400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 28 материал табылды

Сыныптан тыс шара: " Тәуелсіздік - қасиет тұнған ұлы ұғым"

Материал туралы қысқаша түсінік
Тәуелсіздіктің 26 жылдығына арналған іс - шара.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Кештің тақырыбы: «ТӘУЕЛСІЗДІК-ҚАСИЕТ ТҰНҒАН ҰЛЫ ҰҒЫМ» 

1 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған «ТӘУЕЛСІЗДІК-ҚАСИЕТ ТҰНҒАН ҰЛЫ ҰҒЫМ» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер! 

2 - жүргізуші:    Алаштың азаттығына, туған мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне - 26 жыл. Осынау мәртебесі биік, ардақты да аяулы күнмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз!

1 - жүргізуші: Ел аман, жұрт тыныш болып, аспан астындағы Алаштың азаттығы жасай берсін!

2 - жүргізуші:    Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз.

Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өткен күндерге шегініс жасар болсақ, дүниені дүр сілкіндірген, Тәуелсіздік туын алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны туралы шындықты білмейтін жан жоқ десе болады.


1 - жүргізуші: 16 желтоқсан бұл – ерлік пен өрлік,қайғы мен қасірет мидай араласқан, әрі жарқын, әрі қаралы күн еді.

2 - жүргізуші: Бұл қасіретті күн – Қайрат, Қайыргелді, Сәбира, Түгелбай, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді.

1 - жүргізуші: Тарихта «Құйын-86» операциясы деген атпен мәңгі қалатын жойқын шабуыл демонстрацияны қуып тарату операциясы жоспардағыдай аяқталды. Қанға бөккен қала көшелері мен алаңдар қаңырап бос қалды. Қазақтың әр үйіне үрей кірді, әр қазаққа «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем» деген айып тағылды.   

2 - жүргізуші: Олай болса осы алапат құйынның шығуына не себеп болды екен, Соған үңілейік. Желтоқсан оқиғасының шығу себептері:

1 оқушы: 16 желтоқсанда небәрі 18 минутқа ғана созылып, іргелі республиканың басшылығына қатысты мәселені көзді ашып, жұмғанша шешіп, қазақтың дара туған азаматы Дінмұханбет Ахметұлы Қонаевты билік басынан алып, қазақ жерінің топырағына табаны тиіп көрмеген, ауасын жұтып, суын ішпеген, халқының қандай екенінен бейхабар әлдебіреу – Колбинді билік басына әкеліп отырғыза салуыжастардың наразылығын тудырып, ашу-ызасын келтірді.Бұл бірінші себеп еді.

2 оқушы: Меніңше, КОКП Орталық Комитетінің сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыруы туралы ұйғарымнан туған наразылық –

мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдай оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені, Республиканың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды. Одан кейін Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданы Өзбекстанға өтіп кетті.

3 оқушы: Ал, 1979 жылғы Целиноград оқиғасы ше? Елдің көзін бақырайтып қойып Қазақстан территориясында «неміс автономиясын құрайық» деу, Орталықтың нағыз кеудемсоқ әрекеті еді.

4 оқушы: Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру Қазақстанның Арқалық, Ақтөбе, Жамбыл, Жезқазған, Көкшетау, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Ақмола және Шымкент сияқты қалаларында болып өтті. Алматыдағы 17 желтоқсан күнгі шеруге шамамен 25-30 мың адам қатысқан болса, астанадан тыс жерлердегі шеруге қатысқан адамдардың саны 2,5 мыңнан асты. Желтоқсан оқиғасы – Мәскеудің басқа емес, «момақан» Қазақстаннан күтпеген «сыйы» еді.

1 - жүргізуші: Кешегі дүркіреп өткен 1986-шы жылға дейін дүйім қазақ үшін желтоқсан атауы қыс айының атауы еді. Кейін бұл сөздің мән-мазмұны да, құлаққа жетер әуені де мүлде өзгерді.

«Желтоқсан» десе – ақ, әрбір қазақтың көкірегінде небір көріністер қоздап қоя беретін болған. Ең алдымен «Желтоқсан желі» немесе «Қарабауыр қасқалдақ» деген мұңды  да асқақ әуеннің сарыны алыстан талып естілер еді.


2-жүргізуші: Себебі, бұл әндер, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Елім-ай» секілді, әлдеқашан «Желтоқсан оқиғасының» халық арасындағы әнұранына айналып кетті. Сонда да, ән-әуенмен қоса, мәңгі көкірек  көзінде қалған көріністер шұбырылып өтуі қақ.


1 - жүргізуші: Үрейлі үкімет үйі. Оны қоршай толқыған ызалы қыз-жігіттердің жігерлі келбеттері. Оларға қадалған суық көздер мен мейірімсіз пішімдер. Одан кейін темір киімдер киіп, келтек ұстағандар мен жалаңаш қол жастардың  сарт-сұрт айқасы...


2-жүргізуші: ... Адам жегіш иттердің арсылы, шашынан сүйреген қазақ аруы, басынан қан шапшып, ыңырсый құлаған қазақтың  бозбалары…


Енді осы кезеңнен қысқаша көрінісімізді  тамашалаңыздар.

Көрініс.

«Жастардың алаңға шығуы»

Дауыс: Естідіңдер ме?

Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?

Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!

Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?

Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.

Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатаханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!


Әскери адамдар: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов» Первая рота за мной!


Көрініс:

Талғат: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.

Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.


Қайраттың хаты: Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым!

Менің нақақтан абақтығы отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.

Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш күнәсі жоқ.  Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз.

Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!


Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың…


Тергеуші: Сен 18-і күні сағат 10-да қайда болдың?

Қайрат: Жолдастарыммен бірге.

Тергеуші: Жоқ, сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың, соның нәтижесінде ол қайтыс болды! Сен кінәлісің оған!


Тергеуші: Сен өзің Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба? Жоқ па?

Қайрат: Жоқ, мен Савицкийді көргенім жоқ!

Тергеуші: Ақымақ! Әкетіңдер, атыңдар, көзін құртыңдар!


Қайрат: 

Күнәдан таза басым бар,

21-де жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты құрбандық»

Атам десең атыңдар! /жасақшылыр Қайратты сүйрей жөнеледі/


Сахна сыртынан:

Үкім: Қазақ КСР Жоғарғы сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтің айыптау ісін қарай келіп, Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287,299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді»: Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп танылып мынадай қылмыстық жазаға тартылсын:

Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60 бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65 бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 173-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.


/Сахна сыртынан:/

 1 - жүргізуші: 
Тас еденде жатты қазақ баласы,
Ауырса да, қыңқ етпеді жарасы,
Жараланған жолбарыстай, ышқынып,
Айтып жатты соңғы сөзін ол ащщы!!!......

Қайрат атты атым бар,он сегізде жасым бар...
Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар!....

Ән: «Желтоқсан желі»

Әдеби монтаж: «ТӘУЕЛСІЗДІК-ҚАСИЕТ ТҰНҒАН ҰЛЫ ҰҒЫМ»


Біз қазақпыз! Ежелден – ақ қазақ болып аталған,

Қатал болды әр күн, әр түн атар таң!

Күйдірсе де ызғарлы аяз, жалынды от,

Ел боп келдік, қалып қоймай қатардан.


Жүрегіме ұяласын жолбарыс

Жолбарысша тал бойында бір намыс.

Әрбір қазақ сенің туыс, егізің

Түркі Түран сенің асыл негізің.

Сен өйткені, қазақсың ғой, бауырым!


Отан – ана! Отан ана – деп өсірді арысын

Сол арысы қорғайды ел намысын.

Қасарысса – қанына қан басқаның

Құшақ ашса – достық мәңгі дастаным,

Сен өйткені, қазақсың ғой, бауырым!

Ойың – мұхит, көңілің – көл, ісің – құт

Кем емессің ешкімнен де, күшің нық.

Сен қазақсың, сен қазақсың, қазақсың!

Сабырлысың, саналысың, Азатсың!

Күндеушінің көздерінен қан ақсын

Сен қазақсың, сен өйткені қазақсың ғой, бауырым!


Желтоқсанның желі, аязы, ызғары

Қанды мұзда талай қазақ сыздады.

Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға

Азап шекті қайсар қазақ қыздары.


Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,

Талай қазақ гүлдерін де солдыра,

Ел билеуге алып келді Колбинді

Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.


Егемендік – бұл елімнің елдігі,

Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.

Егемендік – елін, жерін қорғаған,

Ербол менен Қайраттардың ерлігі.


Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,

Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.

Есте сақтап ағалардың ерлігін,

Жүректерге сақтау керек үнемі.

Басқарған соң Нұрсұлтандай Елбасы,

Өрге қарай домалады ел тасы.

Қол жеткіздік талай биік шыңдарға,

Соның бәрі тәуелсіздік арқасы!


Қазақ елім! Туды жастық дәуірің. 
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын. 
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым, 
Туған күнің құтты болсын, алыбым! 


Жаңа ғана қазағымның таңы атты.

Алу мақсат ел деп, алғыс – сауапты.

Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам

Тәуелсіздік сақтау үшін жауапты!


Еркіндігім.

Қасиеттім.

Қастерлім.

Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!

Кеше сенің келбетіңді арман ғып,

Боданына бұғауландық басқа елдің.

Бабалардың басын тігіп бәйгеге,

Аналардың жанарынак жас бердің!

Уа, Еркіндік,

қош келдің!


Ән: «Көк тудың желбірегені»


1: Құрметті қонақтар,

2:ұстаздар және оқушылар !

Осы өткен өмір жолдарымызға қарасақ әр жылдың өз шежіресі,сыры, тарихы, қасиеті бар. Олай болса, біз кеш барысында сіздерді «Тәуелсіздік шежіресімен» таныстыра отырғанды да жөн көрдік.


1990 жылы қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың егемендігі туралы Декларация қабылдады.


1991 жылы 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы - Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты.

 

1991 жыл, 1 желтоқсан – Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті.


1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды.

 

1991 жылы 16 желтоқсан күні - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданып,  Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады.

Осылайша, әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.


1992 жылы   10 қаңтарда  «Қазақстан Республикасында ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданып, мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің ішкі істер әскері құрылды.

1992 жылдың  2 наурызында Қазақстан БҰҰ-на мүше болды.

1992 жылы 8 мамырда  ҚР-ның дербес Қарулы күштері құрылды. - Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы болып табылады.


1992 жылы 22 мамырда  Қазақстан  ЮНЕСКО құрамына енді.


1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы»  заңдар күшіне енді


1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.


1993 жылы 15 қараша «Ұлттық валюта» күні деп аталып, алғашқы Қазақстан Республикасының теңгесі айналымға түсті.


1995 жыл 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы қабылданды


1997 жылдың 10 желтоқсанынан Ақмола қаласы ресми түрде астана болып саналады. 1998 жылдың 10 маусымы - астананың тұсаукесер күні ретінде белгіленеді.


1998 жылы 6 мамырда Ақмола атауын Астана қаласы деп  өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты. 10 маусымда  тұңғыш рет жаңа Астананың ресми тұсаукесері болып, астана күні тойланды.


 2006 жылдың қаңтарында республиканың жаңа әнұраны қабылданды.  Әнұран негізіне композитор Ш.Қалдаяқовтың (сөзі Ж.Нәжімеденовтың) 1950 жыдары жазылған  «Менің Қазақстаным» әні алынды.  Қолданыстағы әнұранның заңды авторларының бірі - Н.Ә.Назарбаев.


2017 жылы 16 желтоқсан – Қазақстан тәуелсіздігіне – 26 жыл толып отыр!


1 жүргізуші:

Бақтың құсы әр адамға қонып бір,

О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр!

Бүгін міне, Тәуелсіздік ағайын,

Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!


2 жүргізуші:

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын – дей келе, енді тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған мерекелік концертімізді тамашалауға шақырамыз.


Мерекелік концерт.

(Оқушылардың күшімен дайындалған мерекелік концерт)




Қорытынды бөлім:

1-жүргізуші: 

Бүгінгі ұрпақ – «болар елдің ертеңі» - дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің

26 жылдығына арналған «ТӘУЕЛСІЗДІК-ҚАСИЕТ ТҰНҒАН ҰЛЫ ҰҒЫМ» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті. 


2-жүргізуші: 
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі, 
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

Екеуі қосылып:

Тұрса екен биік – өр басы,

Қазаққа бақыт орнасын.

86 – шы жылғыдай,

Желтоқсан желі болмасын!


Келесі кездескенше сау-саламатта болыңыздар!




Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
21 желтоқсан
1257
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі