жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Сыныптан тыс сабақ Алаш елімнің асылы
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Алаш елімнің арысы» атты іс-шара
Мақсаты: Қазақ аспанынан жарқырап шыққан жарық жұлдыздарының үркердей ұлы шоғырында алдымен есімі аталатын арысы, бәйтерегі Абай Құнанбаевтың өнегелі өмірімен, даналығымен, артта өшпеспей із қалдырған жарқын бейнесімен, сонымен қатар тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер асыл-мұраларымен таныстыру. Жас ұрпақтың болашаққа осы Абай өлең-жырларынан алары көп екендігін үғындыру.
Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, түсіндіру, ән, өлең шумақтары, СТО, ыстық орындық.
Көрнекіліктер: Абай портреті, кітап бұрышы, тірек сызбалар, қанатты сөздер, слайд, карточкалар
Түрі: сайыс-сабақ
Жүргізуші 1:
Көп адам дүниеге бой алдырған
Бой алдырып аяғын көп шалдырған
Өлді деуге болама, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына із қалдырған, - деп өз төрелігін өзі айтқан дара тұлғамыз Абай Құнанбаевтың халықаралық деңгейде аталып өтіп жатқан 175 жылдық мерейтойына арналған «Алаш елімнің арысы» атты мерекелік іс-шарамызға хош келдіңіздер демекпіз. Мерекелік кешіміз ұлы ақынның өнегелі өмірі мен мәңгі өшпес асыл-мұрасына арналмақ.
Ортаға Абайдың портретін ұстаған 6 «А » сынып оқушылары шығып қазақ және әлем ақын-жазушыларының Абай туралы өлең жолдарын, қанатты сөздерін оқиды.
Шалхар: Ыбырай (Абай) жас жолбарыс жүректенген,
Дұшпанға арыстандай білектенген.
Өзінің заманында бозбаласы,
Перінің жігітіндей іріктенген.
Ей, Сара, қай кісің бар оған жетер,
Өнерін көрген жанның есі кетер.
Адамның жалғыз басты білімпазы,
Оны да жамандайсың, Найман, бекер» (Біржан Сал ақын)
Қуат: Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы - соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. (Ахмет Байтұрсынов)
Ерсұлтан: Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. (Зәки Ахметов)
Қуандық: Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш - Абай сөзі, Абай аты боларға керек...Ең жоғары, ардақты орын - Абайдікі. (Міржақып Дулатов)
Жүргізуші 1: Орыстар үшін - Пушкин, ағылшындар үшін - Шекспир, грузиндер үшін - Руставели... қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдесіз құбылыс, -деп ерекше бағалаған балқар совет ақыны Қайсын Кулиев айтқандай теңдесіз дарамыздың әндеріне кезек бермекпіз.
Ән: «Желсіз түнде жарық ай». Орындаушылар «6 А сынып қыздары»
Жүргізуші 2: Абай туралы шыңы биік сөздерде айтылды, «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» дегендей сазды әсем әнін де тыңдадық. Келесі кезек іс-шарамыздың ең негізгі кезеңі сайысқа орын бермекпіз. Ол үшін сайыскерлерге Абай атамыздың өлеңдеріне арқау болған жыл мезгілдері бейнеленген сурет карточкалар ұсынылады. Суретке қарап алаш елінің асылы Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқып беру арқылы топқа яғни «Жазғытұры», «Күз», «Қыс» болып 3 топқа бөлінеміз.
Жүргізуші 1: Ал енді сайысымыздың кезеңдерімен таныстырып өтсек:
1 кезең «Абай кім?» (постер қорғау, өмірбаяны)
2 кезең «Артына өшпестей бір із қалдырған» (Қара сөздері туралы)
3 кезең «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай өлеңдерінен жарыс)
4 кезең «Көңілім әнді қаласа...» (Абай әндерінен сайыс)
5 кезең «Абай әлемін шарлау» (ыстық орындық әдісі арқылы)
Жүргізуші 2:
Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өзіне –өзі орнатып ескерткішті,
Мұра ғып, кейінгіге қалдырған кім?
Ерте оянып , ойланып , ержеткен кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құбажан, құрбақан құм, құла қырда,
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?
Сонымен 1 кезең «Абай кім?» деп аталады. Яғни әр топ қазақтың ұлы ақыны жайлы мәліметтерін постер арқылы жеткізеді.
Жүргізуші 1: Келесі кезекті «Артына өшпестей бір із қалдырған» турына береміз. Абайдың қара сөздері терең ой мен күрделі пікірге құрылып қана қоймай, жақсы мен жамандық туралы баяндап, халқын қашан да жарқын болашаққа ұмтылуға шақырады. Бұл кезеңнің шарты бойынша бейнетаспадан Абайдың 19- қара сөзін тыңдау арқылы төмендегі үш сұраққа өз ойларымен жауап беру:
-
Қандай мәселе көтерілген?
-
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай?
-
Бұл қара сөзден өзіңізге қандай ғибрат алдыңыз?
Жүргізуші 2:
Өлең сөздің патшасы сөз сарасы
Қиыннан қиыстырар ер данасы
Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, -дегендей
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деп аталатын кезеңімізде алдыларыңызда шатасқан сөздер жазылған карточкалардан Абай өлеңдерінің шумақтарын дұрыс құрап, сол өлеңдерді толықтай айтып беру.
Ұсынылатын өлеңдері: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Адамның кейбір кездері», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», « Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Әсемпаз болма әрнеге», «Балалық өлді, білдің бе?», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?».
Жүргізуші 1:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең менше сүй, -деп дана ақын, дара ақын жырлап өткендей сайысымыздың келесі кезеңі «Көңілім әнді қаласа...» деп аталы. Бұл кезеңнің шартына сәйкес әр топқа Абай әндері тыңдатылады. Әннің атауын тауып 1 шумағын орындап беруі қажет.
Ендеше кеттік,
«Жазғытұры» тобына «Көзімнің қарасы»
«Күз» тобына «Айттым, сәлем Қаламқас»
«Қыс » тобына «Желсіз түнде жарық ай»
Жүргізуші 2:
Ол –
Абай, дара ақын, дана ақын.
Қалдырған дәмді, асыл сөздің парқын.
Әр сөзі үлгі – өнеге, жанға сая,
Тілге жеңіл, жүрекке өте
жақын,- дей келе
сайысымыздың соңғы кезеңі «Абай әлемін шарлау» атты кезеңге кезек
берейік. Абайдың өмірімен қаншалықты таныспыз? Туған өлкесінен
бастап, шығарған туындыларын, өмірбаянын қамтитын кезеңді әр топ
қалай асып өтер екен. Олай болса ортаға ыстық орындық қойылады.
Берілген сұрақтарға күйіп қалмас үшін жылдам жауап беру
ұсынылады.
1.Абай алғашқы өлеңдерін қай ақынның атынан жариялап отырды?
( Көкбай ).
2. Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім?
( Әлихан Бөкейханов).
3. Абайдың шын аты кім? (Ибраһим)
4.Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата.
( «Тоқжанға», «Май түні», Абайдың желдірмесі»).
5.Абайдың аяқталмаған поэмасы.(«Әзім әңгімесі».)
6.Абай Лермонтовтан қанша шығарма аударған? (27)
7.Абайдың әжесінің және шешесінің аттарын ата.( Зере, Ұлжан.)
8. Ділдәдән туған балалары.(Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия).
9. «Қазақтың бас ақыны -Абай Құнанбаев» деп атаған кім?( Ахмет Байтұрсынов).
10.Әйгерім кім? Әйгерімнің шын атын ата.
(Абайдың екінші әйелі, шын аты Шүкман.)
11.Абай өлеңдер жинағы қайжылы басылып шықты және қай қалада?( 1909 жылы Петербургта).
12. « Абай жолы» романын кім жазды?( Мұхтар Әуезов).
13. Абай ескерткіші алғаш қай қалада қойылды?(Алматы қаласында)
14.Абай кімге ғашық болды? (Тоғжанға)
15. Шәкәрімнің Абайға қандай туыстық жақындындығы болды?(Абайдың ағасының баласы.)
Жүргізуші 2: Сөз соңын Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен аяқтағымыз келеді: «Абайты таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз, Абай әрқашан ұлттық ұранмыз болуы тиіс».
Жүргізуші 1: Абай Құнанбаев қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да, дана тұлға. Абай қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуіне орасан зор еңбек етті. Ақын жас ұрпаққа терең ойға толы алуан өлеңдер үлгісін қалдырды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай дайындалған «Алаш елімнің арысы» атты іс - шараны көріп тамашалағандарыңызға алғысымыз мол. Абайдың жолын жалғар ұландарымыз көп болғай.
«Алаш елімнің арысы»
Хагай Лена
Математика пәнінің мұғалімі
Ақмола облысы
Бұланды ауданы
«Қараөзек орта мектебі» КММ

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген