15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Сыныптан тыс жұмыс. "1 сынып қоштасамын өзіңмен"

Байсугурова Рахат Жаксимуратовна,
Павлодар облысы,Екібастұз қаласы,
«№11 жалпы ортабілім беретін мектеп»КММ-сінің бастауыш сынып мұғалімі
1- сынып - қоштасамын өзіңмен
Cабақтың мақсаты: Сынып ұжымын ынтымақтастыру, жағымды
эмоциялық көңіл күй тудыру.
Сабақтың міндеттері:
-
Білім берушілік – жыл бойы алған білім-білік дағдыларын бекіту;
-
Дамытушылық-оқушылардың ой-өрісін кеңейту, кіші сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттерін дамыту;
-
Тәрбиелік- ойын әрекеттері арқылы этикалық тәртіп нормаларын үйрету; жеке басқа тән рухани –адамгершілік сапаларын тәрбиелеу.
Әсем зал мерекеге арнап безендірілген, оқушылардың қолөнер бұйымдары
мен салған суреттерінің көрмесі ұйымдастырылған.
Мұғалім: Қымбатты балалар , қадірлі ата-аналар! Бүгін біз бірінші сыныптың
аяқталу құрметіне жиналып отырмыз!
Сыныпқа «Жыл» ақсақал қос ұлы Күз бен Қысты және
қос қызы Көктем мен Жаз мезгілдерін ертіп кіреді.
Жыл ақсақал:
-Сәлеметсіздер ме балалар?
Балалар:
-Сәлеметсіздер ме!
Жыл ақсақал:
-Балалар мені таныдыңдар ма?
Балалар:
-
Әрине таныдық,сіз біздің «Төрт мезгіл» әңгімесінен оқыған «Жыл» ақсақал боласыз. Жаныңыздағылар екі ұлыңыз көңілшек Күз бен қызу қанды Қыс және қос қызыңыз Көктем сұлу мен жадыраған Жаз.
Жыл ақсақал:
-Дұрыс айтасыңдар, балалар.Біз бүгін сіздердің бірінші сыныпты бітіру кештеріңе арнайы келіп отырмыз.Себебі: үш балам менің өсиетімді орындап, рет-ретімен сіздерге жыл бойы қызмет етті. Өздерінің қайталанбас , алтын күндерін сыйлады.
Сіздер осы күндерді қалай өткіздіңдер,қандай жетістіктерге жеттіңдер соны білгіміз келеді.
- Ал, балаларым, оқушыларға арналған қандай сұрақтарың мен
тапсырмаларың бар, өздерін бір сынап көрейікші.
Ортаға «Күз» шығады.
Күз: -Балалар күз айларын атап беріңдерші?
Балалар :-қыркүйек, қазан, қараша
Күз: Күз айларында қандай қызықты оқиғалар болды.
1-оқушы: Қыркүйек айында
Жүздеріміз бал-бұл жанып,
Жүрегіміз дүрсіл қағып.
Зор үмітпен, білім іздеп,
Мектепке келдік қуанып.
2-оқушы: Бірінші сынып! Бірінші рет
Қыркүйекте келдік саған.
Екіншіге аяқ бастық,
Қош бол дейміз енді саған.
3-оқушы: Қазан айында ұстаздарымыздың мерекесін тойладық.
Келгенімде алдыңа,
Қызыл-жасыл гүл алып.
Жақын тарттың жаныңа,
«Шәкіртім» деп қуанып.
Сипадың да басымнан
Әліппені ұсындың
Бақытымның осыдан
Басталғанын түсіндім.
4-оқушы «Алтын күз» мерекесін тойладық.
Қыздардың орындауында «Күз береке» әні
Көрініс: Үш жалқау»
1-жалқау: Е, құдай, мына өріктер тезірек піссе.
2-жалқау: Ауызға келіп түссе.
3-жалқау: Түу ,соны айтуға қалай ерінбейсіңдер?
Қастарына «көңілшек Күз» келіп :
-Мына жалқаулар кімдер өзі? Менің алтын күндерімді текке өткізген?
Жалқаулар роліндегі оқушылар:
-Біз жалқаулар емеспіз. Әліппеден оқыған «Үш жалқау» әңгімесіін сахналап жатқанымыз ғой.
КҮЗ: -Бәсе, ренжіп қалып едім, өнер сүйгіш,талантты, тәртіпті балалар
екенсіңдер ғой.
5-оқушы: Тәртіпті бала сүйініш,
Төбең бір көкке жетеді.
Тәртіпсіз бала күйініш,
Төмендеп басың кетеді.
6-оқушы: Ұрыншақ бала жанында,
Ұрыс пен керіс айқай-шу.
Ұстамды бала маңынан
Ұнамды іс- байқайық.
7-оқушы: Әдептілік дегенің,
Әрқашанда керегің.
Әсемпаздық дегенің,
Әуре сарсаң әлегің.
8-оқушы: Ата-анамның тілегі,
Адам болып өскенім.
Адамдықтың тірегі,
Адал болып өскенім.
КҮЗ: Әрбіріңнің мейірманды жүрегің,
Адамдарға бақыт, шаттық тілесін.
Достықты сақтай біліңдер,
Өз Отандарыңды сүйіңдер.
Оқушылар «Отаным» әнін орындайды.
КҮЗ: -Жарайсыңдар, балалар! Күз айларын текке өткізбей көп нәрсе
үйреніпсіңдер.Әдепті, арлы, тәрбиелі балалар екенсіңдер.Адалдық
жолынан ешқашан таймаңдар.
- Мен, енді өз кезегімді Қыс ағама берейін.
Ортаға «Қыс» мезгілі шығады.
Қыс:- Балалар менің де айларым естеріңде қалды ма? Атап беріңдерші?
Балалар: Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан.
Қыс: Дұрыс , қыс айлары қандай жаңалықтарымен ұнады?
10-оқушы: Біз желтоқсан айында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік
мерекесін тойладық.
Егеменді ел болудың белгісі
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
Егеменді деген сөзден естілер,
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
11-оқушы: Сүйікті әліппемен қоштасу кешін өткіздік.
Көлге айналған бұлақтың,
Қайнар көзін көріппең?
Том-том қалың кітаптың
Басы болған әліппем.
ҚЫС: Әліппені қалай меңгергендеріңді сынап көрейін:
1-тапсырма:«Желтоқсан» сөзінен сөз шығару.
2-тапсырма: Ребус шешу
3-тапсырма: Шашылған сөздерден сөйлем құрастыру.
Оқушылар топқа бөлініп тапсырмаларды орындайды.
12-Оқушы: Қаңтар айында жасыл шырша жанында
«Жаңа Жыл» мерекесін тойладық.
Тақпақтар айтып, би биледік.
Жұмбақтар шешіп, жаңылтпаш айттық,
Аяз атадан сыйлықтар алдық.
ҚЫС: Олай болса, мектепке байланысты жаңылтпаштар мен мақалдар
білесіңдер ме ?
12-оқушы: Ақ бор бар,
Көк бор бар,
Көп бор бар.
13-оқушы: Тақта,тақта,
Қара тақта.
Қара тақтаны
Таза сақта.
12-оқушы : Мектеп кеме - білім теңіз.
13-оқушы: Оқу инемен құдық қазғандай.
ҚЫС: Мен де сендерге ризамын, менің әр күнімді тиімді өткізгендеріңді байқадым. Білім жолында қанаттарың қатайып, одан әрі шыңдала беріңдер!
Балалар біргелікте «Жаңа Жыл» әнін орындайды.
ҚЫС: -Балалар, тамаша әндерің көңілімді көтерді , дегенмен де енді ортаға
«Көктем сұлуды» шақырайық.
КӨКТЕМ:
-Ал, балалар, бәріміз бірге көктем айларын еске түсіріп алайықшы.
Балалар: Наурыз, сәуір, мамыр.
КӨКТЕМ:
-Менің шуақты күндерімді қалай өткіздіңдер?
14-оқушы: Күн жылына бастады,көктем келді,
Ұнатамын бетімнен өпкен желді.
Күн жылына бастады, құстың бәрі
Ұшып келді: «Кетші, деп,-қыстың қары»
15-оқушы: Көктемнің алғашқы мерекесі 8-Наурыз Халықаралық әйел-қыздар
мерекесін тойладық. Асыл жандарға ән-билерімізді арнадық.
« Анама гүл сыйлаймын» ойынын ойнау . Ойын шарты: гүлдердегі тапсырмаларды орындаған оқушы ғана анасына гүл сыйлай алады.
1-гүлдегі тапсырма: Үйде кім? Елде кім қадірлі?
Оқушы жауабы:Үйде: қонақ, қарт, бала қадірлі.
Елде: хан, әкім, ұстаз қадірлі.
2-гүлдегі тапсырма: Жерден ауыр не бар? Оттан ыстық не бар?
Судан терең не бар? Көктен биік не бар?
Оқушы жауабы:Жерден ауыр дегенім- ақыл, білім.
Судан терең дегенім-оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім- адамның өмірі,
Көктен биік дегенім-тәкәппардың көңілі.
3-гүлдегі тапсырма: Дүниеде не қымбат?
Оқушы жауабы: Алтын ұяң- Отан қымбат,
Құт береке, атаң қымбат.
Мейірімді апаң қымбат,
Асқар тауың әкең қымбат.
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.
4-гүлдегі тапсырма: Достықты нығайтатын не?
Оқушы жауабы: Бірлік, теңдік, туыстық,бауырмалдық нығайтады.
5-гүлдегі тапсырма: Дос табу оңай ма?
Оқушы жауабы: Ақылдыға қиын, ақымаққа оңай.
Досың ақылды болса, өзің дана боласың.
Досың бала болса, өзің шала боласың.
КӨКТЕМ: -Жарайсыңдар, балғындар ! Халық даналықтарын есте сақтап, дұрыс жауаптарыңмен көңілдің құлпын аша білдіңдер.Ана тілі пәнін сүйіп оқығандарың айқын сезіледі.
16-оқушы: Көктем сұлу,біз ана тілі пәнімен бірге математиканы да қызыға оқимыз.
Математика сабағын,
Жақсылап ұғып аламын.
Сәулесі ме сананың,
Мәнінен ой табамын.
КӨКТЕМ: Ендеше, санамақ айтар кім бар екен?
17-оқушы: санамақ айтады.
18-оқушы: Күн мен Түнді теңестірген «Наурыз» мерекесін тойладық.
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Соны тойлар ел енді.
Наурыз тойы-салтымыз,
«Көгерсін» деп халқымыз,
Көшеге тал егеміз.
19-оқушы: Наурыз тойының салтымен мектебіміздің ауласына
5 түп тал ектік.
20-оқушы: Мамырдың 7-сі күні «Отан қорғаушылар» күнін салтанатты түрде
атап өттік.
Ер балалардың орындауында «Солдат болам мен ертең» әні .
КӨКТЕМ:
Айналайын балғындар,
Алға бағыт алдыңдар.
Ертең өсіп,толыңдар,
Ел мақтаны болыңдар.
Жыл ақсақал ортаға шығады:
-Менің үш баламның сынақтарынан сүрінбей өтіп, өздеріңнің білімдеріңмен, ақыл- парасаттылықтарыңды көрсеттіңдер. Өздеріңе деген ризашылығым шексіз. 2 «б» сыныбына көшуге лайықты екендеріңді дәлелдедіңдер.
21-оқушы: Тақта мен бор, карталар
Бізбен бірге көшеді,
Бойымыз өскен біз сияқты
Парталарда өседі.
22-оқушы: Мұғалима бізді қиып
Қала алмайды сыныпта.
Бізбен бірге көшеді ол да
Екінші сыныпқа.
23-оқушы: Үлкен үйдің баласындай бәріміз
Татулықпен өте шықты жылымыз.
Жыл ақсақал: - Ал, ендігі кезекті жайдары «ЖАЗ» қызым күтіп тұр. Болашақ 2 «б» сынып оқушыларының Жаз қызымның үш айын көңілді, мәнді,мағыналы өткізетініне көзім жетті. Рахмет сіздерге балалар!
24-оқушы: Жаз да шықты , демаламыз,
Қош бол мектеп, дейміз біз.
Жолда жүру ережесін
Қайталайтын келді кез.
Бағдаршам киімін киген бала:
Қызыл жанды-тоқтай қал!
Сары жанса-дайындал!
Жасыл болса-жол ашық!
Жүрмеңдер жолға таласып!
Мұғалім: Жаңбыр мен жер көгерер,
Батамен ел көгерер,- дейді дана халқымыз сондықтан да Жыл ата
өзіңізден бата тілейік.
ЖЫЛ ақсақал бата береді:
Ата сөзі дарып мол,
Ақ уызға жарып бол.
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол.
Абайға ұқсап дана бол,
Құрманғазыдай күйші бол.
Мұхтарға ұқсап терең бол,
Қанышқа ұқсап кемел бол.
Бағың жанып әрдайым,
Жақсыларға жақын бол.
Бәрінен де, балалар,
Аман бол, дәйім аман бол!
Тренинг : «Жылылық сыйлау»
Мұғалім: Осы жылылық әрқашан бір-біріңнің бойларыңда жүрсін,жайдары Жаздың жайма шуақ әрбір күнін текке өткізбей ойынға қоса оқуды, іздену мен талаптануды әрі қарай жалғастыра білейік.
2«б»- сыныбы тек қана білімді, талапты, өнерлі, тәртіпті ,дайындығы мол оқушыларды күтетінін ұмытпағайсыңдар.
Алтын күзде амандықпен жүздесейік!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген