жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Тақырыбы: "ЗАТ ЕСІМНІҢ СӨЙЛЕМДЕГІ ҚЫЗМЕТІ"
САБАҚ ЖОСПАРЫ
Сабақтың тақырыбы: Зат есімнің қызметі.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Тіл білім саласындағы сөз таптары деген ұғым туралы, оның ішінде зат есімнің сөйлемдегі қызметі жөнінде теориялық тұрғыдан жан – жақты мағлұмат беру.
Дамытушылық: Студенттердің ойлау қабілеттері мен сөйлеу тілдерін дамыту, әдеби нормаға сәйкес сөйлеуге, ұлттық тілдің құндылықтарын бағалай білуге, құрметтеуге үйрету.
Тәрбиелік: Тақырыпқа қатысты талдауға алынған мысалдардың тәрбиелік мәнін ашып отыру, туған елін, жерін, тілін сүйе білуге, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа білім беру сабағы.
Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ – жауап, баяндау, топтастыру, жазба жұмыстары.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, термин сөздер, «Студенттік кез» туралы бейнефильм.
Пәнаралық байланыс: орыс тілі.
Пайдаланған әдебиеттер:
Н. Оралбаева «Практикалық қазақ тілі» Алматы «Ана тілі» 1993ж.
А.Байтелиев, А.Бодықова, Г.Қарынбаева «Қазақ тілі», Тараз 2002.
Қызықты грамматика. 1989ж.
М.Серғалиев. Қазақ тілі. Аламаты, 1992ж.
С.М..Исаев Қазақ тілі. Алматы, 1979ж.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі 2 мин.
1) Студенттермен сәлемдесу
2) Аудиторияның сабаққа әзірлігін тексеру
3) Студенттер назарын жаңа сабаққа аудару
ІІ. Өткен тақырыпты қайталау 15 мин.
Тақырыбы: Зат есімнің септелуі. Тұрмыс және демалыс.
«Ой қозғау стратегиясы »: (сұрақ – жауап әдісі арқылы)
1. Қазақ тілінде қанша жалғау бар?
2. Қазақ тілінде қанша септік бар?
3. Жай септеу дегеніміз не?
4. Барыс септігінің жалғауларын атаңыз?
5. «Бала» сөзін септеп беріңіз?
6. Шығыс септігінің сұрақтары мен жалғауларын айтып беріңіз?
7. Тәуелді септеу дегеніміз не?
8. «Тұрмыс және демалыс» туралы өз ойларыңызды айтып беріңіздер.
ІІІ. Жаңа сабақты баяндау. 54 мин.
І – кезең. (Түсіндіру әдісі арқылы)
1. Зат есімнің сөйлемдегі қызметі.
2. Төмендегі сұрақтарға мақал – мәтелмен жауап беру.
3. Жаттығу жұмысы.
4. Бейнефильм (Студенттік кез).
5. Мәтінмен жұмыс (Студенттік өмір).
6. Топтастыру әдісі (Студент).
7. Сатылай кешенді талдау.
8. Термин сөздермен жұмыс.
ІV. Жаңа сабақты бекіту. 15 мин.
«Кубизм» сратегиясы.
V. Қорытындылау, бағалау. 2мин
VI. Үй тапсырмасы. 2 мин
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі туралы ережелерді жаттау.
«Студенттік өмір» мәтінін оқып, сөйлем мүшесіне талдаңыз.
ІІІ. Интерактивті әдісі арқылы жаңа сабақты баяндау.
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі.
Сөздердің білдіретін мағынасына, түрлену тұлғасына, қойылатын
сұрағына, сөйлемде атқаратын қызметіне қарай топталуын сөз таптары деп атайды. Қазақ тілінде 9 түрлі сөз табы бар. Олардың бірі – зат есім.
Заттың атын білдіріп, кім? не? деген сұрақтарға жауап беретін сөздер зат есім деп аталады.
Сөйлем ойды білдіре алатын тілдің ең кіші бөлшегі. Біршама тиянақты ойды білдіре алатын сөздер тобын сөйлем дейміз. Бастауыш пен баяндауышты тұрлаулы мүше дейді, өйткені бұл екі тұрлаулы мүшесіз сөйлем құралмайды, ал анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштарсыз сөйлем бола береді, бұлар сөйлемде айтылған ойды толықтыра, кеңейте түседі. Сондықтан оларды тұрлаусыз мүшелер дейді.
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі оның қай септік жалғауында жасалуымен байланысты.
Зат есім атау септікте тұрып, кім? не? деген сұраққа жауап беріп,
сөйлемнің бастауышы болады. Мысалы: Таулардан өзен ағар сарқыраған.(Ы.А.). Бұл сөйлемде өзен сөзі атау септікте тұрып, (не ағар?), бастауыш қызметін атқарып тұр.
Зат есім жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы да болады. 3 – жақта
жіктелген сөздің жіктік жалғауы болмайды. Мысалы: Ақ басты Алатаудың Жамбылымын. (Ж.). Бұл сөйлемдерде Жамбылымын (мен кіммін?), деген сөз1 және 3 – жақта жіктеліп келіп баяндауыш болып тұр.
Зат есім ілік септікте немесе түбір тұлғада тұрып, анықтауыш болады.
Мысалы: Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді. (М.Ә.). Бұл сөйлемде Абайдың (кімнің қонақтары?) ілік септікте тұрып, анықтауыш қызметін атқарып тұр.
Зат есім табыс септікте және барыс, жатыс, шығыс, көмектес
септіктерде тұрып толықтауыш та болады. Мысалы: Мағжан ұзақ телеграмманы баяу оқып шықты. Бұл сөйлемде телеграмманы (нені?) табыс септікте келіп толықтауыш болып тұр.
Зат есім барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып немесе
түбір тұлғада мезгілдік, мекен – бағыттық, себеп – мақсаттық мәндегі шылаулармен тіркесіп келіп пысықтауыш та болады. Мысалы: Орманның оңтүстік жақ бүйірінен, Жол шықты айдаһардай иірілген.(С.М.). Бұл сөйлемдерде бүйірінен (қайдан жол шықты?) шығыс септікте келіп пысықтауыш болып тұр.
2. Төмендегі сұрақтарға мақал – мәтелмен жауап бер.
1. Не тас жарады? (.....). Не ширатады? (.....).
2. Кім майданда шынығады? (.....)
3. Не көлін аңсайды? (.....)
4. Кім туған жерін аңсайды? (.....)
5. Туған жердей не болмас? (.....)
3 . Жаттығу жұмысы
Қазақстанның басты бағыты - әлеуметтік – экономиканы жаңғырту. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елеулі жетістіктерге жетті. Жастар – біздің болашағымыз. Айғайлап жер мен көктен жәрдем сұрағандай болды. Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстан қарыштап дамып келеді. Табиғат апатынан зардап шеккендерге бүкіл Қазақстандықтар қол ұшын беруде.
4. «Студенттік кез» атты бейнефильм
5. Студенттік өмір
Студенттік өмір – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, адамның есте қалар ерекше кезеңі ғой. Алғашқы кезде үлкен қалада ата – анаңсыз өзіңнің оқуың, жаңа ортаға үйренісуің, сабақтың қиындығы, тамағың бірде бар бірде болмай қалатын кездері қиын болады. Кейіннен бәріне бейімделіп кеткеннен кейін, жаңа достар тауып қаламен танысып, қызықтар басталады.
Колледж оқушыларының ауылдан келгендері үшін жататын орындары бар. Ол – жатақхана. Жатақхана оқу орнының жанында. Жататын орны - бес қабатты, қызғылт түсті, жаңа үлгімен салынған зәулім ғимарат. Әр бөлмеде екі студенттен тұрады. Ал әр қабатта оқу бөлмесі, демалыс орны, жуынатын әрі тұрмыс бөлмелері бар. Колледж заманауи бәсекеге қабілетті мамандар даярлайды.
6. Топтастыру әдісі арқылы «Студент» сөзіне түсінік беру.
7. Сатылай кешенді талдау.
Колледж заманауи бәсекеге қабілетті мамандар даярлайды.
а) фонетикалық талдау (колледж).
ә) морфологиялық талдау (заманауи, мамандар).
б) синтаксистік талдау.
8. Термин сөздермен жұмыс
Биржа (лат. bursa — әмиян) — сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы негізінде тауарларды, құнды қағаздарды, сондай-ақ, жұмыс күшін көтерме бағамен сатуды ұйымдастыру түрі; қаржы-сауда мәмілелерін жасау үшін сатып алушылар мен сатушылардың жиналатын орны.
Инвестиция (латынша іnvestіre – киіндіру) – табыс алу, меншікті капиталын молайту, елдің материалдық байлығы мен бейматериалдық сипаттағы қоғамдық құндылықтарын еселей түсу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілер салатын инвестициялық қаражат.
Акционерлік қоғам — капиталды орталықтандырудың және ірі кәсіпорындарды ұйымдастырудың негізгі формасы. Акционерлік қоғамдар капиталдың алғашқы қорлану кезеңінде пайда болған. Акционерлік қоғам ашық және жабық болып екі түрге бөлінеді
Инфляция (лат. inflatio – «қабыну», «ісіну») — бұл бағаның өсуінен, тауарлар тапшылығынан және тауарлар және қызметтер сапасының төмендеуінен туындайтын ақшаның құнсыздануы, сондай-ақ оның сатып алу қабілетінің төмендеуі.
Маркетинг (ағылш. marketіng — рынок‚ базар‚ өткізу‚ сауда) — кәсіпорынның (фирманың, бірлестіктің‚ т.б.) тауар өндіру-өткізу және сауда жасау қызметін ұйымдастыру мен басқару жүйесі. Маркетинг нарық дамуының жай-күйі мен келешегін зерделеуге негізделеді, тұтыну мен өндіріс өніміне (тауарға‚ көрсетілетін қызметке) сұранымды қалыптастырады, табыс алу мақсатымен рынокта тауарлардың өткізілуін тездетуге бағытталады.
Өнеркәсіп – ұлттық экономиканың шикізат, отын, энергия өндірумен, ағаш өнімдерін дайындаумен, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық шикізатын өндіріс құрал-жабдығы мен тұтыну заттарына өңдеумен (қайта өңдеумен) айналысатын кәсіпорындарды (зауыттарды, фабрикаларды, кеніштерді,шахталарды, электр стансаларын, т.б.) біріктіретін аса маңызды саласы.
Тауар — бұл сату немесе айырбастау үшін жасалынған еңбек өнімі.
Ақша — жалпы бірдей эквивалент, ерекше тауар, онда барлық басқа тауардың құны бейнеленеді және оның делдал ретінде қатысуымен тауар өндірушілер арасында еңбек өнімдерінің айырбасы үздіксіз жасала береді.
Несие ақшалар — бұл несие негізінде алтынның орнына келген құнның кағаздай белгісі. Несие ақшалар несие беруші мен несие алушы арасындағы қарыз капиталының козғалысын көрсетеді және төлем құралы формасы ретінде өмір сүрудің меншікті формасын алады.
Вексель — бұл мерзімі жеткен соң вексель иесіне (вексель ұстаушыға) вексельде көрсетілген соманы қарыз алушыдан (вексель берушіден) төлеуді талап ету құқын беретін жазбаша түрдегі қарыз міндеттемесі.
ІV. Жаңа сабақты бекіту
«Кубизм» стратегиясы
Суреттеңіз. Зат есім туралы түсінік.
Салыстырыңыз. Зат есім мен сын есімді салыстырыңыз.
Қолданыңыз. «Экономика» сөзін қатыстыра отырып сөйлем
құраңыз.
Анықтаңыз. Зат есімнің сөйлемдегі қызметін анықтаңыз.
Аяқтаңыз. Мақалдың жалғасын тап.
Ұядан не көрсең,
......... .
V. Қорытындылау, бағалау.
VI.Үй тапсырмасы.
Зат есімнің сөйлемдегі қызметі туралы ережелерді жаттау.
«Студенттік өмір» мәтінін оқып, сөйлем мүшесіне талдаңыз.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген