жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Тәрбие процесін жақсартудағы ата-ананың рөлі"
Есір Айшуақұлы атындағы орта
мектебінің мұғалімі
Сабытаева Жазгүл Шамшадинқызының
шығармашылық жұмыс
«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде – оларға
жастайынан имандылық пен салауаттылық,
адамгершілік қасиеттерді сіңіре білсек,
тәрбиелесек, сонда ғана біз рухы берік азамат өсіре аламыз»
Н.Ә.Назарбаев
«Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – өскен орта, ата-ананың тәрбиесі»
Ж.Аймауытов
Мен оқушы тәрбиесін жақсарту үшін қолданатын ең басты құрал – ата-ана деп білемін. Өзімнің педагогтық, мұғалімдік, ұстаздық, сынып жетекшілік тәжірибелеріме сүйене отырып, түйген түйінім осы. Себебі, біздің алдымыздағы оқушының ең көп уақыт өткізетін ортасы – отбасы болып табылады. Ата-ана баланы этика, эстетика, дене шынықтыру, тазалық және еңбек жағынан тәрбиелейтін ең алғашқы тәрбиешілері. Баланың бойындағы көптеген жеке дара қасиеттері мен мінез-құлықтары - еңбекқорлығы, табандылығы, шыншылдығы, адалдығы, жауапкершілігі өз отбасында, ата-анасының үйретуімен қалыптасады. Әрбір бала өмірге деген көзқарасын өз ата-анасына еліктеуден бастайды, солардан көргенін жасап, солардың айтқанын дұрыс көреді. Сондықтан алдымызға келген баланы дұрыс жолға тәрбиелеу үшін ең басты құрал ретінде ата-ананы өзімізге басты серіктес етіп алуымыз керек. Бұл жерде айта кететін бір жәйт, қанша отбасы болса, сонша түрлі пікір, сонша түрлі тәрбие болады.
Кейбір жанұяларда өзінің бала тәрбиелеу ісіне қатысын тек материалдық қамқорлық деп түсінетін ата-аналар да кездеседі. Мен өз басым бұндай пікірмен келіспеймін. Рас, материалдық қажеттіліктер өте маңызды. Оған ешкімнің дауы жоқ. Күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктер, киімің, тамағың, баспанаң болуы – үлкендер үшін қандай маңызды болса, балалар үшін де қажетті нәрселер. Себебі, қазіргі заманның үрдісіне сай балалар да өзін өзгелермен салыстыра біледі. Олар да қоғамның бір мүшесі. Дегенмен бала тек тән қажеттілігін ғана қанағаттандыруды қаламайды, оның жан қажеттілігі де өзіндік орны бар қажеттілік. Яғни, жан – рух, ал, тән – нәпсі. Қазақта «рухани бай адам», «рухы мықты» деген тұрақты тіркестер бар. Осы сөздерге назар аударып қарасақ, рух – адам денесіндегі бүкіл қуат көзі екендігін байқауға болады. Яғни, ол – барлық жақсы қасиеттердің қайнар бұлағы. Баланың рухы мықты, рухани байлығы мол болып өсуі үшін сынып жетекшісінің әрбір баламен және оның ата-анасымен де қарым-қатынасы дұрыс болуы керек. Ата-ана үшін баласы – бауыр еті. Олар перзенті үшін ешнәрседен аянбайды. Осындай мейірім төккен ата-ананы, үлкенді сыйлау – отбасынан бастау алады. Ата-анасын сыйлаған бала өз ұстаздарын да құрметтейді.
Сынып жетекшінің ата-анамен тығыз байланыс орнатуы – тәрбие жұмысының нәтижелі болуына тікелей әсерін тигізеді. Сондықтан ата-аналармен жұмысты түрлендіріп, тиімдісін қолдану керек.
Біз тек өз отбасымыздың бір мүшесін немесе сыныптағы бір оқушыны ғана тәрбиелеп отырған жоқпыз. Біздің қолымызда болашақ ел азаматы, қоғам қайраткерінің тәрбиесі тұр. Егер біз қателессек, қоғамға қажетсіз нашар адамды тәрбиелесек, одан тек бір отбасы ғана емес, бүкіл еліміз қасірет шегуі мүмкін. Сондықтан қашанда жақсылық жасауға, қайырымдылық істеуге, үлгілі тәрбие беруге, сондай-ақ, өз мінімізді түзетуге ешуақытта да кеш болмайды.
Ендеше, бала тәрбиелеу процесінде ата-ананың ролін жақсарту үшін не істеуіміз керек? Бұл жағдайда оқушының ой-өрісін, білімін, тәрбиесін нығайту, дамыту мақсатында тәрбие жұмысына ата-аналарды көбірек тарту керек, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін тереңірек ұғындыру керек дер едім. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Әке мен шешенің бұл өмірде баласына сыйлайтын сыйластықтарының ішіндегі ең қымбатты және ең баға жетпес асылы – әдепті тәрбие» деген сөзін басшылыққа ала отырып, қоғамда орын алатын киелі шаңырақ мектеп болса, оның басты механизмі – педагог және онда білім алып, тәрбие жемісін бойына сіңіріп отырған оқушы екені белгілі. Ал, сол оқушыға ата-анадан артық қамқор кім бар?
Дей тұрғанмен сол қамқорлықты кейде орындап, кейде қоғамға сілтей салып жүрген жағдайлар да кездесіп жатады. Бала тәрбиесінде орын алған қателіктерді мұғалім «Ата-ана кінәлі», ал ата-ана «Мұғалім кінәлі» деп бөліске салып, әркімнің өзінен емес, өзгелерден көруі – ең басты қателік деп ойлаймын. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін сыныпта өтетін барлық тәрбиелік іс-шараларға ата-ананы тарта біліп, оның жауапкершілігіне көбірек істер мен міндеттер бөліп беруіміз керек. Сонда ғана ата-ана да өз жауапкершілігі мен мектеп ауқымындағы істерге басын ауыртып қарайтын болады. Сол үшін қандай бағдар болуы керек? Әрине ол үшін белсенді ата-аналарды жұмысқа тартқан жөн. Кейде жұмысбасты болып отырған ата-ана мектептің істеріне біржақты қарауы да мүмкін. Соған қарамастан ата-ананың мүмкіндігін қарастыра отырып, сыныптағы іс-шараларға араластыру жоспарын жүйелеп алған дұрыс. Ол қалай жүйеленеді?
Сыныптың тәрбие жұмыс жоспарын ата-аналарға таныстыру.
Сыныпта атқарылатын тәрбиелік істерге жауапты ата-аналарды бекіту.
Сыныпта, мектепте өтетін түрлі тәрбиелік шараларға ата-аналарды шақыру. (Ол көрермен ретінде болсын, қатысушы ретінде болсын)
Сыныпта өтетін тәрбиелік іс-шараларға ата-аналық демеушілікті қарастыру.
Сыныптың ата-аналар жиналыстарында ата-ананың белсенділігін ескеру, мадақтау, бағалау.
Сыныптың сынып жиналыстарында да оқушыларға олардың ата-аналары жөнінде мадақтау пікірлерімізді білдіріп отыру.
Бұл үлгіден аларымыз:
Ата-анамен жақсы қарым-қатынас орнатудың жолы тәрбие процесін жақсартады.
Ата-ана мұғалімнің еңбегін, мұғалім ата-ананың баламен жұмыс жүргізуінің тиімді әдісін екеуара шеше алады.
Баланың қоғамда алатын өзіндік орнына ата-ана баласы мектеп бітіретін кезде ғана ойланып қоймай, тығыз байланыстың арқасында баласының қабілеті мен дарынын, талабы мен талғамын сәби кезінен де саралай алады.
Ұстаз бен ата-ана жер мен күннің, табиғат пен адамның байланысындай байланыс кепілі болады.
Міне, осылай тәрбие процесін жақсартуда ата-ананың ролін айырықша атап өтер едім. Ендігі бір мәселе бар, ол – осы айтылғандардың барлығын жүзеге асырудағы баланың ықпалы. Яғни, ата-ана мен сынып жетекшінің бірлесіп жүргізген тәрбиесі мен ортадағы тұлға – оқушы баланың өзіндік пікірі бір-бірімен сәйкесіп келуі керек. Сонда ған жүйелі тәрбие жүреді. Бұл жерде мен мынадай ұсыныстар айтар едім. Оқушылармен өткізген барлық іс-шараларда болсын, сынып жиналыстарында болсын, ортақ пікірлесу, әңгімелесулерде болсын басты бағытты мынадай ой-пікірлерге түйіндеп отыру керек:
Адамның адам болудағы ең басты қасиеті – оның адамгершілігі, имандылығы, адалдығы. Біздер айналамыздағы ортамызға осы қасиеттерімізбен жағымды көріне аламыз.
Біздерді қандай жағдайда да қолдайтын, қандай жағдай болмасын, үнемі біздің жағымызда бола алатын адам ол – ата-анамыз.
Біз қандай қателікке бой алдырсақ та, кешірім бере ала алатын жалғыз ғана адам ол – ата-ана.
Ата-анаң ғана саған жасаған жақсылығын міндетім деп емес,ата-аналық парызым деп ұғады. Сондықтан сен де жасаған жақсылығыңды ешқашан саралап өлшеме, перзенттік борышым деп біл.
Бір сәт ата-анаңның орнына өзіңді қойып, ойланып көр. Сен өз балаңның қандай болғанын қалар едің? Міне,сен де сол ойыңдағыдай бала болуға тырыс.
Адам баласының барлығы өз ғұмырында мына кезеңдерден өтеді: Сәби, балалық кезең, есейген жастық кезең, үлкейген қарттық кезең. Сенің ата-анаң да осы кезеңдерден өтіп келеді, сен де сол ізбен жүресің.
Осындай ой-пікірлер, ақыл-кеңестер арқылы баланың санасына ата-ананы құрметтеу дағдысын барынша сіңіре білуіміз керек.
Менің бұл ұсыныстарым біреуге күнделікті тіршіліктегі процесс болып та көрінуі мүмкін. Бірақ бұл ойларымның астарында үлкен қоғамдық саяси мәселе жатыр. Бүгінгі өмір сүріп жатқан қоғамымызда ең басты сұранысқа ие осы ата-ана мен бала тәрбиесі деп білемін. Қазір Қазақстан бойынша балалар үйінің де, қарттар үйінің де саны күннен-күнге артуда. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы суицид те кең етек алып бара жатқанын мойындауымыз керек.Теріс діни ағымның уытына еріп, бармақ тістеп қалып жүргендер қаншама? Теледидардан күнде көрсетіп жатқан шет ел асқан қазақтың қарадомалақ балаларының кінәсі не? Өзге тілді ана тілім деп, өзге дінді өз дінім деп сайрап тұрған сәбилерді көргенде іштерің ашымайды ма? Олар өздерінің бойында «жетімін жылатпаған» ұлттың қаны бар екенін сезбейді емес. Себебі, олардың кеудесінде қазақтың жүрегі соғып тұр. Ата-бабаларымыз кезінде жау қолында қаза тапқан қандастарының сүйегін де жат жерге қимай, туған жеріне әкеліп жерлеген. Осындай рухты ұлттың ұрпағы екенімізді мақтан ете алмайтындай халге жеттік бүгін.
Осыған себеп не деп ойлайсыздар? Жоқ, бұл жерде, заманды, қоғамды кінәлаудың еш салдары жоқ. Сол заманда да, қоғамда да өмір сүріп отырған – біздер, яғни – адамдар. Қоғам мен заманды өзгертіп отырған да өзіміз. Ендеше, жоғарыда айтылғандай қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың себебін әрқайсымыз өзімізден іздеп көрелікші. Ал, енді, менің қарттар үйіне, жетімдердің көбеюіне, суицидтің және теріс діни ағымдардың етек алуына еш қатысым жоқ деп ойлар болсаңыз, ертеңгі күні балаларымыз, ұрпағымыз осы қателіктерге жол бермейді деп сеніммен айта аласыз ба?.. Міне, көрдіңіз бе, ішкі ойыңыз сенімсіз болып шығады. Сондықтан, бала тәрбиесін ата-ананы назардан тыс қалдырмау арқылы жүзеге асыруымыз керек. Баланың жасөспірім кезеңін аңғал батырлық кезеңі деп қарауға болады. Себебі ол кезеңде бала ешнәрседен қаймықпайды. Біреуге қарсы келуден де, төбелестен де, түрлі апаттардан да, соғыстан да, тіпті өлімнен де қорықпайтын уақыты.Сол үшін де бұл жағдайда екіжақты бірлесіп жүргізген тәрбиенің әсері мол болады деп ойлаймын. Бүгінгі алдымыздағы бала – ертеңгі күні ол да ата-ана. Ата-ананың балаға, баланың ата-анаға қаншалықты қажеттілігін ұғындыра отырып, олардың бір-бірімен ынтымақтастығын арттыра отырып, үздіксіз тәрбиелеу жүйесін жолға қоюымыз керек. Сонда ғана біз рухы мықты елге айналамыз.
Сөз соңында айтарым, сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан келе жатқан қанға сіңген қазақы менталитетімізді келешек ұрпақтарымыздың да бойынан көретін болайық, ұлттығымыздызды, елдігімізді жоғалтып алмайық дегім келеді.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген