жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҮНДЕСТІК ЗАҢДЫЛЫҒЫН ИГЕРТУДІҢ ҰТЫМДЫ ӘДІСТЕРІ"
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҮНДЕСТІК ЗАҢДЫЛЫҒЫН ИГЕРТУДІҢ ҰТЫМДЫ ӘДІСТЕРІ
Кабдрахманова Т.Г., №22 орта жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Әдісті білім беруде мақсатқа жетудің жолы, амалдың жиынтығы ретінде түсінуге болады. Педагогикалық еңбектерде әдісті мұғалім мен оқушының ұйымдасқан әрекетіне жатқызады. Мұғалімнің әрекеті – оқыту, білім беру әдісі де, оқушының әрекеті – үйрену, білім алу әрекеті болып табылады. Екеуінің бірлескен әрекетінен оқыту әдісі туындайды. Оқыту әдісі тәсілмен тығыз байланысты, тәсіл – әдістің элементі, бөлігі, бір реттік әрекет, әдіс-тәсілдердің жиынтығы.
Зерттеу жұмысында оқушыларға үндестік заңдылығын дамытудағы ең ұтымды әдістер ретінде жаттықтыру әдісі, ойын әдісі, сұрақ-жауап әдісі, қатысым әдісі сұрыпталды.
Жаттықтыру әдісі
Үндестік заңдылығын дамытуда жаттықтыру әдісі ерекше орын алады. Тілді дамытуда қолданылатын ең қажетті әдіс – жаттықтыру әдісі. Тілдік материалдардың теориялық негіздері мен заңдарын, ережелері мен анықтамаларын игертіп қана қоймай, сонымен бірге оқушылардың алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға жаттығады. Оқушыларға үндестік заңын дамытуда мәтінді қатесіз көшіріп жазу, мәтінді толықтыру, кестелерге негізделген тапсырмаларды орындау сияқты жұмыс түрлері жүргізіледі.
Оқушыларды біркелкі тапсырмалар арқылы жаттықтыру жалықтырып жібереді әрі қарым-қатынас жасау мақсатын толық атқармайды, сондықтан жаттығу түрлерін алмастырып отыру тиімді. Қазақ тілін меңгертудің мақсаты мен сипатына байланысты жаттықтыру әдістерінің түрлері мынадай: нақты тапсырманы орындау үшін берілген материалды көшіру, толықтыру; сөйлем құрастыруға жаттықтыру арқылы тіл үйрету; кестелерге негізделген тапсырмаларды орындау арқылы жаттықтыру; жеке шығармашылық қабілетін танытып, тіл дағдыларын байқатуға жаттықтыру. Бұл әдісті 1-4 сыныптарда жүйелі қолдану оқушылардың танымдық қабілеттерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сұрақ-жауап әдісі
Сонымен, ынталандыра оқыту әдістері оқушының тіл үйрену мүмкіндігіне оң әсер етті. Қатысым, қайталау әдістері оқушының алған білімі мен дағдысын қалыптастыру, пысықтау, ойды жаңғырту мақсатында қолданылды. Оқыту әдістерінің ішінде кең қолданысқа ие болып отырғаны – сұрақ-жауап әдісі. Бала танымының қалыптасуына негіз болатын да сол сұрақ-жауап.
Қарастырылған бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілін ынталандыра оқытудың бұл әдістері мен тіл үйренудің уәждері арқылы оқушының білім, білік, дағдылары дұрыс қалыптасатындығы бағамдалды.
Әдістемелік әдебиетте бұл әдіс әңгімелесу әдісі деп те аталады. Тілдік қарым-қатынастың кез келген жағдаятта сұрақ-жауап арқылы іске асырылу мүмкіндігі мол. Ол бастауыш сыныпта ең қарапайым сұрақтардан басталып кейінгі сыныпта күрделі сұрақтарға ұласады.
1-кесте. Сурет бойынша сұраққа жауап арқылы сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру
|
№ |
Кім? |
қалай? |
не істеді? |
|
1. |
Айбек |
жақсы |
оқыды. |
|
2. |
Света |
сауатты |
жазды. |
|
3. |
Қайрат |
тыныш |
ойнады. |
Оқушылар сөздерді сауатты әрі дұрыс жазуға үйренеді. Бастауыш сыныпта осындай қарапайым сөйлем құраудан басталған жұмыс күрделене келе кейінгі сыныптарда табиғи жағдайда төмендегі кестедегі нәтижеге жетелейді.
2-кесте. Байланыстырып сөйлеу дағдыларын күрделендіріп үйрету
|
№ |
кім? |
қанша? |
қандай? |
не? |
не істеді? |
|
1. |
Асан |
екі |
қызыл |
алма |
алды. |
|
2. |
Оксана |
төрт |
әдемі |
қалам |
сатып алды. |
Сұрақ-жауап әдісін пайдалану арқылы оқушыларды ынталандырып, тілдік жағдаятты дұрыс ұйымдастырғанда ғана оқушылардың білім деңгейі, тілдесім деңгейі жетіледі.
Ойын әдісі
Сабақтың әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны – сабақта ойын түрлерін пайдалану. Ойын арқылы ұйымдастырылған сабақ балаларға жеңіл әрі тартымды, түсінікті болады. Ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те, айналадағы дүниені, ұлттық салт-дәстүрлерді танудың тәсілі де.
Оқу үрдісінде ойынның басты мақсаты – баланы қызықтыра отырып, тіл үйрету. Тілдік жағдаятты сөзбен бейнелеп келтіріп, тілдесім жасау үшін ойын түрлерін ұсыну арқылы оқушының сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттырып, тақырып игеруге, тапсырма орындауға ынталылығын жетілдіруге болады.
Белгілі педагог В.А.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» десе, Д.Эльконин бала психикасының дамуында ойын жетекші рөл атқаратынын айтады. Ойынның балалар психологиясына тигізетін әсері көп. Ойын кезінде баланың ортамен қарым-қатынасы кеңейіп, таным қабілеті өсіп, мінез-құлқы қалыптасады. Ойын арқылы балалардың сана-сезімі, ақыл-ойы өсіп жетіледі, қызығушылығы артып, белсенділігі дамиды. Сондай-ақ оқытуда ойын түрлерін қолдану оқу мен тәрбиені ұштастырады. Сабақта ұлттық әдет-ғұрып, салт-санаға қатысты қолданылатын ойындарды ұлттық қасиет пен дәстүрдің жалғастық табуының айқын көрінісі десек, танымдық ойындар оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға, өзіне деген сенімі артып, өзін-өзі тануына, өзін-өзі басқара білуге, өз бетімен мақсаттарға жетуіне түрткі болады, олардың алғырлық, шапшаңдық қасиеттерін дамытады, сөздік қорын байытады, білімін жетілдіреді [1].
Қазақ тілін меңгертуде жүргізілетін дидактикалық ойындар оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытып, танымын, шығармашылық дербестігін жетілдіреді. Дидактикалық ойындар оқушылардың эмоциясына оң әсер етеді, тілді үйренуге қызығушылығын арттырады. Қазақ тілі сабағында дидактикалық ойындарды қолдану әдістемесін зерттеуші Б.А.Нарқұлова ойын әдісі психикалық қабілеттердің ішінде қиялды дамытатындығын ерекше атап көрсетеді [2]. Олай болса, жазба жұмыстарының ішінде шығарма жұмысы оқушының қиялына негізделеді. Оқушыларға үндестік заңын дамытуда тапқырлық, рөлдік ойын түрлері қолданылды. Мұғалім оқушыларға үндестік заңын меңгертуде жүргізілетін ойын түрлерін алдын ала белгілеп, ойынның мақсатын, қатысымдық қызметін, ұзақтығын, ережесі мен қатысушылар санын, мазмұнын жоспар түрінде дайындайды.
-
Тілді үйренудегі ойынның мақсаты: ойын арқылы оқушылардың білім-білік дағдыларын қалыптастыру.
-
Оқытудағы ойынның міндеті:
-
Білім деңгейі мен дағдыларын жетілдіре отырып, ойын арқылы оқу және тәрбие ұштасады;
-
Ойнай отырып жаңа білімді меңгереді;
-
Танымдық қызметі мен ой-өрісі кеңейеді;
-
Оқушының өзіне деген сенімі артады, оқуға деген қызығушылығы, белсенділігі дамиды;
-
Оқушыларды адамгершілікке, бір-бірін сыйлай біліп, көмектесуге үйретеді.
-
Балаларды оқытудағы ойынның ерекшелігі: ойын барысында оқушының ой-өрісі дамиды, сөйлеу қабілеті жетіледі, қарым-қатынас жасауға үйренеді, көңіл-күйі көтеріледі, оқушы жалықпайды, сөздік қоры көбейеді.
Сонымен, ойын арқылы сабақ сапасы жақсарады, пәнге деген қызығушылығы артады, логикалық ойлай білуге ұмтылдырады, тәртіп сақтау дағдысы қалыптасады, есте сақтау қабілеті дамиды.
Қатысым әдісі
Оқушыларға үндестік заңын дамытуда қатысым әдісінің маңыздылығы ерекше. Қатысым әдісі оқушыға фонетикалық заңды игертуде жүргізілетін әдістермен байланысты. Әдістің бұл түрі оқушы сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне жаттықтырылады. Қатысым әдісі ауызша тіл дамыту жұмысында, содан соң жазбаша сөйлеу тілін дамытуда атқарылатын жазба жұмыстарында кеңінен қолданылады. Қатысымдық әдіс жазбаша сөйлеу тілін дамыту әдістерін бірлікте іске асырып, жазбаша тіл дамытудың сапасын жақсартады.
«Қатысымдық әдістің басты белгісінің бірі – тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыру, сабақты практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз ету», – деп анықтайды Ф.Ш.Оразбаева [3, 147]. Бұл белгі зерттеуде басты назарға алынды. Осы әдіс оқушыны табиғи жағдайдағы тілдесім үлгілеріне үйретуде нәтижелі болды. Сабақта тілдік қатынас үш түрлі жолмен үйретілді: жұптық, топтық, ұжымдық. Қатысым әдісінің тілдесім әрекетінде қолданылу үлгілері төмендегідей болды:
-
1-сыныпта оқушыларға парталасымен танысу жағдаяты ұсынылып, жұптық қатысым әдісі қолданылды.
-
2-сыныпта лагерьдегі танысу жағдаяты берілді: Лагерьге келдің. Балалармен таныс. Қатысым әдісінің топтық түрі қолданылды.
-
3-4-сыныпта оқушыларға досын таныстыру жағдаяты ұсынылды. Альбомдағы досыңды таныстыр. Қатысым әдісінің ұжымдық түрі қолданылды.
Ғалым Ф.Ш.Оразбаева оқушыларға меңгерілетін сөздерді бір-бірімен байланыстырып, оларды қарым-қатынаста сауатты қолдана білуге төмендегідей ережелер тәртібін ұсынады:
-
Қажетті сөздер мен сөздік құрамды игеру.
-
Сөздердің ішкі мәні мен мағынасын, түрлі семантикалық қасиеттерін жете меңгеру.
-
Тиісті грамматикалық норма арқылы бұл тұлғаларды айтар ойға сәйкес бір-бірімен тіркестіру, байланыстыру.
-
Мағыналық байланысқа түскен тіркестерден сөйлем құрай білу.
-
Сөйлемдерді ойдың жүйесіне сай етіп, мәтін құрамына енгізіп, тілдік қолданыста пайдалану.
-
Фонетикалық норманы сақтай отырып, осы лексикалық тұлғалардың дұрыс айтылымын іс жүзіне асыру.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Рахметқызы С. Бастауыш сыныптарда оқушылардың тілін ұстарту. Алматы: Рауан, 1997.
-
Тұрдалиева Г.Ж. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесі. Астана: Фолиант, 2007.
-
Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 2000.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген