Тәрбие – тал бесіктен басталады
Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән
берген. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген нақыл сөздің өзі
ұрпақ тәрбиесінің ең алғашқы сәттен, яғни дүниеге келген күннен
басталатынын аңғартады. Баланың болашақтағы мінез-құлқы,
адамгершілігі, еңбекқорлығы мен елге деген сүйіспеншілігі ең
алдымен отбасында қалыптасады. Ең бірінші бала тәрбиені отбасынан
алады.
Отбасы – баланың алғашқы мектебі. Анасының әлдиі,
әкесінің ақылы, ата-әженің өнегелі әңгімесі баланың жүрегіне
мейірім мен ізгіліктің дәнін себеді. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор
болу, адалдық пен жауапкершілік сияқты қасиеттер бала бойына
күнделікті тұрмыста, ата-ананың іс-әрекеті арқылы сіңеді. Сондықтан
ата-ананың әрбір сөзі мен ісі – бала үшін үлгі. Мен үшін де
ата-анамның орны ерекше.
Тәрбие тек үймен шектелмейді. Мектеп – баланың
тұлға болып қалыптасуындағы маңызды орта. Мұғалімнің берген білімі
мен тәрбиесі оқушының дүниетанымын кеңейтіп, дұрыс жол таңдауына
ықпал етеді. Сыныптастарымен қарым-қатынас жасау арқылы бала өз
ойын еркін айтуға, бірін-бірі сыйлауға, ұйымшыл болуға
үйренеді.
Қазіргі заманда тәрбие беру мәселесі бұрынғыдан
да маңызды. Ақпараттың көптігі, түрлі технологиялар баланың
санасына әсер етеді. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарды сақтай
отырып, балаға дұрыс бағыт-бағдар беру – ата-ана мен мұғалімнің
ортақ міндеті.
Қорытындылай келе, тәрбиелі ұрпақ – елдің
болашағы. Баланы кішкентайынан дұрыс тәрбиелеп, жақсы қасиеттерге
баули білсек, ертеңгі күні саналы, білімді, елін сүйетін азамат
өсіп шығады. Сондықтан да «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген
сөз ешқашан маңызын жоймайды. Жоймақ та емес. Әрбір балаға біздіңде
аз да болса үлесіміз тисе екен.