың Қазақстан азаматтарына қайрат,жігер беріп, болашақтағы жаңа ізденістер мен бастауларға жол ашатыны анық.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Назарбаев Н. «Ұлы даланың жеті қыры» / Мақала/ Астана. 2018ж.-7 бет
2.Сұрағанов М. Ауылым-алтын бесігім /Кітап/ Қызылжар.2010, -Б.100

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген