Материалдар / Тәрбие сағаты: Қазақ қызы-ар-намыстың айнасы"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Тәрбие сағаты: Қазақ қызы-ар-намыстың айнасы"

Материал туралы қысқаша түсінік
Материал қыз балалар тәрбиесімен айналысатын мектеп,колледж,жоғары оқу орындары сияқты ұйымдардағы ұстаздар қауымына,сынып жетекшілеріне,тәрбие бөлімдеріне іс-шаралар өткізуге арнап ұсынылады. Қазақ қызы мәселесіне байланысты,қыз балалармен сырласу кештерін,семинарлар,пікірталас кештеріне қажет сценарий,
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
18 Қараша 2020
622
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



«ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – АР-НАМЫСТЫҢ АЙНАСЫ» атты рухани – сырласу кешінің сценарийі

Өткізілетін орны: Салтанат залы

Ұйымдастырушы: «Кербез» мәдени – интеллектуалдық қыздар мектебі

Қатысушылар: қалалық қыздар клубтары, колледж оқытушылары, колледж қыздары



Сахна. Музыка. Артқы фонда «Кербез» мәдени-интеллектуалдық қыздар мектебінің эмблемасы.

Ортаға «Кербез» мәдени – интеллектуалдық қыздар мектебінің қыздары кезекпен шығып қазақ қызы туралы өлең жолдарын оқиды.

1 – қыз: Гүлім А- 31

Қыз баланың сұлулығы иманында,
Бойына жақсы қасиет жыйғанында,
Анасының атына кір келтірмей,
Тәрбиемен ортаға сыйғанында.

2- қыз: Ажар А- 31

Қыз баланың сұлулығы адалдығы,
Жан-жағына тимесе жамандығы,
Байқалмаса шық бермес сараңдығы,
Ең бастысы кішіпейіл адамдығы.

3- қыз: Айым Мд- 31

Қыз баланың сұлулығы батылдығы,
Анадан текті туған асылдығы,
Ата-ананың қадірін бағалайтын,
Ерке тотай, болмаса масылдығы.

4- қыз: Зарема А-11

Қыз баланың сұлулығы тәрбиесі,
Таза болса ары мен жандүниесі.
Ата-ана ақылын місе тұтса,
Айдан анық атына шаң тимесі.

5- қыз: Меруерт А-11

Қыз баланың сұлулығы ұятында,
Тәлім алса қарашаңырақ ұясында,
Сабырлы боп кішіпейіл, қарапайым,
Қор болмайды өмір атты қиясында.

6- қыз: Аружан А-11

Қыз баланың сұлулығы көздерінде,
Инабатты, ибалы сөздерінде,
Болашақ жарыменен бақытты боп,
Айдынында қос аққудай жүзгенінде.

7- қыз: Дильназь Мд -31

Қыз баланың сұлулығы шаштарында,
Қиылған қою қара қастарында,
Орныменен серуендеп достарымен,
Қырық үйден тыйым болса жас шағында.

8- қыз: Айдана Мд- 11

Қыз баланың сұлулығы мейірімде,
Арам ойы болмаса пейілінде.
Ашық-шашық көрсетпей абыройын,
Қазақилық болса егер киімінде.

9- қыз: Аян МД-41

Қыз баланың сұлулығы білімінде,
Ойға түйген ортадан ілімінде,
Алла деп соғып тұрған жүрегінде,
Аналық пәктік болса сезімінде!!!

10- қыз: Жайдарман Мд-41

Қазақ қызы, сен ұлтыңның арысың,
Сәбиге - ана, сүйгеніңе - жарысың.
Ұлы елдің ұрпақтарын жалғаған
Ұмай, Зере, Тоғжандардың қанысың.

11- қыз: Алмагүл ФБ-11

Әулетіңнің гүлге оранған бағысың,
Ата-анаңның әлпештеген жанысың,
Инабатты, иманды еді өткендер,
Ал, бүгінде қайда, құрбым, намысың?






12- қыз: Айгерим Мд- 41
Қазақ қызы - ұлт рухының айнасы,
Жақсы ғана атағымен жайнасын,
Ар-ожданның биік ұстар жалауын,


Бәрі бірге:

Қайран, қазақ арулары, қайдасың?



Музыкалық заставка «Қазақ қызы» әні. Ортаға екі жүргізуші шығады.



1 – ж: Армысыздар, аяулы ару қыздар, ардақты ұстаздар!

2 – ж: Бармысыздар кешіміздің қадірменді қонақтары!

1 – ж: Ертеде ата-бабаларымыз, әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қыр гүліне тән нәзіктігі мен батылдығы, ар- намысы бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз шығармасына арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін әнге қосып, өлең өрнектерімен көмкерген.

2 – ж: Сонымен қатар, қазақ қыздарының бойындағы ерлігі, тапқырлығы, төзімділігі, қайраттылығы талай әндерге де арқау болғаны жасырын емес. Айталық, Біржан сал, Ақан, Мұхит, Балуан Шолақ, Естай сынды сал-серілер және белгілі тұлғалар қазақ қыздарының парасаттылығын дәріптеумен өткен. Оған дәлел: әйгілі «Гауһартас», «Жасал қыз», «Айттым сәлем Қаламқас», «Қорлан» әндерін айтуға болады. Мұнда да қазақ қызына деген шексіз махаббат суреттелген.

1 – ж: Олай болса бүгінгі біздің іс-шарамыздың да лейтмотиві қазақ қызының бойындағы осындай арда қасиеттерді насихаттау, қазіргі кездегі қазақ қызының бойынан көргіміз келетін ізеттілік, сыпайылық, мейірімділік, инабаттылық қылықтары жайлы ой тарқатып, сөз қозғау.

2 – ж: Иә, дұрыс айтасың! Бүгінгі кездесуде ойда жүрген ортақ мәселелер, яғни, қыз бала тәрбиесіне байланысты бәрімізді толғандырып жүрген сұрақтарды ортаға салып, саралап, талдап көрсек.

1 – ж: Ендеше, шарамызды бастайық! Бүгінгі кездесуге өз ойларымен бөлісуге келген кездесуіміздің арнайы қонақтары бар.

1 – ж: Көзі ашық көкірегі ояу адам– кітапты көп оқыған, ғылымға бір табан жақын, белгілі бір салада жетістігі бар, дүниетанымы кең тұлға деп есептеледі екен. Мұндай жандар ана тілінің кәусарымен сусындап, ақыл-парасатымен өзгелерден ерекшеленеді.  Өмірдің сан соқпағына төтеп беріп, басқа түскен қиындықтың шешімін жылдам табатын көрінеді. Олармен әңгіме дүкен құрудың өзі – бір бақыт десек, қазіргі біздің қыздарымыз қаншалықты өздерін рухани жағынан дамытып,байытып жүр деп айта аламыз? Осы мәселе жөнінде ой өрбіту үшін, сахна төріне кешіміздің алғашқы қонағы, қазақ қызы тәрбиесімен айналысуда өзіндік үлес қосып жүрген, Ақмола облыстық Халықтар Ассамблеясы жанынан құрылған қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, қалалық үлгілі қазақ кітапханасының меңгерушісі Айтқожина Жанар Жұрқабайқызын сіздердің қошаметтеріңізбен ортаға шақырамыз!

2 – ж: Жанар Жұрқабайқызы, бүгінгі кешімізге қош келдіңіз! Бәріміз білетіндей, қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерінде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Қыздарымыздың барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырғанын және еркін ұстағанын, бірақ тым еркінсітпегенін біреуіміз білсек, біреуіміз біле бермейміз. Осы үрдіс дәл қазіргі заманда қаншалықты сақталған деп ойлайсыз? Жалпы қазіргі қазақ қыздарының тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

(Қонақ жауабы)

2 – ж: Жанар Жұрқабайқызы, жалпы қазіргі жастарымыз кітап оқу мәдениетінен қаншалықты хабардар? Мысалы қалалық кітапханаға оқу залына жастар,оның ішінде қыз балалар қаншалықты жиі барады?

(қонақ жауабы)

2 – ж: Тұшымды жауабыңызға көп рахмет!

1 – ж: Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралдарының ішіндегі өмірде кең қолданылатыны және аса маңыздысы – тіл. Сондықтан адамдар арасындағы қатынас мәдениеті туралы айта отырып, сөз мәдениетіне соқпай кету мүмкін емес. Ауызекі сөйлесу кезінде жеке адамдар өзінің мінез – құлқын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу, сөйлесе білу өнер, мәдениеттіліктің белгісі. 

2 – ж: Олай болса, ендігі кезекте сөз өнерінің қыр - сырын жетік білетін тіл маманы, сонымен қатар директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, филология пәнінің оқытушысы Ілияс Данагүл Нұртайқызын ортаға шақырамыз!

1 – ж: Д.Н сізбен әңгімемізді бастамас бұрын экрандағы бейнесюжетті тамашалап алайық, сосын сұқбатымызды жалғастырамыз.

(экраннан бейнесюжет көрсетіледі)

2 – ж: Данагүл Нұртайқызы, жаңағы бейнесюжетте көргеніміздей, жалпы өзіміз де көп жағдайларда байқап жүргеніміздей, сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда сирек сақталады. Кейде қыздарымыздың арасындағы екеуара әңгімеде де сөйлеу мәдениетінің төмен көрініп қалатын кездерін байқап қаламыз. Оның үстіне қазағымыздың шұрайлы тілі аздық еткендей, тілдерін шұбарландырып, өзге елдің тілінде сөйлесіп тұратын қыздарымызды көргенде ойланып қалатынымыз рас. Сіз бұл турасында қандай ой қосар едіңіз?

(қонақ жауабы)

1 – ж: Жалпы бүгінгі біздің сырласу кешіміздің ұйымдастырылу себебінің өзі колледжіміздің қыздарымен сырласу, сонымен қоса ашық ой алаңында пікір алмасып, ой бөлісу еді. Олай болса келесі кезекті залдағы отырған тыңдармандарымызға ұсынайық! Біздің залдағы көмекшіміз Жанаргүл,микрофон кезегі өзіңде.

( Залдағы арнайы жүргізуші көрермендермен сөйлеу әдебіне байланысты сұрақтар қойып, пікірлермен алмасады)

2 – ж: Қазақ қызы жан – жақты болу керек, бойларындағы икемділік, сымбаттылық, қабілеттілік, инабаттылық, ізеттілік, біліктілік, танымдылық қасиеттерін үнемі дамытып отыру керек дейді біздің келесі қонағымыз, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде құрылған «Балқадиша» қыздар клубының жетекшісі, Махамбетиярова Эльвира Сайфуллевна. Құрметті қонағымызды сіздердің қошаметтеріңізбен ортаға шақырамыз!

1 – ж: Эльвира Сайфуллевна, расымен де бабаларымыз «Қыз еркем, өнерімен көркем» деп тегін айтпаған болар... Тарихқа көз жүгіртсек Шара Жиенқұловадай би өнері майталманы, Күләш Байсейітовадай апамыз бұлбұл үнімен тарихта қалса, Гүлфайруз Ысмайылова қазақ қыздарының маңдайалды суретшісі деп мақтана аламыз. Он саусағынан өнер тамған, кестенің бізімен сурет салып, текемет, алашалардың небір түрлерін жасап шығаратын апаларымызды да білеміз. Бертін келе де бұл кісілердің ізін жалғап келе жатқан қыздарымызды тізбектеп айта беруге болады. Сіз қазіргі уақыттағы қазақ қыздарының бойынан қандай өнер түрлерін көріп жүрсіз? Жалпы бұл мәселе жөнінде Сіз жетекшілік ететін клубта жұмыстар жүргізіле ме?

(қонақ жауабы)

1 – ж: Қилы заманда, тар жол тайғақ кешіп, соғыс зардабын шеккенде де қыз бала тәрбиесі бұзылған жоқ. Сондықтан да, қазақ халқы әдеті мен ғұрпын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, жас ұрпақ бойына сіңірді. Ал, қыздарымыздың қазіргі келбетіне көз тастап, ой салып көрсек… Бәрі бірдей көргенсіз атанып, адасып жүрген жоқ. Білімді, белсенді қыздарымыз қаншама?! Келісті келіндер де жетерлік. Дегенмен, бәрінің бірдей ақылы көркіне сай емес екендігі ащы болса да шындық. «Қызға қырық үйден тыйым салған аналар мен жеңгелердің тәрбиесі тұғырдан тайғаны ма?» деген сан сұрақтар самсап тұр. Сондықтан, барлық білім ошақтары тәрбие тізгінін қолға алуы — заман тудырған қажеттілік. Қазақ қызының ар-намысы, ұяты ұлтына келеді. Осыны қыздарымыз қаншалықты ұғына алып жүр? Осы сынды сұрақтарға өз ойын білдіруге келіп отырған келесі қонағымыз колледжіміздің медбикесі Динара ханымды ортаға шақырамыз.

(бейнесюжет тамашаланады)

1 – ж: Динара ханым, бейнесюжеттегі қыздарды көрдіңіз. Біздің қыздарымызға айтар ақыл- кеңесіңіз....

(қонақ жауабы)

1 – ж: Киім кию адамның сыртқы дүниесіне ғана байланысты мәселе емес екені ертеден мәлім. Адамның киген киімі оның ішкі дүниесінен хабар беріп тұратыны анық. «Адам көркі шүберек», «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген мақалдар да біраз жайдан хабар бергендей. Осы мәселе бойынша өз ойымен бөлісуге ортаға «Кербез» мәдени интеллектуалдық қыздар мектебінің белді мүшесі Болотова Айшолпанды шақырамыз!

1 – ж: Айшолпан өзіңмен әңгімемізді бастамас осы сұрақ төңірегінде колледжіміздің қыздарының арасында сауалнама жүргізіп едік. Соны тамашалап алайық, сосын әңгімемізді жалғастырамыз.

(бейне сауалнама тамашаланады)

2 – ж: Жалпы колледжіміздің қыздарының ой пікірін білдің. Бұл мәселеге байланысты сенің ойың? Жалпы киім кию үлгісіне қаншалықты мән беру керек деп ойлайсың?

(Айшолпанның жауабы)

1 – ж: Жанаргүл, залдағы көрермен қыздарымыздың бұл мәселе жөнінде өздерінің айтар ойлары бар шығар..... Микрофон ұсынып көрейікші!

(залда отырған көрермендермен сұқбат)



1 – ж: Кешімізді қорытындыламас бұрын бүгінгі сырласу кешімізге ой- пікірлерімен бөлісіп келіп отырған қонақтарымыз өздеріңіздің бір- бір ауыз түйін сөздеріңізді айтып өтсеңіздер.

(қонақтардың түйін сөздері)



1 – ж: Құрметті қонақтар, аяулы қыздар! Бүгінгі біздің «Қазақ қызы ар- намыстың айнасы» атты рухани- сырласу кешімізде біразымызға ой салатын әңгімелер айтылып, ескере жүретін ақыл-кеңестер тыңдалып, көңілде жүрген көкейтесті мәселелер қозғалды деген ойдамыз.

1 – ж: Иа,бұл бір кештің қорытындысымен барлық мәселердің түйіні шешіліп, толғандырған сұрақтардың жауабын толықтай таба алмағанымызбен, қыздарымыздың дүниетанымы мен тәрбиесінің тың дүниелермен толысып, ары қарай дамуларына оң нәтижеміздің тигізеріміз анық.

1 – ж: Кешімізді қорытындылай келе, бүгінгі кешке атсалысып, өз ойларымен бөлісуге келіп отырған қонақтарымызға алғыс айта отырып, қорытынды сөз сөйлеу үшін «Кербез» мәдени – интеллектуалдыыө қыздар мектебінің жетешісі Әлия Заманбекқызын ортаға шақырамыз!

(Алғыс хат табыстау рәсімі)

1 – ж: Олай болса, осындай жақсы көңіл- күймін бүгінгі сырласу кешімізді аяқтаймыз!

1 – ж: Осындай игі іс шараларда келесі кездескенше қош сау болыңыздар!



















Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!